Қарағандыда 130 медбике тамыздан бері еңбекақыларын алмаған

Арай Сатыбалдықызы - 14.11.20191863

Қарағанды облысында темір жол станцияларында еңбек етіп жүрген 130 медбике тамыздан бері жалақы алмаған. Бұл туралы өңірдегі «Жас АЛАШ» тілшісі хабарлайды.

Еліміз бойынша темір жол станцияларында сегіз жүздей медбике жұмыс жасайды. Қарағандылық медбикелердің айтуынша, өзге өңірлердегі мамандар да жалақыға жете алмай жүр.Теміржолдағы  медбикелердің еңбекақылары 35-40 мың теңгеден аспайды. Алайда осы қаражаттың өзі тамыздан бері қолдарына тимеген. Бес жылдан бері теміржол қызметкерлерінің денсаулығын қарап жүрген Роза ҚАЙЫРБЕКОВАНЫҢ айына алатыны 35 мың теңге.

«Еңбегіміздің ақысын қыркүйектен бері алмадым. Қазір қараша болды ғой. Мен енді көшеге шығып қайыр сұрай алмаймын ғой. Күнделікті қант пен шәйға, жолға ақша қалмады»,- деп қынжылады Қарағанды-Сұрыптау станциясының медбикесі Роза Қайырбекова.

"ҚазақстанТемірЖолы" АҚ  заң бойынша  өз қызметкерлерін медициналық тексеруден өткізе алмайды. Сондықтан Теміржол бұл қызметті көрсету үшін тендерге жүгінеді. Осы жылы сәуір айында тендерді Алматыдағы теміржол ауруханасы жеңіп алыпты. Алматыдағы бұл теміржол ауруханасы болса, жалақының кешеуілдеуін  құжаттарды рәсімдеуге көп уақыттың кетуімен байланыстырады. Алыс өңірдегі станциялардағы  медбикелердің жұмыс жөніндегі қаулы қағаздары поштамен ұзақ жүріп жетеді екен.

«Біз айдың жиырма бесінен бастап есеп беру қағаздарын жинай бастаймыз. Бұл бізге келесі айдың он бесіне қарай келеді. Содан кейін бұл қағаздарды жібереміз деп тағы бір ай жоғалтамыз. «Қазақстан темір жолы» бұл есеп беру қағаздарын тексереді оған да әжептәуір уақыт кетеді. Осының салдарынан екі айдай уақытты жоғалтып аламыз»,- деп мәлімдеді Алматы теміржол ауруханасының құқықтық қамтамасыз ету мен кадрлық жұмыстар қызметінің бастығы Бауыржан ОСПАНОВ.


Алматы теміржол ауруханасы мамандарының айтуынша, бұрынғы жылдары еңбекақыны аудару әдісі басқаша болған. Сол кезде бұл қызметке төленетін қаржының үштен бір бөлігін ҚазақстанТемір Жолы АҚ-на алдын ала төлем ретінде аударып отырған. Осы қаражат жалақы ретінде уақытында төленген екен.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.