Каналдары тазаланған мойынқұмдықтар алғыстарын айтуда

Нұрболат Әлдибек - 14.11.20191087

Жер көлемі бойынша Жамбыл облысының жартысына жуығын, нақты айтсақ, 44 пайызын алып жатқан Мойынқұм ауданы – жыр алыбы Жамбылдың кiндiк қаны тамған, Шәмшi әнiн арнаған, қойны аң-құсқа, қойнауы қазынаға толы құт мекен. Бiр қиыры Бетпақтың белiмен, бiр шетi Балқаш көлiмен құшағын айқастыратын ауданда 2017-2018-ші жылдары судан шыққан шу алысқа естіліп, бұл ретте біз де газетімізде бірнеше мақала жариялаған едік.

Күні кеше редакциямыздың Жамбылдағы қосынына сол мақалалардың басты кейіпкері, «Биназар Агро» АӨК-і басшысы Қамбар Атаевтан хат келді.  Бұрындары «сусыз қалдық, дымсыз қалдық» деп басталатын Қамбардың хаты бұл жолы алғыс айтуға арналыпты .

- «Биназар агро» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2017-ші жылы жалпы көлемі 5 гектар жерге қаржы салды. Оның 4 гектары алма бақ және орман питомнигі, 1 гектары жүгері. Отырғызылған тал көшеттерінің жалпы саны 10 000түп. Сол жылы шілдеайына дейін судың болмағаны салдарынан оның 500-ін ғана құдық қазып, итшілеп жүріп қолмен суғарып аман алып қалған едік. Жеміс ағашы көшеттерінің нарықтағы бағасы 500 теңгеден деп есептегенде сол жылы тек алма бақтың өзінен 5 миллион теңгеге шығынға баттық.

Ал былтыр 14 гектар жерге қаржы салдық. Жалпы саны 40 мың түп тал ектік. Оның 20 000 тал қаламшадан еккен сәндік ағаш, 5 түп райхан гүлі, 4000 түп, қарағай, 10 000 түрлі жеміс ағаштары және 500 түп шырша. Бұл жылы да шілдеге дейін су болмай, бас-аяғы 2 гектардың ғана өнімін әзер дегенде аман алып қалдық. 10 миллион теңгеге шығынға ұшырадық. 

Осылайша тауымыз шағылып, бетіміз қайтып, қолымызды бір сілтеген кезде ауданымызға ауысып келген әкім Мәден Мұсаев биыл судан таршылық көрмейсіздер, мені облыстан осы шаруаны шешуге арнайы жіберіп отыр. «Ер кезегі үшке дейін» деген емес пе, биыл сіздерге мен кепіл боламын деп жігерімізді жанып, қолдау білдірді.

Сөйтіп, биыл 9 гектар жерге жүгері, 10 гектарға жоңышқа, 20 000 түп тал ектім. Әкім уәдесінде тұрып, көктем-жаз бойы су үзілген жоқ. Жүгеріден гектарына 8 тоннадан өнім алдым. Еккен тал-дарақтарымыз жайқалып, көктеп тұр. Жоңышқадан да малдың қыстық шөбін толық қамтамасыз ететін өнім жинап алып, сақадай сай отырмыз. Бұл ретте шалғайдағы біздің мәселемізге қалам тербеп, арнайы келіп дүркін-дүркін материалдар дайындаған сіздерге, «Жас Алаш» газетіне және ауданымызға жыл басында жыл құсындай болып келген әкіміміз Мәден Мұсаевқа мың да бір алғысымызды айтқым келеді. Ол кісі келген бетте жылдар бойы жекеменшіктің қолында болып келген каналдарды мемлекет меншігіне қайтарып қана қоймай, механикалық жасақтың жұмысын жолға қойып,  тазалап берді. Басқа ауылдарды қайдам, біздің Биназар, көршілес Күшаман, т.б ауылдың тұрғындары дән риза. Бұйырса, келесі жылы өнім көлемін ұлғайтатын боламыз, - дейді Қамбар Атаев.  

Ал «Көркем» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Бұзаубаев:

– Биылғы жылы егістігімізге су қайта келді. Мен өзімнің 4 гектар жерімнің 2,5 гектарына жоңышқа, 1,5 гектарына тары ектім. Жоңышқаны 4 мәрте орып алсам, тары жинауды да аяқтап келемін. Қожалығымда 5 адамды жұмысқа тартып отырмын. Биылғыдай мол су болса келесі жылы тарының көлемін 4-5 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмын, – дейді.

Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан білгеніміз, биыл Мойынқұмда арпа, жүгері мен қатар, тары егушілердің қатары да көбейіпті. Айталық, Күшаман ауылының шаруалары Марал Томанов, Мейірбек Шынжарбеков, Қайырғали Көбенғараевтер өздерінің 10 гектардан астам жеріндегі өнімін жинауды аяқтап қалыпты. Жалпы, аудандағы Көкжелек ауылында – 100, Күшаман ауылында 72 гектар жерге тары егілген. Жаз бойы жоғары күтім көріп, уақытында суарудың арқасында өсімдік бітік шыққан.

Сонымен қатар, облыс орталығына ең шалғай жатқан осынау Мойынқұм ауданы мен Тараз қаласының арасы алдағы күндері жақындай түспек екен. Ендігі кезекте Тараз-Мойынқұм-Тараз бағытында әуе тасымалы іске қосылмақшы.

«Мойынқұм – облыс орталығынан ең шалғайда жатқан аудандардың бірі. Екі ортадағы жол қиындығы қатынап жүрген жолаушылардың көптен көңілінде жүргені даусыз. Бұл мәселе енді оңынан шешілмек. Жамбыл облысы әкімі А.Мырзахметовтың тапсырмасына сәйкес, облысымыздағы шағын авиацияны дамыту қарастырылып отыр. Бүгінгі таңда, облысымыздың орталығынан Мойынқұм және Төле би ауылдарына әуе маршруттарын ашу мүмкіндіктерін зерделеу, соның ішінде қажеттілікті анықтау, әуеайлақ салуға кететін шығын көлемін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде»,-дейді Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков.

Айта кетейік, Мойынқұм ауылынан облыс орталығына бір кездері яғни, 1966-1990 жылдары аралығында күнделікті 2 рет АН-2 және ЯК-40 ұшақтарымен әуе тасымалы қызмет көрсеткен. Алайда, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоқсаныншы жылдардың басындағы еліміздегі қаржылық қиындықтарға байланысты аталған әуе маршруты жұмысын тоқтатқан болатын.

Алдағы уақытта ол қайта жаңданып, көпшіліктің тілегі орындалмақ. Әуе тасымалы іске қосылғанда екі арадағы автокөлікпен жетуге болатын 5 сағаттық жол үш есеге дейін қысқарып, 1-1,5 сағатта жетуге мүмкіндік туады деп күтілуде. Оны енді уақытында көре жатармыз.  

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.