Ақтөбедегі Назарбаев саябағы қараусыз қалды

Жанар Қожанова - 14.11.20192435

Ақтөбедегі 42 гектар жерді алып жатқан Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ атындағы саябақты бір-ақ адам күзетеді. Оны тазалайтын және күтетін бірде-бір жұмысшы жоқ. Ауыздарынан Назарбаев есімін тастамайтын Оңдасын ОРАЗАЛИН, Мавр АБДУЛЛИН бастаған шенділер қаладағы ең үлкен саябақты өздері күтіп баға ма екен?

Ақтөбеде тұңғыш президент Н. НАЗАРБАЕВ атындағы жалғыз саябақтың жұмысшылары екі айдан бері айлықтарын ала алмай жүр. Олар әкімдіктен саябақты сенімгерлік басқаруға алған «Нұрлы парк» мекемесінің басшысын таба алмай жүр. Ол аздай жұмыс беруші жиырма екі жұмысшысын бірдей жаңа жылға дейін ақысыз демалысқа жіберіпті. Айлықсыз және жұмыссыз қалған жұрт еңбек инспекциясына арызданыпты.

Еңбекақыларын даулап жүрген жұмысшылар Ақтөбедегі Н.Назарбаевтың атындағы саябақтың тазалығы мен күзетіне жауаптылар. Парк жергілікті әкімдікке қарағанда олардың қатарында жүз адам болған екен. Жекеге өткесін азая берген. Айына табатындары бар-жоғы елу-ақ мың теңге.

«Әкімдік ақша бермейміз дейді. Біздің директор қашып жүр. Қаланың ортасындағы президент атындағы парк қараусыз қалып отыр. Біз де ешкімге керексіз боп қалдық. Ешкімге керек емеспіз. Жаңа жылға дейін ақысыз демалысқа жіберді. Жаңа жылдан кейін тағы не болатынын құдай білсін», - дейді осы саябақта он жыл бойы сыпырушы болып жұмыс істейтін Самат ҚАЛЕНБАЕВ. 

Жұмысшылар басшылық бұған дейін де төрт айдың айлығын қан қақсатып, кешіктіріп төлегендерін және сол жағдай қайта қайталанып отырғанын айтады. Сөздерінше саябақ қазір демалыс орны емес, базарға айналған.

«Саябақ қазір  барахолка боп кетті. Жазда мына жерде велосипед, адам жүретін жер жоқ. Қанша камок тұр. Соның ақшасы қайда кетіп жатыр? Әкімдік қайда қарайды? Салық комитеті қайда қарап отыр? Біздің айлықты содан төлеуге болады ғой. Еңбек мүлдем бағаланбайды. Елу мың айлық қазір ақша ма?», - дейді жұмысшы Қуаныш ҚАРАСТОВ.

Бір қызығы әкімдіктегілер саябақтың ішіндегі жалға берілетін жерлерден де одан келетін қаражаттың кімнің қалтасына түсіп жатқанынан да хабарсызбыз деп отыр. Жұмысшылардың еңбек ақысын саябақты сенімгерлік басқаруға алған жеке компания төлеу керек дейді. Айтуларынша әкімдіктің оған да қатысы жоқ. Еңбек инспекциясы болса жұмысшыларына айлық төлегісі келмейтін «Нұрлы Парк» деп аталатын мекеменің үстінен бір жылда үш рет ұжымдық хат түскенін айтады. Алайда соңғы арыз бойынша мекеменің жұмысшылар алдындағы қарызын әлі санап біткен жоқпыз дейді.

«Он тоғыз адамнан тағы да арыз түсті. Ол екі айдың ақшасын төлемеген. Қыркүйек пен қазан айының. Бастығымен кездестік, әлі ақша болмай жатыр. Ақша таба алмай жатырмыз дейді. Жұмыс беруші болған соң өзінде қор болу керек еді. Жұмысшылардың еш кінәсі жоқ. Олар қызметін атқарды. Олардың жалақысын келесі айдың 10-на дейін беріп болу керек. Толық көлемде. Бұл бір емес бірнеше рет осылай боп тұр.  Алдында да айыппұл салынды. Қазір енді бұл жолы қалай боларын әлі білмеймін»,- дейді Ақтөбе облыстық еңбек  инспекциясы жөніндегі басқармасы еңбек заңнамаларын қадағалау бөлімінің басшысы Талғат ЕСҚАРИН.

Еңбек инспекциясындағылар «Нұрлы Парк» мекемесінің жұмысшылар алдындағы бұған дейінгі берешегі екі миллионнан теңгеден асқанын айтады. Кешіктіріп болса да төлетіпті.

Ақтөбедегі ең ірі саябақтардың бірі саналатын бұл жерге жергілікті әкімдік он жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізіліп, тұңғыш президенттің саябағы деген атау берілген. Жұмысшылар саябақ жекенің қолына өткеннен кейін жағдайы нашарлады дейді. Сөздерінше қазір мұнда бір күзетшіден басқа жұмысшы қалмапты.

Фото автордікі.

Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.