«Облыс әкімі Маржықпаев заңға бағынбайды»

Мадияр Жалғасұлы - 15.11.20192518

Елордадағы Ұлттық баспасөз клубында өткен басқосуда жеке кәсіпкер Айбек ЖҰМАБАЕВ Ақмола облысының шенеуніктері заңсыздыққа барып, жұмысын жүргізбей отырғанын мәлімдеді. "ТКС-Жақсылық" ЖШС басшысы облыстағы Жақсы ауданы, Жақсы ауылының маңындағы 200 гектар жерден марганец элементін өндіру үшін мемлекеттен рұқсат алған. 240 адамды жұмыспен қамтитын кен орыны ісін бастайтын кезде кәсіпкер облыс әкімі мен аудан әкімі заңсыз әрекеттері арқылы тоқтатып тастағанын айтып отыр. Дегенмен баспасөз мәслихатының басынан өздерін Жақсы ауылының тұрғындарымыз деп таныстырған 3 кісі мен аудандық мәслихат хатшысы Бейсейіт ЖАНӘДІЛОВ кәсіпкердің сөзін бөліп, шу шығарып, сұрақ қойған журналистермен айқайласып отырды. Жиын біткен соң ол кісілердің де пікірін тыңдайтынымызды ескерткеннен кейін кәсіпкер мән-жайды толық баяндады:

«Мемлекет тарапынан кен өндіруге рұқсат алдық, құжаттары түгел. Бірақ облыс әкімі Ермек МАРЖЫҚПАЕВ пен аудан әкімі Бауыржан МАЛҒАЖДАРОВ жолымызды кесіп отыр. Аудан басшысымен ең алғаш тілдескенде бәрі дұрыс, бірақ бұл жақта Батыр УӘЛИЕВ деген кісі бар, алдымен сол адаммен кеңес деді. Менің күлкім келеді, әкімдердің айтуы бойынша облыста бүкіл мәселе Батыр Уәлиев атты бай адамның келісімімен шешілу керек екен. Залда шу шығарып отырған Жақсы ауданының мәслихат хатшысы Бейсейіт ағамызға ең басында ескерткенмін, керек десеңіз аудан мен ауылдың жағдайын жасаймын деп. Бұл кісілерде сол Батыр Уәлиевтің жағында. "Елге инвесторлар тартып, жұмыс орынын ашыңдар" деген президенттің сөзін шенеуніктердің өзі жасамай жатыр», - дейді кәсіпкер.

Одан бөлек, Айбек Жұмабаев облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы Руслан ӘУБӘКІРОВ себепсіз экологияны ластап, тұрғындар денсаулығына зиян келтіресіңдер деп кінәлап отырғанын жеткізді: "Мен дәлелдеп беруін сұрадым. Біз зерттеу жүргізіп, кен орыны адам денсаулығына зиянсыз екенін дәлелдедік. Карьерде таза марганец элементі жоқ, құммен аралас. Топырақтағы марганец 14 % ғана құрайды. Біз оны кеннен өндірген соң химиялық қоспалар арқылы сүзіп алатынымызды айттым. Ол түсінбеді. Сотқа шағымданамын десем, бұл мәселені сот емес, мен шешемін деп шіренді" дейді азаматЖұмабаев.

Жеке кәсіпкер құжаттар негізінде Президент әкімшілігі мен Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хат жолдап, алдағы уақытта әділ шешім шығарына үмітті екенін айтып отыр. Баспасөз мәслихатынан соң залда шу шығарған тұрғындар мен аудандық мәслихат хатшысының пікірін тыңдадық.  

«Ауыл тұрғыны ретінде айтарымыз бар, бізді біреу айтақтап алып келген жоқ. Ауыл карьерден төмен жазықта орналасқан. Оның зиянын тұрғындар тартады. Жаңбыр суы ауыл көшесімен төмен ағып өтеді. Оған қоса Қайрақты деген өзен де жоғары жақта орналасқан. Біз оны бөгеп су ішеміз. Сол Қайрақты Есілге құяды. Ал марганецтен түрлі улы заттар бөлініп шығатыны айтпаса да белгілі», - дейді ауыл адамдары.


Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Мадияр Жалғасұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.