Сот бұрынғы вице-министр "Шкарупа ісін" Қарағандыға жіберді

Дерек көзі: www.azattyq.org - 16.11.20191884

"Бюджет қаржысын жымқырды" деп айыпталған Қазақстанның энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Анатолий Шкарупаның үстінен қозғалған қылмыстық істі сот Қарағандыға жіберді. Бұған дейін Шкарупа мен оның адвокаттары істі Нұр-Сұлтанда қарауды сұраған. Бірақ сот олардың өтінішін қанағаттандырмады.

Алдын ала тыңдаудан кейін Сарань қалалық сотының судьясы Талғат Экзеков 15 қарашада түнде "айыптау актісі қай жерде құрастырылса (Қарағанды), істі сол жерде қарау туралы" қаулы шығарды.

"Әріптестерімізбен ақылдаса отырып, бұл сот шешіміне шағым түсіреміз деп келістік. Сот Нұр-Сұлтанда өтуі тиіс деп санаймыз" деді Анатолий Шкарупаның адвокаты Нұрлан Бейсекеев Азаттық тілшісіне.

Жұма күні болған сот тыңдауы кезінде Шкарупаның адвокаты прокурорды ауыстыру туралы өтініш жасады. Ал судья Экзеков "прокурордың іске араласуына кедергі келтіретін жайт табылмағандықтан" өтінішті қанағатандырмады.

Бір жылдан астам уақыттан бері қамауда отырған Шкарупамен бірге бұл істе тағы екі адам бар: "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры" басқармасының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы және ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиев. Нәбиев үйқамақта отырса, Байдалы қамауға алынған. Үшеуіне де "Сенiп тапсырылған аса ірі көлемдегі бөтен мүлiктi иемденiп алды немесе талан-таражға салды" деген айып тағылған.

Тергеу болжамы бойынша, Анатолий Шкарупа Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі болған тұста орталық жылу желісі мен қазандығы жоқ қаладағы тұрғын үйлерге "жылу есептеуге арналған аспаптарды сатып алу және орнату үшін" тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қорына бюджеттен бөлінген ақша қолды болған. Тергеушілер аталған қор ENERCO компаниясына 215 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз аударған деп санайды. 44 жастағы Анатолий Шкарупа тағылған айыпты мойындамайды. Өзге айыпталушылар да айыппен келіспейді.

2018 жылы қазанда Қазақстан энергетика министрінің орынбасары болып тағайындалған Анатолий Шкарупа сол жылғы қарашада тұтқындалған. Шкарупаға дейін осы қызметті атқарған Бақытжан Жақсалиев 2018 жылы шілдеде Ақмола облысы аумағындағы шипажайда көлді тазарту жобасында болған ықтимал сыбайлас жемқорлықты тергеу аясында күдікті ретінде үйқамаққа алынған.

Былтыр 7 қарашада Ақордада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сол кездегі бас прокурор Қайрат Қожамжаров Анатолий Шкарупаның Сарань әкімі болған кезде "бюджеттен 215 миллион теңгені жымқыруға қатысы бар" деп мәлімдеген. Шкарупа 2014 жылдан 2017 жылғы мамырға дейін Қарағанды облысы Сарань қаласының әкімі болған. Кейін Қарағанды облысы әкімінің энергетика, тұрғы үй-коммуналдық шаруашылық және төтенше жағдайлар мәселелері бойынша орынбасары болып істеген.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.