Ауғанбай Санақұлы. Далабай

Сайт Әкімшілігі - 18.11.20192734

Алтын күн мезгілінен бір сәтке кешікпей бүкіл әлемді жылулық қушағына бөлеген. Күн көзіне шағылыса жарқыраған ғажап ғимараттар. Көктемнің көркімен келіскен әсем қала. Таңғы таза ауаны алғашқылардың бірі болып қарсы алатын өзіміздің Қалабай. «Иә, өзіміздің деппін ғой, бір қалада тұрған соң, жақын тартып айтқанымдағы. Қызық. Таза ауа дейміз-ау, таза қаланы түтін қылатын осы біздің Қалекең сияқтылар емес пе» деп ойлап қоямын?!  

Қалабайдың ерте тұруының ең негізгі себебі – балконға шығып темекісін бір бұрқ еткізіп, алысқа қарап ойлану. Таңмен таласа балық аулайтын қармақшы тәрізді «ой аулайды». Бір көрген адам Қалабайды расымен қалалық деп ойлап қалар...

Қаланың тыныш өміріне үйренген Қалекең қалалық болғанына дәл биыл – он екі жыл. Көп сөйлемейтін, тұйықтау келген, көбінде үлкен ойдың жетегінде жүретін Қалабайдың алысқа қадалған жанары ары-бері қайшыласып, сабылысқан көліктерде. Қалекең жай бір  езу тартып мырс етті де, таңғы келген қалың ойға күмп ете қалды. Оның көзіне өзі сияқты көк түтінін будақтатқан ұзын автобус пен қарсы келе жатқан жеңіл көлік шалынды. Автобус оған – өмірдің базарын түгел шарлап, асарын асап, жасарын жасаған қарт бейнесіндей; ал, жеңіл көлік – өмірдің қызығына енді кірген шапшаң қимылды албырт жас кейпіндей көрінді. Иә, өзі де осы қалаға алғаш келгенде дәл сондай еді-ау. Ал, қазір ше? Қала өмірі жуасытып жіберген бе қалай?!

Достары әзілдеп, «Қалабай» атап кеткен бұл азаматтың негізгі аты –  Далабай. Иә, рас. Далабай десе, Далабай еді-ау! Ол өз есімінің не үшін «Далабай» аталғанын есейе келе білген. Алғашқыда азан шақырып, атын қойған адамға іштей ренжіді, кейін ғана бұл есімнің қаншалықты мән-мағынаға ие құдіретті есім екенін түсінген ...

                                            

 ***

Дала – сары шапанын жамылған. Күзгі сағыныштың адам өміріндегі орны өзгеше болары ақиқат. Далабай да дәл сондай күйде. Ауылдағы барша қимас жандарды, балалық бал дәурені өткен жұмақ мекенін қалдырып, бірнеше күн бұрын қалаға оқуға келген. «Далабай» аты ауысып, «Қалабай» бола ала ма, әй, қайдан! Ол өз атында дархан даланың жусан иісі, аңғалдық пен адалдық, шынайы сезім мен тазалық барын қалаға келіп ұғынған. Қанша жерден атын өзгертсе де, туған топырақтан дарыған затын өзгерте алмасы анық. Оның қалаға келген алғашқы жылдары таңғалу мен алдануға толы болды.

Көп қабатты үйлердің  балкондары оған – әжесінің құрт, ірімшік, салатын қалтасына, деңкиген-деңкиген денелі джиптар – құйырықты еркек қойларға, неше түрлі ұзақты-ірілі техникалар – қоңыз бен бал арасы бейнесінде елестеп, туған ауылын еріксіз есіне салатын. Қуы мен шуы басым бас қаладан, жас қаладан басында басы айналып, тыныштықтың бесігі болған қарапайым ауылына жалғыз-ақ күнде тартып кеткісі келді. Бірақ, әйтеуір не де болса шыдау керек екенін, ауылдағы қариялардың: «жастар оқыңдар, қазір оқығандардың заманы» деп отыратындары есінен шықпады.

Студенттің қызық пен шыжыққа, аштық пен тоқтыққа, бар мен жоқтыққа құрылған тамаша өмірі, әр қаланың түпкір-түпкірінен келген өзі сияқты әр ата-ананың үкілеген үміті мен арман-тілегі жаңа достар, жаңа орта, жас өрендер мен бірге жаңа дамып келе жатқан жас қала – бәрі Далабайды бірден баурап алды. Бастапқы жылдары сезімге ерік беріп сұлу қыздарға ғашық болды, бір ғалымнан бір ауыз сөз сұрай алмайтын жасық болды. Иә, «көш – жүре түзелер»... Жаңа оқу жылының абыр-сабыры басылған. Дәкең бүгінде кітапхананың қайда екенін білген, айналасына сергек көзбен қарай бастаған. Содан не керек, сарғайған сағынышы мол күзде Далабай мөлдіреген сезімге толы ақын ағаларының кітабын оқып жүріп, өзі де бір аруға ғашық болды.  Жүрегі аузына тығылып, іштен өлең болып шықты. Ауылдан енді келген қара торы, өжет қыз Далаштың жүрегін шымыр еткізді.

         ...«Сезім дейтін кетіп қалып селге мен,

         Шыға алмаймын, шырылдаймын сенделем,

         Көңіл шіркін, тулаған бір көк дөнен,

         Байланып бір қалғандаймын сенде мен!

 

         Сүйкімді қыз инабатты, ибалы.

         Ғашық қылып, неге сонша қинады.

         Еркелеген қылығыңды көргенде,

Ет жүрегім – өр кеудеме симады»...

Хош, солай да солай Далабайдың студенттік өмірі – шәкірттері мен ғылымды шынайы жақсы көрген, бар білгенін басқаларға жан жүрегімен беріле үйрететін қимас ұстаздардың дәрісіндей тез өте шықты.

Оқуын бітіріп, ыстық ортамен қоштасқанда өзін көк теңіздің ортасында жалғыз қалған, жүзіп өтпесе, суға бататындай сезінген Далабай қолды сермей жүріп, терлей жүріп жағаға шықты. Екі жыл ұстаздық етті. Кейін іштегі қалауы бойынша еркіндікке, яғни жаны сүйген шығармашылыққа кетті.

Ауылдан жаңа бүр жарып келген көк шыбық – бәйтерегі бар жас қалада «бәйтеректердің» қасында жүріп, өзі де «бәйтерекке» айналуды ниет еткен-ді.  Сол күннен бастап қала өміріне бейімделіп, бойын да ойын да үйретті. Кейін өмірлік жары Еркеназбен отау құрып, көзінің ағы мен қарасындай бір ұл, бір қыз сүйген.

 

                                                     ***

Далабай бір сәт ұлын сабаққа апара жатқан орта жастағы замандасына қарады. Баласын қолынан тас қылып ұстап алыпты. Байғұс бала әкесінің қолынан сытылып шығып, асыр салып ойнағысы келеді, бірақ әкесі жіберер емес. Шапқылаған құлындай емін-еркін өспесе, адам санасында еркіндік, шығармашылық қайдан болсын! Ал, ауылда бәрі басқаша еді-ау! Ешкім де сені тас қылып ұстамайды, «тасжүрек» те болмайсың! Әжеңнің әжімді болса да мамықтай жұмсақ қалақаны кекіліңді бір сипаса, бойыңдағы бар мейірімің оянып, көңілің көкке шарлаушы еді-ау! Ауыл дегеніміз – еркіндік пен мейірімнің мекені екен ғой! Далабай қаланың қатал өміріне бір жылулықтың, әжесінің аялы алақанындай  бір жұмсақтық пен мейірімнің керек екенін күн санап сезінгендей!

Есіне енді ұлт ұстазының құрметіне атын қойған кішкентай Ахметі түсті.  «Ахметім де аманшылық болса,  келер жылы мектепке баратын боп қалыпты ғой, өтіп жатқан, өмір-ай» деп ой орманында тұрғанда, іштен Мейірімнің іңгәләған сәби үні естілді. Далабай өзін ауыр ойдан арылтып, терең теңізден құтқарған періштесіне іштей рақмет айтып,  асыға басып үйіне кіріп кетті...

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.