Назарбаев тапсырған трансформация мен Қазатомпромдағы дау (видео)

Бақытжан Әбдіраш - 18.11.20195642

«Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ тапсырған трансформацияны сылтауратып басшылар сыбайлас жемқорлыққа жол ашып алды». Биыл «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясына қарасты «Орталық» ЖШС-інің құрамындағы жұмысшылар осылай деп президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА бейнеүндеу жолдаған болатын.

Расында да тұңғыш президенттің трансформациялау саясатын уран саласындағы басшылар пайдаланып, ойына келгенін істеп жатқанға ұқсайды. «Жас алаш» газетінің редакциясына осы жөнінде шағымданып келген алматылық  Алғабек ОРМАНҚҰЛОВТЫҢ айтуынша, бәрі 2017 жылдан басталған.

Арызданушы Түркістан облысы Созақ ауданында «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясына қарасты «Орталық» ЖШС-нің кенішінде жұмыс істеген.

-Серіктестіктің бас директоры А.Өмірбеков жылумен қамтамасыз ету және канализация бөлімінің жұмысшыларын 2017 жылы қазан айында «ТаукентЭнергоСервис» (ТЭС) ЖШС-іне (директоры А.Насырлаев)  өткізді. Алғашқыда басшылар  айлық және қосымша қаражаттар сақталады деп сендірді. Алайда шын мәнінде олай болмай шықты. А.Насырлаев жол және экология қаражатын төлеуден бас тартты. Ақыр аяғында  2018 жылы қазанында жұмысшыларды өзінің туысы болып келетін М.Нұрсейітов басқаратын «Беймарал» ЖШС-іне өткізді. Төрт айдан кейін проблема ушыққан соң  А.Насырлаев жұмысшыларды қайтадан «ТЭС» ЖШС-іне қайтарып  алды,-дейді арызданушы. Сонда трансформацияның жемісі осы-жұмысшыларды ары-бері тентірету болғаны ма?                                                         

Ниетбаев уәде берген еді...

Бір қызығы, жұмысшылар «ТЭС» ЖШС-іне қайта  өткен кезде А.Насырлаев олардың айлықтарын 50 пайызға қысқартып, разрядтарын заңсыз төменгі сатыға түсіріп тастаған. Жұмысшылар осыдан кейін президент Қ.Тоқаевқа арнап бейне жолдау жариялайды. Осы бейне жолдаудан кейін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК басқарма төрағасы Ғалымжан ПІРМАТОВТЫҢ өндіріс бойынша орынбасары М.Ниетбаевтың басшылығымен комиссия келеді.

-Тексеріс барысында жұмысшылар комиссия мүшелеріне «Орталық», «ТЭС», «Беймарал» компаниялар арасында сыбайлас жемқорлықтың бар екендігін фактілермен дәлелдеп берді. Тексерістен кейін М.Ниетбаев басшыларға қатаң шара қолданатынын, жұмысшыларды ешкім қудаламайтынын айтып, уәде берген еді. Алайда, қомиссия кете салысымен қудалау басталды. Бұл тапсырманы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ-ның төрағасы Ғ.Пірматов беріп отыр ма деген күдігіміз бар. Жұмысшылар амалдың жоғынан Қ.Тоқаевқа екінші қайтара бейне үндеу жариялады. Осыдан кейін Ғ.Пірматов «Орталық» ЖШС-і директоры А.Өмірбековты жұмысынан босатып, «Қызылқұм» ЖШС-інің  бас директорлығына тағайындады,-дейді арызданушы.  Бірақ «арызқой» жұмысшыларды қудалау тоқтамаған. 

Алғабек Орманқұловтың айтуынша бесінші разрядты слесарь-жөндеуші болып істеп жүрген оны 21 қазанда директор Серік АСҚАНБЕКОВ жұмыстан босатып жіберген. Арызданушы «бұл тікелей «Орталық» ЖШС-інің бас директоры Жұмағали МАРКЕНБАЕВТЫҢ тапсырмасы бойынша жүргізілген болуы мүмкін» дейді.

-Менің төрт балам бар, келіншегім жұмыс істемейді. Себебі бір қызым мүгедек, соған қарайды. Осы жағдайдың бәрін біле тұра С.Асқанбеков мені жұмыстан шығарып отыр. Оның басты себебі  Тоқаевқа шындықты айтып, бейнеүндеу жолдау деп есептеймін. «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясының төрағасы Пірматовтан бастап «Орталық» ЖШС-інің бұрынғы директоры А.Өмірбеков  қазіргі бас директор  Ж.Маркенбаев, бас инженер Е.Батталов, «Беймарал» ЖШС-інің диреторы М.Нұрсейтов,  «Universal Service – DDK» ЖШС-інің директоры  С.Асқанбеков бәрі бір-бірімен байланысқан, ым-жымы бір,-дейді А.Орманқұлов.   

Тоқаевқа бейнеүндеу жолдағаны үшін қуған-сүргінге ұшырап, заңсыз жұмыстан шығып қалған жұмысшылардың бірі Талғат СЫЗДЫҚОВ Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны. Оның редакцияға жазып берген арызына қарағанда, Серік Асқанбеков оны да 21 қазанда вахталық жұмысқа келген кезде ештеңені түсіндірместен жұмыстан шығарып жіберген.

- «Орталық» ЖШС-мен ым-жымы бір болып отырған компанияның бірі – «Самұрық сервис» мекемесі. Оның атқарушы директоры С. Мамбетов деген азамат. Бұл компанияда негізінен әйелдер жұмыс істейді. Олар да компаниядағы басшылардың  өрескел заң бұзушылықтарына, дөрекі мінез көрсетулеріне және сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне байланысты Қ. Тоқаевтан көмек сұрап, бейне жолдау жариялаған болатын. Сол жағдайдан бастап «Самұрық сервис» және   «Орталық» ЖШС-і басшылары кеніш директоры Ерғали БАТТАЛОВПЕН бірігіп, жұмысшыларды қуғынға ұшыратуда. Бұл ұжымды негізінен әлеуметтік жағдайы төмен азаматшалар құрайды.  Жетім-жесір, жалғыз басты және 1-ші топтағы мүгедек баласы бар аналар көп.  Жағдайдың ушыққаны соншалық басшылықтың қорлығына шыдамаған Мәдина ТӨЛЕТОВА вахталық поселокта өз-өзіне қол жұмсау (суицид) әрекетіне дейін барған, ал заңсыз жұмыстан шығарылған Жанерке ӘЛІМ бүгінгі күнге дейін сотқа жүгінуге қажетті құжаттарын компаниядан ала алмай жүр,-дейді А.Орманқұлов.

Жиенінің былығын нағашысы жабады

А.Орманқұловтың айтуынша, «Таукентэнергосервис»-тің алғашқы құрылтайшысы Созақ ауданындағы атышулы азамат Жұматай МАРКЕНБАЕВ болған.

-А. Өмірбеков оның жиені болып келеді.  Ғ.Пірматов А.Өмірбековтың былығын жабу мақсатында Жұматай Маркенбаевтың ұлы Жұмағали Маркенбаевты «Заречное» кенішінен «Орталық» кенішіне бас директорлыққа алып барды. Бұл ротацияны «жиенінің былығын нағашысы жабады» деп түсінуге болатын сияқты. Ғ.Пірматов, М.Ниетбаев, А.Өмірбеков, Ж.Маркенбаев, Б.Айдүйсенов «Орталық» ЖШС-ін жекешелендіріп алған секілді,-дейді арызданушы. Трансформацияның талаптары бойынша «Орталық» ЖШС-і жұмыстарды тендер өткізіп, жеке кәсіпорындар арқылы жүргізуге көшкен. Осы жеке кәсіпорындарды басшылардың өздері құрып, туыстарының аттарына тіркеп, тендерді ұтып алатын көрінеді.

2019 жылы маусым айында жұмысшылар «ТЭС» ЖШС-інен «Universal Service – DDK» ЖШС-іне өтті. Бұл компания Жұматай Маркенбаевтың жиені Қанат Нұржановқа тиесілі болып шықты. Ж.Маркенбаевтың Мәдина атты қарындасына тиесілі «ТС – Таукент» мекемесі «Орталық» ЖШС-інде емін-еркін жұмыс істейді. Мәдина атты азаматша Қ.Нұржановтың анасы көрінеді. «Орталық» ЖШС-іне А.Өмірбеков басшылық жасаған кездері көптеген күдікті, күмәнді әрекеттер орын алды. Жұмысшыларға арналған демалыс бөлмесі, бассейні, моншасы бар спорт кешені бұзылып қайтадан жалғыз спорт кешені салынды.  Компанияның миллиондары жұмсалған бұл жоба қаншалықты қажет еді? Сапасыз футбол алаңына қатысты да түсініксіз жайттар көп.  Осы спорт кешенін салуда көптеген жұмыс түрлерін  «Орталық  ЖШС-нің жұмысшылары істеді. Заң бойынша тендер ұтқан компания бәрін аяғына дейін орындауы керек еді.  «Орталық» ЖШС-інде іске аспайтын  жалған өнертапқыштық ұсыныстар  (рационализаторские предложения) бойынша миллиондаған қаражат жұмсалуда.  Бұл жобалар бас инженер Б.Айдүйсенов пен  ПТО бастығы А Түленовке тиесілі болып отыр. Жалпақ кен орны бойынша жол салуға бөлінген қаражаттар ысырап болды. Электр желілерін  жүргізу барысында ірі көлемде  қаражаттар шығындалды. Жұмыстар аяқталмай тұрып, актілерге қол қойылып, оның  аяғы дауға айналды. Жаңадан салынған жолдарды  қыс кезінде ұстап тұру үшін шамадан тыс қаражат бөлінеді. Миллиондаған қаражатқа қажетсіз интернет жүйесінен алынған  стендттер жасалды.  Былтыр  жазда «Орталық» ЖШС -нің барлық қызметкерлері  «Алма Тау» демалыс орнында  Тимбилдинг бағдарламасы бойынша түкке қажет емес бірнеше күндік  курстан өткен болатын. Демалыс орны  «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ-ның төрағасы Ғ.Пірматовтың жақындарына тиесілі деген сөздер айтылады. Осы курстың арқасында қанша миллиондаған қаражат жұмсалғаны айтпаса да түсінікті,-делінген А.Орманқұловтың бізге жазып берген арызында.

Әрине, мұндағы фактілер тексеруді қажет етеді. Алайда қазіргі уақытта «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясына қарасты «Орталық» ЖШС-інен мәлімет алу қиынның қиыны. Турасын айтқанда мүмкін емес. Біз өткен аптада арызданушының келтірген фактілері бойынша «Орталық» ЖШС-інің бас директоры Ж.Маркенбаевтың пікірін білу үшін компанияның Шымкенттегі кеңсесіне барғанбыз. Алайда бас директормен жолығу мүмкін болмады. Орынбасар кадр бөліміне жолдады. Ондағылардың айтуынша, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы басшыларының берген нұсқауы бойынша мекеменің еншілес кәсіпорындарындағы кез-келген қызметкер ақпарат құралдарына сұхбат бере алмайды екен. Сондықтан елордадағы «Қазатомөнеркәсіптің» бас кеңсесіне барып, ақпарат жөніндегі өкілмен сөйлесуіміз керек екен. Мұның да Назарбаевтың тапсырған трансформацияға қатысы бар ма?

Біздің бұл мақаланы жазғандағы мақсатымыз-біреуді қаралау емес,  «жұмыстан заңсыз шығарылдық» деген жұмысшылардың жанайқайын жеткізу. Олар «Орталық» ЖШС-інде тексеру жұмыстарын жүргізуді талап етіп отыр. Тиісті құзырлы органдар бұл жанайқайға құлақ аса, ма әлде бәрі жаңғырық күйінде қала ма? Халықтың талап-тілегіне құлақ асатын өкімет құрамыз деп шапқылап жүрген басшылардан жауап күтеміз.

Фото: platon.asia


 



https://www.youtube.com/watch?v=6TztMNoOkbM&feature=youtu.be

Мақала авторы:

Бақытжан Әбдіраш

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.