Демпартия құрғысы келгендер жиынында белгісіз біреулер шу шығарды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 18.11.20191831

18 қарашада демократиялық партия құрғысы келгендердің Қызылордадағы жиынында белгісіз біреулер дау шығарып, жиынға кедергі келтірді. "Қазақстанның демократиялық партиясын" құратынын жариялаған белсенді Жанболат Мамай жиынға Skype арқылы қатысты (Мамай билікті сынаушы шетелде тұратын Мұхтар Әблязовтан "ақша алып, газет шығарды" деп үш жылға бас бостандығы шектелген. Оның пробациялық мерзімі аяқталмағандықтан Алматыдан басқа қалаға шыға алмайды).

Мамай Skype арқылы партияның бағдарламасын таныстыруы тиіс еді. Мамайдан бөлек жиынға құқық қорғаушы Инга Иманбай, Сәкен Алдашбаев, Өмірзақ Асанов қатысты.

Бастамашыл топ өкілдері партия құру мақсаттары мен алдағы жоспарлары туралы айтып жатқанда келгендердің бірі "партияны кім қаржыландырады?" деп сұрақ қойды. Мамай Skype арқылы "нақты қаржыландыру көзі жоқ, бірақ қолдау білдіргісі келетін кәсіпкерлер, әр облыстан көмектескісі келетін азаматтар бар... Ал жалпы біз көп қаржыны қажет етпейтін саяси партия құрамыз" деп жауап берді.Сұрақ қойған адам бастамашыл топты "партия құрғанша жағдайы төмен халыққа көмектесуге шақырды".

Тағы бірнеше адам "бұл қуыршақ партия болып кетеді, нақты жұмыс жасамайды. Осы партия құрылса, халықтың бүкіл мәселесі жоқ болып кететін сияқты" деп айыптап, шу шығарды.

Бастамашыл топ сұраққа жауап бергісі келіп еді, белгісіз адамдар біраз уақыт жауап беруге мұрсат бермеді. Кейін Мамай "партияның мақсаты сайлауға түсу емес, мақсатымыз – елге демократиялық өзгеріс әкелетін халық партиясын құру. Партияда бір адам шешім шығармайды" деді. Осы жауаптан соң дау қайта жалғасты. Бастамашыл топ белгісіз адамдарды сабырға шақырып еді, бірақ дау тоқтамады. Осыдан соң ұйымдастырушылар жиналысты тоқтатып, талқылауды Қызылордадағы жеке үйлердің бірінде жалғастырды.

Кейін Инга Иманбай Facebook желісінде жеке үйдегі жиыннан кейін партияның Қызылордадағы штабы құрылғанын жазды.

Жанболат Мамай 16 қазанда Алматыдағы жиында "Қазақстанның демократиялық партиясын" құратынын мәлімдеген. Кейін олардың Ақтөбедегі жиынының алдында бастамашыл топ өкілдеріне "қысым жасалғанын" хабарланған. Шымкенттегі жиынында да біраз дау-дамай болған.

Қазір Қазақстанда "Нұр Отан", "Ақ жол", Коммунистік халықтық партия, "Бірлік", "Ауыл", ЖСДП және "Азат" партиялары ресми тіркелген. Оның үшеуі - "Нұр Отан", "Ақ жол" және Коммунистік халықтық партияның Қазақстан парламентінде фракциялары жұмыс істейді.

Қазақстан заңына сай, партия құрғысы келгендер алдымен мың адам қатысқан құрылтай өткізуі тиіс. Билік 40 мың мүшесі бар партияларды ғана ресми тіркейді.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.