Арнұр Нұртаев: Ана мен сәби өлімі сәл азайғанымен, бұл көрсеткіш әлі жоғары

Сайт Әкімшілігі - 18.11.20192099

ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы  мен  қауіпсіздігін бақылау комитеті Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының бас директоры Арнұр НҰРТАЕВ.

– Арнұр Исабайұлы, жаһандану мен әлем халықтарының бір-бірімен бәсекесу дәуірінде өмір сүріп жатқанымыз шындық. Әлеуметтік мәселелер шырмауында қалған қарапайым халықтың денсаулық көрсеткішінде құлдырау деңгейі бары тағы рас. Осындай кезеңде мемлекеттің денсаулық сақтау ісін дамытуы қаншалықты қанағаттанарлық дәрежеде?

– Біз социализмнен қиялдағы коммунизмге келе жатып, капитализмге күрт бетбұрыс жасаған, адамның білім-білігі, ақыл-ой санасы, өмір сүру деңгейі, өзін-өзі дәлелдеу қабілеттері бәсекелестік деңгейіне шарықтай көтеріліп, ақпараттар ағыны тасқындаған, замана заңдылықтары барлық салада өзгерген технологиялық-инновациялық жаңа даму дәуірінде өмір сүріп отырғанымызды ұмытып кетеміз. Әр ғасыр өзінің ғажабымен, апатымен бірге келеді. Қалай болғанда да, мемлекет әр кезеңде де халқын қамқорлыққа алуды естен шығармайды. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының негізінде еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-19 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бағдарламаны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен жалпы 1 969 729 500 мың теңге шығын, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаржысы, сондай-ақ ҚР заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да қаражат көздері жұмсалып, өз нәтижесін берді.

Үш жылдық бюджет аясында денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосымша 2,3 триллионнан астам теңге бөлінді. Бағдарламаның басты мақсаты  еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін ең алдымен халықтың денсаулығын нығайту, өмір сүру ұзақтығы ЕАЭО елдерінен 10 жылға кем көрсеткіштен ілгерілемей келе жатқан Қазақстандағы өмір сүру ұзақтығын 2020 жылға дейін 73 жасқа жеткізу болды. Қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, аурудың алдын алу және емдеу сапасын жетілдіру, денсаулық сақтау жүйесін басқару мен қаржыландыру тиімділігін арттыру, ресурстарды пайдалану ұтымдылығын арттыру және саланың инфрақұрылымын жетілдіру нысаналарына екпін берілді. Бұл бағдарлама 2015 жылы мәреге жеткен «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының заңды жалғасы болды. Республикадағы халық санының жыл сайын 1 пайыздан аса өсу қарқыны одан да көп артты.  Халықтың жалпы өлім-жітімі төмендеді, жас отбасылар демографиялық қозғалыс локомотивтеріне айналып, бала туу көрсеткіші көбейді, ана өлімі де, бала өлімі де әлденеше есе пайыз төмендеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының растауы бойынша Қазақстанда ана, сәби және бала өлім-жітімі көрсеткіштерінің төмендеуі мыңжылдық дамудың 4-ші және 
5-мақсаттарына қол жеткізу мүмкіндігін берді. 

Халық туберкулезден төбе шашы тік тұрып қорқып, үмітсіздікке берілмейтін болды. Соңғы бес жылда құрт ауруы 50 пайыз дерлік төмендеді және одан болатын өлім-жітім де екі еседен астам азайды. Қан айналымы жүйесінің ауруларынан, қатерлі ісік дертінен көз жұму деңгейі де төмендеді. Адамның иммундық тапшылық вирусы синдромы да қатерлі індет деңгейінде қалып отырғанымен, оның таралуын тұрақты сатыда ұстап тұру мүмкіндігіне қол жеткіздік. 

– Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сенаттағы үкімет сағаты барысында: «Біз Атырау аумағындағы жаңа туған нәрестелер өлімін тексеруден кейін бүкіл республика бойынша медициналық карталарға аудит өткіздік. Талдау нәтижелерінде жаңа туған нәрестелер өлімі жасырылған 277 мысалды анықтадық. Осыған орай, 2018 жылғы сәби өлімі көрсеткіштеріне түзету жасалды», – деп мәлімдеді. Осы мәселеге қатысты өз пікіріңіз қандай?

– Жалпы, әлеуметтік факторлар салдарынан туындайтын түрлі қателіктердің, қаталдықтардың келешекте қайталанбауы үшін әрекеттеніп, заң сотынан да ауыр адами ар сотына шынайы жүгінуіміз керек. Отбасындағы ұрпақ тәрбиесіне ұлт болып көңіл бөлетін уақыт жетті. Мемлекет осы дабылды қағып, сатылы-құрылымды бағдарламалар қабылдауы керек. Іріктеу, таңдау, сараптау талғамына тәрбиеленбеген ұл-қыздарымызды ұялы телефон, ватсап, мультфильм, бейнетаспалар тәрбиелеп жатыр. Таяуда көзі ұйқыға кеткенше телефон құшақтап жататын балабақша жасындағы қыз баланың кездейсоқ жұмбақ өлімі орын алды. Тағы бірде көшеде құлаққаппен музыка тыңдап бейғам келе жатқан жасөспірім  көлік астына түсіп, жантәсілім етті. Ата-әже, әке-шеше балаларына жеткілікті көңіл бөліп, олардың денсаулығына жауапкершілікпен қарамайынша, өкініштерге ұрындыратын келеңсіз жайттардың қайталануы ғажап емес. Медициналық білімді сапа деңгейіне көтеру, әрбір медицина маманының Гиппократ антын шын мәніндегі адалдық кредосы ретінде ұстану міндеті заманауи қажеттілік болып алдан шығып отыр.

Ана мен сәби өлімі сәл азайғанымен, бізде бұл көрсеткіш әлі жоғары, дамыған елдердегі деңгейден айтарлықтай көп, сондықтан электрондық бақылау жүйесі арқылы алдағы уақытта трагедиялық фарстарға жол бермеуге күш салынады.  Көпбалалы аналардың алаңдарды босатпауы мен шенеуніктердің есіктерін торуылдауының ар жағында шырқыраған шындық барына күмәнданудың қажеті жоқ.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауын талқылау барысында оның орындалуына қосылатын өз үлестеріңіздің межесі белгіленді ме? Неге дәл қазіргі кезеңде денсаулық сақтау саласындағы заңдар көп өзгеріске ұшырауда, жаңа реформалар бірінен соң бірі енгізілуде?

– Таяуда ғана денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Hard-Talk-Vласть үлгісіндегі интернет-журналда тілшілерге берген сұхбатында өз бастамаларының себебін реформашылдыққа құмарлықтан емес, тозығы жеткен денсаулық сақтау машинасынан мұраға қалған, аяғына дейін тәмамдалмаған жобаларды жаңарту деп түсіндірді. Медициналық қауымдастық тарапынан да, халық тарапынан да қойылатын талап-тілектердің көбеюіне орай, осындай реформалар науқанының басталып кеткенін мәлімдеді. Бұл біздегі денсаулық саласында әдістемелік дәстүрлердің жоғалғанын, тұралап қалғанымызды білдірмейді. АҚШ, Германия, Ресей сияқты алпауыт елдердің өзі аталған саланы жетілдіру жұмысымен жүйелі түрде айналысады. Қазақстан халқының денсаулық сақтау қызметіне қанағаттану деңгейінің 45 пайызды көрсетуі дамыған елдердегі 80 пайызбен салыстырғанда онша үздік көрсеткіш болмаса да, біздің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейіміз тұрғысынан алғанда қанағаттанарлық екені анық.

Президент жолдауының «Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету» бөліміне түгелдей осы саланың көкейкесті мәселелері арқау болды. «Әлеуметтік жаңғыртудың жаңа сатысы» атты бағыт шеңберінде экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге, соның ішінде медициналық қызметтер сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға жұмылдырылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін іске қосу үшін 18 іс-шара бекітілді. Мемлекет амбулаториялық және стационарлық деңгейлерде көрсетілетін тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің бұрынғы шеңберін сақтайды, оның қаржы қорын молайтуға алдағы үш жыл ішінде 2,8 триллионнан астам теңге бөлінеді. Сонымен қатар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс, ауруларға шалдығу тұсында қазақстандықтарға көрсетілетін медициналық қызметтер пакеті едәуір кеңейеді. 

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің беделіне бір рет нұқсан келтіріп, халық алдында ұятқа қалғанбыз. Президент тағы қателесуге құқымыз жоқ екенін, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жүзеге асыруға заңды және жеке тұлғаның, әр ұжым басшысының, әрбір жеке кәсіпкердің зор жауапкершілікпен қарауы қажеттілігін ескертті.

Қарағанды облысындағы пилоттық жоба сәтті жалғасуда. Бұл ерікті жарна емес, міндетті жарна. Медициналық сақтандыру арқылы денсаулығын түзегісі, емделгісі келетін әрбір адам осы қорға жарна төлеуге міндетті болады, бұл – жүйені жетілдіру. Жұмыс берушілер жалдамалы жұмыскерлердің жалақысынан 2020 жылы – 1 пайыз, 2021 жылдан бастап  2 пайыз  ұстап, қорға аударады. Аударылатын жарна мөлшері оған дейінгі екі жылға бекітілген орташа айлық жалақысынан 4 пайызды құрайды. Бірақ бұл қаржылық институтқа қатысты болғандықтан, сақтандыру нарығын зерттеу, толық заңдастыру жұмысы 2023 жылға дейін жалғасады.

    ҚР «Ақпараттандыру туралы» заңына сәйкес, «Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау» және «Қауіпсіздік пен сапаны бағалау» порталдық бағдарламалық қамтылымынан оқиға-деректерді жіберу үшін және интернетке қосылудың бірыңғай шлюзімен және «Электрондық үкімет» электрондық поштасының бірыңғай  шлюзімен жалғасу үшін «Цифрлық техника және технологиялар институты» акционерлік қоғамымен бірлесіп, ұлттық орталық сервистерін жетілдірудеміз.

Мен өз ұжымымда ұрпақтар сабақтастығының үзілмеуін қадағалауға алдым, өз ісінің кәнігі шеберлері – ардагер буын өкілдерімен қатар, соңғы уақытта жас мамандарды көбірек шоғырландырып, оқытып-үйретуге көп көңіл бөлеміз. Бұқаралық спортты дамыту жөніндегі кешенді жоспарға, «Волонтер жылы» деп жарияланған 2020 жылы біздің азаматтардың, әсіресе жастардың еріктілер қызметіне атсалысуына, олардың бойында белсенді өмірлік ұстанымдар, ұнамды дағдылар қалыптастыруға, қатарларына студенттер мен оқушыларды тартуына ықпал  етеміз. 

– Денсаулық сақтау саласындағы флагман ұйымға жетекшілік етесіз. Отандық денсаулық сақтау саласындағы реформалардың ешқайсысы сіздерді айналып өте алмайды. Үстіміздегі жылы үкіметтің «ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кейбір мәселелері туралы» жаңа қаулысымен құзырлы орган – Фармация комитетінің «Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті» болып қайта құрылуына байланысты кәсіпорын атауы «Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы» болып өзгертілді. Атау өзгергенімен, миссия өзгерген жоқ, сан салалы мақсат-міндеттеріңіз заман талабына сай бұрынғыдан да еселеніп, күрделене түсіпті. Жалпы, ДЗСҰО – қандай ұйым, қызмет мазмұны қандай?

–  Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы – дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы мемлекеттік сараптау ұйымы. Кәсіпорынның басты мақсаты – дәрілік заттарға және медициналық бұйымдарға сараптама жүргізу жолымен республика аумағында өткізілетін дәрілік өнімдер мен медицина техикасының қауіпсіздігін, тиімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Бірде-бір дәрілік зат және бірде-бір медициналық бұйым сараптамадан өткізілмей, ресми тіркелмей, Қазақстан Республикасының нарығына жіберілмейді. Сондықтан бір жылдары «Методон дауының» басылып болмағаны сияқты, «сары қызбаға» арналған вакциналардың жеткізілмеуіне наразылықтың ара-тұра өршіп тұратыны сияқты, мемлекет тап осы денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын қырағы жүргізіп отырған уақытта контрабанда туралы қисынсыз әңгімелер өрбітуге еш дәлел жоқ.

ДЗСҰО екі монополиялық қызмет атқарады: мемлекеттік тіркеу кезіндегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптамадан өткізеді; Қазақстанда тіркелген медициналық өнімнің қауіпсіздігі мен сапасына бағалау жүргізіп, сонымен қатар монополиялық қызметпен технологиялық байланысты қызметтерді жүзеге асырады.

– Қазақстанда 2020 жылдан бастап дәрі-дәрмектің рецепт арқылы босатылымын оңайлату үшін электрондық рецептілердің қағазсыз жүйесі енгізілетіні мәлімделді. Электрондық рецептілер қандай тұрғыда тиімді, пайдалы? Сонда қандай препараттар рецептісіз босатылады?

– 2019 жылғы маусым айындағы жағдай бойынша Қазақстанда 7748 дәрі тіркелген, оның ішінде 1634 препарат рецептісіз босатылады. Рецептісіз босатылатын дәрілер тізбесіне суық тиюге қарсы өсімдік тектес препараттар, антисептиктер және сыртқа қолдануға арналған дезинфекциялық препараттар, асқазан-ішек жолының жеңіл бұзылыстарында қолданылатын дәрілер енгізілген. Дәріханалардан жергілікті қолдануға арналған қабынуға қарсы препараттарды, сондай-ақ дәрумен тапшылығының жай-күйлерін емдеу және алдын алу кезінде қолданылатын минералдық заттары бар көпқұрамды дәрумендерді де рецептісіз сатып алуға болады.

Бір жаңалық – рецептілер жазып беру рәсімдерін және дәріханалардан препараттар  алуды оңайлату мақсатында 2020 жылдан бастап министрліктің ақпараттық жүйелерінде толық электрондық жұмыс үлгісіне ауысу жоспарланды. «Қағазсыз ауруханаларға» көшу шеңберінде қазірдің өзінде жекелеген өңірлер (Атырау, Қарағанды қалалары және Шығыс Қазақстан облысы) рецептілер жазып беруді электрондық үлгіге ауыстырып, рецептілік дәрілер онлайн режимінде босатыла бастады. Бұл рецепт жазылымы уақытын үнемдейді, тағайындау кезіндегі қателікке жол бермейді және қайта тағайындауды оңайлатады. Ең бастысы, емделу сапасын арттырады, дертіне дауа іздегендер адаспай шипа табады.

Қазақстанда тіркелген дәрі-дәрмектер туралы бүкіл ақпаратты, оның ішінде рецептісіз босатылатын дәрілік препараттар тізбесін ДЗСҰО ndda.kz (http://www.ndda.kz/category/search_prep) сайтынан немесе App Store немесе Google Play қосымшалары арқылы DariKz мобильді қосымшасы арқылы табуға болады. Қазақстандықтар дәрі-дәрмектер, соның ішінде  рецепт арқылы және рецептісіз босатылатын препараттар туралы маңызды ақпаратты 1439 жедел желі нөмірі бойынша ала алады.

– DariKz мобильді қосымшасы туралы таратып айтсаңыз. 

– DariKz мобильді қосымшасын пайдалана отырып, отандастарымыздың Қазақстанда тіркелген дәрі-дәрмектер туралы бүкіл ақпаратпен танысуына мүмкіндік туды. Қосымшаны жүктеп алған пайдаланушыларға дәрілік препараттың дозалануы/концентрациясы, сақтау мерзімі және айрықша белгілері туралы, дәрінің түпнұсқалық, әлде дженерик екені, оның дәрігер рецептісі арқылы немесе рецептіден тыс босатылуы туралы барлық ақпарат қолжетімді болады. Қосымшаға «шекті баға» опциясы қосылады, оның көмегімен азаматтар дәрілердің бағаларын қадағалап, егер алшақтықтар орын алып, ол Қазақстанда рұқсат етілген, заңнама жүзінде бекітілген шекті рұқсатты бағадан асып кеткен жағдайда препараттың құнына шағым түсіре алады. Сонымен қатар «Сапа сертификаттары» қосымша бетінен қазақстандықтар берілген қауіпсіздік пен сапа сертификаттары туралы мәліметтерді қарай алады, ал «Жаңалықтар» бөлімінде ДЗСҰО қызметіне байланысты өзекті ақпаратпен және хабарландырулармен танысады. DariKz дәрілерді іздеу қосымшасы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағдарламасының шеңберінде және тұтынушының дәрі-дәрмек туралы маңызды ақпаратпен мағлұматтану, қажет дәрісін тез табуына көмектесу мақсатында іске қосылды.    

– Бүгінгі таңда Қазақстанның фармацевтикалық нарығы түпнұсқа түріндегі және баламалы түрлердегі дәрілік препараттарға толып кетті. Ауырып ем іздегендер дәрі-дәрмектің алуан түрлілігінен көздері тұнып, дәрігер кеңесінсіз таңдау жасауда бастары қатады. Осы жерде дженерик деген дәрілік түр сипатын оқырманға түсіндіре кетсеңіз. Түпнұсқалық препараттардың дженериктерден айырмашылығы қандай?

– Түпнұсқалық дәрілік препарат – бұл тұңғыш рет синтезделген және клиникаға дейінгі (жануарларда зерттелген) және клиникалық (адамдардан зерттелген) зерттеулердің толық айналымынан өткен және белсенді компоненттері патентпен қорғалған, өндіру тәсілі де патенттелген дәрілік зат. Патенттік қорғау мерзімі шектеулі болғанымен, соның өзінде 15-20 жылға дейін жарамды. Түпнұсқалық препаратты әзірлеу үдерісі ұзақ, сондықтан да қымбат тұрады. Патент мерзімі өткенде басқа фармацевтикалық компаниялар түпнұсқалық препаратты жаңғыртып, қосымша заттары мен өндіру технологиясы ерекшеленетін дәріні ұқсас нұсқада жасап шығара алады, міне,  генерик немесе дженерик деп жүргеніміз сол. Оның өндірушісі де, атауы да өзгеруі заңдылық. Тіпті бір түпнұсқаның әртүрлі саудалық атаулармен бірнеше баламалы нұсқасы болуы мүмкін. Түпнұсқалық препаратты эталон санағанымызбен, дженериктердің белсенді заттарының сандық және сапалық құрамы да, дәрілік түрі де ауылынан алыс кетпейді және тиімділігі мен қауіпсіздігі тиісті салыстырмалы зерттеулерде дәлелденеді. Жоғарыда аталған қымбат тұратын сатылы зерттеулерден өткізілмейді, патенттелмейді, сосын да түпнұсқалық түрлерге қарағанда дженериктер арзан тұрады. Қазақстанның фармацевтикалық нарығының басым бөлігі, яғни 85 пайызы дженериктер үлесінде. Бұл бүкіл дүниежүзіндегі дәрілер нарығына тән көрініс. Қалтасы қымбат дәрі-дәрмекті көтермейтіндердің дженерикке жүгінуі заңдылық. Дегенмен де азаматтардың қырағылық пен сақтық танытқаны, арзанына қызығып, жалған, жасанды өнімге ұрынып қалмағаны абзал. Қазақстанда шамамен 8000 дәрілік зат тіркелген. Әрқайсысының халықаралық талаптарға сәйкестік сертификаты бар. Қазақстанда тіркелген барлық дәрілер туралы толық ақпаратты, препараттың дженерик немесе түпнұсқа екені туралы мәліметті www.ndda.kz сайтындағы мемлекеттік тізілімнен, ал ағымдағы жылдан бастап DariKz мобильді қосымшасынан қарауға болады.

– Енді вакцинация төңірегіндегі бітпейтін дауға шолу жасайық. Халықтың екпелерге деген сенімінің азайып кетуі неліктен? Қазақстанда қанша вакцина тіркелген және олардың сапасы қалай тексеріледі, біздің елімізге қалай жеткізіледі?

– Қазіргі уақытта ДЗ және МБ мемлекеттік тізілімінде ірі өндірушілер өндіретін 65 вакцина тіркелген. Олар Еуропаның Бельгия, Франция, Ирландия, Нидерланд елдерінен, Америка, Ресей, Қытай, Үндістан, Корея және Израиль мемлекеттерінен жеткізіледі. Вакциналар сапасы біздің зертханаларымызда үш сатылы тексеруден өтеді, тіркелуден кейін де олар нарықтағы бүкіл айналым кезеңінде фармакологиялық қадағалауда болады. Қазақстанда бір ғана вакцина (обаға қарсы) өндіріледі, 19 инфекциялық ауруға қарсы вакциналау жүргізіледі. Екпе науқанының арқасында туберкулезге шалдығудың соңғы 20 жылда 2,5 есе, ал одан болатын өлімнің 15,3 есе, ал қызылшамен ауырудың 3,4 есе азайғанын қанағатпен айтамыз. Қыркүйектен бастап 20-29 жастағы ересектер тобы арасында қызылша мен қызамыққа қарсы қосымша иммунизация жасау басталды. Күрделі шешімдер де қабылданды: мысалы, Қазақстанда қолданылып келген Жапонияның БЦЖ вакцинасын өндіруші қайтарып алып, туберкулезге қарсы вакцинация уақытша тоқтатылды, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында бұл вакцина қайта квалификацияланады.

Өкінішке қарай, иммундық профилактиканың бүкіл әлемде инфекциялармен күресудің тиімді әрі қолжетімді тәсілі болып мойындалғанына қарамастан, соңғы уақытта балаларын кездейсоқ уыттану т.б. жағдаяттардан қорғау ниетімен, тіпті діни көзқарас жетегіндегі ата-аналардың дәстүрлі екпелерден бас тартуы жиілеп кетті.

Иммунизацияға қарсы көрсетілімдері бар балалар да кездеседі. Оларды балабақшаларда оқшаулау мәселелері де көтеріліп тұрады. Біздіңше, балаларды, бұл орайда, бөліп-жарудың мағынасы жоқ. «Ұжымдық иммунитетті» қалыптастыру тәсілінің, «иммунитет төзімділігінің» жеміс беретініне сенім артамыз. Жаппай қолданылатын вакциналардың сапасына жұртшылықтың көзін жеткізу жұмыстары жалғасады.

– Фармацевтикалық нарық қатысушыларына үкімет, министрлік тарапынан қандай қолдау көрсетіледі? Шетелдік өндірушілер мен отандық өндірушілерге қойылатын талаптар, көрсетілетін артықшылықтар бар ма?

– ДЗСҰО өтінім берушілермен апта сайын кездесу өткізеді. Дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың пайда-қауіп арақатынасын бағалау және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың клиникалық зерттеулерін жүргізуге арналған материалдарды бағалау қызметтерінің бағаларын жоспарлы бекіту жөнінде көпшілік тыңдалымдар өткізеді. Фармацевтикалық нарық қатысушыларына қолдау көрсетуге арналған  support@dari.kz поштасына жазып, үнемі ДЗСҰО жұмысы жөнінде, импорт пен экспорт мәселелері туралы өз сұрақтарын қоюға немесе ұсыныстарын қалдыруға болады.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің жаңа редакциясына сәйкес, тіркеу куәлігі мерзімінің өтуіне дейін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген және өндірілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар Қазақстан Республикасының аумағында шектеусіз қолданылады, айналыста болады және пайдаланылады. Жоғарыда көрсетілген қызметтерге белгіленген бағалар прейскурантының жобасында отандық тауар өндірушілер үшін жеңілдіктер көзделген. Осы орайда, ДЗСҰО көрсететін қызметтерге бағаларды антимонополиялық органмен келісім бойынша  денсаулық сақтау министрлігі белгілейді. Бірыңғай дистрибьютор қосымша келісімде медициналық ұйымдардың бастамасы бойынша түзетілген өтінімде ұсынылған сатып алынатын дәрілік заттар көлемдерін азайту туралы талаптарды қарастыруға құқылы.

ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы №1729 қаулысына сәйкес, бірыңғай дистрибьютор жеткізу мерзімдерін бұзған; сатып алулар өткізілмей қалған; балаларға қолдануға қарсы көрсетілімдері туралы нұсқаулар болған жағдайларда алпыс күндік қажеттілікке дейін медициналық ұйымдардың өз бетінше сатып алуын жүзеге асыру тәртібі регламенттелді. Осындай өзгерістер азаматтар үшін сапалы дәрі-дәрмектің қолжетімділігін қамтамасыз етеді, ал бағаларға реттеу енгізу республиканың бүкіл өңіріндегі бірыңғай баға саясатына жол ашады.

– Арнұр Исабайұлы, жұртшылықтың көбінің медицина туралы білім деңгейі тек ауру, аурухана және дәрігер үштігінің шегінен аспайтыны хақ. Халық денсаулығы шебінде «Әр күн – майдан» екенін толық суреттеп берген мазмұнды сұхбатыңызға рақмет.

 Әңгімелескен Гүлзира СЕРҒАЗЫ

Фото: Автордікі  

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.