Жазушымен жүздесу

Сайт Әкімшілігі - 19.11.20192210

Жақында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінде «Жүз кітап» жобасы аясында «Көкжиек» және «Әдеби жүздесу» клубтарының ұйымдастыруымен көрнекті жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВПЕН шығармашылық кездесу өтті.

Сүйікті қаламгермен сұқбатқа асыққан әдебиет сүйер жастардың саны көп болды. Қашан да, ұлт пен ұрпақ қамын бәрінен жоғары қоя білетін, кісілігіне кішілігі сай, ұлылығы қарапайымдылығынан танылатын, жастарға жақын жүретін абзал жанды Жазушы жас әдебиетшілермен емен-жарқын, шынайы сұқбат құрды. Ана тілдің мәселелерін үздіксіз көтеріп жүретін ұлтжанды тұлға бұл жерде де тіл жөніндегі өткір пікірлерін айтпай қалған жоқ. «Қазақ тілінде сөйлейтін адам ғана - қазақ» деген тұжырымын қадап айтып, жастарды ана тілді ардақтауға шақырды.  Әңгіме сан салалы бағытта өрбіді. Кітап оқудың зор пайдасы, халық өлеңінің мәтін бұрмалап айту, жазушыға қажетті қасиеттер, шығарма тарихы, бала тәрбиесіне, ұрпақ санасына ең алдымен ата-ана-жауапты екендігі, т.б. мағыналы тақырыптар қозғалды. Жастардың ықыласынан шабыт алған қаламгер шығармасында кейіпкерінің аузыментуған жері туралы әннен үзінді де айтып берді.

Сондай-ақ, осы кездесуде  «Көкжиек» клубы өткізген «Студенттік күнделігімнің алғашқы беттері» атты шығармашылық эссе байқауының қорытындысы жарияланды. Жеңімпаз атанған 8 студент жазушы Б.Нұржекеевтің қолынан алғысхаттар алды. Төбесі көкке жеткендей қуанған студенттер үшін бұл сәт ұмытылмастай әсер қалдырды. Кездесу соңында жазушы жас буынға арнаған жүрекжарды тілегін айтып, батасын берді.

Л.Мұсалы, ҚазҰУ-дың оқытушысы

А.Мавлен, ҚазҰУ-дың студенті


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.