Т.Әбдіковтің «ӘКЕ» повесі – «Көкжиекте»

Сайт Әкімшілігі - 19.11.20191049

Көркем шығарманың мақсаты – оқырманды адамгершілік – эстетикалық тұрғыдан тәрбиелеу.  Әдебиеттің ұлт үшін, ұрпақ үшін маңызында дау жоқ, осы тұрғыдан алғанда, ұлт болашағы -  қалам ұстаған әдебиетші жастарда. «КӨКЖИЕК» ғылыми-шығармашылық клубының мақсат-тілегі де осы.  Осы ізгі мақсатын үздіксіз жүзеге асырып келе жатқан клуб айына екі мәрте оқырмандар конференциясын өткізеді. Конференция мақсаты – әдеби шығарманың мазмұнынан бастап, көркемдігі, композициясы, идеясынан талдау, жазушы лабороториясына бойлау. Қатарына 1 курс студенттерін қосқан клубтың осы оқу жылында талдаған тағы бір шығармасы көрнекті жазушы Т.Әбдіктің «ӘКЕ» туындысы болды.

Көркем шығарманы талдау оқырманды жазушымен қауыштырады, дербес ойлауға, әдеби талқыға жетелейді. Клуб конференцияларында шығарма талдау барысында әдетте З. Қабдоловтың «Сөз өнері» оқулығындағы әдеби талдау қағидаларына сүйенеді. «ӘКЕ» повесін талдау кезінде де осы үрдіс сақталып,  алғашқы кезеңде шығарма тақырыбы мен идеясы сөз болды. Одан әрі композициялық талдауға ұласқан конференцияда шығармадағы әр деталь талданды.  Жазушы тілінің көркемдігі, шығарма поэтикасы да қарастырылды. Келесі кезеңде кейіпкерлер бейнесі арнайы сөз болды. Шығармадағы әке образы  жөнінде студенттер ерекше толғанысқа берілді. Перзент көзімен қарағандағы Әке бейнесі, әке қадіріне жетпеу, әкеге деген сағыныш мотивтері студенттерге  ерекше әсер етті. Осы сезімдерді өз басынан да өткізгендей әсермен көзіне жас алғандар да болды.

Ерекше талқыға түскен мәселе – повестегі тарихи оқиғалар тақырыбы, автордың тарихи оқиғаларды  жеке адамның көзқарасы арқылы жеткізу тәсілі.   Бұл мәселе пікірталасқа ұласты, қазақ халқының басынан өткен ауыр кезеңдер жөнінде кейіпкер аузынан айтылатын шынайы әңгіме жастарға үлкен ой салды. Қорытынды  кезеңде әр студенттің шығармадан  алған әсерін айтуына мүмкіндік берілді.

Қорытындылай келе, филология және әлем тілдері  факультетіндегі «Көкжиек» ғылыми-шығармашылық клубының талдаған бұл шығармасы конференция қатысушылары үшін рухани демалыс болғандай. Сол кезде де, осы заманда да қасиет, маңызын жоғалтпаған «Әке» шығармасы -  оқырман үшін мазмұн-мәні терең туынды. Тек оны талдай білетін әдеби білігі бар жастар, олардың бастарын біріктірер әдеби орта азаймаса дейміз!

Л.Мұсалы,  ҚазҰУ-дың оқытушысы,

Е. Біләл, ҚазҰУ-дың  студенті


 

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.