Ана өлімі және бір жылға созылған тергеу

Есдәулет Қызырбекұлы - 21.11.20192404

Жақында редакциямызға Алматы облысы Ұйғыр ауданына қарасты Шонжы ауылының тұрғыны Бибигүл Мұсаева дәрігерлер қателігінен көз жұмған қызы Динара Мұсаеваның ісін Ұйғыр ауданының тергеушілері түрлі себептермен созып жатқандығын айтып хат жолдады.

Бибигүл Мұсаеваның сөзінше, 1989 жылғы қызы Динара Мұсаева 2-ші баласын босану кезінде комаға түсіп, 9 айдан кейін қайтыс болған. Тәуелсіз медициналық экспертиза қайғылы жағдай дәрігерлердің қателігінен болғанын, Динараның нархозды көп мөлшерде бергендіктен оянбағанын және жүрегіне электромассаж жасау кезінде ми клеткаларының өліп қалғандығын дәлелдеген.

« Шілде айының 2-і күні толғатып барған қызды олар «сохранениеге» жатқызды. 11-ші шілде де «плановая кесарева» жасайтын болды. Жасамастан бұрын олар менен ақша талап етті. Мен ақша тауып бергенге дейін жасамай жүрді. Отадан кейін дәрігер барлығы жақсы деп, қызымды жансақтау бөліміне алып кіріп кетті. Мен үйге қайттым. Бірақ үйге келгенім сол еді, қоңырау шалып, келіңізші деді. Барсам баламның жүрегі тоқтап қалған. Мен барғанша олар тоқтап қалған жүректі электромассаж жасау арқылы қайта соқтырған. Содан қызым комаға түсіп, 9 ай жаттып қайтыс болды... Қайтыс болғанына жеті ай болды. Істің жүріп жатқанына бір жыл болды. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ, іс алға жүрмей жатыр», - деді Бибигүл Мұсаев.

Істі қарап жатқан тергеуші Фархат Ильясов «ЖАС АЛАШ» тілшісінің: «Іс не себепті баяу жүріп жатыр?», - деген сауалына «дәрігерлер қателігін дәлелдеу оңай шаруа емес» екендігін айтып, бұның алдында дәл осындай тағы бір істің болғандығын, оны әрең дәлелдеп, сотқа жібергендігін жеткізді.

«Дәрігерлер қателігін дәлелдеу оңай дүние емес. Бұның алдында да бір іс болған, қазір сот болып жатыр. Бір жылда оны әрең дәлелдеп, сотқа жеткіздік. Мына кісі басында біраз уақыт комада жатты. Біраз құжат жоғалып кеткен. Қазір беріп жатқан экспертиза қорытындысы не ары емес, не бері емес. Нақты ешнәрсе беріп жатқан жоқ. Дәрігерлер «біз қолымыздан келгеннің барлығын істедік, бірақ адам қайтыс болып кетті» дейді. «Біз мына жерден қателік жібердік» деп, айтып жатқан ешкім жоқ. Отаға қатысқан адамдар барлығы дұрыс болған дейді. Олар қай дәрігер, қандай қателік жасағанын (экспертиза қорытындысында – ред) нақты жазбаған. Барлығы болжам ғана. Қайтыс болғаннан кейін кейбір медициналық құжаттар жоғалып кеткен. Құжаттар жоғалғаннан кейін, «олардың кінәсі бар» деген болжамдар ғана айтуда. Осы іс бойынша біз ертең Алматыға шығып бара жатырмыз. Ол кісі осында комаға түсіп қалғаннан кейін, Алматыға алып барған. Сол жерде ота жасаған. Біраз жатқаннан кейін, қайтадан біздің ауруханаға алып келген. Сол жақта ота жасаған дәрігерлерден сұрау керек. «Қарға қарғаның көзін шұқымайды», ол жердегі дәрігерлер де айтпайды ғой, «мына жақтың дәрігерлері мынандай, мынандай қателік жасаған» деп», - деді тергеуші.

Ал адвокат Рүстем Гайтовтың сөзінше, тәуелсіз экспертиза  мидициналық құжаттарда көрсетілген диагноздар шын мәнінде жасалған іс-әрекеттермен сәйкес келмейтіндігін көрсеткен және соның негізінде берілген құжаттар бұрмаланған деген қорытынды шығарған.

«Бірінші экспертизада дәрігерлер көп қателік жіберді, бірақ ол кісінің комаға не себептен түскендігін анықтау мүмкін емес деп берді. Кейін біз бұны тәуелсіз сарапшыларға бердік. Олар медициналық құжаттарда көрсетілген диагноздар шын мәнінде жасалған іс-әрекеттерге сәйкес келмейтіндігін және соның негізінде жазылған құжаттар жалған деп қорытынды шығаруға болады деді. Бірақ оны дәлелдеу керек делінген тәуелсіз экспертиза құжатында... Тура осындай жағдаймен бұған дейін осы ауылда Мақсұтова Делмира есімді тағы бір қыз қайтыс болған. Оның артында бес баласы қалды. Қазір ол істі сотқа жеткіздік. Динара Мұсаеваға акушер-гинеколог Дүңгешова Гүлнар ота жасаған. Ол кісі тіпті тергеуге ешқандай құжаттар бермеген. Мен барып прокурорға арызданғаннан кейін, тергеушлер құжаттарды тәркілеп, сараптама тағайындады. Менің ойымша, бұлар сол жерде құжаттарды өзгерткеннен кейін облысқа алып келген. Бұнда қыздың жатырын алған дәрігерлер де медициналық құжаттарды өзгертіп, дәрігер кінәлі болмайтындай эмболия диагнозын қойған. Тәуелсіз сараптама бұл жерде ешқандай эмболия болған жоқ деп берді бізге. Қазірдің өзінде экспертке эмболия деген сараптама бергені үшін іс қозғауға болады... Мен барғанда тергеушілер кішкене бірдеңе көрсетеді. Мен кеткен соң отырып алады. Қимылдағылары келмейді. Осы істі орнынан қозғалта алмай жүрміз», - деді Гайтов.

Фотоны автор ұсынды


Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.