Үмітбек Бағдат. 205 автобус

Сайт Әкімшілігі - 22.11.20192404

Мен онымен он жылдан кейін кездесіп тұрмын.

Ақиқаты бұл кездесудің болмағаны жақсы еді. Өкініші менің арманымдағы кездесу болмады. Тәтті қиялым желге ұшты. Қара жер төңкеріліп астына түскендей. Мендік жан алқынысты бір сөзбен жеткізу қиын.

Дел-сал болып салданғандай күй кешіп келем. Алматының қоңыр кешін қара мұңға бөлеп қанша жүргенімді білмеймін. Ой билеп келеді. Сана ойдың жетегінде.

- Көктем-1 шағын ауданына қай автобус барады, - деген дауыстан селк ете қалдым. Дауыс ер адамның дауысындай күркіреп естілді. Алғашында ер адам шығар деп ойладым. Басымды көтеріп тесіле қарап өз ойымнан өзім ұялып қалдым.  Ер адам деп ойлағаным жиырма жас шамасындағы қыз бала екен. Дөңгелек қара көзі ақшыл жүзінің ажарын келтіріп тұрғандай. Күлімсірей қарайды. Күлімсіреген сайын екі бетінен шұңқыр пайда болып сұлуландыра түседі. Енді кірпіктеріне көзім түсе беріп еді, тағы бір дауыс ойымды бөліп жіберді.

- 205 автобус барады, қарағым. Әне, келіп қалды, - деді орта жастағы қараторы келіншек.

Жаңағы қыз «рахмет» деді де бірден автобусқа мінді. Бірдеңе деуге оқталып тұрғанымның кеш болғанын түсіндім. Шапшаң қимылдап автобустың артқы есігінен ішке кірдім. Күндегі әдетімше сол қанатта қарама-қарсы орналасқан орындықтың біріне жайғастым. Бүгін күндегідей қаранөпір адам жоқ. Ат төбеліндей ғана көрінді. Күндегі әдетімше адамдарды көзбен шолып шықтым. Ең артқы орындықта қайыршы отыр. Ол үнемі кешке қарай Жетісу базары аялдамасынан Орбита-2,4 ықшам ауданы аялдамасы бағытында отыратын. Азанда Орбита-2,4 ықшам ауданы аялдамасынан Жетісу базары аялдамасы бағытына отырып бара жататын. Үш жылдан бері қарай көріп жүрмін. Бір сөзбен айтқанда таныс болып та қалдық. Оның дәл қай аялдамадан шығып, қай аялдамаға баратыны мен үшін беймәлім. Менің білетінім оның қайыршы екені. Шындығында ол қайыршы. Ит жылғы қараша айында болған мына бір оқиға есімде.  «ОҢАЙ» тексеруші мен қайыршы арасындағы қақтығыс. Екеу ара кикілжің. Даудың ұшы төлем ақыдан шыққан. Тексеруші қыз бала-тұғын. Қайыршыны көрген жерден «түсіп қал» деп  шаңқ ете түсті. Даусының ащылығы сонша құлаққа түрпідей тиген. Қайыршы түспеймін деп, қыз түсесің деп кескілескен тартыс болған. Көкбеттеніп, көгеріп-сазарып алған жұмысының адал құлы қайыршының иығынан жұлқылап сілікпесін шығарған. Арпалыстың қызып тұрған сәтінде қызыл жепірдің сыртынан киген «ОҢАЙ» тексеруші киімінің кеуде тұсындағы есім қайыршы көзіне жылы ұшыраған. Шарқая қыздың дегені болып Наурызбай батыр көшесі аялдамасынан итеріп түсіріп кеткен. Түсті деген аты болмаса жер сүзе құлаған. Құлап бара жатып көзінен бір тамшы жас ыршып кеткен. Сол жас әлі көз алдымда. Қайыршыны көрген сайын сол жастың сырын білгім келетін. Ал,  қайыршыны итеріп құлатқан тексеруші қыз міз бақпастан жұмысын жалғастыра берген. Бірақ көз жанарынан қайыршыға деген өшпенділіктен гөрі шексіз жанашырлықтың ізі көрініп тұрды. Тексере жүріп «ақшаларың болса автобусқа мініңдер. Қалталарыңда көк тиындарың жоқ болса мініп адамның уақытын ұрламаңдар. Құр бекерден ерігіп жүрген жоқпыз. Бізде жанбағыс үшін екі аяқтан тозып жүрміз» деп бәрімізге ескерту жасай кеткен. Тексеруші қыз ортаңғы қатарға барғанда бір ана өзінің ақылын айтқан. Алпыс жас төңірегіндегі ақ жаулықты ана сабырлы сөз бастаған. Қыз қылығына ашулы болсада жылы-жылы сөйлеген. «Айналайын, қызым! Сенде әп-әдемі қазақтың қызы екенсің. Сеніңде ата-анаң бар шығар. Қыз бала деген ибалы,  өнегелі,  көргенді болуы керек. Қанша деседе әйел затысың. Қайыршы дегенмен ол ер адам. Әуелі әкеңдей кісі. Жағасынан алып жармаспай қоя салсаң дұрыс болар еді» дей келіп тоқтаған. Тыныстап алып сөз ауанын басқа бір арнаға бұрмақшы болған ана сөзін қыз бөліп жіберген. «Бұл көсемситін орын емес. Тәрбие бермекші болсаңыз үйіңізге барып беріңіз. Айтар ақылыңызды өз қыздарыңызға айтыңыз» деп тік мінез көрсеткен. Тексеру жұмысын бітірген де,  жирен қызыл шашын шошаң еткізіп Телецентр аялдамасынан түсіп қала берген.

Сөз тізгінін ақ жаулықты ананың қасында отырған тілі мен жағына сүйеніп қалған келіншек алған. Көкшіл көзін жыпық-жыпық еткізіп, бидайдың  сабағындай ұзын жасанды кірпіктерін қағып-қағып жіберіп сөйлей жөнелген.  «Замана желі кері соққан ғасыр ғой бұл. Қазіргі жастар бұзылып кеткен. Бұзылғаны соншалық үлкенді-үлкен,  кішіні-кіші демейді. Тіпті адам құрлы көрмейді. Осы «ОҢАЙ» тексерушілердің көбі жастар.  Қашанда өзеуреп кермек пиғыл танытады. Ана жолы осы автобуста екі тексеруші жас жігіт бір қарияны сабап тастауға аз қалды. Бұл мың оқиғаның бірі ғана. Жиырма жылдан бері талайына куә болып келемін. Енді бір қырынан алып қарағанда қайыршының өзі кінәлі. Оған кім қайыршы болсын депті.  Жынды судың соңына түсіп осы күйге ұшыраған шығар. Ақшасы жоқ болса несін автобусқа мінеді. Баратын жеріне жаяу жетіп алса болды ғой. Кейде осы жолаушылар да оңып тұрған жоқ. Кейбірі ақша төлегісі келмейді. Тегін жүрсем аспаннан май шелпек жауса екен дейді. Өздерінше сайтан қулық жасайды. Қулықтары әшкере болып жатса төбелес шығарады. Биыл жазда сондайлардың кесірінен автобус жүргізушісі мүгедек болып қалды. Бірнеше тентектер ақша төлегісі келмеген. Жүргізуші ақша төлеуді талап еткен. Арадағы дау соңы төбелеске ұласқан.  Әлгі желөкпе тентектер жүргізушіні тепкінің астына алған. Тепкінің қаттылығы сонша жүргізушінің миына қан құйылып сал болып қалған. Үйдің жалғыз асыраушысы екен. Үйінде шиеттей бес бала, ақыл-есі кем, жүйке ауыруына шалдыққан әйлелі бар көрінеді. Бір шаңырақ ортаға түсті деген осы ғой» деп біраз жаңалықтың шетін қайырған. Кімді жақтап, кімді даттап отырғанын өзі де білмейтін сыңай танытқан.

Ит жылғы оқиға тізбегі осылай өрбіп, лентадай көз алдымнан өтіп жатты. Ойымды жинап алып автобус ішін тағы бір шолып шықтым. Жанарлар айтқан сырды оқи алатын әдетіме көштім. Қос жанарлар сөйлей жөнелді.  Қилы-қилы сыр бүккен қарашықтар жаутаңдайды. Сол қарашықтар небір жәутік тағдырдың куәсіндей. Жазымыштың озымыш дейтін қыл арқаны байланған тағдырлар иесі сол қарашықтардай көрінді.

Мосқал қыз жанары айтқан сыр.

Мана жол сұраған қыз өзіне тартып алды. Жанарына қадала қарап сілейіп біраз тұрдым. Жүзі шаршаңқы әбден қалжыраған сияқты. Тек жымиып қояды. Тағдыры жылатып-жылатып, кейін келе амалсыз болса да жымиюға үйреткендей. Қос жанарынан қорқыныштың ізі көрінеді. Маңындағы адамдарға бір түрлі үреймен қорқа қарайтынға ұқсайды. Автобус ішінде түрегеліп тұрған. Сол қанатында отырған қарт кісінің қасындағы орындық бос болатын. Бос орынға отыр дегендей ишарат жасаған қарт кісі. Ишарат жасала сасып қалған. Екі беті қып-қызыл болып ду ете түскен. Дөңгелек қара көзінің астымен маңын сүзе қарап шығып, мен отырған артқа қарай ығысқан. Келесі аялдамадан түсуге дайындалып есікке ұмтылған жас жігіттің қолы қыздың аш беліне байқаусызда тиіп кеткен. Оқыс тиген қолдан шошып қалған қыз қатты айғайлап  жіберді. Зәресі зәр түбіне жеткендей. Қос қарашығы шарасынан шығып кетердей қорқа қарады. Қобалжып қалған жүрегі алабұлттанып тұманды күй кешкен. Жарық күнде өлердей қорқып бозарып кеткен қыз қылығы көп назарын өзіне аударған. Абал-жабал қозғалысқа түскен жаңалық құмар жанарлар құс жолындай түзу сызық бойына қадала қалған. Не болып қалды, енді не болады екен дейтін ой барлық жанардың байланған қазығы секілді. Әлде бір бойшаң сары шашты жігіт телефон камерасына түсіріп әлек. Шамасы әлеуметтік желінің белсенді қолданушысы секілді. Әлеуметтік желі де құлагер болудан дәмелі көрінеді. Мақсат біреу-ақ. Видеоны әлеуметтік желігі жүктейді.  «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей желі қолданушылар  лүпілді (лайк) жаңбырша жаудырады-ай келіп. Сан-саққа жүгіртіп әлек болады. Жік-жік болып пікір жазады. Пікір қақ айырылып көкпардай тартылады. Оқиға жанарлар күткендей шытырман түс алып шиленіспеді. Аялдамада кілт тоқтаған автобустай өз ритіміне оралды.

Қас қағым сәттен кейін қыз ештеңе болмағандай менің қасымда отырды. Қызға ештеңе болған жоқ. Жүзі күлімсіреп тұр. Дүрс-дүрс қаттырақ соғып жатқан жүрегі ғана қорқынышын баса алған жоқ. Жүрегі жаратылысынан қорқақ емес еді. Бала кезінде ештеңеден қорқу дегенді білмейтін. Тыныштық орнаған өлі түнді жападан-жалғыз кезіп жүре беретін. Әке-шешесі жұмыстан кеш қайтып қалса да үйде жалғыз отыра беретін. Қойшы, әйтеубір батыл болатын. Ештеңеден қайтпайтын. Өмірінде қорқу туралы ойлап та көрмеген. Оның өмірін 13 жасындағы мына бір оқиға өзгертті. Өмірінің астаң-кестеңін шығарып тағдырына қара бұлт төндірген оқиғадан кейін өліп қалуды да ойлаған. Жанындай жақсы көретін қос қормалын қыймаған. Үйдің жалғыз тұяғы. Анасы қайтып құрсақ көтермеген. Өзінен кейін бауыры, болмаса сіңілісі болғанын қатты қалаған. Өкініші ол қалауы жөргегінде тұншыққан. Медициналық сараптама анасының енді қайтып құрсақ көтере алмайтынын айтқан. Кейде өзінің жалғыз болғанына төбесі  көкке жеткендей қуанатын. Ес білгеннен бері Алматының бұрыш-бұрышын түгендеп қаншама квартираның есігін тоздырды. Анасы шай үстінде күбір бастаса болды,  ертесі басқа бір квартираға көшіп бара жататын. Сегіз жасында әке-шешесінің әңгімесінен ұққаны Түркістан жақтан көшіп келгелі 5 жыл болды деп отырған. Туған жерінің Түркістан екені. Кейіндеп кітаптан Түркістан жайлы оқығаны болмаса барып көрген емес. Ол барамын деп талпынбаған. Әке-шешесі туған жеріңе апарып келеміз дегендей ләм-мим деп жақ ашпаған. Енді бір жағынан күні бойы тыным жоқ. Апталап, жылдап жұмыс жасайды. Апатасына дем алатыны кейде бір күн. Кей кездері олда жоқ. Әке-шешесі қаладағы белгілі бір құс фабрикасында жұмыс жасайды. Екі адам дегені болмаса жалақысы жүз мың теңгеден аз ғана асатын. Бірінші  айдың айлығы екінші айына жетпейтін. Кейде тағдыр тәлейінің бұлтты аспанына кейігені болмаса, құба-құп шүкіршілік ететін. Көштен қалмай өлместің күнін кешіп жүрген тағдырға мойын ұсынып өмір керуенін жалғай беретін. Жылдар жылыстап өтседе жүрісінен танбаған айналмалы өмір ағын судай аға беретін. Ұстараның жүзіндей аударылған дүние десе дегендей еді. Әйтеубір қоңырқалта өмір сүріп жатса да өзін бақытты сезінетін. Балалық шағы құрбыларынан артық болмаса кем болмаған. Көңілі қалаған дүниенің барлығына қолы жететін. Қос қормалы аспандағы айды алып беруге де пейіл-тұғын. Өмірін аласапыранға айналдырған тағдыр бұрқасыны он үшінші көктемінде соқты. Тағдыр деп кінәні екінші жаққа аударған ғана болмаса, қасақана қолдан жасалған. Екі аяқты есті адам жасаған. Адам деген аты ғана. Заты хайуаннан төмендеу еді. Айдың соңғы сенбісі болатын. Сол күні әке-шешесі жұмыстан кеш қайтқан. Өздері Қалқаман-2 ықшам ауданы жақта квартирада тұрып жатқан. Үйде сабақ қарап отырған. Аяқ дыбысы естіліп есік қағылған. Бірден есік ашып қарап еді квартира  қожайынының баласы екен. Алдында бірнеше рет қара түсті «Land Cruiser» көлігімен келіп квартираның ақшасын алған. Әке-шешесінің жұмыстан кеш келетінін айтып шығарып салған. Қайтып сабағына кірісе берген. Кенет есіктен жаңағы жігіттің баса көктеп үйге кіріп келе жатқанын көзі шалған. Алғашында түсінбей аңтарылып тұрып қалған. Шапшаң қимылдаған алпамсадай жігіт бас салған. Айғайлауға да шамасы келмеген бейшара қыз құймырлықтың құрбаны болған. Нәпсінің құлқынына құлдық ұрған жігіт көкірек көзін шел басып адами болмысын ластаған. Өзінің желіккен сезіміне ерік беріп періште ғұмырдың өмірін ойрандаған. Сам жамырай жұмыстан қайтқан әке-шешесі қанжоса болып жатқан қаршадай қыздың үстінен түскен. Полицияға мәлімдеп қылмыстыны көрсетіп берген. Артынша қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Әке-шешесі шыр-пыр болып қанша жүгірсе де іс соңы жылы жабылған. Квартира қожайыны кәсібі дөңгелеп тұрған беделді бай болып шыққан. Күштінің көті диірмен тартқан заман болып ақша сөйлеген.

Жылға жуық писхиологиялық көмек көрсетілген соң ақырындап қалпына келе бастаған. Қызының недәуір жақсарып қалғаны әке-шешеге үміт сыйлап өмір оты қайта маздап жанған. Өздерінің жұмыс орынына жақын жерден квартира алып мықтап орналасқан. Арада аттай зулап үш жыл өте шыққан. Бұл жылдар жүректегі  тоң болып қатып қалған шерді жібіте бастаған. Зілмауыр қасіреттің ізін суытып, қайғының орынын қуанышқа жеңдірген. Деседе адам баласына деген кек көңіл түкпіріне терең тамыр тартқан. Аспанын қара бұл торлап, жанарды жасқа шылаған қарғыс атқыр сол күн алыстап кете барған. Бұл шаттық та көп ұзамай сормен аяқталды. Асығып жеткен он алтыншы көктемі тағы аяққа тапталды. Тағдыры тәйке түсіп қайтадан сүріндірді. Қаланы қыдырып қайтып келе жатқан. Тапа-тал түсте ешнәрседен қауіптенбеген қыз бұрылыстан тап берген зіңгіттей жігітті аңғармай да қалған. Жан ұшыра айғайға баспақ болған. Бірақ салған жерден үні булығып дауысы шықпай қалған. Өзі қармаулы болса керек арам ойын көп әуреленбей іске асырған. Осы маңнан өтіп бара жатқан жүргіншілердің біреуі қызды талықсып жатқан жерінен көріп  полицияға мәлімдеген. Қылмыскер полицияның жедел іздеуімен көп ұзамай қолға түскен. Тағы сол қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейін тергеу жұмыстары жүргізілген. Кейіндеп сот отырысы болған. Осы жолғы қылмыскер бұрында 7 жасар қыз зорлады деген айыппен соттылығы бар педофил болып шықты. Ұзаққа созылған сот отырысы,  сотталушыны кінәлі деп тауып, 3 жылға бас бостандығынан айырды. Соңғы оқиғадан кейін тағы бес жыл өтті. Ол барлығын жеңген. Тозақты ұжымаққа барар жол деп қарайды. Өткеннен қалған белгі еркек көрсе қорқады. Дауысы ер адамның даусы секілді күркіреп шығады. Бірақ ол үшін өмір сүруді тоқтатқан емес. Ағынға қарсы жүзіп барады. Бүгінгі таңда зорлық-зомбылықтың құрбаны болған қыздардың құқығын қорғайтын ұйым құрған. Ендігі өмірі осы жол үшін күрес. Өлгісі келмеуінің тағы бір сыры осы.

Қызға мүсіркей қарадым. Қарауын қарап алсам да, ойымнан тез айныдым.  Алғашында қате көрген екенмін. Қыздың жанарында қорқыныш емес от ойнайды. Жүрегі кесір қоғамының ессіз қылығынан жаралы. Жүрегі жылап тұрды. Жас емес қан ағып тұрғандай. Сол аққан қанымен кір ғаламның бір түйір дағын болса да тазартпақ.

Көктем-1 шағын ауданы аялдамасынан түсіп қалды. Автобус терезесінен қыздың маң басып бара жатқан өр сұлбасын ұзатып салдым. Сұлба бірте-бірте алыстап құм қоғамның ішіне сіңіп кетті...

Ана жанары айтқан сыр.

Менің алдымдағы орындықта қарт ана отыр. Жетісу базары аялдамасынан отырған. Ауыр күрсінді. Ана емес қара жер күрсінгендей. Көзінен үлкен тағдырдың ізі менмұндалайды. Жүрегімен қосылып самайындағы ақ шаштары жылап тұр. О, тоба шашта жылайды екен деп ойладым. Көзінен тырс-тырс тамып жатты. Тамған жас қанға айнала бастады. Тағдыры күбір-күбір ұзақ сөйледі. Бес баласынан опалы болғаны жалғыз тұяқ. Үлкен ұлы мектепте мұғалім. Шаңырақтың жүгін арқалап асырап отырғаны да осы үлкені.  Екінші ұлы мемлекеттік мекемелердің бірінде білдей орынбасар болатын.  Қай бір жылы мекеме басшысы бастап бірнеше қызметкер жемқорлықпен темір торға тоғытылған. Айран ішкен құтылып, шелек жалаған  тұтылыптың кебін киіп бар кінәні сол арқалаған. Табаны күректей он жылға сотталып кете барған. Биыл екінші жыл. Үшінші ұлы жеке кәсіпкер болатын. Бірінші әйелі екеуінің ұзақ жылғы төккен терінің арқасында кәсібі шалқыған. Түк бітіп жалы өскен соң асыл жарын ұл тумадың деп үйінен қуып шыққан. Маңдайының соры бес елі  сорлы әйел қызын алып төркіні жаққа кеткен. Ертеңгі күні-ақ өзінен көп жас кіші сылқым бикешті қолға қондырған. Екі ұл тауып беріп үлде мен бүлдеге оранған екінші жары екі жүзділеу болатын. Аяқ асты казиноға құмартып құрдымға кеткен. Сонша жыл төккен тері ағын судай жоқ болған. Қалақтап жыйған бақ, шелектеп төгілген.  Айрандай ұйып отырған шаңырақты оп-оңай ортаға түсірген де өзге біреудің етегінен ұстаған. Өзі ішіп кеткен. Осы қаланың қай бұрышын кезіп кеткені белгісіз ізім-ғайым жоқ болған.  Төртінші  ұлы мектеп қабырғасында жүргенде қайтыс болған. Алланың ажалынан емес адамның қолынан. Жастар арасында кикілжің болып, соңы төбелеске ұласқан. Төбелесте пышақ жарақатынан мәңгі өмірге сапар шеккен. Кенжесі қыз болатын. Алматыдағы аузын айға білеп тұрған жоғарғы оқу орындарының бірін  «Бухгалтер» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Оның өзін грантпен емес, ақылы негізде оқыған. Бар жиған-тергенін салып, несиеге жығылып жүріп дипломын алып берген. Мамандық бойынша жұмыс табылмай үш-төрт ай жұмыссыз жүрген. Кейіндеп кафеде официант болып тіршіліктің қамын жасаған. Көп ұзамай мамандық бойынша жұмыс табылды деген. Үш жылдан бері жұмысын тұрақты істеп жүр. Бірақ соңғы мезгілдері үйге келуі сиреген. Анасының амандығын біліп қайтуға да уақыт таба алмай жүр-мыс. Өсек желдей есіп тұр. Өсектің жалын атқан тілі мен мың бояулы мазмұны жақсы айтпайды. Анасына қызы жайлы алыпқашпа сөздер өтірік секілді сезілетін. Ана жүрегі қызын жамандық дейтін обаға қимайтын. Қызының сөзінен білетіні үлкен компаниялардың бірінде бухгалтер.

Өмірінде аттап баспайтын Барахолка базарына бүгін жолы түскен. Қай жел айдап барғаны белгісіз аяқ асты сонда барған. Ұсақ-түйек бірдеңелер көріп базарды аралай жөнелген. Әлем-жәлем дүниелердің қызығы жеңіп ат шаптырым уақыт жүрген. Енді қайтуға оқталып кері айналған. Қарама-қарсы тұрған үлкен бутик өзіне тартқан. Ішке кірмек болып ұмтыла барып тоқтаған. Алғашында қате көрген шығармын деп ойлады. Айна қатесіз өз қызы. Бутиктің төр жағында еркектің алдында отыр. Ана еркек аймалап өмешегі үзіліп барады. Қолдары жоғары-төмен еркін қозғалады. Әр саусақтарының өзі қыздың әр мүшесіне үстемдік орнатқандай. Көптің көзін шел басқан санайды. Болмаса сол көптің көзіне түкіргені бар.

Салған жерден үстіне кіріп бармақ болған. Бірақ ойынан айнып ашуды ақылға жеңдірген. Қызы жайында әңгіменің шетін шығарып жүрген туысқан сіңілісі бар болатын. Не болсада анық-қанығын сұрап білмекке Жетісу базарына тартқан. Жетісу базары аялдамасынан автобусқа отырып келе жатқан беті осы. Ендігі бағыт үйі.

Жетісу базарында дүкен ашатын сіңілісі қызы туралы бар шындықтың бетін ашқан. Қызы өзі айтқандай мамандық бойынша компанияда жұмыс жасамаған. Екі жылдан бері бірнеше дүкені бар шетелдікке көңілдес болып алған. Ол шетелдік әкесіндей адам. Бірнеше баласы мен әйелі бар. Көзін жұма қарап ақшалының  дегенін істеген.  Ұятын ақшаға айырбастап жан бағып жүрген болып шықты. Ол қылығы үшін қымсынбайды да ұялмайды.  

Тас түйін бір бекімге келіп болған. Енді қайтып сүт кенжесін көрмекші емес. Қалашық аялдамасынан түсіп  қалды. Ананың жүрегімен қосылып самайындағы ақ шаштары жылап бара жатты.

Қайыршы жанары айтқан сыр.

Қайыршы бүгін бір түрлі. Өз-өзіне ұқсамайтындай. Күндегіден басқаша. Басын жерден алмай отыр. Көзінен тағы бір тамшы жас құлады. Бір тамшы жастың қасіреті мен қайғысы түпсіз терең тұңғиықта жатқандай. Өмірінің ерте қураған гүл көктемі еміс-еміс есіне түскендей. «ОҢАЙ» тексерушілер кірген сайын соларға жалтақ-жалтақ қарайды. Тәлейіне тексерушінің ешқайсысы мазаламады. Арасынан жирен қызыл шашты қызды іздеп әлек. Өзін жетесіне жеткізе қорлаған жанды ұлы сүйінішпен іздеп отырған тәрізді... Аялдамаға автобус тоқтаған сайын басын сәл көтеріп Қалашық аялдамасынан түсіп қалған анаға ұрлана қарағанын көзім шалды. Бірнеше рет көзінің астымен қайта-қайта жәудірей қарады. Қараған сайын май басқан ұзын қара шашы жауып тұрған бетін көз жасы жуып кетті.

Менің жанарым айтқан сыр.

Анығы мен Əсемайға шынайы ғашық болатынмын. Қайталап айтамын оны өлердей сүйетін едім. Толған айдай толықсыған нағыз қараторының өзі болатын. Біз оны еркелетіп «Құлаңшаш» дейтін едік. Көмірдей қара шаштары тобығына түсіп қашанда күлімсіреп жүретін. Найза кірпіктері қағылғанда сызылып бір ғажап музика шертіп тұрғандай сезілетін еді. Оймақтай қос жанары толған айдай мөлдіреп төгіліп тұрушы еді. Ауылда Керімова Әсемайдан ибалы, одан өнегелі қыз жоқ болатын. Ауыл үлкендері «кішкене болса да түбі біздің қоғамның Зересі - Құлаңшаш болады» деп айтып жүретін.   

Мен онымен он жылдан кейін кездесіп тұрмын.

 - Ақша әкелдің бе? - деді наздана бұралып, оймақтай көзін  жыпылық-жыпылық еткізіп.

- Қанша? - деп сасқалақтай жауап бердім сөзімді діріл басып.

- 1 миллион теңге,  - деді бетіме тіке қарап.

- Арамызда ондай келісім жоқ, - дедім қызарақтап.

- Жағдайың келсе 300 мың теңге болсада жетіп жатыр, - деді күлімсіреп.

- Мені қате түсіндің. Ақшам жоқ. Сені іздеп келген себебім, - дей беріп едім сөз соңын тоспай кие сөйледі.

- Әй, қайдам сендердей байғұстарда қайдан ондай көп ақша болсын. Бұттарыңа қолдарың әзер жетіп жүргенде, - деді зілді кекесінмен.

- Әсемай танымадың ба? Мен... Мен ауылда... - дей бергенімше сөзімді тағы бөліп жіберді.

- Клиенттеріммен алдын ала келісім жасайтынмын. Ақшаның көлеміне қарай қызмет көрсетем, - деп тоқтады да шылымын тұтатып алып, сөзін жалғай түсті.

- Еркектер мені Алматыдағы ең қымбат жезөкше дейді. Анау көше бойлап жүретін желетектерден асып тұрған ештеңем жоқ. Оларда ақшаға қызмет көрсетеді, менде ақшаға көрсетем. Ұқсамайтын жеріміз қызмет ақы да. Ол ақымақтар бес-он мың теңгеге қызмет көрсетеді.. Мен болсам үш жүз мың теңгеден жоғары ақы алам. Бұл бір-ақ рет кездесудің құны. Қалталылар  қыз іздегенде бағасына қарай іздейді. Қымбат болған сайын сұраныс көбейген үстіне көбейе береді. Болмаса арзан ақылы сылқымдардың менен сұлулары ит басына төгіледі. Қарапайым қағида. Қулық - жезөкешеге тән ақша табудың қайнар көзі. Кейде бай ағашкалар кездесе қалса құдайдың бергені. Көңілін тауып, тамырын бассаң болғаны ақшаға көмеді де кетеді. Ертесі Алматының ең қымбат сауда орталықтарын кезесің де көңіл қалаған дүниеге қарық боласың. Тұрмыс қасіретінің тұманы басымнан сейілгені қашан? Айтпақшы нөмерімді «ҚЫЗДАР НЕТ» сайтынынан алған боларсың. Сайттағы Құлаңшаш деген атым үшін жалған намыстың отына күйген еркек сымақтар көп. Кейде қоңырау шалып жеті атамды жездей қағады. Шыныдай шытынап соларға не жоқ деймін? Ана бір жолы талағы тарыс айырылған жасы үлкен кісі хабарласыпты. «Жаным кейігендіктен хабарласып отырмын» деп бұрқ-сарқ есті сөз айтқан.  Теріме сыймай мінез көрсеттім. Жасы үлкен деген аты болмаса көбік өкпе біреу секілді. Жат қылық көрсетіп тегін төсектес болуға өмешегі үзілген. Сенде сол көптің бірі шығарсың. Бірі болғанда әккі боп алған қусың түлкідей жан ұқсайсың. Ақшаға келіспей жатып қу тіліңмен қулық сауғандай құрығыңа түсірдің. Түріңе қарамай жүректі екенсің. Қалталыға ұқсамайсың. Бірақ сайттағы ең қымбат жезөкшені ат басындай қалағаның мені таңғалдырады,  - дей келіп тоқтады. Көбең тартқан көлгір ойдың билеуімен сәл кідірді де, кенет есіне бірдеңе түскендей болды.   Оймақтай күлім көзін аударып-төңкеріп, ажарын қашырып тұрған мың батпан бояулы жүзін тура маған бұрды.

- Менің Әсемай деген атымды шақырғандай болдың. Біз бұрын таныс па едік? – деді де желке шұңқырынан сәл асатын шолақ қан қызыл шашын артқа сілкіп қалды.  

Енді сөйлей беріп едім арғы бөлмеден шыққан дауыс сөзімді басып кетті.

- Кездесу «Royal Palace» қонақ үйінде болатын болды. Алдыңғы жолғы үлкен шортан. Қайдағы бір қайыршымен несін күбірлесіп тұрсың. Ол да ақшасыз ездің бірі шығар...

Сүт пісірім уақыттан кейін Алматының қоңыр кешін қара мұңға бөлеп Төле би көшесіне қарай тартып бара жаттым.

 

* * * 

Орбита-1 ықшам ауданы аялдамасында тұрмын. Жанарлармен сөйлесіп отырып түспекші болған Ботаникалық бақ аялдамасынан өтіп кетіппін. Орбита-2,4 ықшам ауданы аялдамасынан Жетісу базары аялдамасы бағытына автобус күтуіме тура келді. Жаңа ғана өзім түскен 205 автобус. Көзді ашып жұмғанша келіп те қалады.

Кенет ұялы телефоным шыр-шыр етіп, безектей жөнелді. Тұтқаны көтергім келмесе де нарау қалтама қол салдым. Қоңырау шалып жатқан әкем екен.

- Алло, алло әкетай, тыңдап тұрмын.

- Балам қалайсың? Біраз күннен бері хабарсыз кеттің. Алаңдап қалыңды біліп қояйын деп. Біз хабарласпасақ жаман әке-шешеңді ауылымен қосып ұмытып кететінге ұқсайсың.

- Жоға, сіздерді қалай ұмытпақпын. Қаланың қым-қуыт қарбалас тіршілігінен уақыт болмай. Өз денсаулығыңыз қандай, шешем қалай?

- Денсаулық керемет. Шешең шықпа жаным шықпа деп жүр аман-есен. Ет бауыры Қасенді көп сағынады. Алматыға қоныс аударған он сегіз жылдан бері ат-ізін салмаған. Телефонда бірнеше рет сөйлескен болыпты. Келіншегі екеуі де қалада құс фабрикасында жұмыс жасайды ғой деймін. Жалғыз қызы бар еді. Сол қарғашым бірер кесірге жолыққан секілді, - деп дауысы үзіліп барып қайта шықты.

- Алматы да тұратын менің әпкем, сенің апайың Жәмилә бар емес пе? Үйіне барып таныс болып араласып тұр деп едім. Уақыт жоқ деп туыстан жұмысты артық қойып сен жүрсің. Сол апайың да тағдырдың уын ішіп жүр. Тапсыратын шаруа   сол екі отбасыға амандаса барып ақ сәлем жеткіз, - деп қадап айтты. Тағы бірдеңе айтпақ болып еді тұтқа үзіліп қалды.

Телефон қайтадан безектей жөнелді, даусы үзіліп-үзіліп барып, шыр-шыр етеді.

- Алло,  тыңдап  тұрмын, әке.

- Е, балам-ай, тұтқа өздігінен үзіліп қалды. Ертең біздің көрші Жамал апа

Алматыға жолға шықпақ. Құлаңшашы шақырған көрінеді. Айналайын сол қыз бәрінен озды. Кішкене кезінен елпек, елгезек-тұғын. Тіпәй-тіпәй көз тимесін. Шетелдік компаниялардың бірінде жұмыс істейтін көрінеді. Шешең тәтті-дәмдісін өзіңе салды. Көрші апаңды күтіп алып,  Құлаңшашпен дұрыстап танысып ала ғой. Ертең шарапаты тиіп жүрер. Шетелдік компанияның бір бұрышынан сағанда бір орын тауып берер. Айды аспанға шығарып сенде АҚШ-қа ұшып бара жатарсың...

Тұтқаны тастай салдым. Оқылған жанарлар тағдыры көз алдыма қайтып оралды. Көзім қарауытып басым зеңіп бара жатты. Денем табыттай ауырлап барады. Табанымнан қадалып тамыр-тамырларымды аралап мұздай суық ине миыма жүгіріп бара жатқандай. Жүректі өрт шалып, көзді ашып жұмғанша ауыр дерт жайлап алғандай. Санам салданып ессіз мақұлыққа айналып бара жаттым. Былғанышқа толы сайқал ғаламнан жүрегім айнып жиіркене қарадым. 205 автобустың аялдамаға тоқтап жатқаны бұлдырап көзіме шалынды.  Ит сілікпесі шыққан құл қоғамның бет-бейнесі тағдырына өздері кінәлі адамдардан көрініп тұрғандай. Кінәлі тағдырлар автобустың алдыңғы, ортаңғы,  артқы есігінен алма-кезек түсіп, шығып жатты...


Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.