Ирандағы қазақ байы - Ерқасым

Арман Әлменбет - 24.11.201912092

Кіріспе

Қызыл үкімет орнап, елдің берекесі қаша бастаған тұста адай руынан шыққан Алданияз есімде бай мыңғыраған малын айдап, парсы еліне көшті. Комунистік жүйе дүниесіне де тыныштық бермейтінін, болашақта ұрпағына да жақсылық көрсетпейтінін жақсы білген еді.

Ол Иранға бірден өтіп кете алмай, жолда Түркіменстанда үш-төрт жыл аялдады. Мал-мүлкі таланды, көп қысым көрді. Бірақ алдағы өмірден үмітін үзген жоқ. Сол жақта жүргенде ұлды болып, атын Ерқасым деп қойды.


Кәсіпкердің әңгімесі

Бір ғасырға жуық уақыт өткенде қарағандылық кәсіпкер Ерлан Әшім Түркиядағы қазақтарды аралап жүрді. Бұл кісі өзі кәсіпкер болса да, ескі әңгімелерге жаны құмар, үлкен кісілерді сөйлетіп қойып, сағаттап тыңдап отыра алатын адам еді. Кезінде Ауғанға көшіп, одан Иран арқылы Түркияға келген кісілер Ерлан Әшіммен сөйлескенде көптен айтпай, ұмыта бастаған әңгімелерін жаңғыртып, бір жасап қалатын.

– Бір жолы үлкен кісілердің бірі Ираннан қалай көшкендерін айтып отырған, – дейді Ерлан. – Алпыс-жетпістегі кісілер ғой, кейбіреулері соғысқа дейін көшкен, кейбіреулері соғыс уақытында Иранды басып, Түркияға өткен. Содан, әлгі кісі «Ираннан өткенде бір қазақ бізге көмектесіп еді, өзі сондай мықты жігіт еді» деп, аты белгісіз бір адам туралы біраз жақсы сөз айтты. Мен қатты мән берген жоқпын, бірақ есімде қалып қойды. Одан біраз уақыт өткенде тағы бір кісінің үйінде отырып, тарихын сұрап, әңгімеге тартып отырғанмын. Бір мезгілде ол кісі де Иранда бір мықты кісі болғанын, Түркияға өтіп бара жатқанда көмектескенін айта келіп, өзі бір адам еді деп риза көңілмен еске ала бастады. Сол жерден сөзін бөлдім де, ол кісінің аты кім еді деп сұрадым. Әңгіме айтушым ойланып қалды да, «біз ерте көштік қой, ол кезде мен тіпті жас болдым, аты есімде қалмапты» деді. Әй, дәу де болса өткен жолы естіген кісім туралы айтып отырсыз-ау деп ойлап қалдым. Не керек, тағы біраз уақыт өткеннен кейін Ауғаннан көшкен және бір кісінің үйінде отырмаймын ба? Бұл кісілер бір-бірін танымайды да, оны да айта кету керек шығар. Сөйтіп, үшінші кісім де тура солай әңгіме бастамай ма? Ирандағы мықты жігіт туралы жеріне келгенде бұл кісінің де сөзін бөліп, әлгі мықты кісіңіздің аты кім, есіңізде бар ма деп сұрадым. Алдындағы кісі ұмытып қалдым деген соң, бұл кісі де ұмытты ма деген күдік болды. Бірақ олай емес екен, «әрине, есімде» деді ол кісі салған жерден, «Ерқасым ғой!».«Ерқасым, Ерқасым» деп ішімнен қайталап, жаттап алдым. Әңгімеміз біраз жерге барып, шай-пайымызды ішіп болған соң біраз уақыт бұрын соққан алдыңғы екі кісіні іздеп бардым. «Баяғыда осындай әңгіме айтып едіңіз ғой, есіңізде ме, сонда Ирандағы бір мықты қазақ туралы сөз болған, аты есімде қалмады деп едіңіз, сол адамның аты Ерқасым емес пе?» десем, екінші барған кісім«иә, иә, Ерқасым» деп қуанып кетті. Бірінші естіген адамыма барып сұрап едім, ол да сөйтті. Үш бірдей адам жас күнінде ауғаннан Иран арқылы көшкенде Ерқасым деген қазақтан жақсылық көріпті. Бұл тегін адам емес екен деп ойладым.


Ережеп Ақтау жүр

Ерлан осы әңгімені айтып, бәрімізді қызықтырып қойды. Сөйтті де:

– Сол Ерқасымның Ережеп деген ұлы қазір Ақтауда тұрады екен. Қазір Шымкентке қонаққа кеткен көрінеді, – деп одан сайын қызықтырды. – Шымкентте жатқан үйінің нөмірін тауып алдым. – деді онымен қоймай.

– Қалай тауып алдыңыз?

– Ол ұзақ әңгіме.

– Айтыңыз.

Ерлан оны да айтып берді. Барынша қысқартып айтсақ, былай болған екен. Осыдан екі жыл бұрын Қарағандыда дүниежүзі қазақтары арасында қазақ тілінен оқушылар олимпиадасы өтіпті. Соны естіген Ерлан оқушылар жатқан жатақханаға барып, мұғалімдерімен танысып, ақыр аяғында бірнеше автобус жалдап, балаларды қыдыртып, дастархан жайып, риза ғып шығарып салыпты. Сол жолы мұғалімдердің, оның ішінде Ираннан келген қазақ тілі пәнінің мұғалімінің де нөмірін алып қалған екен. Түркияда жүріп Ерқасымның атын біліп алған соң, сол кісіге интернет арқылы хабарласып, «сіздерде Ерқасым деген кісі болған екен, білсеңіз айтыңызшы» дейді ғой. Сонда ол жақтағы кісі Ерқасымның Ережеп деген баласы туралы айтқан екен. Ал Ерқасымның өзі осыдан он бір-ақ жыл бұрын, сексеннан асып дүниеден озған көрінеді.

Ережеп Ерқасымұлын қонақ қылып күтіп жатқан кісінің нөмірін алып, мен де хабарластым. О баста бір-екі күндей көтермей жүрді де, бір-екі күн өткен соң барып көтерді. Ауғаннан көшіп келген Ғолам деген кісі екен. Ережеп өзімнің інім ғой деп қояды. «Ол үш-төрт күннен соң Ақтауға кетеді де, одан әрі Иранға қайтады» деді. Яғни, Ақтауда емес, Иранда тұрады екен. Бұны ести сала Ерлан мырзаға айтып едім, қалай болғанда да әңгімесін сұрап қал, үлкерсең Шымкенттен, үлгермесең Ақтаудан ұста деді. Сөйтіп, аяқ астынан Алматыда жүрген жерімнен Ақтауға ұшып кеттім.


Түйенің көз жасы

Ережеп жасы алпыстан асқан кісі екен. Бір туысының үйінде қонақ боп жатқан жерінен кездестік. Әйелі жерге дастархан төсеп, шай құйды. Түрі парсыға келіңкірейді екен, артынан білдім, Ерекеңнің бірінші әйелі екі жыл бұрын қайтыс болып, жақында ғана осы кісіні алған екен. Қазақстанға осы келісі де соған байланысты – жаңа алған келіншегін осы жақтағы туыстарына таныстырып жүр. «Бұл жеңгеңнің әкесі қазақ, шешесі парсы» деп түсіндіріп өтті.

– Атам бай болған, – деп негізгі әңгімеге кірісті Ережеп Ерқасымұлы. – Ол кісінің аты – Алданияз еді. Маңғыстау өңірінен Түркіменстанға, Түркіменстаннан Иранның Порт Түрікмен деп аталатын жеріне көшкен. Порт Түрікмен деп аталатын себебі, ол Иранның Түркіменстанға таяу тұсы, сондықтан да ол жақта парсыдан гөрі түрікмендер көп тұрады. Атамызды өзім көрдім, түрікменнен қорлық көп көрген, сол үшін де түрікменді жек көруші еді. Жол бойы тоналып, Иранға жеткенде алпыс-ақ түйесі қалыпты. Түйені байлап қоймасаң, елге қашып кетеді дейтін. Ал байлап қойса, Маңғыстау жаққа қарап, көзінен жасы парлап, боздайды екен. Адам қарап тұра алмайды дейді.


Ә дегенде арбакеш болған...

Ал әкемнің аты Ерқасым. Түркімен жерінде туған. Біз жақта жылды хижрамен есептейді. Миләди бойынша әкем 1925 жылы туған болуы керек. Ол кісі жігіт болып қалған шағында атамыздың байлығынан түк қалмайды. Тақыр кедей деуге болмас, бірақ бұрынғымен салыстыруға да келмейді. Әкем сонда ат арбамен жүріп көмір тасиды екен. Үлкен өмірге алғашында солай араласқан. Артынан нан пісіріп сатқан. Құрылыс материалдарын сатуға көшкен. Одан есік-терезе жасайтын ұстахана ашқан. Сөйтіп жүріп тапқан ақшасын жерге салыпты. Бір жер алған, одан соған жалғап тағы алған. Бірнеше жылда маңайындағы бос жердің бәрін алып болған. Қаланың ішінде бес гектар, қаланың сыртында жүз гектар жеріміз болды. Мал да бақтық, егін де салдық. Мен өскен кезде әкем ақырындап шаруашылықтан алыстай бастады. Біз – балалары ол кісінің кәсіптерін бөліп-бөліп алып қалдық. Мен құрылыс заттарын сатамын, інім егін салады дегендей.

Түркімендер алғаш көшіп келгенде атамның заттарын тартып алғанымен, әкеме ондай қысым жасай алған жоқ. Әкемді бәрі сыйлайтын еді. Қалың түрікменнің ішінде отырып, солай дүние мен бедел жинай білді.

Қаланың ішінде бес гектар жеріміз болды дедім ғой. Сол жерде қойма ретінде салынған, бірақ әр кезде әртүрлі мақсатқа қолданылған, бараққа ұқсас ұзын-ұзын, бір-біріне жалғасқан сарайлар болды. Біздің бала күнімізде сол жерде Ауғаннан келген қазақтар тұрды. Біреуі келіп, біреуі кетіп жатушы еді. Кейбірі ұзақ тұрды, кейбірі аз ғана уақыт тұрды. Әкем ешқайсынан ақша алған емес, қайта жұмыс ұсынып, зекет пен ұшырып соларға беріп, Түркияға көшіп кеткенше жағдайын жасап жүрді. Жүз отбасы тұрды десем көп болып кетуі мүмкін, бірақ ең аз дегенде жетпіс-сексен отбасы тұрып кеткені анық.

Міне, қазір Қазақстанға қонаққа келіп жатырмын ғой. Күнде бір адам қонаққа шақырады. Кеше Шымкенттен қашып шықтық деуге болады. Бәрі де кезінде біздің үйде тұрып кеткен адамдар. Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін деген осы шығар.


Отыз жыл азан шақырған

Мен Ережеп көкемізден әкеңіз қандай адам болып еді деп сұрай бастадым. Шаруаға қалай қараушы еді, сіздерге ұрсатын ба еді, неше баласы болды, неден қайтты деймін ғой.

– Әкеміз көп сөйлей қоймайтын адам еді, – дейді Ерекең. – Шаруаға байланысты болмаса, былай ұрыспайтын. Шаруаға қатысты талапшыл болуы заңды ғой, әрине. Бір бала әкесіне ренжиді екен дейді. Неге бірнәрсені қайталап айта бересіз деп. Сөйтіп бір күні әкесі ештеңе айтпай қойса, істеймін деген істерінің бәрін ұмытып, шаруасы дұрыс жүрмей қойыпты. Сонда әкесіне барып, «сіздің қайталап айта бергеніңіз дұрыс екен, енді бұрынғыдай айтып отырыңызшы» деген екен дейді. Бұл енді бір тәмсіл ғой. Дегенмен жаны бар сөз.

Әкеміз бізге он екі жастан бастап намаз оқытты. Мен әкемнің бесінші баласымын. Менің алдымда төрт қыз бар. Менен кейін шешемнен тағы төрт бала сүйген.

Әкем менің жас күнімде қажылыққа барып келді. Нақты неше жаста болғанын білмеймін. Әйтеуір, сол бірінші қажылығынан кейін екінші рет отау құрды. Ол шешеміздің ұлты – парсы. Әкемізге жеті бала туып берді. Қазір де бар ол кісі. Інілерімнің қолында тұрады.

Кейін әкем шешемді алып екінші рет қажылыққа барып келді. Ол кезде біз ер жетіп қалғанбыз. Содан соң әкем шаруаға азырақ араласа бастады. Бізге тапсырды десек те болады. Одан кейінгі өмірінде мешітте азан шақырушы болды. Отыз жыл бойы сол әдетінен тайған жоқ.

Ережеп көкеміздің мына әңгімесіне таңғалып, кей нәрселерді қайталап сұрай бастадым. Әкеңіздің ең кіші баласы нешеде десем, «отыз бірде» дейді жымиып. Онымен қоймай, «Әкемнің үш баласы менің баламнан кіші» деп қояды. Парсы әйелінен туған балалары қай тілде сөйлейтінін сұрадым. Бізде басқа ұлтпен отау құрғандардың балалары сол тілде сөйлеп кететінін білемін ғой. Сөйтсем, тек қана қазақша сөйлейді дейді. Онымен қоймай, Иранда мың түтін бар екенін, соның бәрі де үйде тек қазақша сөйлейтінін басын көтеріп, мақтанып отырып айтты. Әрине, қоғамда парсы тілінде сөйлеседі, ал үйге кірген соң тек қазақ тілі.

Мен артынан Ережеп көкеміздің інісі Нұржанмен де интернет арқылы сөйлестім. Әкеңіз о баста арбамен көмір тасудан бастаған екен, кейін қалай көтерілді, есіңізде қалған қандай әңгімелер бар деп сұрасам:

– Әкем ешқашан соншалық тақыр кедей болмаған. Арбамен көмір тасыған кезінде бай деуге болмайды, бірақ кедей деуге де келмейді. Өйткені, ол кезде арбасы бар адам қазір камазы бар адам сияқты болған, – дейді. – Есімде қалған сөзі, әкем айтып отырушы еді, басында дәні бар бидай иіліп тұрады, ал өнімі болмаса ол менменсіп, аспанға қарайды, сондықтан ешқашан тәкаппар болмау керек, кішіпейіл болып, иіліп тұрыңдар дейтін.

О баста сөйлескен, Ережеп көкемізді қонақ қылып жатқан, қазір Шымкентте тұратын Ғолам деген кісіге қайта хабарласып, Ерқасым туралы сұрадым. Қалай таныстыңыздар, не есіңізде қалды дедім.

– Ерқасыммен таныспау мүмкін емес қой, – дейді ол кісі күліп. – Иранға, оның ішінде Порт Түрікменге барған адам қайтсе де Ерқасымға барады. Ол кісі сол жақтың ақсақалы сияқты адам ғой. Біз Ауғаннан елден бұрын көштік. Інім екеуіміз жетім өстік. Әкем есімде жоқ. Шешемді білемін, ал інім шешемді де білмейді. Ерте жетім қалдық. Әйтеуір, өйтіп-бүйтіп күн көріп жүрдік. Мен он екі жасқа келгенде інімді ертіп, Арабияға жолға шықтым. Алдымен Иранның жеріне өттік қой. Сонда Ерқасым әкемізге барып, сол кісінің берген үйінде біраз уақыт тұрдық. Сол кісінің шеберханасында есік-терезе жасайтын ұсталықты үйрендім. Кейін буынымыз қатқан соң Арабияға емес, Түркияға көштік қой. Ақыры балаларымыз өскенде, міне, Қазақстанға көшіп келіп отырмыз.

Ерқасым әкемізді бәрі сыйлайтын еді, қаншама адамға көмек берді. Ешкімнен ештеңе дәметкен жоқ. Ол кісіге Алла разы болсын.

Түйін

«Баталы ер – арымас» деген сөз еске түседі. Біз көп мақалды айта-айта, мағынасына үңілуден қалдық, көп сөзіміз жаттанды сөзге айналып кетті. Заманның ауаны да бізге «обал», «сауап», «қиянат» сияқты терең де өміршең түсініктерді көмескілеп жіберді. Солардың қатарында«бата» да кеткен сияқты. Қазір бата десе, қолын жайып, тақпақтатып тұрған шал елестейді. Негізінде әрбір адамның шын көңілмен өзіне жақсылық жасаған адамға алғыс айтуы, кейінгі өмірінде еске алып, жақсы тілек тілеп жүруі, балаларына, немерелеріне естелік қылып айтып отыруы, оны естіген ұрпақтары да өздері көрмеген сол адамға іштей алғыс айтып жүруі – міне, нағыз бата осы емес пе? Егер бата деген сөзді осылай түсінсек, Ерқасым нағыз батаға жарыған кісі болады екен. Көп сөйлемей-ақ, ешкімге айтпай-ақ осынша көп іс тындырғанына, Құдайдың оған бала-шағасы мен дүние-мүлкіне сонша береке беріп қойғанына қарасақ, осындай ойға келеміз.

Біз бір баталы ер туралы айттық. Ал шекараның сыртында да, ішінде де осындай қаншама баталы ер өтті, шүкір, қазір де бар, бірақ олар туралы аз естиміз. Олар білдірмей істейді, көпке көрінуді мақсат тұтпайды.Құндылықтарымыз өзгеріп, істеген істі де, істемеген істі де жалаулатып, жар салып, артынан есеп беріп үйреніп қалған осы қоғамның қазіргі адамдары – мына біздер ондайға таңдана қараймыз...


Сурет ғаламтордан алынды: 365 info.kz

Мақала авторы:

Арман Әлменбет

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Диқандар неге ашулы?

Сайт Әкімшілігі

Диқандар неге ашулы?

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

Сайт Әкімшілігі

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

Сайт Әкімшілігі

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

Сайт Әкімшілігі

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

Сайт Әкімшілігі

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Сайт Әкімшілігі

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Сайт Әкімшілігі

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Сайт Әкімшілігі

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Сайт Әкімшілігі

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Сайт Әкімшілігі

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Сайт Әкімшілігі

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт Әкімшілігі

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Сайт Әкімшілігі

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Сайт Әкімшілігі

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

Сайт Әкімшілігі

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды