Бекзат Алтынбек. Қабылдау кестесі

Сайт Әкімшілігі - 24.11.20192076

Өзінен бетер мыжырайған портфелін қолтығына қысқан бұл кіріп келгенінде ол алдында жатқан әлдебір қағазға шұқшиып отырды. Оның үстеліне қиғаштай қойылған орындыққа ауырлау жайғасқанында аңдағаны – оқып отырғаны газет екен. Өткен апта хақындағы осындай апталықтар оң қолының тұсында қаланып тұр. Оның кең үстелінің тең жартысын алатын беттерді жылдам парақтай бастап, «Неге алдағы жұма туралы жазбайды екен осы бірден?! Бәрі белгілі ғой...», - деп іштей мырс еткенін бұл білмеді. Алып диірмен қалақтарындай желпілдеген парақтардан өзіне қорғаныш түзгісі келгендей ме, қалай.

- Кхһыыыммм!

Директор өзіне қызықсыз мәтіннен көзін алмай қойды. Қою да қайратты, көмірдей қап-қара шашы дудырап, тіпті табиғатында жоқ бұйра мінез үйреніпті.Есік-терезесі қымталған кабинетке сонша дүлей құйынның қайдан кіргені белгісіз.

- Саламатсыз бааа?? – деді бұл жолы мана тамағын күшене кенеген адам.

Бұл есендесу берісі «саламатсыз ба, жоқ па?» деген интонацияда, әрісі «саусыз ба, жындысыз ба?» деген сарында естілді. Ұйпа-тұйпа шашын күректей алақанымен бір басып өтіп, басын көтерді. Бағанадан бері ми ұясын осынау сұрықсыз шаш қалыбы ауырлатып тұрған болса керек, сірә.

- Ассалаумағалейкүм! – деп, серпілуге талпынды.

Қарсысындағы, дұрысы қиғашындағы кісі кісімситіндердің қатарынан екенін есіктен енгендегі иісінен-ақ сезді ме, әлде батпандай басқан адымынан болжады ма, кім біліпті. Өзін «Тоқта, Мұрат, сен оны әлі танымайсың ғой. Әуелі тыңдау – сенің парызың,» - деп қайрап, ойын жинақтамақшы.

- Иә, аға, назарым өзіңізде.

...Жоқ, жұмыс күні бұлай басталамаған еді. Дүйсенбі дүрмекті күн десек те, сағат тоғыздан он екі минут асқанда бастаған бүгіннің алғашқы қабылдауын ширығу не зерігу кешіп емес, бойына базбір қуат құйылғандай күйде тәмамдаған.

- Жолдасым үш жерде жұмыс жасаған етін. Қазір екі жұмыста істейді. Белінен гырыйжа болып, таксабайтты тастады. Заботта ыстажы бар әм қолынан келеді деп жоғарылатқан етін, ыстанок, робыттарды кінөпкімен басқаратын қылып. Бақтадан келгенде үйдің жанындағы мәгәзінде пеш жағады, қарын күрейді, жазда ауласын сыпырады. Бір кісімен ауысып істейді.

Иее, айтайын дегенім ол емес етін. Көріп отырсыз, айы-күнім таянып отырмын.

-  Бір батыр келеді-ау дүниеге!

- Әумиін, әумиін! Не ғой... сосын... Бәрі жақсы, шүкір Аллаға... Осы уаққа шекті ишкімге қол жайып көргеміз жоқ... Тек қарыздарымыз...

- Көмек қолын соза аламыз. Міндетті түрде.

- Әәп, іі, ыррақмеет... – деп абдырап қалды.

- Бірақ қолымыздың ұзындығы жеткенше ғана... Нешінші рет кішкентайлы болғалы отырсыздар, апатай?

- Құда қаласа, жетіншіміз.

- Әәп-бәрекелдее! Алла... сәтін салып... Алло, келіп кетші. ...Иә, аман-есен қол-аяғыңызды бауырыңызға алуыңызды нәсіп қылсын!

Жасыл жаулығының шетімен дымқылданған көзін сүртіп отыр.

- Қойыңыз, қойыңыз! Бұныңыз не?! Әлі біткен жоқ шаруа, ерте жылап отырсыз.

Есік қағылды.

- Да-да.

Босағада бақанға ұқсаған биік, сырықтай жіңішке жігіт көрінді.

- Шақырдыңыз ба, Мұрат Мақсатұлы?

- Шақырғам жоқ, шақырсам ет асуым керек болады. Айтшы, спонсорлардан кімдер бар қазір?

- Тап қазір ме?

- Тап қазір. Қазір тап. Қашып кетпегендер, қалғандар бізбен бірге. Біл соларды. Опшым, қаншаа?.. Бес жүз мың қалай сізге, апатай?

- Бес жүүз?? – Жасы елуге келіп қалған әйел аузы ашылған күйі ләм дегенше директор кідірісті киіп-жарды.

- «Бес жүз» де. Керек! Неғұрлым тезірек болса, соғұрлым...

- Көпсінсе?

- Көпсінсе... қанша бере алады, сонша берсін. Шығайбайланса, өздерінің де әуселесін көрерміз кейін. Ортақ жобаларымыз бар ғой... Боссың. Ә, тоқта, тұра тұршы. Жандостың баласы... басқа жұмыс тапқан жоқ па, осы?

- Жоғаа, сол таппады ғой әлі...

- Әй сол жарытып іздеп те жүрген жоқ-ау осы. Жіберші маған. Қазір мына кісі шығады ғой екі-үш минуттан кейін, сол кезде кірсін.

- Жақсы. А, айтпақшы, Мұрат Мақсатұлы, не жөнінде қажет етіп отырмыз қаржыны?

- Мәшине аламын. Автобуспен қатынағаннан күннен-күнге мұрным жалпиып барады, надаел. Ең құрыса, иттің итақайы тебетін жаман «Жигулиге» бұт артайық.

Есік аузындағы жігіт сылқ-сылқ күледі кеп. Ал алты және бір баланың анасы аң-таң.

- Серік, біз кей кісілер сияқты емеспіз. Жатарда аяқ-қолдарыңды байлатып, ауыздарыңды желімдетіп қой демейміз. – Анау қарқылдап күлсін кеп. – Әр сәби біз үшін бақыт.

Ұзынтұра көп ұзамай қайта кірді.

-  Баянда.

- Үшеуі ғана қалыпты. Оның біреуі тойхана салып жатырмын дейді, екіншісі той жасауға қамданып жатыр екен.

- Оо, әәккеең!.. Кешіріңіз, апатай. Не той?

- Тоқымқағары баласының. Пән олимпиядасынан үшінші орын қанжығалапты-мыс...

-  Оо, шетелден бе?

- Облыс.

-  Ха-ха-ха-ха!! Үүй, үүһ, жарайды. Сосын?

-  Үшіншісі келісті. Үш жүз мың жіберетін болды.

- Ммм, ну жарайды. Құжаттарды ретте. Рәсімдерге мұқият бол, тексертіп ал маған.

Келесі болып Жандостың жалғыз ұлы кірді.

- Жұмыс таптың ба? – деді амандық-саулық сұрасқан соң.

- Жоо сол...

- Іздеп жүрсің бе өзі?

- Иәә... Біраақ...

- Не «бірақ»?

-  Ақшасы аз.

- Ха-ха, не, қазіргіңде күреп тауып жатырсың ба?

- Жоо, еендіі...

- Аай, бала-аай!.. Қандай жұмыстар табылып тұр? Алатын беті бар ма өзі?

- Баар, әрине. Біреуі – экономистің орны, біреуі – статистик. Екеуі де –шағын мекемелер, так себее... – деп бейне қолымен домалақ сапты, бөлмеаралық есікті аша алмай тұрғандай, дұрысы ашқысы келмегендей ишара жасады.

- Сен бала... бұл түріңмен өмір бойы күзетші болып өтесің. Бұйырғанына тұрсайшы әуелі. Бірте-бірте одан да жақсысы кезігеді. Тәуір қызметкер болсаң.

-  Жоо, еендіі...

-  Бастық болғың келеді ғой бірден, білемін. Кімнің болғысы келмейді. Сен бүйт, бүгін менің жұмысымды көр көзіңмен. Күні бойы кабинетімде отыр, жанымда. Ұнаса – замым боласың, ұнамаса – кетесің.

- Нуу... ладно, ок. Бірақ, Мұрат аға, бір айналып келейінші. Шұғыл шаруам бар еді.

*  * *

- ЕртеңЖандостыңбаласыжұмыстаншығады. Жаңағы әйел адамның күйеуін аламыз орнына.

- А-ы...

- Үндеме, алдырта бер құжаттарын. Келесі кім, кірсін.

Әлқиссада ақ жағалы, көк галстукты жас жігіт есікті ашып, базбіреуді күтіп тұрды. Директордың миында «Қай «үлкен кісі» келе жатыр екен бұл жолы?» деген ой жалт етіп, жоғалды. Жоғалған себебі, қоларбаны тетікпен жүргізіп, бағасы анау-мынау емес пиджак киген сақалды бейтаныс ішке енді.

- Ассалаумағалейкүм! Рұқсат па? – деп үстел тұсты нұсқады.

- Уағалейкүм ассалам! Әрине, жоғары шығыңыз, - деп, неге екені белгісіз, орнынан түрегелді. Сөйтсе, жас жігіт есікті айқара ашқанда-ақ атып тұрған екен. Өз қылығына іштей мырс еткен оның есіне қапелімде жалғыз ұлы келе қалды. «Еее, дүние-ай, үмітім сендее, балаам. Сен мендей болма...»

- Иә, аға, нендей шаруамен келдіңіз, айта отырыңыз. Қолсағатына көзінің қиығымен ғана қарап өтті.

- Сақалым болмаса, өзіңізбен құрдаспын.

- Хее, жақсы... «Денсаулығығыз қалай?» дей жаздап, кері қайтты.

- Қал-жағдайларыңыз қалай? – деп бастады сақалды. – Сіз және ұжымыңыз жайлы көп естідім, оқыдым. Алла разы болсын сіздерге! Аты-жөнім Жайсаңбай Еділбайтегі болады, - деп қолын ұмсынды.

- Танысқаныма қуаныштымын. – Көмейі осылай дегенмен, көкейі бұл кісіге беретін көмек қаржысын қай қоржыннан қалай шығаратынын есептеп жатты.

- Иә, қалдарыңыз қалай, Мәке?

- Соол... жағдай аса емес, шыны керек... Дәл қазіргі уақытта сыни халдеміз...

- Біз қолдау көрсетуге әзірміз, Мәке. Дәл қазір де, алдағы уақытта да.

- Ә-і-ө – деп сасып-пысқан Мұратқа лезде:

- Еш қам жемеңіз. Бәрі жақсы болады, бұйырса, - деп жауап қатты.

- Түүу, Жәәкее... Алло, шай жасаңдаршы тездетіп. Менде, - деп іле-шала телефон арқылы тапсырма берді.

- Ештеңеге әуре болмаңыздар, о не дегеніңіз, - деп саусағын арбаның тетігін басуға ыңғайлай берді. – Сіздердің жұмыстарыңыз көп, бізде де шаруа бар еді дегендей.

- Қатты асығыссыз ба, Жәке?.. Бір шыныаяқ... – деп қос қолымен әлі шай жасап үлгерілмеген үстелге ишарат жасады.

- Ренжімеңізші, көп рақмет! Бухгалтеріміз хабарласады. Алла жар болсын!

         *  * *

- Да-да!

- Рұқсат па, аға?

- Қайда жүрсің-ей!? Мамаңның шайын ішіп келдің бе?

Жандостың ұлы ірге бойы қаз-қатар тізілген көп орындықтың шеткісіне отыра салды. 

- Стажеріміз ғой. Иә, аужеке, жалғастыра беріңіз.

Оның қарсысында отырған самайы мен қауға сақалын қырау шалған, көнелеу, бірақ мінсіз үтіктелген жейденің сыртынан жаңа деуге әсте ауыз бармайтын желетке киген қария еді.

- Мүліксіз қалды сөйтіп. Ақша, киім-кешек, құжат, жиһаз – бәрінен айырылды. Қанша жыл тірнектеп, ақ-адал маңдай термен жинап-тергендерінің күлдісін, күлдісін тілсіз жау жалмады.

- Әттегене-аай... Қаап... Адам аман ғой өзі? Үйде ешкім болған жоқ па еді?

- Тәубәә, аман әйтеуір. Бірі – жұмыста, бірі балабақшада болған ғой. Астындағы көршінің пәтерінен шыққан өрт қой, сөндіреміз дегенше, баламдікін де типылдап тастаған.

- Бәрін айт та бірін айт, сіз үйде болмағаныңыз қандай әбүйір болған! Жастар бірдеңе қылып үлгерер еді ғой әйтеуір.

- Өбүүу, балам-ау, мен ауылда тұрамын ғой.

- А?? Не дейт?? «Не дейт» деппін ғой, кешіріңіз. Өздері неге келмейді бұнда?

- Олар күнұзақ жұмыста... Жанда-жан сондай ғой бұл күнде...

- Бет-моншақтары үзілмейтін тұста үзіледі десеңізші одан да, атаа!.. Жәә, пәтердің күйі жөндеуге көне ме өзі?

Осыдан соң екеуінің әңгімелері айтарлықтай алысқа шаппай, Жандостың баласы ақсақалды аялдамаға шығарып салды.

- Серік, Еділбайтегінің қызметкеріне шығыңдар, дереу. Тоқта, бірінші, өртенген квартираны көр, иесімен жолық, сметасын жасаңдар. Қатырады-ей, кемпірі өлген шалды ауылда соқа басын сопитып қалдыруға қысылмайды, бізден көмек сұрарда ұялады. Енді сол кісіні жіберіпті анооу қашықтан салпақтатып. Төрт, ба-қан-дай төрт бөлмелі пәтер дейді. Бір-ақ баласы бар кішкентай, әкелері сыймай қала ма екен-ей сонда? Да-да!

- Өөөу, қа-лаайсың, Мұраат?!

Кеудесіне – спорттық киім, онымен күштеп сыңарлатып классикалық шалбар іле салған, шашының майына бауырсақ пісіруге жарайтын қысқа бойлы жігіт ағасы тарпаң баса, құшағын құлаштай аша бұған келе жатты.

- Ееей, Боолбыыр, сенбісің?! Көрінбей кеттің ғой.

- Ботаник, сөйлемеші. Өзің келсең қайда қалдың баяғыдан? Қалайсыңдар, Серік?!

-  Серік, бізге кофе әкелтші. Көзі ұйқыда мынаның әлі әйтпесе, хе-хее.

- Рас ей, ұйқы жоқ, уайым көп.

- Неғылған бітпейтін уайым ол? А? Айтпақшы, нәрестеңнің бауы берік болсын, әй! Ұмытып барамын. Құтты болсын!

-  Еее... Кімнен естідің?

- Фэйсбук аман болсын. Газеттен шығып кеткенсің бе, Болбыр?

- Еее... Қойшы соны...

- Кішкентайлы болған сайын жұмыс ауыстырасың сен осы, иә? Аай, достым-ай! Хе-хе-хе... Кәз, бір минут, алло, кезекте ешкім жоқ па? Жақсы, хабар беріңдер.

- Қызметтегі адамсың, Мұрат. Сондықтан көп созбай, бұйымтайымды айтайын. Қара күз түсті, білесің.

- Рас паа?

- Қойшы-ей, ха-ха-ха!.. Ертең қатын шығады раддомнан, кішкентаймен. Көмір керек еді үйге... Неғып жіберсейші... Доспыз ғой...

- Мен саған қанша қақсап жүрмін квартираға шық деп, көнбейсің, қыңыр неме!

Хош жұпары аңқып кофе де әкелінді.

- О, міне, бәрекелдее! Кофе іш, уайымдама, қазір бірдеңе қыламыз. Мынау нағыз кофе, саған тура қазір керек нәрсе. Ішіп ал.

- Кофе емес, басқаша жазатынбыз, жарайды. Ооһ, түүуһ!.. Мықты екен-ей!.. – деп үш-төрт күннен бері алынбаған сақал-мұртын сипады.

Директор өзінің орынбасары Серікке қоңырау соғып, бірнеше нақты нұсқауларды тізді. Телефон тұтқасын қоя бергенінде есік қағылып, кабинетке Жандостың баласы енді. Мұрат айналасы минуттың ішінде екеуін таныстырып та, досына жерүйді сату қадамының тиімділігі туралы үгіт жүргізіп те үлгерді.

- Квартира аласың, артылғанымен кредиттеріңді жабасың. Жақсы емес пе? Сөйт сен, көп сөзді қайтесің.

- Еее...

- Ұмытып барамын, ұл ма, қыз ба?

- Қыз ғой тағы да...

- Жөнімен сөйлесейші. «Тағы дасы» несі?

-  Ұл керек қой маған, ҰЛ!! Түсінесің бе сен??

- Түсінбеймін мен сені, түсінгім де келмейді! Маған бер балаңды, менің қыз балам жоқ. Сөйт, керек емес қой саған!

- Қой-ей!..

- Не «қой»? Еее, бәсее... Жарайды, қуанғаны шығар, күдіктене бермейінші, сенейінші бір деп ем... Бәсее... Әйтпесе, екі жыл бойы татып алмаған адам... Сылтауың мықты екен, әңгіме жоқ! Дауа жоқ саған... – деп басын шайқап отырғанында көзі қолсағатына түсіп кетті.

- Рақмет, Мұрат, сен-ақ ақылды бола берші. Көмектесесің бе, соны айтшы, кетейін.

- Менің де бос былшылға уақытым жоқ. Міне визитка. Осы кісіге барасың. Кәсібі дөңгеленіп тұрған стоматолог, таныстары жетерлік әр салада. Өзі ендігі білетін де шығар...

- Жайсаңбаймен таныстыру керек пе еді, Мұрат Мақсатұлы? Өз ойым жай ғана... – деген Серіктің жартылай риторикалық сауалына ендігі ашуы тарқаған бұл:

- Стоматолог пенен әйелі – осымен он үш жыл бойы бір қызылшақаның іңгәсін зар қылып тілеп жүргендер... – деп астарлы жауап ұсынды. – Бізден бір мықты психолог сұрап еді ғой, хе-е...

-  А??

- Иә, сондықтан, тура мекенжай бойынша.

- Мәәссағаан!!..

*  * *

- Кешіріңіз, мәселеңізді қайталап айтыңызшы. Ойланып кетіппін.

- Қай жерінен бастайын?

- Басынан. Түйініне жақын жердің басынан бастаңызшы.

Қылдай белі мен Қырымдай анары дөңестенген антикалық сымбат-мүсінді арқасынан келіп, қамти құшақтаған қою көк түсті пиджак түйме-саусақтарын айқастыра, шақтай қоныпты. Сол пиджактың фабрикадан-ақ теңі болып жаратылған ұзындау белдемше, аяғына биікөкше күздік етік киген, бағалы тастары бар әшекейлер тағынған қыз өзіне тым сенімді. Сенімділігі сәт сайын артып, үстелге төне түседі. Білегін айқастырып алған директор анау төнген сайын креслосымен қоса шалқая түседі.

- Жақсы, жақсы, түсіндім. Кешіріңіз, нешедесіз, қарындасым?

- Отыз үштемін. Үлкен көрінемін, да ведь?

- Антым – осы, жиырма сегіз-жиырма тоғыз деп ойладым мен!

- Жалған айтасыз. Өтірікке шеберсіздер ғой сіздер. Еркектер бәріңіз сондайсыздар...

- Хе-хее, мейлі, отыз жетідесіз дейік ал! Сонда да, бізді таңдауыңыз аса сәттті шешім емес, қарындасым. Басқасының бәріне көндім, бірақ туура осы қызметке біз лайықты емеспіз. Тауып бере алмаймыз.

- Понимаю, вы не брачное агенство. И вообще в целом, мне не нравится само слово «брак». Во всяком браке есть брак, ха-ха-ха. И вообще,  почему я должна какому-то незнакомцу потакать всю оставшуюся жизнь!? И вот я решила... Поначалу не знала куда обратиться... О Вас все хорошо отзываются. Говорят, что Вы никому никогда не отказываете.

- Жаңағы кофе кері әсер беріп жатыр-ау осы. Әйтпегенде мен сені ендігі жеті атаңнан бері ылдилай сыбап жатуым керек еді!

- Что Вы себе позволяете?! А ну-ка прекратите так со мной разговаривать!

- Алло, алып кетіңдер, бол!

- Что Вы о себе возомнили!? Отпустите, я сама уйду! Буду жаловаться в суд!

- Прощайте! Болшы, болшы, не церемонься, Серік. Жандосович, көмектесші, ей!

«Өзі үшін бала туып алғысы» келетін кәрі қыздың айқайы алыстай бере бұл креслосына дүңк етіп отыра кетті. Сол қолымен қалың шашын ұйыстырғыштай берген күйі оң қолымен әлдебір газетті өзінің алдына тастай салды.

*  * *

- Иә, аға, назарым өзіңізде.

Басшыға қиғаштау отырған адам қолындағы кеңестік портфелін орындығының аяғына сүйеп қойды да, баппен:

- Не жазылыпты кәзитте? – деді.

Есікке меңіреу қадалған директор ыңырығандай дауыспен:

- Дежавю, - деді. – Газет, теледидар, жарнама, жұмыс, үй – бәрі дежавю... Тіпті түстерім де...

- Не деп кеттің, балам? Түк ұқпадым.

- Жай әншейін, аға. Айтаберіңіз, - деп бетін салқын сумен шайғандай сергіп алды. – Құлағым сізде.

- Сен балам, мені асықтырма. Өзің мені танисың ба? – «Қалайша мені, мына МЕНІ танымайсың?!» деген сыңайда нығыздады.

- Ә-і, жооқ, танымадым. Әкемнің досысыз ба?

- Ее, жастар, сондайсыңдар сендер... Мен Бөсербек Даңғазаев деген белгілі жазушы ағаң боламын!

- Жақсы, енді танимын.

- Сен өйтіп неғылма. Жалпы асықпа негізі. Мен саған қазір бәрін әңгімелеймін. Мен мына өзіміздің Бәленше ауданының ардақты ақсақалымын. Құдайға шүкір, елге сыйлымыз. Шынашақтайдан шалдардың қасында, қолдарына су құйып жүріп, аңыз-әңгімелерін тыңдап өскенбіз біз. Ауданның әлімсақтан бергі тарихын, әрбір аң-құсын, кез-келген тау-тасын мына бес саусағымдай білемін.

«Де-жа-вю» деп ойлап қойып, қолсағатына қарады. «Бұл жолы анық дежавю!»

- Асықпа, балам. Шамалы уақытыңды бөл ағаңа. ...Ауданда деймін, негізгі төрт ру бар. Бәріміз бір елміз ғой, төртеуін айтамын. Соның Түгенше деген руынанмын. Атам Мыңбірби заманында атағы жер жарған шешен, елмен елді табыстырған бәтуалы бітімгер болған. Әкем Социал халық басқарған, сапқоз деректірі болған. Сондай бабалардың ұрпағы – маған ақындық, жазушылық қонды.

Тыңдаушысының назары өзіне емес, әлдебір басқа ноқатқа тоқталып, кірпік қақпас мең-зең жағдайда отырғанын аңдап:

- Иә, бірді айтып бірге кетемін. Ауданның шежіресін, тамырлы тауарихын түзгенмін. Өлкеміздің жүз жылдығына орай соңғы нүктесін қойып, тәмамдап отырғанмын. Менің кітабымды емес, қайдағы бір Жасталап Болашақ дей ме, бір боқмұрынның түкке тұрғысыз шимайын шығарып кеп жіберді. Мына жаңа әкім ғой, сырттың адамы. Руы – Бөтен.

Мұрат қою шашын саусақтарымен тарамдай берді. Үстеліндегі заттарды да олай бір, бұлай бір қозғай бастады.

- Иә, тоқетерін айтайын. Балам, сен көр. Қып-қызыл еңбек қой мынау дегенің. Көз майын тауысып қанша жыл жазғаным, - деп бір бума қаттаулы қағазды директордың алдына қойды. Ол парақтап көріп еді, адамдардың аты-жөндері мен өмірбаяндары тізіліпті.

- Саған арнайылап бастырып әкелдім. Сенде қалсын, асықпай оқып шық.

«Бөсербек Даңғазаев. Таныс есім, хм...» деген ойдың жетегіндегі басшының оңашалану ләззатын ендігі екпіндеп алған сөйлеушінің айқайы бұзды.

- Үүй, мына әкім – қырт барып тұрған!! Ауданның басындағы айналдырған екі мектептің біреуіне сол мектептің отыз жыл бойы деректірі болған жергілікті азаматтың атын беруді ұсынғанмын, жооқ, алды да ай даладағы торғайлық Міржақып Дулатовтың атын сарт еткізді-ей, есалаңдар!.. Алдыңғы әкім өзімнің бауырым еді, Түгенше руынан. «Бәленше ауданының құрметті азаматы» атағына да өтейін деп тұрғанмын. Мынау келіп еді, бәрі қалды ғой жайына.

- Бөке, шынымен, сіздің еңбегіңіз орасан.

- Соны білмей жүр ғой, көрмейсің бе.

- Өтірікке аздап шындықты араластырған құнды мәліметтеріңіз ең азы Түгеншелерге пайдалы болды, ол рас.

- Не деп кеттің, балам. Түк ұқпадым.

- Визиткаңызды қалдырыңыз, хабарласармыз, бәлкім...

- Бійзіткі жоқ менде.

Дәл осы сәтте директордың миына «Бетпақ қызда бар визитка бұл кәрияда жоқ» екендігі асқан парадоксалды ақпарат болып қабылданып, бойын тітірентіп өтті. Оның көзіне бейне өзіне тартпай тентек болып өскен туған ұлына қараған әкедей аянышпен үңіліп:

- Телефоныңызды айтыңызшы, аға, -деді.

Күлімсі иісі бар портфель ұзаған соң қарт өлкетанушының нөмірін «Кездесу» кафесінің иесіне айтты. Ол ата-бабасы туралы кітап жазғызбақшы ниетте еді.

- Серік, бүгінгі қабылдауыма жазылғандар бар ма тағы?

- Жоқ, осымен тәмам.

- Серікжан – Алғаш рет «Серікжан» деп атағаны. – Осы сен нешедесің?

- «Отыздан асып барамын...». Хе-хее.

- Әлі бойдақсың, ә?

- Қырыққа шейін уақыт же-те-ді.

- Бағанағы қыз қалай саған? А?

- Жаман емес былай...

- Шыныңды айт, әй! Ха-хаа!

- ҒАЛАМАТ қой! Во!

- Міне визиткасы. «Асауға тұсау» сала алсаң – өзі де сендік.

*  * *

Ертеңінде Мұрат жұмысқа әдеттегісіненкеш келді. Барлығымен солғын ғана есендесіп, ешкімді өзінің атышулы сарказмымен түйремеді. Анда-санда кабинетіне кіріп-шыққан орынбасарының айтуынша, келушілерге асқан сыпайылық пен ерекше этикет үлгісін көрсетіп отыр-мыс. Тіпті, түске шейін тірі жанға ұрыспады. Көп тапсырма да берген жоқ. Тек Серік қана екі мәрте нұсқауларын алды. Бірінде – Жандостың ұлының өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтінішін істерге тіккізіп, бұйрығын рәсімдетсе, келесіде – ағасының байланыс деректерін іздеттірді. Бастықтарының туған ағасы бар екенін біліскен жұрт таңғалысты. Екі ретте де айтқаны «Уақыт жоқ, уақыт, тез-тез бол! Кетуім керек» болыпты. Тағы бір айтқаны – «Жандостың баласы адам болсын деймін, әйтпесе оны қуып отырғаным жоқ. Өзіне де ептеп ақыл кіре бастады-ау осы,» дегені.

Орынбасардың Мұрат Мақсатұлын тоғыз жылдан бері білемін, мұрат-мақсаттарын түгелдей танимын, менен жасырған мұңы болуы мүмкін емес деген сенімділігі шайқалып, алаңдай бастады.

«Қажып жүр ме екен байғұс? Мына жұмыс кім-кімді де шаршатады ғой... Біздің істеп жүрген шаруаларды басқа ешбір мекеме тындыра алмайды. Бұл ойымды білсе, шеф сөгетін еді. Жо, рас қой енді, адам мойындау керек қой өзінің мықты екенін!» Серік ойланып отырып, таңдайын қаққанын жан баласы естімеді. «Ть-ть-ть, бірақ Мәкең басқаша ғой, шіркін! Болмысы бөлек қой жарықтықтың! Әй, адам ба өзі, рас?! Адам кейпіндегі періште емес пе екен, ей?! Әй, жоға бірақ, періштелердің тілі мұндай қыршаңқы болмас, ха-ха-ха-ха....»

Адамзатқа әм мақұлықатқа күн жарығында қызмет қылатын періштелердің уақыты тәмамдалып, шарайна Жерде түн қараңғысында еңбек ететін періштелер Көктен түсетін екінті уақытында бастығының есігін қақты. Бірден «Да-да!» дейтін директор үнсіз. Тағы тықылдатты. Тым-тырыс. Сәлден соң айналып келіп жаңадан талпынып еді – өзгеріссіз. Ұрысынан қорықса да, бар батылдығын бойына сарқып, кілттенбей тұрған есікті аша ішке сығалады. Орнында жоқ. Үстел үсті – қыздың жиған жүгіндей. Қызара батқан күннің сәулесі кабинетті күрең түстің реңдеріне бояпты. Қабырға сағаттың тырсылы ғана құлаққа шалынады.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.