Сүлеймен Байдәулетов. Әкім қызы

Сайт Әкімшілігі - 25.11.20192250

Түн. Бөлме іші тас түнектей қараңғы. Далада да бір үн жоқ. Тек сыртқы бағананың күн нұрындай қанық жарығы тереземен еден бойлай, онсыз да көңілі алаңдаулы Айымның мазасын қашырды. Бұл оның осылай өткізіп жатқан үшінші түні болатын. Ары бір аунап, бері бір аунап, дөмбекшіп ұйқысы қашқан Айым телефонына үңілді. Сағат түнгі екі жарым. Кенеттен көптеген адам аяғының сыбдыры естіле бастады. Орнынан шошып тұрған Айым, сыртқа, терезеге қарай ұмтылды. Есік алды толған полицейлер мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері. Дәл осы сәтте, артынан жау қуғандай зырғып, төменге қалай жеткенін Айымның өзі де аңғармай қалды. Кіре берісте, полиция қызметкері  өз әкесін тұтқындап жатқанын көрген байғұс қыздың жүзінен өңі қашқан. Осының бәрін көріп тұрған анасы:
- Тоқтаңдар! Сендер не істеп тұрғандарыңды білесіңдер ма? Кімге жала жауып тұрсыңдар, өздерің?
- Сіздің күйеуіңізді, қазіргі қала әкімін, өзінің мемлекеттік қызметін асыра пайдаланды деген күдікпен уақытша қамауға алынды, - деп сөзін тәмамдаған полиция қызметкері қала әкімін көлігіне салып ала жөнелді. Ал Айым болса, бір бұрышта, әкесінің: "Менің ешқандай да кінәм жоқ!" - деген сөзінен басқа түкте естімей, құдды бір мүсін сынды қатып тұра берді.

Айым Сәрсенқызы - жасы жиырма төртте, қазіргі қала әкімінің жалғыз қызы. Қаладағы орта мектепті тәмамдаған соң, әкесінің ықпалымен, Лондондағы атағы жер жарар, мен мен деген университетке оқуға түседі. Оқуын үздікке бітіріп, елге оралып, Қазақстандағы белгілі бір компанияға жұмысқа кіреді. Ол өз ортасында "әкімқызы" деген лақап атпен танымал. Сәйкесінше оның достарының да көпшілігі ауқатты отбасылардың бір-бір еркесымақтары.

Айым негізінен атасы мен әжесінің қызы. Оларды қатты жақсы көретінгі соншалық, әкесі мен анасына сен деп сөйлеп, тіпті жиі араздасып та тұратын еді. Себебі кішкентай кезден бері ата-әжесінің тәрбиесінде болған соң, оның бойында өр көкіректілік, жағымпаздылық, екіжүзділік және көпшілік қала қыздарына тән жеңілтектілік іспеттес қасиеттер мүлдем жоқтың қасы. Керісінше нағыз қазақ қызына сай кішіпейіл, өте қарапайым, тым мейірімді, аса қамқор және ең бастысы ар намысын сақтаған ибалы қыз болатын.

Таң атты. Күн ұясынан шыққан шақта, нөсер жауыннан кейін саңырауқұлақша қаптаған журналистер, қала әкімі үйінің алдына жиналып қалған. Бәрінің де сұрары мен сұрағы, тайға таңба басқандай анық еді. Терезеден сығалай қараған анасы, журналистердің көптігіне аса таң қала қоймады. Құдды бір бұрындары да келіп жүргендей. Артқы есіктен шыққан әкімнің отбасын алдын ала дайындалып қойған көлік күтіп тұрған болатын. Қалалық полиция бөліміне келген әкімнің отбасын, ол жақта да үлкен тосын сый күтіп тұрғанын олар мүлдем сезбеді. Мерекелік шараға жиналған қауымша адамдар арасында ине шаншар орын жоқ. Жүздері сұсты, қабақтары қатқан күйде тұрған халықтың ашуында шек болмады. Көліктен түсе берген сәтте, оларға, жұмыртқа мен тас лақтыра бастады. Әйтеуір өйтіп-бүйтіп сытылып шығып ішке кірген соң, әкім қамауда отырған бөлмеге қарай беттеді. Әйелі мен қызының, адам сенгісіз келбеттерін көрген әкім мырза не айтарын білмей , сасқалақтап, мылқау сияқты тілден айырылды.

- Әкесі, қалайсыз? Жағдайыңыз жақсы ма? Біз түнімен көз ілмей, сіздің хәл-жағдайыңызды уайымдап, ұйықтай алмадық, - деп, жаңа түскен келіндей майысып сөз бастады анасы. Оған әкесі:
- Иә, жағдайым жаман емес. Тек мені не үшін қамағандарын түсіне алар емеспін, - деп жауап қатты.
- Қатты уайымға салына бермеңізші. Әйтпесе қан қысымыңыз көтеріліп кетер, - деп одан сайын қылмия түсті анасы.
Ал Айымда сол баяғыша үн жоқ. Әкесіне деген көзқарасы да өзгеше. Бұрынғыдан да суық түрімен әкесіне қарап:
- Егер мен сені әке ретінде қабылдағанымды қаласаң, онда барлық кінәңді мойында. Қашанға дейін халықты ақымақ етпексің? Сендей арсыз, ұяттан жұрдай, еліне опасыз, халқының жағдайына пысқырып та қарамайтын әке керек емес. Сенің жаныңда даладағы қаңғыбас ит артық, - деп ішіндегі бар өкпесін ақтарыла айтқан Айым бөлменің есігін тарс жауып кете барды.

Арадан бір күн өтпестен әкімнің үйі және жеке заттары тәркіленді. Анасы мен қызы далада қалды. Қала көшелерінде жаяу жүру де, тіпті таксимен де жүру мүмкін емес. Журналистер әлдеқашан олардың жүздерін теледидардан көрсетіп, бетін ашқан келіндей елге таныстырып қойған. Енді не істеп, қайда барарын білмей есеңгіреген олар, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Айым өзінің достарына, ал анасы құрдас-құрбыларына хабарласа бастады. Бірақ бәрінің жауабы бір - сатқын. Жеткен жеріміз осы енді деп, тығырықтан шығарға амалдары қалмаған екеуі, ауылға қарай, ата-әжесінің үйіне жол тартты. Осының бәрін естіп, біліп отырған әкесі соңғы сәтте ойлана бастады. Қызының сөздері ауыр тиді ме екен, әйтеуір бір мазасыздық әкесінің көзіне жас ұялатты. Расында да ол өзінің арам жолмен табысты болып, соның арқасында шалқып, жалғанды жалпағынан басып жүргенін ұмытып кеткенін аңғарғандай.

Екі аптадан соң. Бүгінгі күн барша қала халқы үшін маңызды. Әсіресе Жұмағалиевтер әулеті үшін. Себебі қаншама жылдар бойы бюджеттен бөлінген қаржыны өз игіліктеріне жаратып келген бұрынғы қала әкімінің соты. Сот келді. Сот барысы әдеттегідей айқай-шусыз бітпейтіні белгілі. Оның үстіне білдей қала әкімін соттағалы жатыр. Арадан біраз уақыт өткен соң, сот қос тарапты тыңдай отырып мынадай қорытындыға келді:
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің үш жүз сегізінші бабының, үшінші тармағы бойынша кінәлі деп танылып сегіз жылға бас бостандығынан айырылсын.

 

*** 

Түн. Ғимарат іші тып тыныш. Бәрі де тәтті ұйқыда. Қабырғалары мен едені, арктиканың салқын мұзындай бөлмеде жатқан Сәрсеннің ұйқысы жоқ. Бәлкім бұл түн оның осы бөлмедегі соңғысы болғандықтан болар, әйтеуір жүзінен әлде қандай бір жылулық сезіледі. Шалқасынан жатқан оның бетіне шағылысқан ай бейнесі оған қызын еске түсірді. Осыдан отыз екі жыл бұрын:

- Сәрсен Жұмағалиев кім екен? - деді дәрігер.

- Мен... мен ғой. Жұбайымның жағдайы қалай, дәрігер? Босанды ма өзі? - деп тіл қатты отағасы.

- Біз сізді шын жүректен құттықтаймыз, сіз айдай сұлу нәзіктінің әкесі атандыңыз, - деп сүйіншісін сұрады дәрігер.

- Рас айтып тұрсыз ба? Енді менің сұлу да сүйкімді қызым болады ма? - деп өз құлағына өзі сенбей, қуанышын жасыра алмады әкесі.

Анасының толғағы түн жарымда, жер бетіне өз жарығын төккен, ақ сүттей аппақ айдың кешінде келіпті. Сол себепті әкесі қызының есімін Айым деп қойған екен. Бірақ бұл қуанышы алысқа ұзамай, әкесінің жұмысындағы беделі артқан соң, жалындаған отқа су сепкендей басылыпты. Артынша әкім болды, атағы артты. Ақшасы да көбейе түсті. Ақылынан алжасқан адамша, ақша мен абыройын ойлап, отбасы мен жақындарына көңіл бөлуді ұмытып кеткен ол ендігі жерде кірерге тесік таппады. Көзінен аққан өкініш жасын сүрте беріп:

- Айым. Қошақаным. Бұйыртса аз қалды, шыда, - деп өз-өзіне күш-қуат беріп, кеудесіндегі қара жанын жігерлендіріп қойғандай.

Таң. Маңызды күн. Сәрсеннің жүрегі қатты соққаны соншалық, қазір қызы мен жұбайы келгенде не айтарын білмей, есеңгіреп қалам ба деп шошына бастады. Есік ашылды. Алдынан өзі күткендей отбасы тұр екен. Әне-міне дегенше де сегіз жылда құс қанатындай зулай өте шығыпты.

Кешкілік ас. Дастархан басында отырғандардың ешқайсысында бір ләм сөз жоқ. Бәрі бір нәрседен ұялып, не қысылып отырғандай. Үйдің иесі ретінде сөзді әкесі бастады:

- Мен осы жылдар бойы, бастарыңа көп қиындықтар туындаттым. Әкім кезінде сендерге мүлдем көңіл бөлмеппін. Өміріміздің мәні мен сәніне айналған бір жыртым жылтыр қағазды жинаймын деп, отбасымнан айырыла жаздаппын... - деп отағасы көз жасына ерік берді.

- Әкесі, жыламаңыз. Бәріміз де пендеміз. Кім қателеспесін? Оданда алға қарай ұмтылуды ойластырайық, - деді анасы үлкен өзгерістерден кейін.

- Бірақ менің түсінбейтінім - біреу. Мені осылай соттатып, адам қылған, ақ пен қараның аражігін ажыратуды үйреткен, отбасыма қайтарған адам кім болды екен? - деді өксіктеп әкесі.

- Мен, - деп тілдеді Айым күлімдеп.

Әкесі мен анасының жүздері бозарып, беттерінде қан жүрмей қалғандай ағарып, қыздарының айтқанына сенбей, қолдарындағы қасықтарын түсіріп алған олар, көпке дейін естерін жия алмады.

- Мен сенің құйтұрқы әрекеттеріңнің бәрін білген соң, артыңнан аңдып жүрдім. Бірақ сенде тоқтау деген ұғым болмады. Сондықтан да осы істі тоқтатуды өзім қолға алдым. Бірақ мұның бәрі енді артта қалды. Анам айтқандай енді тек алға қарай ұмтылуымыз қажет. Осы ісім үшін сіз маған ренжімейсіз деп ойлаймын, әке, - деп сөзін тәмамдады Айым.

Қуаныштан тағы жылаған әкесі, жасын тия алмай, осы күнге жеткізген Жаратқанға сансыз алғыз айтып, Айымды құшағына ала бауырына басты. Қаншама жылдан бері оның "әке" деген сөзіне зар болған ол, осыдан кейін тек отбасының қамы үшін адалынан еңбек етіп, жақындарының жанында болуды мақсат етті.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.