Гүлсезім Байсалбай. Тоқсан тоғыз хат

Сайт Әкімшілігі - 25.11.20192427

...Аспан мен жердің ғана арасын жалғайтынын біле тұра қолынан шарды ұшырды. Шарға жіп байланған, жіп ұшында хат салбырап барады. Тоқсан тоғызыншы хат және соңғы.

                                                                        ***  

Құлқын сәріден қозғалысқа енген ескі велосипедтің дөңгелектеріне көз ілеспейді. Күзгі даланы бетке алып, зымырап келеді. Ауық-ауық сықырлай беретіні болмаса, «ескімін» деп тұрған жоқ, кәдуәлгі көліктерден кем түспейді. Жүйткіген желдей. Көлеңкесінің өзі кешіге жаздайтын қос шеңберліге қарсы ұшырасқан таңғы самал тізгіншінің ақ самайын аймалап, бұйра-бұйра шаштарын әлсіз ғана желпіп қояды.

Сықырлауық велосипед тақымдаған ару асығыс. Асыққаны-арманы. Қиялының көкжиегінен менмұндалап мақсаты тұр. Санасынан  самғаған ой-көбелек Алатаудың етегін шарлап кетер еді. Бір мезет өзін жұлдызға балап, табанасты фотомодель болып шыға келетін. Аспанды емес, алып Алматыны нұрға бөлейді-міс. Сұлу бейнесі бар суреттерін көше жағалай тізіп қойып, сылаң қаланың сымбатын әспеттеп бағушы еді. Ойша... Жәй ғана ой. Құр елес, бірақ соған иланатын. Бір күні болмаса, бір күні орындалатынына сенетін. Шүбәсіз.

 Анадайдан мұнартқан арманның кезегі ертеңгі күннің еншісінде. Бүгінше қыз тұлпарын қалалық пошта есігінің алдына аялдатып, өзі ішке басын сұқты. Шығысында кеудесіне қиғаштай ілінген сөмке, сөмкеде лық толы хат-хабар, неше алуан сәлемдемелер бар еді.

Пошташы қыз былайғы ел аманатын иығына өңгеріп, тар көшені бойлай желіп барады. Велосипед тіреуіші жиге тигенше қыздың тынымсыз ойы төңіректі түгел түртіп шығатын әдеті. Бұл жолы күннен-күнге ауырлап бара жатқан, тесігінен тиын өткен сайын тұншығатын ақша жинайтын құтыны айналышықтай берді. «Қанша теңге болды екен»- дейді сұраулы сыбырмен. –Дәрігер айтқан соманы жинай алармыз ба? – тағы да сұрақ. Санасында үміт пен күдік майданы. Көңілі күпті. Көкірегін қырып күрсінді. Ауыр демнің астарында бір дерті бар. Он сегізге енді толған бойжеткенді сарсаңға салған дерт. «Мидың қатерсіз ісігі»- дейді дәрігерлер. Қажетті ақшаны таба алса, әп-сәтте алып тастайтындарын да айтқан. Перзентінің пешенесіне шапталған сырқат әкені алысқа, Атырауға арқалантты. Қызының еміне ақша табу үшін өмірінде оталдырып көрмеген трактор рөлін қолына алды. Ал анасы...анадан қайыр да, қайран да жоқ. Балаларын жетімсіретіп тастап, қайырылмай кеткелі үш жыл. Әр ұяға жұмыртқалап, көкке көтеріле кететін көкек құсындай болған анасын қыз жүрегі жақсы көруді доғарғалы да үш жыл. Тек екі інісін ойлап қамығады. Байғұс балапандардың аналарын сағынып, кейде ешкімге көрсетпеген сыңаймен көздерін сығып алатындары бар. Сондайда бірін-бірі мүйізгектеуге құмар кішкентайлар бауырмалсып, он жасары екі жас кіші інісін өбектей жөнелетін. Осының бәрі қыз түйсігіне түндік боп тұтылып, қою қараңғылыққа сүңгіте салады. Бағанағы қалықтаған бейшара көбелекті сұм ойлар құзғын қарға боп жаныштап тастағандай әсерленуші еді.

Велосипед айдаған күйі терең ойға шомып кеткен қыз қақ алдынан аяқасты шыға келген жаяу жүргіншіні көргенде ғана есін жиып алды. Майып қылып алмайын деген ниетпен рөлін қалбалақтата бұрып қалған еді. Болмады. Екеуі екі жаққа қалпақтай ұшты. Ауыр велосипедтің астынан аяғын тартқылап жатып:

– Көзіңе қарамайсың ба?-мұрнының үсті жиырылыңқырап: -Әрі-беріден соң, велосипед жолағында не жоғалтып жүрсің? Әлде ана жол тарлық етіп жатыр ма? –пошташы қыз алған жарақаты жанына батқанын білдіргісі келгендей аузына келгенді аталап бақты. Шашылған топан қағазын әупірімдеп жинап жатқан жігіт өз қайғысымен әуре, қарсысындағы қыз өңешін қырып өкірді не, бақырды не, шыбын шаққан құрлы көретін емес. Жердегі парақшалардан қолына ілінгенін жиып алды да, кербез жылқыдай керіле жүріп кетті.

 – Ә -әй, –бұл жолы қыз дауысы өзгеше, тарғылдана шықты. Әлі ұзай қоймаған жігітке жетіп барып, қолынан жұлқылап тоқтатты.

– Тым болмаса, аузыңның ұшымен «кешір» деуге сасың келмеді ме? –Көрсеткен қылығына күйіп кеткені сондай, екі қасы қабыса, еріні шүртиіңкіреп: –Қалай дәтің шыдап кетіп бара жатсың, а? –азарлана түсті.

Жігіт сонда да міз баққан жоқ. Қыз да тілін тістеді. Екеу арасында мүлгіген тыныштық. Құдды тіл байлаулы, тек көзбен түйісіп тұр, жанарларын тайдырмай ұзақ қарады бір-біріне. Қыз ашумен қадалса, оған төнген жанар не жасырып тұрғаны тылсым. Кенет:

– Көздерің әдемі екен? – деп бұлтсыз күнгі найзағайдай тарс еткізген жігіт өз жайымен жөнеп кетті. Бойжеткен қаққан қазықтай қақиып қалған. Тостақандай көздері бадырайып, әлгінің бейнесі қарауытқанша қарап тұрды. Кескін-кейпі жөнінен жігіт те осал емес болатын. Бой-сойы келіскен бозбала қызды әдемілігімен, яки әлегімен дел-сал күйге түсіргені тағы белгісіз. Лезде тынық жел сәл тыныстап, жігіттен қалған сарқыт қағаздардың бір жапырағын алдына үрлеп әкелгені сол-ақ екен, қабағы ашылып, қыртыстары жазылып, жадырап сала берді. Ол төменнен «Кастинг! Моделей ищем на фотосессию!» –деп орысша хабарлама жазылған жарнама қағазын көтерді.

                                                               

    ***  

Ызың-шу, қым-қуыт. Кастинг өтетін зал араның ұясындай құжынып жатыр. Қасы-көзі қиылған, шетінен қылдырықтай алпыс қаракөз. Алпысының алпыс түрлі өнері бар, «кілең сен тұр, мен атайындар». Сөз берсе, тиектері ағытылып-ақ тұр екен, бірі орысша, бірі қазақша қара сөзден қамшы өреді дерсің! Көмекейі бүлкілдеген шешендердей көсіле сөйлейтін сөзшендерден әзер дегенде сөз ауысып, пошташы қызға да кезек тиді. Толқыншашты қыз толқыды ма, әйтеуір біраз кібіртіктеп барып, дауысы сәл дірілдей: –Менің есімім-Зере, –деп бастады да, өз жайынан тарқатты. –Жасым он сегізде. Мектепті биыл бітіріп, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне түскенмін. Қазіргі таңда Тарих факультетінің 1-курс студентімін. Арманым- фотомодель бо... –дей берегенде есік тырс-тырс етті. Сырттан қағылған дауыс шықты да, ауыр қозғалатын есік шиқылдады. Ар жағынан бүтін залдың назарына шомылып, серілерше сән-салтанатпен теңселе түнеукүнгі «кербез жігіт» кіріп келді. Қыз аң-таң, аузын буған өгіздей үнсіз. Ізін ала бере сайыс ұйымдастырушыларының бірі қолын соза орнынан түрегелді.

– Міне! Өзім де осы жаңа сені сұрастырып отыр едім. –Жігітті өзіне таман тартып: –Көп кешіктің ғой, бала?! Мұндайың жоқ еді, әлде қыздарға қырындайын деп қырық құбылдың ба, а? –деп әзіл-шыны аралас қағытпасымен отырғандардарды ду күлдірді.  Басы қипақтаған жігіттің жауабы жымиюмен шектелді.

 – Жә, уақытымыз көп емес, –әлгі кісі сөзін қайта жалғап кетті. –Бұл жігіт біздің талантты фотографымыз. Аты-Тұрар. Бүгінгі кастингтен іріктелген жеті сұлуға телінген жеті серінің бірі осы бала, –деді де «жалғастыра беріңдер» дегендей иегін  жоғары көтеріп, емеурін танытты.

                                                          

       ***

Ымырт үйірілген шақ. Тастай қараңғы көшемен Зере келе жатыр. Сүлесоқ күйде, арасында жер тебініп қояды. Ашумен.

 – Неге тап сол жігіт? –әр сөзін қадап, нық-нық айтты. –Алпыс қыздың ішінен суырылып шыққанымды қайтейін, алты жігіттен біреуі бұйырмай, алғашқы күннен-ақ арпылдасқан адамға қосып қойса...,- үйіне қайтар жолда аузы көжедей қайнап, күңкілдеумен болды. Тұрармен әріптес болғаны қуанышын су сепкендей басқанға ұқсайды. Әдеттегідей қабағынан қар жауып тұр. Пәтер есігін топсасымен жұла жаздап, табалдырықтан сілкіне аттады. Үй іші көзге түртсе көргісіз, бір өлі тыныштық, тек Саят пен Ерасылдың пырылдаған дауысы ғана естіледі. Зере ақырын жарықты қосты. Әпкелері кешіксе, өз қамдарын өзі жасап, құшақтаса ұйықтап қалатын екеуі бүгін екі жақта дөңбекшіп жатыр. –Еее, бүлдіргілер, тағы төбелестіңдер ме? –Зере бауырларының көрпелерін қымтап жатып, зілсіз жекіп алды. Кішкентайы, Ерасыл кеудесіне бүктеулі қағазын қысқан күйі пысылдап кеткен. Ол жәй қағаз емес-ау, біраз жайттан сыр суыртпақтайтын қолжазба іспеттес. Мектепке барғалы Ерасылдың ермегі осы. Реті келсе, хат арқылы тілдескенге қайлы. Бүгін де солай.

«Зереш әпкеге хат. Біз тамағымызды жеп алдық. Сабағымызды да оқыдық. Енді ұйықтайын деп жатырмыз. Хат жазуымның себебі Саят мен ұрды. Қазандағы тамақты ботқа десем ол палау дейді. Мен палау емес ботқа дедім. Сөйтіп таласып жатқанда ол мені аямай ұрғылады. Ертең оған түсіндіріп айтшы палау емес ботқа екенін» –мән-мағынадан жұрдай болса да, бүлдіршіннің арызы мен өтінішін арқалаған хат Зерені күлкіге қарық қылды. Суық жүзіне жылу жүгіріп, көздеріндегі түнек тұтылды да, маңдайынан күн күлімдеді.

                                                                  ***

Шаруаның шаш етектен екенінен хабар беріп, таңертеңгі оятқыш күндегісінен ерте шырылдады. Кешегі кастингтің жыры әлі жалғасуда, күнді күнге, айды айға соғатын түрі бар. Әдепкі фотосессия тауда, «Фурманов шыңында» өтетін көрінеді. Бір жағы сол, екінші жағынан Тұрармен жұмыс істейтіні тыным бермеген соң, құлықсыз, ештеңеге беттей алар емес. Біресе бері, біресе әрі аунап ұзақ жатқанының кесірінен бар ісін шала-шарпы шайқап шықты. Сөйтіп жүргенде межелі уақыттан кешікті. Үстіне ілінген киімді кие салған, көрген адамның күлкісін келтіретіндей ғып, басында қызыл телпек, аяғында ұзын, қып-қызыл етігімен ортекелерше шауып келеді. Тұңғыш президент саябағы аялдамасында дырылдап тұрған автобус «сәнқой» қыздың табаны табалдырығына тиген бойда орнынан зу ете қалды. Қалтарыста киіп шыққан киімдерінен қысылды ма, әйтеуір басқасы аздай беті де қызарып шыға келді. Басын төменге салып, автобустың артына таман тез-тез жылжыды да, терезе жаққа  жайғасты. Айғыз-айғыз терезеден айналасына көз тастап еді қып-қызыл ұятының ізі де қалмады. Ұзақ жолдың түпсіз ойға жетелейтіні бар. Бірақ Алматының табиғаты ойлануға мұрсат бермейді ғой, шіркін! Қыраттар, биік құздар, жағалай өскен шыршалар-бәрі санаға нәзік тыныштық ұялататынын айтсаңшы! Тауға көтерілем дегенше қара тер, қан сорпасы шыққанымен саф ауа өкпені бір аралап өтсе, алпыстағы қарт алты жасар баладай орғып кетер еді.

«Фурманов шыңы!» –Зере кең тыныстады. Ұшар биікке көтерілгеніне ұшпаққа шыққандай мәз. Езуі жазылыңқы. Көз ұшын әлде де биікке жіберген: «Фурманов шыңы» –деп тағы қайталады. –Арманымның шыңы да алыс емес, оған да жетермін, –деп шабыттанып тұрғанда ұйыған қатықты қозғап қалғандай:

– Поштабай, мында кел! –жігіт дауысы жарқын-жарқын шықты. Қыз атын ата мағанымен, «дәу де болса мені шақырды-ау» –деген күмәнмен артына бақса, қолын бұлғап тұрған Тұрар екен.

 –«Поштабайы» несі-ей, мынаның есі ауысқан ба? –Зере екі иығын жұлып жеп, төменге жетіп келді. –«Поштабайды» қайдан шығардың тағы? Қанша жұрттың көзінше бақырып, тіпті! –терісіне сыймай, жарылуға аз-ақ қалған.

 –Несі бар екен? Жарасымды-ақ өзіңе! Жә, теке-тіресіп тұратын уақыт жоқ. Жұрт дейсің, сол «жұрттарды» қарашы, әне, әлден іске кірісіп кеткен. Сенің жүрісің мынау, –Тұрар өктемдік танытпаса да, ерке қызға өзін тыңдау керек екенін ұқтырғандай болды. Жан-жағын бажайлаған Зере әріптесі һәм басшысының растығына көзі жеткен соң, долылау мінезін тиып үлгерді. Ымыраға келген екеу сәтті фото шығаруға қайым орын тауып, заттарын ыңғайластыруға көшкен.

– Айтпақшы, әнеукүнгі қылығымды айып етпе, –Тұрар саймандарын әзірлеп жатып: –Негізі, ондай әдетім жоқ-ты, сол күнім қаурыт басталған соң..., –деп жігіт ернін жымқырды.

– Не деген мәдениетті еді өзі! –Зере кекесін танытып, күбірлеп қояды.

  –Не дейсің?

– А? Жоқ, ештеңе емес. Сен де кешір, кішкене сабырлы болуым керек еді.

Қыздың дауысы сенімсіз естілсе де, жігіт ізетпен басын изеді, «кешірдім» деген ишаратпен.

Бір майданнан соң, таудағы фотосессия тәмәм болды. Ендігі екеудің мақсаты-ауқаттанып, жыланын қайтару. Аузын қу шөппен сүртіп Зере отыр, тіске басатын жылы-жұмсақтың бәрі-Тұрардың сөмкесінен төгіліп жатыр.

– Әжем ғой! «Тауға шықсаң, ашығып қаласың» –деп түнімен пісірді осыларды. Мә, мынау ең дәмдісі, –үлкендеу бәлішті Зереге ұсынып тұрып, қалың қастарын қиқаң еткізді. Зере ұялғаннан ырымын жасап:

– «Өзінің қыз сиқы жоқ екен»- деп ойлап қалған боларсың, ойымнан тарс шығып кетіпті. Алас-қапаста не істеп, не қойғанымды білмей қалмасым бар ма? Үстімдегі киімім де біразын қыран-топан қылды-ау, шамасы?

– Керісінше, мына стилің ерекше екен, –деп күлімдеп, Зеремен көзі түйісе қалды. Қызға тән қылықпен Зере жанарын тез тайдырып әкетті. Манағы сөзі ұятының шоғына дем бергендей аяғын етегіне тыққыштап әлек болды. Тұрар да дереу әңгіме ауанын ауыстырып:

– Түйіндемеңді қарап шыққанмын... Тарих факультетінде оқиды екенсің ғой?

– Иә, –Зере басын изеді.

– Мына шың туралы не ойлайсың? –төтелей сұрақ қойды.

– Фурманов шыңын айтасың ба?

– Тап өзі! Неге Фурманов? Неге Алаштықтардың атын бермеске? «Бөкейханов шыңы» десе, керемет болар еді. Қалай ойлайсың?

– Бұл тек тарихшының құзіретінде емес қой,-миығынан күлді де: –Десе де, игі ой екен, бұрын-соңды басыма келмепті де, –деген таңдасын жасырмады.

– Көкейінде «кербез, қуыскеуде» ретінде жатталған жігітті Зере мүлде басқа қырынан танып, пікірі жүз сексен градусқа ойысты. Оқығаны мен түйгені көп Тұрар серіктесін тез-ақ баурап алды. Тауда басталған әңгіме автобуста да жалғасын тапты, қайдағы мен жайдағыны сөз еткен екеуі де жеке өмірлері жайында жақ ашпады. Ары асып, бір-бірінен тықақтап сұрауға батпаса керек.

Іңір түскен мезгіл. Таудан қайтқандардың барлығы автобустан түсіп, үйді-үйіне тарқасты. Қызыл телпегін басыңқырап киген Зере бұйра шашын әурелеп келеді. Одан жарты метр қашықтықта Тұрар. Джентельмендерше қызды есігінің алдына шейін әкеп тастаған түрі.

– Арғы күні үй жалдап, кеш өткіземіз. Келетін шығарсың, иә? –Тұрар Зереге қарай мойнын қисайтып, қиыла сұрады. Қыз да кетәрі емес.

– Негізі, отырыспаларға көп қатыса бермеуші едім, –тәртібінен хабардар етіп алған соң, подъез есігін ашып жатып:  –Бірақ, ойланып көруге болады, –деп қулана сөйледі де, ішке қарай жүгіріп кетті. Артынша есік те тарс жабылды. Ерсі де болса, сүйкімді қылығына жігіт сүйсіне басын шайқап қала берді.

Жексенбі таңы. Үш ағайынды дастархан басында астарын ішіп отыр. Әдеттегідей азан-қазан болып жататын таңғы ас. Айналдырған екі шуылдақ жан-жағын үйітіп отыратын әдеті баяғы.

– Сен екеуің қоясыңдар ма, жоқ па? Тыныш қана тамағымызды жей алмайтын болдық қой, –әпкелері дүрсе қоя берді. Қанша айтқанмен үлкеннің аты үлкен, жыбырлақтардың мысын басуға дәрмені жетіп-ақ тұр. Үй іші құлаққа ұрған танадай тына қалды. Тек ыдыс-аяқтың шылдыры естіледі. Көп ұзамай бұл тыныштықты Саят бұзды.

– Әпкеееееу, маған екі мың теңге берші, –деп еркелей сұрады.

– Не істемекшісің сонша ақшаны?

– Анау, біздің көшені сыпыратын атаға беремін. Кеше жанынан өтіп бара жатып, қолғабы жыртық екенін байқадым. Бүтінін сатып алсын дегенім ғой!

– Жоқ, ол жаман атаға берме, –деп Ерасыл сөзге араласты. –Ол маған шеколадтың қағазын тастағаным үшін ұрысқан. Сондай жаман адам.

– Өзің ше, Ерасыл! Қоқысты көшеге лақтырып, жақсы нәрсе істедім тұрсың ба? Ұрыспақ түгілі, ұрып тастаса да ренжіме енді, –Зере Ерасылға жетесіне жеткізіп біраз кейіп тастады. Саят та қалыс қалатын емес:

– Мына сен сияқтылардың артын сыпырам деп-ақ жыртылған шығар қолғабы, –деп ақылды ұл ағалығына салынып, қолғаптың жайын қозғап қояр емес. Ақыры екі мың теңгесін алып ол кетті, ойын қуалап Ерасыл кетті. Екі бөлмелі үйде Зере жалғыз. Бүгін кешке болатын жиынның қамымен әуре. Не кием, не істеймін деп дел-сал. Шефонерін түгел ақтарып шығып көңілге қонымдысын тапқанына мәз. Айнаның алдында екі сағат тұрып әрленгені тағы бар. Соңында не  керек, шаңқай түсте бастаған шаруасы шам жағылғанда бір-ақ бітті. Әйтеуір, жүгіріп жүріп бауырларының күйін келтіріп те үлгерді. Үлкеніне кішісін аманаттап, есігін сырттан бекітіп, межелі жерге бет түзеді.

Қызылды-жасылды жарық, даңғырлаған музыка. Зеренің төбе құйқасы шымырлап бара жатыр. Құмырысқадай үйірілген қауымның арасынан Тұрарды іздеп әлек. Көзі-көр, құлағы-тас керең адамдай орнынан тапжылар емес. Арлы-берлі қозғалған жарық жалқы тұрған жігіттің жүзін жалап өткенде ғана көптен іздеген Тұрары көзіне оттай басылды. Бұрыштағы жігіттің жанына бармақ болып еді, ішкі дауысы: «Қыз басыңмен қақшаңдап не көрінді?» деп тоқтатты. Ұлы айқай, ұлы шу. Зере жалыға бастады. Қайтып кетуге тағы құлқы жоқ. Манағы бұрышқа көз қиығын салса, көңіл делбегендей жұбанышы Тұрар ізім-қайым жоқ. Сол заматта шынтақ тұсынан біреу тартқылап, көп арасынан тысқа шығарып алды. Онысы- Тұрар екен.

– Жалығып кеттің ғой деймін, иә? –айқалап сөйлегенімен Тұрардың дауысы әлсіз естілді.

– Иә, кішкене ішім пыса бастады, –Зеренікі де дәл солай, дүңк-дүңк еткен әуен сөйлеуге мұрша берер емес.

– Жүр, ендеше, сыртқа шығайық, –Тұрар Зеренің қолынан ұстап, далаға алып шықты. Мұнда көліктердің шуылы болмаса, құлақты тесетін музыка жоқ, іштен тұншығып қана естіліп жатыр. Тұрар үйден алыстап, Зерені одан әрі сүйрелеп барады.

– Қайда бара жатырмыз? –дауысы үзік-үзік шықты.

– Сәл шыдасаң етті. Маңайда ботаникалық бақ бар екенін білетін шығарсың? Сонда барамыз. Осындай қараңғыда ол жақ тіпті әдемі болып тұрады.

 – Тауыпсың ақымақты. Айналасы қоршау, қалай кірмек ойың бар?

– Қорықпа! Бірінші рет келуім емес.

  Тұншыға естіліп тұрған музыка құлақтың түбінен үзілген, қол ұстасқандар біршама алыстап барып баққа жетті. Тұрардың «құпия есігі» осы жолы да айқара ашылып, екеуі оп-оңай ішіне кіріп кетті. Қараңғы болса да, айтса айтқандай, бақ іші басқаша күйге енеді екен. Тұрар зеңгір көкке қарап отырып:

– Алматының аспанын жек көретінім-ай! –деді мұңды үнмен. Зере әуелі Тұрарға, содан соң аспанға көз тастап:

 – Неге жек көресің? –таңдана сұрады.

– Бала кезімде бұл өмірден озғандар, аспанда жұлдыз боп жарқырайды дегенді көп еститінмін. Бірақ жоғарыдан жақындарымды, яғни әке-шешемді таппай жылай беруші едім...аспан жұлдыздарымен көрікті ғой! –көмейіне өксік тығылғандай, дауысы әрең естілді. Зере қайтадан Тұрарға қарады. Үндемеді, бірдеңе деудің де реті жоқ. –Кейде әжем қанша өбектеп жатса да, әкенің айқайын, шешенің жұмсақ шапалағын аңсаймын. Сағынамын... Бақандай он екі жыл өксікпен өмір сүріп келемін. Өмір сүрудің түк мәні жоқ мен үшін. Әжем болмағанда, мүмкін...

 – Сандырақтама! Қайдағы жоқты шақырып. Білемін, ата-ананың орны бөлек. Бірақ сенің денің сау, он екі мүшең түгел. Тәубеңе кел, тағдырыңа нали бергенше, –Зере көз жасын ұстай алмай қалды: –Менің де анам-тірі өлік сияқты. Әкемді өзгеге айырбастап кеткен, бізді тастап, –еңкілдеп жылай бастады. Тұрар өзін жазғырып:

– Жыламашы, Зере! Кешірші! Мен бұлай айтамын деп ойламаған едім. Қалай болғанын өзім де байқамай қалдым. Жыламашы енді, –Тұрарды жұбатам деп отырып, өзі ағыл-тегіл болған қызды бақтағы талдар да уатқысы келгендей жапырақтарын төменге тастап, шашын жанап өтіп жатыр.

                                                    

               ***                 

– Сәлем, Поштабай! –телефон ар жағынан мырс-мырс еткен күлкі естілді.

– Осы сен атымды айтуға шынымен қиналамысың? Әлде мені төмендеткенің бе?

–  Жоқ, ол не дегенің? Сыйлаймын ғой сені! –өз жауабына риза болғандай тағы мырс етіп: – Поштабай, көптен бері сенен сұрағым келіп жүр еді. Бола ма?

– Нені?

 – Неге мұндай жұмыс жасап жүрсің? Хат тасуды айтам..., –Зере іштей күрсініп алды да:

 – Көп ақша жинауым керек. Бірталайдан бері қымбат нәрсеге әуесім кетіп жүр. Соны сатып алайын дегенмін,–шындықты жасырып қалды. Қымбат затын жұмбақтап, шешіліп айтпады. –Сол себептен хат тасып жүрмін. Басқа жұмыс істейін десем, сабақ кестем келіспейді, әрі өзіме жұмысым ұнайды. Білесің бе, мені адамдар «ең жылдам пошташы» деп мақтап қояды. Соған қарағанда, жақсы жұмысшы болып тұрмын ғой, –деп Зере мақтанға салынып еді:

 – Менде бір хат бар. Бала кезімде жазғам, иесіне жібере алмай суырмамда сары майдай сақтап жүрмін. Жақсы пошташы болсаң, сол хатты жеткізіп берші, –Тұрар бұл өтінішімен қыздың іскерлігін сынағысы келіп.

 – Сол да сөз болып па? Мекен-жайын көрсетсең, лезде-ақ жеткізіп беремін ғой. Айтпақшы, қаланың ішіне ғана тасымалдаймын, –деп ескерткеніні сол-ақ екен.

 – Өй, онда несіне мықтымын дейсің? Менің хатым ата-анама жазылған. Ал олар қаланың ішінде емес, өкінішті-ақ, құрбым. Мықты екеніңді мойындай  алмайтын сияқтымын-ау, осы!

 – Мен Алматының поштасында істеймін, ана дүниенің емес. Мойындамасаң, мойындамай-ақ қой!  Қаласаң, саған бір  әдіс айтайын.

 – Көр.

 – Хатыңды ал да, шарға байлап, аспанға ұшырып жібер. Сонда ол хат мекен-жайды өзі тауып барады. –Тұрардың миығындағы мырс еткен күлкісі енді езуіне ауысып, қарқылдай жөнелді. Түнгі сағат үш, қарсы бөлмеде әжесі жатқаны есінен тарс шығып кеткен. 

  – Поштабай-ай, әлі баламысың, әлде аңқаумысың? Не болса да, көңілімді көтеріп тастадың ғой!

  – Күлме! Шын айтам. Сенбейсің ғой! –Зере бұртиып қалды. Тұтқаның артындағы Тұрар да бұны сезгендей:

  – Жарайды, сендім. Ренжімеші енді. Сағат үш болыпты ғой, ұйықтайық. Ертең ертерек тұрып, фотосессияның қамын жасауымыз керек.

                                                                       ***

 – Туу, мың рет хабарласқан шығармын. Қайда жүр? Өзі айтарын айтып алып, мұнша кешіккені несі-ей?- Зере көшенің қақ ортасында дірдектеп тұр. Күзгі желдің өтінде тұрғандықтан шыдай алар емес. –Не болса, о болсын, үйінен сүйреп шықпасам ба осы, – Қанға біткен мінез қалай тыныштық тапсын? Ашумен Тұрардың үйіне жетіп келді. Есікті әжесі ашып еді, булығып тұрған қыз әп-сәтте байыпты бола қалды.

 – Сәлембердік!

  – Көп жаса, қарағым! –әже жылы үнмен.

  – Мен Тұрардың досы едім. Тұрар үйде ме?

  – Ай, ол әлі ұйықтап жатыр. Кіре ғой ішке. Кір, кір. –Зере ақырын аяндап, ішке кірді.

 – Ұйықтап жатса, оятпай-ақ қойыңыз. Негізі, фотосессиямыз бар еді, кейін ыңғайлай жатармыз.

– Оятпа десең, оятпай-ақ қояйын, балам. Кел, мында отыр, –дастархан жүзін нұсқады.       – Бұл баланың тал түске шейін ұйықтайтыны жоқ еді. Анау, әлгі «шайтанжарығымен» түні бойы ойнақшып шықты. Ол түгілі, мен ұйықтай алмадым сол жарықтан. Содан болар тұра алмай жатқаны,-қария дастархан жасап жатып, сартылдап сөйлеп жүр. Ал Зеренің екі көзі қуыстағы қараңғы бөлмеде. Алыста отырса да анық көрініп тұр. Кілең қап-қара фотосуреттер ілінген. Тұрардың туындылары екенін іші сезе қойды. Столға енді отыра берген әжей:

  – Тұрарымның суреттері ғой. Қап-қара түске құмар. Әке-шешесі қайтқалы ермегі сол. Қарайғандарды сол бөлмеге тізіп қояды, –деп әжесі немересінің бұл ісіне көңілі алаң екенін аңғартты...

   – Тұрар, балам, тұрсаңшы енді, –маңдайынан иіскелеп: –Тапа-тал түс болды ғой. Айтқандай, саған таңертең «әртіс көйлегін» киіп бір қыз келген. –Тұрар төсегінен атып тұрды.

  – Қашан?- көздері дөңгеленіп кетті. –Неге оятпағансыз, әже?

  – Пөтесесиеміз бар деп, артынша маңызды емес дегендей қылды ғой. Оятпа деген соң, оятқаным жоқ.

Бұл уақытта қыз алысқа ұзап кеткен. Тек өзіне ғана бағынатын велосипед рөлі кенет қалбалақтап, дірілдей бастады. Аяғынан әл кетті, тепкішекті басуға дәрменсіз. Дөңгелектерінің жылдамдығы бәсеңдеп барып тоқтады. Зереде ес жоқ. Велосипед оң жаққа қарай ауып, жерге дүрс ете қалды. Көзін ашқанында аурухана төсегінде жатыр екен. Дәрігер де қасында. Қолында сараптама қағаздары, көзілдірігін қайта-қайта көтеріп, әлдененің байыбына бара алмай тұрғанға ұқсайды.

 – Ағай, бәрі дұрыс па?

 – Оо, ханшайым, ояндың ба? Ата-анаңмен хабарласа алмай қойдық. Сен шақыра аласың ба? Сөйлесуіміз керек.

  – Әкесі өлгенді де естіртеді ғой. Не болса да өзіме айтыңыз. Қазір үйде әкем де, шешем де жоқ.

Дәрігер қолындағы қағазда бір сыр бар еді. Бас сүйектің рентгендік түсірілімінен ақ халаттылар ақау тауыпты. «Мидың қатерсіз ісігі» деп жүргені қатерлі екен. Қыз жүрегіндегі ілдәлдә үміттің жібі үзіліп қала берді. Жанарынан жылжыған жастың тиялар түрі жоқ. Аурухана жастығын әбден ылғалдап тастаған. 

– Жұбату сөзін айта алмаймыз, Зере! Өйткені, жұбату мүмкін емес. Бірақ саған өміріңнің соңына шейін баскөз болу-біздің міндет. Күтім керек.

– Ақыры өлетінім анық болса, күтініп опа таппаспын. Керегі жоқ, үйімде өлгенім артық,- зар-запыраны төгілді.

– Неге түсінбейсің? Қатерлі ісік ойнайтын нәрсе емес. Ертең қимылдаудан қаласың. Ата-анаң да жоқ қарайлайтын. Көп қырсықпағаның жөн, –дәрігер ашулана түсті.

Екі көзі домбығып ісіп кеткен. Үйіне келіп, киім-кешектерін жинастырып жатыр. Саят пен Ерасыл есіктегі саңылаудан сығалып, әпкесінің жанына жууға қорқып отыр. Кенет тарс еткен дауыс шықты. Құтының шағылған дыбысы еді. Зере бүкіл арманы мен үмітін қоса жиған құтыны қабырғаға соқты,  тиын-тебен еденге пытырлай шашылды. Енді әлгі екеуі тіпті шошып кеткендіктен саңылаудан сығалауларын доғарып, алысырақ шегінді. Үстел үстіндегі әпкелерінің телефоны шыр еткенде кішкентайлардың зәресі зәр түбінен бір-ақ шықты. Тегінде ұры иттің артындай жылмаңдап жүретін Саят жуасып қалған:

 – Әкем хабарласып жатыр,- деп телефонды әпкесіне ұсынды. Сөйтті де бөлмеден тез-тез шығып кетуге ыңғайланды.

– Алло! Әке! Маған «өлесің» дейді. Үміт жоқ екен, -тұтқаны көтере сала аңырап сала берді. Әкесі де қорс-қорс етеді. Дәрігер мән-жайдан хабардар еткен болса керек. Көкейіндегі сөз көмейінде кептеліп тұр.

 – Қызым, –деген бір ауыз сөзді әрең айтты. Ары-қарай тұншыққан дыбыс қана естіледі. –Мені кешірші! Саған жақсы өмір сыйлай алмағаным үшін. Қиналуыңа жол бергенім үшін. Кешір мені, қызым.

 – Әке, олай демеші. Неге кешірім сұрайсың? Тез келсең, болды. Өмірімнің соңғы күндері қасымда болсаң, жетеді сол да! –Әке мен қызының әңгіме арнасы осы жерден жабылды. Бүкіл арманынан, мақсатынан бас тартқан ол жүресінен отыра кетті. Ой тұңғиығына бойлап бара жатыр еді, пәтер қоңырауы шырылдады. Зере бөлмесінен шығып, есікті ашқанда талып түсе жаздады. Қарсы алдында шешесі. Ана көкектікке салынса да, ана жүрегі олай істей алмасы анық. Құрсағын жарып шыққан қызының жайы оның да құлағына жеткен. Жылай-жылай жар жасы кемігемен қыз бірдеңе деуге, қайрымсыз шешесін сөгуге, болмаса құшақтап, сүюге сасы келмеді. Есікті ашық қалдырып, өз бөлмесіне қайта кіріп кетті. Түрі әбіржеңкі ана кезінде өзі тәлкек қып тастап кеткен ұясына, балаларына қарай жақындады. Саят пен Ерасыл өздеріне қарай ентелеп келе жатқан анасын көргенде көздері мөлтілдеп шыға келді. Үш жыл сарыла күткен адам олар үшін бәрібір ардақты еді. Құшағына еніп, мауқын басты. Енесінен ажырап көрмеен күшіктердей емешегі үзіліп, еміреніп барады кішкентайлар.

Сол түні Зере ауруханаға жатқызылды. Күн артынан күн жылжыған сайын, денсаулығы нашарлай берді. Күздің соңғы күндері таяған, бірте-бірте қимылдары азайып барады. Мишықты зақымдаған ісік емін-еркін жүре алмайтындай етті. Тек медбикелердің көмегімен жүріп-тұрады. Әкесі мен інілері ауруханадан шықпайтын болды. Асты-үстіне түсіп, қай-қайсысы да бәйек боп жүргені. Анасы да сонда. Жүрегі темір емес қой! Кешірген. Бірақ жанында Тұрар жоқ. Ауруханаға жатқалы бері онымен хабарласуы доғарған. Өзін де, оны да қинағысы келмейді. Жігіт болса күндіз-түні телефон соғып, бір хабарын алуға зар болып жүр. Зере алыстатқысы келсе, ол жақындай түсетін сыңайлы. Өйткені, оның аруханада екенін естіген күннен бастап, сол жердің тегін күзетшісіне айналған. Зере жатқан палатаның терезесін қарауылдайды да жүреді.  

 – Әпке, үйге қашан қайтасың? Әкем сені тұмауратып жатыр дейді. Жазылатын уақытың болды ғой. Үйге келші, біз енді төбелеспейміз. Жасап берген ботқаңды да тауысып жейміз, –деп сүйкімді түрімен Ерасыл еріні түріліп, әпкесін көндірмекші.

 – Саған қанша рет айтуға болады? Ол ботқа емес, палау!

– Палау емес, ботқа,- Ерасыл бақырып жіберді.

– Ей, жайыңа отыр, әйтпесе көкеңді танытам.

– Сен екеуіңнің төбелеспейміз дегендерің қайда қалды? Бір минутта өтпеді ғой бейбітшілік жариялағандарыңа.

 –Иә, сенікі дұрыс. Палау болсын, –деп дегенінен қайтып еді, Саят та:

  –Негізі, ботқаға көбірек ұқсайтын, –деп мұрнын тыржитты. Саяттың соңғы сөзіне Зере еріксіз езу тартты.

Әпкелерінің жағдайын жасап болған соң, балақайлар үйіне қайтуға жиналды. Сыртқа шыққан бойда алдынан Тұрар күтіп алды.

–– Ооо, балақайлар, тұра тұрыңдаршы. Мені танисыңдар ма?

– Иә, Тұрарсың ғой. Зереш әпкенің досы, –Саят саңқ-саңқ етті.

– Зеренің жағдайы қалай? Қалай ауырып жатыр? Мен хабарлассам, қоңырауыма жауап бермейді.

– Ол саған жауап бермейді енді. Одан да хат жаз. Жауап бермесе, жауап бергенше жаза бер, – деп Ерасыл өз әдісімен бөлісті. –Сен хат жазсаң, біз жеткізіп беріп тұрамыз. Қарымтасына шеколад, –көзін қысып, кетік тістері ақия күлімсіреді. Тұрар басын шайқады.

– «Ақыл-жастан» деген, иә?! Ендеше, келістік, кішкентай мырза, –деп бүлдіршіндердің қолынан алып, келісім орнатты.

Ертесіне тасымалдаушы жігіттер палатаға алғашқы хатты әкелді. Ерасыл артына жасырып, көздері ойнақшып:

–   Әпке, бірдеңе айтсам, ұрыспайсың ба?

–  Тағы не бүлдірдің? Ұрысатын нәрсе болса, ұрысам, әрине!

–  Сенің бөлмеңдегі шашылған ақшаны жинап, көше сыпыратын атайға бердік. Күн суытты ғой, жылы киім алсын. Ол қатты қуанып қалды, –бір шетінен қорқасоқтап, бір жағынан жақсылық жасағандары үшін мақтана сөйледі.

 – Оның несіне ұрысайын? Дұрыс істепсіңдер. Ол ақша да тым болмаса, біреуге пайдасын тигізгені жақсы жақсы ғой.

 – Тағы бірдеңе айтсақ ше? Ұрыспайсың ба, –бұл жолы Саят қулана сөйледі.

– Қорқытпай, айтыңдар енді? Не жасырып тұрсыңдар? –Зере Ерасылдың артына қусырған қолын меңзей бергенде екеуі хатты бетіне лақтыра салып қашып кетті. Қолдарын әрең икемге келтіріп, хатты ашып оқи бастады.

 «Қымбатты Зере! Қалайсың? Хабарсыз кеттің, өзіңе қол жеткізу-тіпті қиынға соқты. Інілерің айтқан, тұмауратып қалыпсың. Асқынып кеткен бе, ұзақ жаттың ғой! Не болса да тез сауығып, ортамызға қосылғайсың!  Сені сағынып жүргендер бар екенін ұмытпа!»

Хаттты оқып болғаннан кейін Зеренің көздері суланып кетті. Оның да жүрегіндегі сағыныш жанарындағы мөлдір моншақты итеріп жатқан еді. Амал нешік, жауап жазуға шамасы жоқ. Жауап келмеген соң, Тұрар екінші хатын жолдады. Оның соңы үш, үштікі төртке ұласып кете берді. Хат жазуға Тұрар да машықтанған, әр күн сайын күтуге Зере де әдеттеніп алды. Сәл кешіксе, көңілі алабұрта түседі. Бүгін де бірталай кідірді. Есік жаққа елеңдей береді. Үміті күдікке, күдігі уайымға айналып, сарылып отырған да Саят кіріп келді. Інісінің қолынан жалма-жан хатты жұлып алды. «Тоқсан сегізінші» деп нөмерленген хат ылғалданып, сиясы ағып кетуге сәл-ақ қалған.

«Зеретай! Сүйкімдім менің! Бұйрабасым! Поштабайым! Бүгін амалын тауып, сенің дәрігеріңмен тілдескенмін. Бәсе, тұмау тұмау болса, жазылатын уақыты болды ғой деп ойлап жүр едім. Әттең, тағы да бір асылым алыстап кетпекші екен. Неге мен! Тағдырға налыма,- дейсің, бұдан кейін өмірге қалай өкпелемейсің? Айтшы?

Өтініш, мені қинағаныңды қой! Тым құрыса, жамалыңды бір көруге рұқсат етші. Бүгін сағат 17:00-де аурухана алдында күтемін. Көңілімді қалдырмайсың деп үміттенемін»

Тұрардың көз жасымен жуылған хатты Зере кеудесіне қысып алған. Жігіттің жүрегінде қылаң берген ұшқын қыздың да сол жағында тыпыршып тұрған еді. Соның лебімен дәрігерлерден қашып шығуға даяр. Алайда, санасы жүрегіне әмірін жүргізіп бағуда. Шіркін-ай, десеңші! Сол жақтағы жұмыр етке сот жоқ емес пе? Қайсыбір билігің де жүрмейді. Алып-ұшқан қыз сағат тілі бесті көрсеткенде, соқталдайдай кісілерді алдап соғып, қозғалуы қиын болса да, аяқтарын әупірімдеп басып келеді. Уағдасы бойынша Тұрар сыртта состиып тұр. Қыстың соңғы күні демесең, ақпанның ызғары әжептәуір-ақ. Ғашығының жолын күтіп тұрған жігітті әрі-бері аймалап, кірпігіне қырау қатырып тастапты. Қолында Зеренің ескі велосипеді, әрі-бері айдап келуге әрекет жасап көргенімен, рөлін бағындара алмай, жетектеп келген. Зере есіктен шыққан бойда Тұрар екі өкпесін қолына алып, жанына жүгіріп барып, қашып шыққанын түсінген соң, жылдам велосипедке отырғызып алды да, жетектей жөнелді. Сықырлауық велосипедтің зары «Сайран» көліне жеткен кезде тынды. Тұрар Зерені түсіріп жатып

–       Бұл жерге ғашықтар көп келеді. Білуші ме едің? –деп қолтығынан демеді.

– Жоқ. Бірінші рет естіп тұрмын.

–  Кеттік, анау жерде екеумізге орын дайындап қойғанмын. Сонда барайық, әйтпесе шаршап қаларсың.

Тұрар Зерені ақырын отырғызып, бар жағдайын жасап қойды. Өз әлінше дастарханды жайнатқан. Романтик! Қыстың күні, ашық аспан астында отырып та романтика жасауға болатынын дәлелдеді. Ішіне ел қонған соң, қол ұстасып көпірге қарай беттеді.  Дарылдап су ағып жатыр. Көпір үстінде екеуі ғана. Тұрар қалтасынан жүрек пішіндес құлыпты шығарып:

– Мына құлыпты әдейі әкеліп едім ырымдап, екеуміздің жүрегіміз деп. Көпірдің жақтауына салып кетейік. Мейлі фәниде бірге болмасақ та, сенің менімен бірге екеніңді осылай сезініп жүрейін. Жәй ғана сезініп. Кім білсін, біздің үрдісті басқалар жаңғыртып әкетер. Сосын Алматы да «ғашықтар қаласына» айналады, иә! –деп өз сөзін өзі мақұлдап қояды.

 Құлып ілінді. Екеуі қозғалысқа енді. Отырған орындарынан алыстап кеткен, мауықтарын басып, әңгіме-дүкеннің ауылын аралап келеді. Зере сырқатын бір сәтке ұмытқан, көңілді. Көптен езу тартпаған еді. Өміріне риза. Аспан да риза, ырзашылығының белгісі-ақша қар. Ақ мамығын ұлпалап төгіп жатыр. Қар жаумағалы да бірталайдың жүзі болған. Қара жерге аппақ көрпе төселгендей болды. Әттең, қуанышы ұзаққа созалмады. Ақ төсекке шала-жансар Зере құлай кетті.

– Тұрар, дә-рі, дә-рі, –деп сыбырлауда. Тұрар да ес жоқ. Алыста қалған орындарына қарай жүйткіді. Қолынан басқа келер қайран бар ма? Оның кетуі бойына жедел-жәрдем көлігі де жетіп келді. Қашып кеткен науқастарының ізіне түсіп, әрең тапқан олар қызды дереу салып алып, ауруханға әкетті.  Тұрар қайтып келгенінде тек велосипед қана жатты. Зере ақша қарды ақ қағаз етіп, «өмірді сүй, мен сені сүйгендей!» деп жазып қалдырыпты. Тізерлей отырып, жерді ұрғылай ғашық жүректің жартысы жылап жатты. Қыстың соңғы күні, Зере өмірінің де соңы боларын кім білген?

Көктемнің алғашқы күндері. Тұрардың қараңғы бөлмесіндегі қасқырдай аңталаған қап-қараңғы суреттердің арасына «қызыл телпектегі» бүйра шашты қыздың суреті ілініп, сәуле шашып тұрды. Енді фотограф үлкен көшеге бағытталған терезеге күлімдей қарады. Көшедегі әйдік тақташада «Өмірді сүй» деген жазумен Зеренің сұлу бейнесі Алматының сымбатын әтпеттеп тұр. Тұрардың арқасында.

«Білесің бе, Зере? Мен өмірді сүйем. Алматыны сүйем. Жұлдыздарын жасырып тұрған аспанын сүйем. Әйтпесе, самсаған жұлдыздар жаныма жара салар  еді, асылдарымды есіме салып. Жаңбырын сүйем, жылағанда жасыңды жуып өтетін. Тауын да сүйем, тасын да. Тағдырымды сүйем, өмір сүруді үйреткен.

Мен сені сүйем, Зере! Өкінішті, өзіңе ашылып айта алмадым. Жүрегімнің түбіндегі сандықшадағы қазынам болып қала бересің. Қош бол!»

Бұл тоқсан «тоғызыншы хат» арқалған нала мұң еді. Бір кездегі Зеренің айтқан ақылын тыңдап, көкке шарды жібермек. Аспан мен жердің ғана арасын жалғайтынын біле тұра қолынан шарды ұшырды. Шарға жіп байланған, жіп ұшында хат салбырап барады. Тоқсан тоғызыншы хат және соңғы.

Соңғы, өйткені ескі велосипедтің дөңгелектері енді қозғалмайды...

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.