Асқар Бейсенғазыұлы. Алмалы сайдағы ұят

Сайт Әкімшілігі - 25.11.20192888

Бәрі оны кәрі дейді, мүмкін, жас шығар бұл Алатау?!

Тұтқын жеті жылдан бері он бес минуттық даладағы дамыл тұсында Алатаудың қар басқан төбе суретін ғана көріп келеді. Оның өзі көбіне тұманға оранып бұлдыраса, кейде бұлтқа сүңгіп көрінбей қалады. Бұл екілене жұтып жүрген таза ауаны осы таудың сыйы деп білетін. Атам заманнан айқайлап жыласаң да, армандап күлсең де, әуелі, жеті атасынан тартып ауыз шірітіп боқтасаң да мыңқ етпейді тау, шіркін! Бәрі оны кәрі дейді, қарт дейді, мүмкін, жас шығар осы құдіреттің болмысы?! Өз заңы бар. Өз табиғатын өзі жасап тұра береді, асқақтай береді, аспандай береді. Кейде жылан жүріспен жақындап келіп, анау алып тұлғасымен, қорғасын табыт салмағымен төбеңнен мыжитындай...

 

                           *****

Суретші керілген матаның алдында отыра қалып өзі жазбақшы болған туындысын ойлап тек жасампаз адамдар ғана сезінетін боз шабыт күйге кіре бастады. Ертең қалайда сарапшылардың алдында тұруға тиісті туынды санасында сан құбылады. Көңілде бәрі көрікті. Сондай аспап болса ғой, не ойласаң тура соны жасап шығаратын. Онда ғажап болар. Дүниенің дамуы да  соған әкеле жатқан жоқ па?! Ойға келгенін істеу. Ойға қол жететін заман.  Қайран Абай! Көңілдегі көрікті ойдың мынау тынымсыз қозғалысы тықыл уақытқа тәуелді жалғаншы дүниеге шыр етіп туылғанында өңі қашатынын қалай дөп айтқан.  Көңіліндегідей көркем туғыза алса осыдан кейін сурет салуды алғашқы махаббатымен айрылысқандай біржола өкінішсіз қойып кетуге де бейіл.

 

*****

Тұтқын мұздай сірескен төрт қабырғасы мен төбесі, суық тор көзді қара темір есігінен басқа, бұрышта мүңкіп тұрған дәрет шелегі бар жалғыз кісілік қапастағы темір төсекте шалқалап жатты. Ертең осы мекенді талақ етіп тастап шықпақ. Дұрысы  шығармақ. Бір жола. Еркіндік. Сосын, ауылға бармақ. Әке- шешесіне. Туған ауылына. Біраз ұят сияқты, тұтқын өз бойын билеген қысылыстың аты шынымен ұят па, әлде қапияда қайрылмасқа кеткен аттай жеті жыл шерменделік пе, ол арасын анық ажырата алмады. Тұтқын қапазға бойын үйретіп алыпты. Бұдан шықпай ақ қойса қолайлы, баяғыдан жанға жайлы секілді. Тамағын ішеді. Он бес минуттық бой жазуда егер тұмансыз, бұлтсыз күн болса алатаудың айбынды аппақ төбесін көріп қана өзінің әлмисақтан таулық екенін сезінер. Сосын жалғыз кісілік төсекте жатып ойша өзі де түсіне бермейтін ескі суретті әлемге кіреді де кетеді. Осыны ойлауы мұң екен: - О, Құдайым! Мен құл бола бастаппын! – деп самбырлап темір төскеті зар илетіп атып тұрды.  

***   

Суретші бойына тән шеберлікпен жеті жылдан бері ойша салып келе жатқан оқиғаны жазуға кірісті. Қала. Алмалы қаласы. Осы бір табиғаты тәңірдің өз жасаған көркем суреттей сұлу қалада не болмады дейсің?! Қызық пен шыжық. Қылмыс пен жаза. Жасампаз тұлғалар. Махаббат хикаялары. Болған. Бола да бермек. Алмалыны қоршаған таулар бәріне куә. Алатау бақытқа да, қайғыға да  куә.  Тек қана үнсіз куәгер.

Құрқылтайдың ұя салғанындай епті тәбиғи қимылмен туындысын жаза бастады. Ең алдымен адам атаның қатты ұялған кейпін, хауа ананың қорыққан бейнесін жанды көрсеткен жөн болар. Әлде екеуін де ұялтқаны жөн бе?! Ұят ол кезде бар болатын. Жеті жылдың алдында да бар болатын. Ал қазір ұят дегенің аты бар да өзі жоқ ескі жұрт құсап жоғалған.

 

  ***

Тұтқын ертеңгі бостандық туралы үнсіз тебіренді. Не ол бостандық дегені?! Көзі сұғы бір қадалса ажалына апарып бірақ тірейтін тойымсыз адамзаттан тасада шаңырақ мүйіздерін шайқай сүзгілесетін дала серілері бұғылардың өзі ұрпақ қалдыру үшін бастарын бәй тігіп жатады. Қылаяғы әлдебір көрер көзге жексұрындау, ызыңы мол көк шыбындар да ыңғайы келсе жас етті құрттатып өз балапандарын өрбітуге жан салып тұрады. Сол аты жер жаратын бостандық дегеннің өзі тұқым қалдыру секілді. Ой сорабы осы араға келгенде, есіне кезінде сан рет құшақтасып өбіскен, бір алманы жарып жескен, арадағы он жас айырмаға қарамай бірі- бірін «жаным» атаған қалың сарықоңыр шаштары жібектей жұмсақ, бүйрекбет, қиықша қоңыр көзі әлденеге аңсарланып тұратын сары қызды – бойы тұрқы сүмбіталдай, үстінен үнемі жеңіл әрі тән нәпсісін оятып жіберетін әтірдің иісі үзілмейтін көрші қызды көз алдына келтірді. Шешесі кім- кімге де жанұшырып аңқылдап тұратын шаштараз, өгей әкесі анда-санда шылқа мас болғаны болмаса, мектепте күзетші еді де, қыз тігінші болатын.

 

        ***

Суретші өз-өзін тарс есінен шығарып, кәдімгі шәй ішетін кеседей болғанмен домалақ қып-қызыл алмалар шашылған салалы бұтақты алма ағашты айналдыра дөңгелек жасыл сызық сызып жатты. Құлаш жетпейтін сіңірлі алма діңінің арғы жағында біреу тығыла, зымиян күліп тұр. Шайтан. Сталин. Ие, сол. Соның өте бір сұрқияланған мұртсыз бейнесі алманы тасалап тұрып күліп тұр.  Алманы айналдыра қоршалған жасыл сызық сыртында жүздері қайғыға батқан ер мен әйел – адам ата мен хауа ана үстілеріне киізтікеннің жапырақтарын жауып жатып екеуі де ұяттан өртене жоғарыға қарап қалыпты. Жандарында жартылай желінген алмалар жатыр.

 

    ****

Тұтқын тігінші қыздың үйінің алдына барғанын есіне алды. Қол телефонның алғаш шыққан кезі. Арт- артынан үш рет қоңыраулатты. Жауап жоқ. Шыдамай үйге кірді. Есікті еппен ашуы ақ мұң екен, сүйіне ыңырсыған тігінші қыздың даусы естілді. Ыңырсу ырғақты болатын. Ырғақ үдей түсті. Тездеп, қатая түскен ыңыраныс арасында қиналған қыңқыл да қосылып кетеді. Бұл атылып барып тігінші қыз жатқан есікті жұлқып тартқанда жұмсақ та қалың сарықоңыр шаштары ретсіз бытыраған беті алаулап алған қыз таңдана қараған. Тігінші қыздың үстінде жатып басын бұрған алпысты алқымдаған алпамсадай күзетші –  өгей әкесі екен. Алдымен қытайлық ашық түсті қызыл- жасыл гүлмен көмкерілген көрпені жұлып алды, содан үнсіз қатып қалған тігінші қыздың әкесінің аяғынан тартып төсектен түсірді, түсірді де бас- көз демей тебе бастаған. Енді ойлап тұрса сол оқиғадан бастап бұда ұят деген өліп қалыпты. Ал тігінші бола тұрып киімге жарымай жүретін қызда о бастан ұят жоқ шығар, кім білген?! Бұның отызға келген туылған күнінде өмірінің әптер- тәптерін шығарған осы ұятсыз оқиғадан соң екі сағаттан кейін екі қолтығынан екі сақшы(полицей) қолтықтап әкетіп бара жатты.

 

***

Суретші суреттің жылт деп аталатын көз тартар жарық нүктесін қайдан шығарарын ойланып ептеп тоқтай қалды. Туындының орта тұсын көрнекі етіп алса онда баспалап шайтан тұр. Шайтанның назары адам атада. Адам аспанға қарайды. Аспаннан тау құлап келеді. Алатау.

 

***

Тұтқын қатты төсекте оң қырына аунап түсті. Мұны сол кезде сотсыз жеті жылға соттап жібергенін тергеуші айтқан. Сонда тігінші қыздың өгей әкесін өлтіріп алдым ба деп ойлаған. Өлмепті. Арыз да жазбаған. Мүлде басқа себебі болған екен. Өзінің ойы жеті жылдық ғұмырын ұрлапты.

 

***

Суретші суретті қан тамырымен салып жатқандай. Қолдары керілген кенеп пен едендегі бояудың арасында алма- кезек қыдырыстайды. Сурет салып жатқанда ол өте еркін де өңді, бала қимылды пәк кейпін табатын. Еркіндік дегеннің өзі бұл дүниеде тек қана жасампаздықпен шұғылданған жанның өзге бір жандық сипатта тұрып жан- жүрегімен сүйген дүниені жасап жатқан кездегі сәт қана болса керек. Болмаса, бұл дүниеден шексіз еркіндік іздеген бекер. Құлдық іздемесең болды да.

 

***

Тұтқын ерте оянды. Темір есік сарт- шұрт етіп барып шыңылдап құлақ майын жегенше әлде бір суретті оқиғаны көңілмен көріп жатты.

Жасауылдың артынан еріп келе жатып жеті жылдан бері тұрақ болған суық түрмеге өзінің бауыр басып қалғанын осымен неше мәрте сезініп бара жатты.

Иә, бауырым! Мынау жеке куәлігің, мынау жолдығың! Жолың болсын!

Қара мұртты қағылез түрме бастығы мұның бостандыққа шыққанына қуанбайтын сыңайлы, қорқатын секілді.

Далаға шыққанда барып өзін шынымен босатқанын білді. Басын көтере қарап тауды іздеген. Сол маңғаз қалпы екен.                                                                                                                                 

Суретші алатаудың мәңгілік қар мұз басқан биігін әлде бір сарғыш нұр аралас жамылған жарқын әрі құдыретті күйде төндіре түсті. Осы бір көріністі көріп келе жатқалы қай заман. Көкейде әбден пысқан. Орныққан. Ұятты хауа анаға ұзақ тесілді, бүйрек бетті, шаштары қалың әрі жұмсақ, қиықша қоңыр көздерінде ұят пен үрей шарпыса аспанға да адам атаға да аңырған күйде. «Несі бар, оларда ұят болды» деп күбірледі.

 

***

Тұтқын еркіндіктің қадірін тұтқын ғана білетінін аңғарды. Құлдар аңғара алмайды еркіндікті. Өзі де құл бола жаздап қалған-ды. Таксиге отырып ауылының атын айтты. Көлік терезесінен жайнап тұрған Алмалы қаласын көргенде тіптен танымай қалған. Ійге салған теріше далиған қала, әлі бітер емес. Созылып жатыр. Жайылып барады. Межелі жерге жетіп көліктен түсе қалғанда өз көзіне өзі сенбеді. Жеті жылдың алдындағы бытырап малы өретін, тауықтары қыт- қыттап қалаға баратын үлкен жолға шығап кете беретін отыз үйлі ауыл жоқ. Самсаған биік үйлері аспанға тік шаншыла, заулаған түрлі- түсті көліктер дабылдата зуылдап, түрлі дыбыстар мен түрлі иістерге толы көшеде дамылсыз адам көшкіні жан- жаққа толассыз тартып барады. Ауыл жоқ. Басында басы айналып тұрып қалған. Такси жүргізушісі алдаған, не түсінбестік болды деп білген, соңынан бәрі түсінікті болды. Қала іргесіндегі шағын ауыл қалаға қосылып үлгеріпті. Бара- бара ұзақтағы ауылдар тек қана ақылды байлар мен у-шудан безінген таза жандар ғана мекендейтін рахат мекен болып қалар. Кім білсін?!

Бала кезде жұмыртқа жинап, қой алдынан шығатын үй орнында көп қабаты сәнді тас үй маңқиып тұр. Сұрастыра жүріп тапты. Қартайған әке- шеше қуанған кейіп танытқаны болмаса, сағынбаған сыңайлы. Әйтеуір, аңқылдап қояды. Өзі де қайта үйірін тапқан саяқтай шұрқырап кісінісе кетпеді. Осының бәрі болуға тиісті істер сияқты.

 – Енді сурет салғаныңды қой, айналайын! Бір сурет салам деп қанша жыл қамалдың ғой, қарның ашқан шығар, қазыр!

Қарт анасы күйбеңдеп ас үйге ұмтылды.

Жеті жылдың алдында тігінші қыздың өгей әкесін сабардан екі күн бұрын шағын карикатура (сайқы- мазақ сурет) жасаған. Онда тақта бетін түгел алған күн көтерген қыраны бар көк тудың екі шеті жыртылып бір шетінен қытайдың қан қызыл туы жыртықтан сығаласа, енді бір жырымынан орыстың үш түсті туы ентелеп тұрды. Дәл сол кезде «шетелге жер сатылмасын!» деп ұрандатқан арасында мұның карикатурасы бар суреттерді көтерген халық Алмалы көшелерінде теңіздей толқып жүрді. Көп ұзамай «мемлекеттік рамізді қорлады» деген алыпсоқ саяси қылмыспен ерекше тұтқын болып, сол кесікті кезеңін өтеп те шыққан беті еді.

Ертесінде досының үйіне барды. Арық денесіне қап-қара пальтосы қолқылдап үйінен шыққан досы бәз баяғы ұзын шашты қалпы екен. Мұның тықыр басына қарап аздап тосаңсып тұрды. Сосын, үлгерсе төрт күн ішінде Алмалы қаласы туралы бір туынды салуға кеңес берді. Жоғалған абыройын тіктеп алар еді, оның үстіне біршама ақша сыйақысы бар. Қазыр көркеөнерге ерекше ілтипат пайда болғанын да ескертті. Суретші арықша келген көзілдірікті қалалық досынан кергіш алды. Бояу мен кенепті қайдан сатып алатынын біліп сурет салуға бекінді. Алмалы қаласы туралы сыйақысы бар көркемөнер сайысына өзінің жеті жыл ойында жүрген «Алмалы сайдағы ұят» атты туындысын қоспаққа ниеттеніп ақ кетті.

Суретші не бары он бес минут ішінде жеті жыл бойы дайындаған туындысын жазып шықты. Суретте ежелгі аңыз. Өте сұлу жаратылған алма ағашын айналдыра көмкерген жасыл сызықтың сытында адам ата мен хауа ана жапырақтан киім жамылып аспанға ұяла аңырып қалған. Алманыңың діңіне тасаланған шайтан сұрқия жымияды. Аспаннан Алатау төніп тұр.

Бір көрген жан ежелгі жантебірентерлік аңызды көреді де сүйіне аңыз ішенен өзін іздеп телміре қалатын сұлу сурет. «Алмлы сайдағы ұят» деген тақырыбына қарап хауа ананың шайтанның азғыруына еріп күнәға батуы, өзі ғана емес адам атаны да күнәға ортақтастыруы танылмақ. Сол адамзаттың тұңғыш күнәсімен бірге ұяты көрініс береді. Демек, алма жемей тұрып күнәсіз күйде адам ұят дегенді білмеген екен де, күнә жасай салысымен ұятты сезініп, тәндерін жаба бастаған. Киім ұяттың басы екен. Киімсіз мына заманда ұят жоғы түсінікті. Қоғамның бұзылуы да әйелден- ұяттан болса түзелуі де солардан болатыны белгілі. Алмалы болса алманың отаны. «Алма» сөзі де Тәңірі тағаланың бұйрығы ретінде қазақта ғана қолданылады.

Суретші қатты қалжырағанын аңғарды. Жеті жылдық өмірін босқа өткізбепті. Мейлі, сыйлық алмаса да ол өз өміріндегі бір туындыны жасап үлгерді. Суретші суретке жақындап барып ешкімге ұқсамайтын қолын қойды. Шегіне беріп сүйсініп күле берді. Дұрыстап қараған жанға, оның өзінде тек шеберлерге ғана көрінетін осы бір ежелгі терең мәнді аңызбен қатарлас салынған карикатура бар болатын.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Серікқан Бағжан 25 Қараша, 2019

Жарайсыз Асқар аға

Жауап беру