Нұрдәулет Қабасов. Қала

Сайт Әкімшілігі - 25.11.20191830

Ауа сызған жапырақтар, көше тағдырлас тас едендерде сорғалай аққан жауын тамшыларына  тәнін малып, табандардың астында талықсып жатыр. Көшенің былғанған кеудесіне сүрініп кеткен бала, қолын қайда сүртінерін білмей анасына жаутаңдай қарайды. Мөлдір  баласына ұзақ қарап ойланып кетті. Ой емес, уайым. Бұның да шешесі бар, бұның да жалғыз інісі бар, бұның да өмірі бар, бұның да тағдыры тоғыспаған қиылысы көп жолы, өкініші бар. Бұның да жалғыз алданышы құрсағын жарып шыққан перзенті. Барлық уайымы жиналып қасіретке айналғандай. Кешегі қасірет, бүгінгі қасірет,ертең да сол қасірет. Ары-бері өтіп жатқан адамдар. Бұны кім кінәлай алсын. Бұның аты тіршілік. Лық толы трамвай, тіркес-тіркес таусылмайтын көліктер. Олардың да табан тірегені тіршілік, басқаны тас төсеніш. Кәрі еменді ықтағың келеді жылу жоқ, бәрінде ықтағың келеді бірақ жылусыз. Қала да қасірет шегіп тұрғандай. Ия, осы қалада емес па қасірет шектіруші да, шегуші да. Бәрі осы қалада, бір-бірінен жасырынып жүргендер. Бар кеудесімен қараңғылықты жұтып алған қара мысық та қалтарыста жасырынып жүр. Ол-жабайы емес, тек жасырынып өмір сүреді. Көздерімен қараудың өзі қасірет. Адамдарға қарақшы көзбен қарап үйренген. Үйренеміз, үйреткен. Шырт-шырт түкіріп, түтіндетіп тұрған Сейітта үйренген. Сейіт бұл  қаланың барлық күнәсімен сырлас. Ол барлық өз еркіндігіне қол жеткізіп қойған . Сейітте шекара жоқ. Оның бір мәселесі. бесінші қабатқа мініп-түсу.                                             

– Бұл не шу, Сейіт. Анаңды аямайсың ба?! Шық үйден, кет. Оңбаған. Көрші әйелдің араласуымен аяқталатын айқай көрген  күрсіністің кезектісі ғана. Енді Сейіттің алдын шегір көзін бір тастап, қара мысық қана кесіп өтеді. Қалғаны қара түннің еншісінде.  Бұл үйде не болмаған. Талай-талай қасіретті кеуделер өксігін ішіне жұтқан. Бәрі үйді кінәлағысы келеді. Бар пәле осы бір бөлменің қабырғасында кезіп жүргендей. Күні мен түні белгісіз қала. Түртінектеп жүрген адамдар. Кім кесір? Кімді кесір деп кінәлай аласың. Сейітте біреудің алдында адал. Ол да намыстанады. Оны да ары мазалайды. Адам ғой. Адамдар қайда бара жатыр?! Сейіт қайда кетті анасын жылатып. Апырай тек түнде жоғалатыны несі.
– Жамал. Ана орыс әйелді шақырып келші. Давлениемді өлшеп берсін.
– Қазір апа ертіп келем. Жатып демала тұрыңыз.  Мақпалдың бар қайғысы баласы. Еркелетіп өсірген кенжесі. Қартайғанда шығарған мүйізі осы уайым. Оң жақ шекесінен оймақтай боп ісіп келе жатқан белгісіз былқылдақ бірдеңе.  Ішке түскен қасірет. Қасіреттің ішке түскен белгісі. Кесіп те, жаншып та кетіре алмайсың. Қай дәрігер жарылқаса да жазылмайды. жалбарынса да жоғалмайды. Маңдайға шыққан қасірет. Көзі ілініп кеткен қасіретті ананың көз алдына ауладағы қара мысық тұра қалған. Енді ол тайсалмастан табылдарықтан атап басып, бұл жатқан жерге тышқын аңдығандай сыбырсыз аяңмен аяғын санап, басып сары азуын тілімен сылаң еткізіп маңдайға біткен қасірет түйірін сұғанақтана жалап жатыр.
                           

 ***
Кімнің жоғалып, кімнің жалданып жатқанын терезенің жақтауын түріп кім жорамалдай алсын. Кезбе елестер, тірі елестер, тіршілік ететін елестер. Құпия, бәрі құпия болуы керек. Ешкім Сейітті танымауы керек. Таныстық деген Сейітте жоқ.
– Сен елессің. Сенің артыңан тек елес көздер ғана еріп жүреді. Менменсіген кеуделерді елеске айналдырасың. Сейіт сен адам өлтірмейсің, адамдардың жанын құтқарасың. Сен көлеңкеде ғана деміңді жұтасың.
–  Давай денги. Не говари слишком миного.
– Ааа, денги. Сен бәрін ойланбай көздейсің Сейіт. Сені мен емес жалдаған, ақша. Мына қу бас қағаздар. Енді сен өз-өзіңді жалдайсың. Понятны.
– Не понятны.
–  Анаңды. Бұл жолы анаңды көздейсің. Сосын нағыз шын елеске айналасың. Сендей естімейтін мәңкүрттерде жақындық деген болмауы керек. Болмайды да. Мына қу бас қағаздардың бәрі сенікі. Бүгін өз үйіңе бармайсың, өз үйіңді көздейсің. Мынау паспортың. Сосын елес қаладан жоғаласың. Ничего не го-вари.

****

– Алло... Сейіт.
– Я, слышу.
– Мен көрші жамал. Сен кеткеннен кейін Мақпал апа қайтыс болды. Оянбай қалды. Сенің қараң батсын. Сейіт келме, жылатпа ешкімді. Кет, кезбе көлеңке. 
Кетеді. Тек бұл қаладан кетеді. Сейіттің көз алдына әкесінің қан көмген өлімі келді. Қан көмген. Оның көзін да қан жайлаған. Бұның әкесін кім өлтірді, өзі сияқты жалдамалы қан көз өлтірді. Бұл қалада кім күшті, кімнің шешімі орындалу керек. Ешкімнің шешімі орындалмайды. Сейіттің тасадағы көзінен қорқатындар көп. Көп-көп. Анау көп қара жамылғылар Сейіттің оғынан қорғайды. Қорқады... Қашан елеске айналарын ешкім білмейді. Білмегесін қорқады. Өлімнен қорқады. Жаны қымбат. Жоқ, байлығы қымбат. Сол үшін бұлар сұраулы. Ал Сейіттер сұраусыз қалады. Қалтасында қазынасы барлардың ғана құны бар. Соны бір-бірінен қориды. Сол үшін Сейіттер тасада демалады. Сол үшін бұл қаланы елестер жайлайды. Бұл тіршілікте мықтылар ғана жеңіп шығады. Адамдардың пиғылы солай, Өмір солай... Сейіттің де қазынасы бар емес па?! Бұл да қазыналы адамның мұрагері еді ғой. Сейітті мұрасынан айырған кім? Оны Сейіттің өзі біледі. Білгеннен соң бұл қаладын кетеді. Сосын қайта оралады. Тек мына бір оқтың тағдырын орындау керек. Бұның көзіне түскен бұл қаланың соңғы тұрғыны қара мысық. Болды... Бұның жолын енді қара мысық та кеспейді.
***
Мөлдір де сенеді. Өз өміріне сенеді. Ататын таңына сенеді. Күн қалай атса да бізге жарық оралса болды. Мына сансыз өлі тастардың көлеңкесінен құтылсақ болды. Ол үшін бір құтылу бар. Ертең шешесінің құлыптасы дайын болады. Оны да қояды. Оған да арасында барып-кетеді. Ертең баласының қызығын көреді әлі... Ертең Сейітте өзгерер. Ертең қалада қасіреттен оянар. Ертең бәрі де өзгереді. Кім біліпті сенім дегенің ең ұлы ішкі нұр. Сол нұр ғана қасіреттен құтқарар.
– Мама. Қара мысықты қара. Өліп қалған.

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.