Досхан Жылқыбай. Соңғы трамвай

Сайт Әкімшілігі - 25.11.20193151

2015 жыл. 30 қазан. Ақжар ықшам ауданы.

– Валя, менің киімдерімді дайындап қойшы. 

– Дайын тұр емес пе? – деп етжеңді әйел галстугін тағып жатқан мұның жанына ентігіп келіп қалды.

– Жоқ, ескі киімімді. Ескі болғанда да Горбачев берген киімдерді... Шифонерде ілулі тұр, – деп ері айнадағы өзіне сыздана көз тастады да, шляпасын киіп шығып кетті. Валя кемпір: «Тух, әлі тастамағансың ба?» – деп артында бұрқылдап қала берді.

Күн райы салқындап қалса да, қыстың сызы біліне қоймаған. Есіктің алдына шығып, таңғы ауамен терең тыныстап біршама тұрды да, қалтасынан шылым қорабын шығарды. Қашанғы әдеті ғой. Бірақ өзіне сонша ұнаған тау ауасын шылым иісімен бүлдіргісі келмей іркіліп қалды. Иесінің темекі тартуға оқталғанын сезіп қойды ма, кәрі өкпесі де жөтелге басып еді. Таңғы шылымның алдында осылай жөтеліп, қап-қара қылып қақырық тастайтын. Қызыл өкімет құлағанда «әдеттен» алып қалғаны осы екеуі. Үшіншісі де бар. Бірақ оны өзі әдетке санамайды. Мүліктен қалғаны дачасы мен қаладағы пәтері. Сосын, сары Москвич тағы бар.

Үйренген жөтелі болса да, бүгінгісі тым қатты соқты. Жөтелген сайын лоқсып, көзі жасаурап кеткен. Үйдің есігін ашып, шалына тыжырына қараған Валя:

– Құдай-ай, өкпең түсіп қалар ма екен? – деп жекіп те алды.

Әйелінің сөзіне назар аудармастан гаражға қарай аяңдап келеді. Өз уағында қол жетпес арман болған 412-ші Москвич. Сары түс. Сары болғанда да қанық сары.

Әйелі әлі де артынан қарап тұрғанын сезеді. Сол үшінде көлігіне жалынышты көзбен қарап, іштей тілдесіп тұр. Кілтін орынына салып, жартылай бұрғаннан-ақ көлік «гүр» ет қалды. Рулін сипап, еркелетіп алды да, әйелінің көзіне көрініп, шірене тұрып темекісін тұтатты. Мұнысы: «Көрдің бе? Бұл көлік мені жолда қалдырмайды», – дегені-тін.

Осылай кемпірі екеуі іштей егесіп өмір сүріп жатқанына 5 жылдан асты. Валя Москвичтің ертерек бұзылғанын тілейді. Ал бұл өз көлігінің кәрі маторын қайта-қайта жөндетіп, бұзылуға бермей жүр. Осынау егес баласының иномарка сыйлаған күнінен басталған. Ол Валяға қатты ұнап еді. Ал шалы жаратпай, «майда-шүйдесі көп, отыруым ыңғайсыз, жөндеуі қымбат» деген секілді қырық сылтау айтып, баласының өзіне мінгізіп жіберді. Бірақ бұл сылтаудың бәрі өтірік еді. Оны Валя кемпір жақсы білетін.

Москвичтің иесінің үйі дәл үлкен жолдың бойында орналасқан. Үйінің тұсында автобус күтіп тұрған адам көп екен. Сигналдатып жандарынан өте шықты да, автобус паркіне қарай көлігін дарылдатып ала жөнелді.

– Иә, Владимир Андреевич, қош келдіңіз! – деп автобус паркінің директоры мұны жылы қарсы алған. Ірі денелі, қолы қарулы жігіт ағасының сөзін бұл түсінсе де, түсінбеген сыңай танытып, еңкейіңкіреп құлағын тосты. Директор бірден айтқан сөзін орысшаға аударып берген.

– Қош делік. Бірақ көңіл олай болмай тұр.

– Не боп қалды? – деп бұл жолы директор түсінсе де, түсінбеген сыңай танытып, оң жақ құлағын тосты. Директордың сол жақ құлағының ауыр екенін Владимир Андреевич жақсы білетін. Тіпті мұны директор құлағының жыртығынан да, сол жақ бетіндегі тыртықтан да аңғару қиын емес еді.

– Сіздердің парктеріңізге осымен бесінші рет келіп отырмын. Қала әкімдігі менің үйімнен алысырақ жерден аялдама салып бергеніне 5 айдан асты. Ал жолаушылар автобусты әлі де болса дәл менің қақпамның алдында күтеді. Және сіздің жүргізушілеріңіз де адамдарды сол жерден отырғызады. Тіпті кейбір жүргізушілеріңіз салынған аялдамаға тоқтамай өтіп кетеді. Кеше ғана менің қақпамның алдынан жолаушыларды отырғызып, аялдамада жалғыз тұрған маған тоқтамай кетті.

– Түсінікті. Бірақ сіз де түсініңіз. Адамдар ескі, «жабайы» аялдамаға үйреніп қалған және көпшілігіне сол жер ыңғайлы.

– Мен оны түсінбеймін. Жаңадан салынған аялдама мен «жабайы» аялдаманың арасы жүз-ақ қадам. Сол жерге дейін жаяу келе салу қиын ба?

– Мен де сізді түсінбеймін, Владимир Андреевич. Үйіңізден шығып, қақпаңыздың алдынан автобусқа отыра салмай, жүз қадам басып, аялдамадан отырған сізге оңай ма?

– Оңай емес. Бірақ, бүйте берсек көшенің әр жері аялдама болып кетпей ме? – деп Владимир Андреевич ойын жалғастырмақ болып еді, директор бөліп жіберді:

– Жарайды! Мен жүргізушілердің бәріне түсіндіріп айтамын.

– Иә, олар жолаушыларға түсіндіріп айтсын, – деп Владимир Андреевич орынан тұрып бара жатты да: – Жоқ, болмайды. Мен арыз жазамын. Осынша уақыт бойы ауызша ескертіп келдім. Маған арыз жазу үлгісін беріңіз!

– Мінекейіңіз! – деп директор алдында жатқан көп қағаздың бірін «арызданушының» алдына тастады. Владимир Андреевич қағазға үңілді де директордың өзіне қайтарып берген:

– Маған орысшасын беріңіз!

– Владимир Андреевич, бізде қазір өтініш, арыздың барлығы қазақ тілінде жазылады. Орыс тіліндегі үлгісі жоқ.

– Онда үлгісіз таза қағаз беріңіз, – деп арызданушы сыздана қалды.

Ол арызын жазып бітті де, қағазын директордың алдына тастап, шығып кетті. Директор арыздан оның толық аты-жөнін бірінші рет көрді. «Владимир Андреевич Сююдюков».

Есіктен шығып бара жатқан «арызданушы» да директордың есігіндегі жазудан оның толық есімін тұңғыш оқыды. «Сүйіндіков Айдар Елдарұлы».

Осы автобус паркіне бес рет келіп, бесінші рет бір ғана оймен шығып келе жатыр еді. «Қайдан көрді?». Ол директорды танитын секілді. Бұрын, қанша жыл бұрын екені белгісіз, оны бір жерден көргені рас. Есіне түсіре алар емес. Бұл жолы да ол өзін трамвай жүргізушісі ретінде жұбатты. Күніне мұның вагонына қаншама адам мініп түседі емес пе? Солардың біреуі шығар деп қана жаба салды. Бесінші рет...

Бесінші рет... бұл тағы жеңіліп шығып келе жатыр. Баяғыда орысша сөйлеп, арыз айтып келген адамның бүкіл өтініші орындалатын еді. Қазір мұның тілін түсінетін адам да азайып кеткендей...

Үйінің қапасынан кіріп келе жатып, далада жайылып тұрған ескі формасын көріп, алабөтен күй кешті. Көмейіне лимон қышқылы тамып кеткендей көзі жасаурап барып, өзін қайта жиып алған. Трамвай руліне отырған күннен бері мұндай әдемі форма кимеген секілді. Иә, киген жоқ. Ал соңғы 25 жыл кигені тіпті ұнамайтын. Теміржолшыға ұқсатушы еді өзін. Ал мына форманың жөні бөлек. Бұл жауынгердің парадтық формасы секілді сұлу.

Владимир Андреевич үйіне кіріп, теледидарды қосты да, диванға ұзынынан түсіп жата кетті. Таңертеңнен қара кешке дейін тек қазақша сарнайтын отандық телеарналардан аттап, жиырмасыншыға көтеріліп келеді. Сол тұстан жоғары шетелдік арналар легі басталатын. Он үшіншіге келген сәтте ол кенет тоқтап қалды.

Экранда үйір-үйір жылқы шаңдатып барады екен. Олардың үстінен қыран ұшып өтті. Міне, қыранның өзі емес жерге түскен көлеңкесі ғана келеді. Сол көлеңке алып аюдың үстіне төніп келіп, найзағайдай жарқ етіп, аюды ала құлады. Алғашында өз көзіне өзі сенбеген. Қыран, бүркіт туралы біршама білетіні бар еді. Бірақ оның аю алғанын тұңғыш көрді. Теледидардағы құсбегінің айтуы бойынша бұғы, арқар алатын бүркіттер де кездеседі екен. Одан ары қазақы тазының аң алғанын көріп, тұрқы келіскен аттардың дүбірін тыңдап ұзақ жатты. Тұлпардың дүбірі оның жүрек соғысымен үндесетіндей. Дүк-дүк, дүк-дүк. Бұл дыбысты ол бұрыннан білетіндей... Бұл дыбыс оның құлағына сіңіп өскендей... Бұл ритм оның жүрегімен бірге соғатын секілді... Иә, иә... Трамвайдың жүрісі ғой бұл. Дүк-дүк. Дүк-дүк. Аттың кісінегеніндей трамвайдың да қоңырауын соғасың. Қайта-қайта. Дүк-дүк. Дүк-дүк... Шылдыр-шылдыр... Шылдыр-шылдыр...

Тұлпардың шабысы мен трамвайының жүрісін үндестіріп қанша уақыт жатқаны есінде жоқ, тек Валя кемпір:

– Түскі асқа кел, Вова, – деп айқалаған кезде шошып оянды. Теледидар жаңалыққа ауысқан екен. Алғашында диктордың оқу мәнерінен орыс тілінде жаңалық тыңдап отырғандай болған еді. Сәлден кейін диктор қыздың қазақша сөйлеп жатқанын аңдады. Әңгіме трамвайлар жөнінде. Соңғы екі айда болған екі бірдей үлкен апаттың себеп-салдарын анықтап жатыр екен. Бірі жол кінәлі деді, бірі трамвай жүргізушісін кінәлады...

Бірден өшіріп тастады. Осы жаңалықтан кейін-ақ көңілі бұзыла берген. Ішкен асы да батпады. Батпағаны былай тұрсын, тамағынан да өтпеді.  

2015 жыл. 31 қазан. Трамвай депосы.

Владимир Андреевич таңертең ерте тұрып, Валяның қуырып қойған жұмыртқасынан ауыз тиді де, аялдамаға беттеді. Ол жұмысына көлігін мінбеуші еді. Тек релспен жүріп үйренген трамвай жүргізушісіне қалада көлік айдау ыңғайсыз болатын. Оның үстіне қырық жылдық трамвай жүргізу мұның аяқтарын қимылсыз етіп тастаған. Өйткені 1979 жылдан бері айдаған трамвайларының бірінің де педальі болмады. Барлығын қолмен басқаратын. Сондықтан болса керек, көлік айдағанда да педаль деген дүниені ұмытыңқырап кете береді. Ал мұндай ұмытшақтық кептелісі көп қалада қиынға соғатынын ол білетін.

Жұмысқа баратын автобусы үйреншікті әдетімен бірінші мұның қақпасының алдына жиналған адамдарды мінгізіп, содан кейін ғана аялдамаға тоқтаған. Ол жерден бұл жалғыз отырды. Көңіл күйін бұзғысы келмей, үнсіз алдыңғы орындықтардың біріне жайғаса салған. Автобустар жаңа. Іші жылы. Тек жүргізушісі мәдениетсіздеу, әрі тым жайсыз айдайтын еді. Ол осы автобустардың жүргізушілерімен күнде керілдесіп қалады. Бірақ бүгін емес. Онсыз да езіліп отыр.

Депоға кіре берісте мұны Сұлтан Әбдірахманұлы күтіп алды. Бір кездері екеуі де жүргізуші болатын. Тіпті Сұлтан алғашқы жылдары мұның трамвайында кондуктор да болып істеді. Кейіннен ол депоның директорлығына дейін көтерілді. Әлі де сол орнында. Жұрттың барлығы оны тек фамилиясымен атайтын.

Зейінов.

Оны ұнататын адам аз. Қайдан ұнатсын?! Ол директор болғалы бұл депо жақсылық көрген жоқ. 127 трамвайдан бүгінгі күні 17-сі ғана қалған. Олардың ішінде жүріп тұрғаны он шақты ғана. Зейінов директорлыққа келгелі не жол, не трамвайлар жөнделмеген. Германиядан бірнеше трамвай сатып алып келді. 1995 жылы зауыттан шыққан деген. Олардың да жүргенінен тұрғаны көп. Сол неміс трамвайларының бірі Владимир Андреевичтің астында қазір. Нағыз жүріп тұрғаны да осы.

Қарапайым жүргізуші Владимир Андреевич Зейіновтің өзіне неге сонша жалпақтайтынын түсінбейді. Осының ғана трамвайына жаңа бөлшектер алып береді. Осыған ғана айлық сыйақы тағайындауға құмар. Тіпті кәсіподақ басшысы, Зейіновтің қызы да бұған ерекше қарайтын. Алғашында Владимир Андреевич мұны түсіне алмай жүрді. Кейін бойы үйреніп кеткен. Тіпті үйреніскені сонша оған біреу қырын қарай қалса ашуланып шыға келетін. Бәлкім ол жұмысын да сол үшін жақсы көретін шығар. Бұл қалада өзін жайлы, өзгелерден асқақ сезінетін басқа ешбір жер қалған жоқ қой.

Зейінов бұған күлімсірей келіп амандасты да:

–  Осы ғадетіңізден жаңылмайсыз-ау. Бәрінен ерте келіп, кеш қайтасыз.

– Бәлкім бұл соңғы рет шығар, – деп Владимир Андреевич көңілдегі шын күдігін білдірді.

– Олай демеңіз. Қала әкімшілігінің айтуы бойынша трамвайды уақытша ғана тоқтатады екен. Релстерге жөндеу жүргізетін болар...

– Солай болса дұрыс еді. Бұл көліктер қала тарихының айырылмас бөлшегі ғой. 1937 жылдан бері...

– Иә, 37 жылдан бері... – деп Зейінов біршама ойланып тұрды да: – Өзі бұл далаға, бұл қалаға 37 жылы екі бірдей зауал келді ғой, – деп барып тоқтай қалды.

Владимир Андреевич те бұл сөзді естімеген болып, сары түсті трамвайына қарай жүріп кетті. Көліктің асты-үстіне біршама көз жүгіртті де, табалдырығына отырып алып, бригадир әйелді күткен. Қазір келіп, кімнен кейін кімнің жүретінін анықтап беруі керек. Мәселенің шешімі оңай екен. Бүгін линияға екі-ақ трамвай шығады. №4-ші және №6-шы. Екеуі де екі айналым жасап, түске таман депоға оралу керек.

Бірақ Владимир Андреевич тағы екі айналым қосып жаздырып алды. Өйткені бүгін тоқтатылатын трамвайдың енді қашан жолға шығары белгісіз еді. Алғашқы үш айналымын күндіз жүріп өтті де, төртінші айналымды кешкілікке қалдырған. Депоға қайтып оралып, трамвайын айналшықтап біраз жүрді. Өзінің ескі орындығын тауып алып, трамвайына қарсы қарап отырып алған. Бұл орындық сонау 80 жылдардан бері бар. Өйткені ескі трамвайларда жүргізушілерге арналған орындық болмайтын. Ол көлікті жүргізуші тікесінен тік тұрып жүргізуі керек-ті. Ескі «Татралар» еді ғой. Владимир Андреевичке Валя кемпір, ол кезде келіншек, үйдегі бір орындықты жақсылап қаптап жасап берген.

Міне сол орындығында сары трамвайына қарсы отырған Владимир Андреевич сокваяжынан бір жартылық пен туралған шұжық шығарып, трамвай екеуінің ортасына кішігірім дастархан жайды. Екі стақанға ақтан толтыра құйып, бірін өзі ұстады, екіншісін трамвайға сүйеді.

– Ал, Аннушка! Екеуіміздің соңғы сапарымыз үшін алып қоялық, – деп 200 граммдық қырлы стақанды бірақ көтерді. Жұдырығымен мұрынын басып біршама отырды да, «уфф» деп демін қайта шығарып: – Иә, неге соңғы сапар деп сұрауың мүмкін. Менің солай боларына күмәнім жоқ. Өйткені бұл қалада қазір трамвайларды ешкім керек қылмайды. Өзі аз, жүру арасы ұзақ. Бір трамвайға үлгермесең, екіншісі бір сағаттан соң ғана келеді. Жо-жоқ, Анна! Оған сен кінәлі емессің. Оған... Оған... Жә, қойшы. Екеуміз саясатқа барыспайық. Кел, одан да тағы алып қоялық, – деп шөлмекті қолына ала бере трамвайына қарап: – Анна, мені ренжітпесеңші. Неге көтеріп қоймағансың? Әә, сен қазір жолға шығады екенсің ғой. Сен ренжіме! Мен бүгін өмірімде бірінші рет трамвай руліне масаң отырамын, – деп трамвайға сүйелген стақандағы арақты да көтеріп салды.

– Айтпақшы, Анна. Мен сені не үшін «Анна» деп атайтынымды білесің бе? Білмейсің, әрине. Мені ескі трамвайымнан ауыстырып, саған отырғызған кезде, сені ұнатпаған едім. Өзің де түсінесің ғой, сен немістің, біздің санамызға менің отаным сіңіргендей, фашисттің қолында жасалған көліксің. Сол үшін ұнатпадым. Бірақ кейіннен ойландым. Отанымның жауының сұлу қызын өзіме ғашық етіп, тізгінін ұстағаным жеңісім болмай ма? Міне, сондықтан мен саған алғашқы махаббатымның есімін бердім. Алғашқы махаббатым дегенім, қыз емес. Ол да трамвай еді. Ескілікте осы қалада ең алғаш ашылған трамвай линиясын «А» линиясы деп атаған. Ол жолмен жүретін трамвай да «А» деп аталды. Сол кездегі тұңғыш трамвай жүргізушісі романтиктеу адам болса керек, «А» нөмірлі трамвайын «Анна» деп атап кеткен екен. Оның шәкірті де трамвайын осылай атады. Ол шәкірт менің ұстазым болды. Осылай үш ұрпақ бойы біздің қалада «Анна» атты трамвай жер тепкілеп жүрген еді. Бірақ ол туралы ешкім білмейді. Барлығы трамвайдың нөміріне ғана қарайды ғой. ...Анна, түсінесің бе? Бұл қала екеумізді жатсынып жатқан секілді. Қала орнында, бұрынғы халық көшіп кеткен жоқ. Бірақ бұлар біздің өзегімізден теппекші. Түсінесің бе, мына халық өздері сонша жақсы көретін жануарының шабысын еске түсіретін көлікті құртқысы келеді... Дүк-дүк... Дүк-дүк...

Владимир Андреевич бүкіл эмоциясын жиып, тұмандана бастаған санасын қайтып оятып алды да, кешкі сегіз жарымдардың кезінде жолға шықты. Қала көшелері күңгірт тарта бастаған екен. Өзінің жарығын қосып алған.

Трамвай Байтұрсынов көшесімен баяу көтеріліп келеді. Ол осы жолмен енді ешқашан жүрмейтінін жаңа ғана ұғынғандай... өксігін әзер тежеп келеді. Барлығы таныс. Көзіне сіңісті, мына жолдың әрбір қиылысында, әрбір аялдамасында өз естелігі бар.

...Әне анау жерде Валямен тұңғыш кездескен. Кездескенде екеуі әйнектің екі жағында тұрып көрген еді бір-бірін. Ол кезде бұл ескі «татраның» рулінде. Ол трамвайдың айналасы тола «табалдырық» еді. Адамның бәрі жұмыстан қайтып, вагон ішіне сыймай кеткенде көбі осы табалдырықтарға мініп, сыртқы ұстағыштардан ұстап тұрып алатын. Валя да қыздар университетіндегі сабағынан жүгіре шығып, дәл жүргізушінің қапталындағы табалдырыққа тұра қалды. Владимир Андреевич оны көрген кезде трамвай терезесінің ағаш жақтауларын картинаның жақтауы, ал Валяны кенепке салынған сұлу деп елестеткен.

Трамвай Байтұрсынов көшесінен Шевченко көшесіне бұрылар тұста бағдаршамның қызыл түсіне тоқтады. Көлік алдын кесіп студент қыздар жүгіріп өтіп барады екен. Жатақханадан желең шыққан ба, күз суығы тоңдырып бара жатқан сияқты. Жүргізуші жасыл жанғанын байқамай, іркіліп қалды да, ту сыртынан басылған сигналдардан шошына қайта жылжыды. Рульдегі Владимир Андреевич жүргізу рычагінің сабын қысыңқырап ұстады да:

– Ех, Анна, Анна, – деп рычакты алға итеріп, біреу қуып келе жатқандай жүрісін үдете түскен еді. Иә, оны шынында біреу қуып келе жатты...


1986 жыл. 17 желтоқсан. Космонавтов-Шевченко көшелерінің қиылысы.

Владимир Андреевич соңғы айналымға шығардан бұрын қала жастарының алаңға жиналып жатқандығы жайында әңгіме болған еді. Басы жас жігіт бұл соңғы айналымды жұмыс үшін емес, қызық үшін жүріп өткісі келген. Және басшылықтан арнайы тапсырма түсті. Жолда жүрген студенттерді көлікке отырғызуға болмайды.

Владимир Андреевич пен оның кондукторы Сұлтан Зейінов осылай жолға шыққан. Алғашында кондукторды ауыстыру туралы әңгіме болып, кейіннен бәрін өз қалпында қалдырды. Космонавтов көшесімен Шевченко көшесіне жеткенше жолаушы жоқ екен. Бүгін бәрі ерте қайтып кеткен секілді. Олар аялдаманың бәріне тоқтап, заңымен жүріп келе жатқан болатын. Кенет көшенің сол жақ, Масанчи көшесі жағынан жалғыз жігіт 5-6 қызды ерте жүгіріп шығып, трамвайдың алдын орай есікке жармасты. Бұл есікті ашып еді, палтосы мен шашына тұтастай мұз қатқан бойжеткен қыз:

– Ағатай, ала кетіңізші, – деп аяғын табалдырыққа сала берген сәтте бұл есікті жаба қалды. Қыздарды ертіп жүрген жігіт қарулы екен, ауа қысымымен жұмыс істейтін есіктерді екі жаққа кере ашып, ішке кіре бергенінде трамвай дөңгелегін бұрайтын кілтпен бұл да бірақ ұрған еді. Қайта кілт қырымен емес, жалпағынан тиген. Жігіттің сол жақ беті мен құлағынан қан сау ете қалғанынан өзге бұл ештеңе көрмеді.

Алғашында үрпиіп, не істеп қойғанын өзі білмей, Зейіновке бұрылған.

– Өзіне де сол керек! Несі бар алаңда? – деп оның екіленіп тұрғаны мұны таңғалдырды. Негізінде Владимир Андреевич адам ұрғанына емес, Зейіновтің ұлтының адамын ұрғанына тосылып қалған еді. Ал оның түрі мынау. Бойы жеңілдегенімен, іштей арпалысқа түсіп, қаланың түнгі көшелерін тепкілеп келеді.

Ертесі күні депоға бірнеше адам суыт келіп, Зейінов екеуін директорға алдырды. Сауалдары қысқа. Әскерилер екені көрініп тұрған. Бұл екеуінің ұққаны бойынша кешегі бұларға жолыққан жігіт-қыздар ұсталмапты. Ішіндегі біреуі сызданып: «Қайда барады? Ұстаймыз әлі», – деп отыр. Сонымен Зейінов екеуіне тапсырма берілді.

Бүгін түнгі айналым кезінде әр аялдамадан бұлардың вагонына қарапайым киінген бірнеше адам отырады. Қарапайым адамдарша билет алады. Сонымен Орбита ықшам ауданына дейін барып, сол жердегі пәтерлерден өздеріне керекті адамдарды іздейді. Әрине, ол қарапайым киінгендер әскерилер болатыны бесенеден белгілі.


1986 жыл. 18 желтоқсан. Орбита ықшам ауданы.

Түнгі айналым кезінде трамвайға көп адам отырмаушы еді. Бірақ бүгін олардың қарасы көп. «Олардың» кім екенін Зейінов екеуі де жақсы біледі, әрине. Сыр берместен олар Орбита ықшам ауданына жетті де, кезекті үш аялдамадан «қарапайым киінгендерді» үш бөліп тастап соңғы аялдамада тұрып қалды. Трамвай бұзылғандай, оны-мұнысын шұқыланып жүрді де қойды.

Қыс ауасы тып-тынық. Тіпті он шақты көше төменде жүріп бара жатқан трамвайдың тақылдаған үні келеді құлаққа. Осы тыныштық Зейінов екеуінің де арасына орнап алған секілді. Не айтады? Ол не ойлап жүр? Не дегенмен өзінің бауырлары емес пе?

Бүкіл қаланың, екеуінің де арасындағы тыныштықты шыңғырған, айқайлаған адамдардың үні бұзып кетті. Аялдама жанындағы үйлердің терезесінен жігіттер секіріп, қыздарды жеңіл жамылғыларды арқан етіп түсіріп жатты. Бұл екеуі не істерін білмей аңтарылып тұрған сәтте, тапал бойлы мұртты жігіт жүгіріп келді де:

– Олар тағы қай үйлерге кірді? Қай жаққа қарай қашамыз? – деп жалынышты үн қатып еді, бұл міз бақпастан:

– Мен сіздің тіліңізді түсінбеймін, – дей салды. Мұртты жігіт көздері жарқ етіп, ұрып жіберуге оқталғанда артынан бір қыз:

– Қали, қаш жылдам. Қуып келеді, – деп айқай салған. Артына бұрылып еді «қарапайым киінген» біреу жүгіріп келеді екен. Әлгі жігіт оған қарсы жүгірді. Екеуі жол жиегінде түйіскен сәтте «қарапайым киімдіге» мұртты жігіт жұдырық сілтеп үлгерткен жоқ. Бірінші ұрды және қайтып тұрмастай етіп құлатқан еді. Ол кері бұрылып өз тобына қарай жүгіре жөнелгенде, Владимир Андреевичтің де делебесі қозып кеткен еді. Ол да біреуді ұрғысы келді. Біреумен жауласқысы келді. Бірақ кіммен жауласады?


2015 жыл. 31 қазан. Орбита ықшам ауданы.

Владимир сол баяғы аялдамада тұр. Осыдан 29 жыл бұрын «қарапайым киімдіні» мұртты жігіт сұлатып салған аялдамада. Ол осы сәтте Зейіновті шын жек көретінін сезді. Бұл бұрыннан қалған сезім бе, жоқ жаңа пайда болды ма, белгісіз. Мүмкін баяғы төбелеске араласпағанына жыны келді ме? Қорғауы керек еді ғой...

Өзін ойлады.

– Анна, осы мен кіммін? Иә, трамвай жүргізушісі екенімді, екі баланың әкесі, бір пәтер, бір дачаның иесі екенімді өзім де білемін. Бірақ, мен өз әкемнің кім екенінен хабарым жоқ адаммын ғой. Анамды да көргем жоқ. Детдомдағылар анамның төлқұжатын ғана ұстатты қолыма. Өзге ештеңе қалмаған. Тәрбиелеушілердің айтуынша анам әкемнің тегін алған екен. Сююдюков. Бірақ бұл фамилияның да шын қалай жазылатынын білмеймін. Анамның құжатындағы тегінің үшінші әріпі белгісіз. Не «ю» секілді емес, не «н»-ға ұқсамайды. Бірақ, бала жасымда бұл мені аса қатты ойландыра қойған жоқ. Әкем ретінде анамның әкесінің атын, тегіме сол кісінің тегін жаздырып ала салдым. Әкем де, шешем де Отаным деп жұмыс істедім. Ал, қайда қазір сол Отан? Не айтқың келіп тұр, Анна? Шет елге кет деймісің? Сен айтып тұрған шет ел мені қойып, баламды да қабылдамады ғой. Кәсібі мен жұмысын тастап қашып келді емес пе?


2015 жыл. 31 қазан. Ақжар ықшам ауданы.

Ол жұмыстан мұнша ауырлап қайтқан кезі болмаған. Соңғы автобустардың біріне отырып, үйінің қарсы бетіндегі аялдамадан түсіп қалды. Сол баяғы қақпасының алдында адамдар топырлап тұр екен. Шеткері тұрған жігітті түртіп:

– Балам, анау аялдамаға барсаңшы, – деп еді ол құлағындағы құлаққабын шешіп:

– Не дейсіз? – деп бажырая қарады. Бұл сөзін қайталап еді:

– Кешіріңіз, сіздің тіліңізді түсінбеймін, – деп кері бұрылып кетті.

Үйіне немересін ертіп ұлының отбасы келген екен. Кішкентай бала атасын жүгіріп келіп құшақтай алған.

– Ата, біз бүгін Абай деген ақынның өлеңін жаттадық, – деп бала шүлдірлеп ала жөнелді. Атасы не айтарын білмей, немересінің арқасынан қаға салған. Кешкі асқа қарамай, бөлмесіне кіріп кетті. Сонда да болса немересі тыныштық берер емес. Бір келгенінде қолына глобус ұстап кіріпті.

– Ата, біз бүгін глобус туралы оқыдық. Сізге түсіндіріп берейінші. Мынау Еуразия материгі, мынау Азия бөлігі. Осы Азия бөлігіндегі мына жер біздің Отанымыз. Дұрыс қой, ата?

– Иә, балам. Бұл сенің Отаның, – деп атасы қысқа қайыра салған.

– Сіздің де Отаныңыз ғой.

– Менің отанымды глобустан іздеп таба алмайсың, балам, – деп немересінің басынан сипады да: – Апаңа, бара ғой, – деп шығарып салды.

Үйінің жанындағы «жабайы» аялдамаға автобустың тормозы шиқылдап келіп тоқтағанын естіді. Кондуктор шығып айқайлап жатыр. Жүрегінің соғысы жиілеп барады. Дүк-дүк... Дүк-дүк... Ненің үніне ұқсайды? Аттың шабысына ма? Жоқ, трамвайдың жүрісіне ме? Дүк-дүк... Дүк-дүк...

«Айтпақшы жаңағы кондуктор аялдамаларды қай тілде хабарлап еді?..»


2015 жыл. 1қараша. Қала.

Осы күннен бастап қала көшелерінен ешкім трамвай көрген жоқ. Бұл қаланың көшелерінде енді ешқашан ат дүбіріндей дүрсілдетіп трамвайлар жүрмейді. Олар енді ешқашан бұл қаланың көшелерінде кісінемек емес...

Владимир Андреевич те өзінің Аннасын деподан енді айдап шықпайды. Тіпті ол бұл күні үйінен де шыққан жоқ. Төсегінен де тұрмады. Оны сол жатқан қалпында соңғы сапарға шығарып салады...


2015 жыл. 2 қараша. Райымбек көшесінің бойы. Құлпытас сататын дүкен.

– Ей, Берік! Сен өзі әріп танисың ба? «Сюндюков» дегенің не?

– Баласы дұрыстап жазып бермей ме? «Ю» ма, «н» ма түсініксіз. «Сююдюков» деген адамның тегін ешқашан естіген емеспін. Ал, Сүйіндіков дегенді білемін, – деп құлпытас оюшы бастығына қарап еді ол:

– Білгенің бар болсын, бұл кісінің аты-мен әкесінің атын оқысаңшы, – деп кейіп кетті. – Жә, қойшы. Жаңасын жаса жылдамдатып.

– Мына бүлінгенді не істейміз?

– Құрылыс компаниясына сатып жібереміз. Анау күні еденге төсеуге керек деп сұрап келіп еді ғой...

– Суретін қайттік?

– Құрылысшылар ақымақ дейсің бе? Теріс қаратып төсей салады. Бол-бол жұмысқа кіріс. Тапсырыс көп, – деп бастық асыға басып жүріп кетті.


***

Алматы трамвайларының барлығын Өскемен қаласы сатып алған. Владимир Андреевичтің «Аннасы» да сонда қазір. Өзге қаланың көшелерінде «кісінейді».

Владимир Андреевичтің бүлінген құлпытасы да Аннаның артынан Өскеменге кеткен. Сәйкестік пе? Әлде темір мен адамның бір-біріне шын ғашықтығы ма екен? Жалпы осындай ғашықтық бола ма?

Бізге белгісіз.

Айтпақшы, Владимир Андреевичтің бүлінген құлпытасын Өскемен қаласындағы «Әсем» сауда үйінің еденінен көруге болады...

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.