Әбішев ісі: "Қос азамат қамауда негізсіз отырған"

Мадияр Жалғасұлы - 26.11.20192635

Ислам Әбішев пен Серік Түкиев ісіне қатысты бүгінгі сот отырысында адвокаттар күтпеген мәлімдеме жасады. Қорғаушы М.Есқараевтың сөзінше, айыпталушы қос азаматқа бұлтартпау шарасы ретінде 16 қыркүйекке дейін ғана қамауда ұстау туралы шешім қабылданған.

«Қылмыстық кодекске сүйенер болсақ, осы мерзім (16 қыркүйек) аяқталмай тұрып, сот мерзімді ұзартуға құқылы. Ал мерзім өткен соң сот қамауда ұстау үшін шешім шығаруға қауқарсыз. Қорғауымыздағы азаматтардың бұлтартпау шарасы мерзімін ұзарту үшін 30 қыркүйекте ғана бұйрық шыққан. Біздің түсінгеніміз, қос азамат 2 ай, 10 күн бойы қамауда негізсіз отырған. 16 қыркүйекте қылмыстық іс әлі прокуратурада жатқан», - дейді адвокат.

Бұдан бөлек, қорғаушылар судья рұқсат еткен Шаймерденовтың кіріс және шығыс қоңырауларының жазбасын ала алмай отырғанын айтып сотқа шағым білдірді. Іспен 10 қаңтар мен 20 ақпан аралығында Бақытов атты тергеуші айналысқан. Адвокат М.Есқараев судьядан ол тергеушінің өндірістік хаттама толтырмағанын айтып, тергеу нәтижесін заңсыз деп табуды өтінген. Осыдан кейін судья Қажымұқан Мекемтас 15 минутқа үзіліс жариялаған болатын. Судья өзінің үзіліс жариялау себебін түсіндірмеді. Үзіліс аяқталған соң сот хатшысы келіп судьяның 16:00-ге дейін сот процесін тоқтатқанын хабарлады. Түстен кейінгі сот отырысында судья өтініштер мен шағымдарға байланысты ешқандай жауап қатпай, іс материялдарын зерттеуді жалғастырды. Адвокаттар өтініш жауабын талап еткен соң, судья кеңесу бөлмесіне кетіп, соттың ертең 11:00-де жалғасатынын мәлімдеді. Іс материалдары бойынша 28 томның 10 томы зерттеліп бітті. Материалдардың заңсыздықтарға толы екенін айтқан адвокаттар Халықаралық ұйымдардан сарапшылар шақыруға мәжбүрміз деп отыр.

Фото әлеуметтік желіден алынды


Мақала авторы:

Мадияр Жалғасұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.