Теміртауда 300 жұмысшы еңбекақыларын ала алмай отыр

Арай Сатыбалдықызы - 27.11.20191607

Теміртау қаласында "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы төңірегінде тағы шу шықты. Бұл жолы осы компанияның мердігер компаниялары «GEBO» ЖШС, «Арсенал Стил» ЖШС, «KZ  IMPEX» ЖШС үш жүзден астам жұмыскері жалақыларын ала алмай отыр. Бұл туралы «Жас Алаш» сайтының  өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Табан ақы маңдай терлерінің өтеуін ала алмай жүрген жұмысшылардың айтуынша, бұл мердігер ұйымдар шығынға ұшырап жабылып жатыр. Ал екі ортада жалданып жұмыс жасаған жұмысшылар жалақыларын ала алмай зар қағуда.Үш мердігер компанияның жұмысшылар алдындағы қарызы 10 млн теңгеден асып кеткен. Жалақыға жете алмаған жұмысшылар жергілікті биліктен көмек сұрағанмен әзірге қайран жоқ.

«Кімге барып жағдайымызды айтарымызды білмей отырмыз. Ешкім шеше алмайтын сияқты ғой. Бізге фирма банкрот болды, басқасына барып жұмыс жасаңдар дейді. Ал ол фирма да қызметкерлеріне ақша бере алмай отыр ғой. Бір сөзбен айтқанда бізді алдап соқты», -дейді мердігер ұйымның жұмыскері Ерлан ТӘҢІРБЕРГЕНОВ.

"Арселор Миттал Теміртау" компаниясының баспасөз қызметі бұл келеңсіздікке өздерінің қатысының жоқтығын айтып, мәселеге мердігер ұйымдар жауапты деп мәлімдеді.Алайда биліктегілер үш жүзден асқан жұмысшылардың  жалақысыз қалуына өндіріс алпауыты "Арселор Миттал Теміртау "компаниясының тікелей ықпал етіп отырғанын айтып отыр. Аталмыш компанияның "GEBO ЖШС , "Арсенал Стил" ЖШС, "KZ  IMPEX "ЖШС мердігерлік ұйымдары жұмыскерлеріне жалақы төлемеген.Қазіргі уақытта биліктегілер "Арселор Миттал Теміртау" компаниясының басшылығымен келіссөздер жүргізуде. Компанияның мердігер ұйымдарға жасалған жұмыстарға орай қаржы аудармауы жағдайды ушықтыра түскен. "Арселор Миттал Теміртау" АҚ даулы жағдайдан кейін мердігер ұйымдарға 30 млн 800 мың теңге қаражат аударған.

«Бұл мәселе ерекше бақылауда. Апта сайын Теміртау қаласы әкімінің төрағалығымен"Арселор Миттал Теміртау" АҚ басшылығының және осы мердігер ұйымдардың қатысуымен жұмыстық топтың жиыны өткізіледі. Мұнда жұмысшылардың жалақысын төлеу мәселесі қарастырылады. Компанияның GEBO ЖШС алдындағы қарызы 5 млн 772 мың теңге. Ал KZ IMPEX ЖШС - не 31 млн 215 мың теңге қаражат көлемінде "Арселор Миттал Теміртау " АҚ берешек болып отыр. Осы аптада компания мердігер ұйымдарға тағы 7 млн  теңге қаражатты аударады»,- деді « Жас Алаш» сайтына  Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Мирас ҚҰТТЫБАЙ.

Фото: azattyq-ruhy.kz

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.