Әбішев ісі: сотқа қатысушылар залдан шығып кетуге мәжбүр болды

Мадияр Жалғасұлы - 27.11.20192866

Экс-шенеунік Ислам ӘБІШЕВ пен Серік ТҮКИЕВТІҢ ісі бойынша өтіп жатқан сот отырысына қатысушылар бүгін залдан шығып кетуге мәжбүр болды. Кешегі сот отырысында адвокаттар тергеу сотының 5 қыркүйек күні шығарған шешімінде айыпталушыларды 15 қыркүйекке дейін ғана тергеу изоляторында ұстауға болатынын көрсетіп, одан бері қос азамат негізсіз қамауда отырғанын мәлімдеген болатын. Дегенмен судья Қажымұқан МЕКЕМТАС бұл шағымға жауап бермеген еді. Осыған орай, Ислам Алмаханұлы судьяға сауал қойғанда, судья «заңды немесе заңсыз деп айта алмаймын» деп жауап қайтарды. Осыдан кейін адвокат Ерлан МӘКЕНОВ мамандандырылған ауданаралық сот кеңсесі арқылы судьяға қарсылық білдірді. Бұл сот басталғалы бері судья Қ.Мекемтасқа жасалған алтыншы қарсылық еді.

«Қылмыстық кодекстің 152-бабы, 4-бөліміне сәйкес қамауда ұстау мерзімі аяқталғанда тергеу изоляторының басшысы азаматтарды босатуы тиіс. Ал олай жасалмағанын білеміз. 319-баптың 5-бөліміне сүйенер болсақ, судья бұлтартпау шарасының негізсіздігі туралы тиісті шешім қабылдауы керек. Өкініштісі, судья Қ.Мекемтас бұл әрекетті де орындамады. Осы жайларды ескере келе, айтпағымыз, 87-баптың 1-бөлімі, 6-тармағына сай судья Қ.Мекемтасқа қарсылық білдіріп, адвокаттардың сеніміне ие болған Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы аудандық сотының судьясы А.Әмірғалиевты осы іс бойынша сотқа судья болуын сұраймыз», - деді адвокат Мәкенов.

Ал прокурор Сүлейменов әдеттегідей бұл шағымға қарсылық білдірді. Адвокаттар мемлекеттік айыптаушыдан Қылмыстық кодекс мәтінінен дәлел келтіруді сұраған. Сот отырысында осы жағдайдан соң прокурор мен адвокаттар арасында сөзге келіспей, диалог болды. Ал судья Қ.Мекемтас шағымды қанағаттандырмайтынын айтты. Қорғаушылар «өзіне түскен шағымды өзі қарайтын судьяны бірінші рет көрдік» деп судьяны мұқатқан прокурор себепсіз залдағы журналистерге шүйлікті. Судья кей журналистердің залдан шығып кетуін талап етті. Бірақ сотқа қатысушылар судьяны "әділетсіз" деп балағаттап, жиналған барлық адам залдан шығып кетті. Жарты сағаттан соң қорғаушылардың өтініші бойынша журналистер мен айыпталушылардың жақтастарын сот залына кіргізуге судья рұқсат берді.

«Бұл судьяға жалынып та отырмыз, барлық өтініш-шағымдарды заңсыз деп тауып отыр. Дәлелімен қаулы шығарыңыз десек, айтқанымыз үшін айыпты қылады», - дейді адвокат Абзал ҚҰСПАН.

Қазіргі кезде сот құрамы іс материялдарына зерттеу жүргізіп жатыр. 28 томдық істің осы уақытқа дейін 10 томы қаралды.

Фото автордікі.

Мақала авторы:

Мадияр Жалғасұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.