Дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға көбейеді

Роза Қараева - 19.11.2019690

2020 жылы 1 қаңтардан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) іске қосылмақ.

Әрине, МӘМС-тің осыған дейінгі әлегі аз болмады. Кезінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметін атқарған Тамара Дүйсенова: «Жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтитындар зейнетақы жарнасын төлемейді. Бұлар 2018 жылдан бастап МӘМС жүйесімен медициналық көмек ала алмайды», – деген болатын. Яғни бұл бастама бойынша жұмыс берушілер, кәсіпкерлер,  өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысы жеткіліксіз болды. Сондықтан үкімет МӘМС  беделіне тағы да нұқсан келтірмеу үшін оны жүзеге асыру мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарауда. Сөйтіп, жүйенің дайындық деңгейін тексеру мақсатында 1 қыркүйектен бастап Қарағанды облысында медициналық сақтандыру пилоттық түрде іске қосылды.

«Пилотты іске асыру үшін бюджеттен қосымша 2,3 млрд теңге бөлінді, соның ішінде профилактикалық қарап-тексерумен консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін жоғарылатуға 1,7 млрд теңге және медициналық оңалтуды кеңейтуге 600 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді», – дейді бұл жөнінде денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Медициналық сақтандыру жүйесін тиімді енгізудің негізгі мәселесінің бірі – еліміздің әр азаматын және бірінші кезекте бейресми жұмыспен қамтылғандарды сақтандыру жүйесіне тарту. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2 миллионнан астам адамның мәртебесі белгіленді. Қазіргі таңда басқа мемлекеттерге көшіп кеткен немесе өлі ретінде саналатын 600 мыңға жуық адамның мәртебесін сәйкес келтіру қажет. Әділет, ішкі істер министрлігі және жергілікті атқарушы органдар аталған жұмыстарды жылдың соңына дейін аяқтайды. Қазіргі уақытта республика бойынша болжамды халықтың 88,1 пайызы сақтандырылған, оның ішінде 10 млн адам жеңілдікті санатқа жатады, 5,4 млн-ы жалдамалы қызметкер, 700 мың жеке кәсіпкер, 200 мың бірыңғай жиынтық төлем төлеуші, қалған азаматтар дербес төлеуші ретінде жүйеге қатыса алады.

Әрине, мемлекет бұрынғыша халықты негізгі медициналық қызметтермен және шұғыл медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Ал сақтандырылған халықтың тегін медициналық көмектен тыс, медициналық көмекті алуға мүмкіндігі бар. Медициналық сақтандыру енгізілген уақыттан бастап әр сақтандырылған тұрғынға жұмсалатын шығындардың көлемі 57,5 пайызға ұлғайып, 87,3 мың теңгені құрайды.

Жалпы алғанда, 2020 жылы денсаулық сақтау саласының бюджеті мемлекет бойынша шамамен 1,5 трлн теңгеге шығады, оның ішінде 500 млрд теңгеден астамы медициналық сақтандыру жүйесі есебінен болады. Яғни қаржыландырудың жалпы көлемі 2019 жылғы деңгейден 1,5 есеге ұлғаймақ. Нақтырақ айтсақ, медициналық көмектің басым түрлерін қаржыландыру келесі жылы 7 есеге, дәрігерлердің еңбекақысы 30 пайызға және орта медицина персоналының еңбекақысы 20 пайызға көбеймек.

Фото: 2018.strategy2050.kz

 

Мақала авторы:

Роза Қараева

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.