Жас қылқалам шебері

Роза Қараева - 19.11.2019926

Алматыда жас суретші Давид Анның «Жасыл. Сары. Көк» деп аталатын көрмесі өтті. 14 жасар алматылық оқушының картиналары осы уақытқа дейін  Францияда өткен көрмелерге қойылып, тіпті Түркия, Өзбекстан, Франция елдерінде сатылған. Бұл – Давидтің алғашқы жеке көрмесі.

«Оның сурет салу өнеріне деген сүйіспеншілігі бала күнінен байқалды. Демалыс күні, ертеңгісін тұрған кезде бұл тықырлап, өз бөлмесінде бірдеңе жасап жатады. Қарасам, ерте тұрып алып, бәрі ұйықтап жатқанда сурет салып жатады. Өзі сондай шабыттанып жүрегімен салады. Сол кезде мен баламның сондай қабілетінің барын байқадым», – дейді Давидтің анасы Эльвира Ан.

Давидтің ерекше қабілетін ЮНИСЕФ және ЮНЕСКО байқауларын өткізіп жүрген мамандар байқап, оның үш үздік туындысын Парижде үлкен көрмеге қойған. Шетел өнертанушылары алғашында сол картиналардың авторы оқушы бала дегенге аса сене қоймапты. Себебі, француз мамандарының пікірінше, Давидтің акрилмен жұмыс жасау техникасы тек кәсіби суретшілерге тән.

«Мен, негізінен, акрилмен жұмыс істегенді ұнатамын. Далаға шығып, табиғатты, айналамда болып жатқан оқиғаларды бақылағанды жақсы көремін. Соны тезірек қағаз бетіне түсіргенше асығамын», – дейді Давидтің өзі.

 Давид көбіне табиғат пейзаждарын суреттейді. Бірақ мына картина өзінің туған әпкесі, «Томирис» фильмінде басты рөлде ойнаған Альмира Тұрсынға арналған. Әпкесі экранда Томирис образын ашуға тырысса, бауыры оның болмысын сурет бетіне түсірген.

«Бауырым дүниеге келген кезде мен 15 жаста едім. Расында, оның бойында үлкен таланттың бары кішкентай күнінде байқалды. Әлі кішкентай болса да, оның суреттері керемет шығатын. Ол қандай керемет картина салғанын өзі де аңғармайтын. Бір кезде інім маған да сурет салудың қыр-сырын үйреткен. Алайда бұл өнерді меңгеру менің қолымнан келмеді. Ол өзі ұяң болғандықтан, жасаған жұмыстарынан шабыт алып, тыныш жүре береді. Ал мен оның атын бүкіл әлем білгенін қалаймын. Себебі ол сол деңгейде жұмыс жасай алып жатыр», – дейді Альмира Тұрсын.

Бір қызығы, бұл көрмедегі картиналарда тақырып жоқ. Себебі әрбір келуші әр туындыдан жанына жақынын көреді.

Давид болашағын шұғылданып жүрген сүйікті ісімен байланыстырғысы келеді. «Тоғызыншы сыныптан кейін Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсуді жоспарлап жүрмін. Қазіргі уақытта екіұшты ойдамын: сурет өнері бойынша мықты маман болғым келеді және екінші жағынан, автомобиль дизайнері болсам деймін», – деп, жас қылқалам шебері алға қойған жоспарларымен бөлісті.

Адамға талант туа бітеді. Қабілет туа беріледі. Ал оны ұштау алдымен ата-анаға, кейін баланың өзіне байланысты болса керек. Жастайынан өнерімен танылып келе жатқан жас дарын ел мәдениетіне үлес қосар тұлға болар деп үміттенеміз. Бір айта кетерлігі Үкімет қабылдаған мәдени тұжырымда бойынша елімізде жас таланттарды қолдайтын шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Бұл көрме де соның айқын көрінісі.

Мақала авторы:

Роза Қараева

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.