Рекорд қайталанады

Есей Жеңісұлы - 19.11.2019953

Сан-Марино Қазақстан 1:3

ГолдарБерарди, 77 – Зайнутдинов, 6, Сүйімбаев, 22, Щеткин, 26

Ескерту Палацци, 54, Симончини, 85, Берарди, 90 – Мирошниченко, 32, Тағыберген, 45

Сан-Марино: Бенедеттини, Палацци, Симончини, Баттистини, Грандони (Чеккароли, 80), Бролли, А.Голинуччи (Лунадеи, 60), Е.Голинуччи, Муларони, Берарди, Нанни (Хирш 64)

Қазақстан: Непогодов, Вороговский (Мирошниченко, 18), Марочкин, Малый, Шомко, Сүйімбаев, Қуат, Исламхан, Зайнутдинов, Тағыберген (Федин, 65), Щеткин (Әйімбетов, 73)

Төреші – Ә.Палабійік (Түркия)

16 қараша«Сан-Марино» стадионы, Серравалле

Euro-2020 іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы түскен І тобында мәселе әлі толық шешілген жоқ. «Ер Төстігім бір төбе» – Бельгия мен Ресей, «тоғыз ұлым бір төбе» – Шотландия, Кипр және Қазақстан болып тұр. Ал Сан-Марино құрамасы үшін бұл іріктеу кезеңінде қарсыластар қақпасына бір доп соғу басты меже болғаны анық. Қазақстан аутсайдерлерді сондай арманына жеткізді.

Бұл турда Бельгия құрамасы сырт алаңда Ресейді 4:1 есебімен ойсырата жеңіп, талассыз көшбасшы екенін дәлелдеді. Бельгиялықтар тоғыз кездесудің бәрінде жеңіске жетті және 2020 жылғы Еуропа біріншілігіне бірінші жолдама иеленген команда болды.

Қазақстан құрамасы бұл ойында өз тарихындағы бір рекордты қайталады. 2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде отандастарымыз 14 ойында 10 ұпай жинаған еді. Содан кейінгі іріктеулердің барлығында дерлік бұл меже бізге бағынған жоқ. Міне, чех маманы Михал Билектің басшылығымен биыл құрама Сан-Мариноны – екі рет, Шотландияны бір рет жеңіп, Кипрмен сырт алаңда тең ойнап, 12 жыл бұрынғы рекордын қайталады. Бүгін сырт алаңда Шотландиядан бір ұпай болса да жырып қалса, онда осы рекордын жаңартады.

Әрине, бұл іріктеу кезеңінде Қазақстан бірсыдырғы ойын өрнегін көрсетті деуге болмайды. Отандастарымыз алғашқы кездесуде Шотландияны 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, сенсацияға лайық жаңалық жасаса, артынша-ақ өз алаңында Ресейден 0:4 есебімен жеңілді. Тіпті көш басындағы Бельгиямен және Ресеймен үзеңгілес өнер көрсетуге жарамады десек те, Шотландиямен және Кипрмен үшінші орынға таласуға жарағаны да көңілге медет болып тұр. Өз алаңымызда Кипрден жеңілгеніміздің өкініші зор. Бұл кездесуде Қазақстан бірінші болып есеп ашқан еді. Негізгі қарсыластан жеңілмегенде, қазір үшінші орынға табан тіреудің мүмкіндігі көп болар еді.

Бүгін астана уақытымен сәрсенбіге қараған түні өтетін кездесуге қорғаушы Ян Вороговский қатыса алмауы мүмкін. Ол Сан-Мариномен ойында жарақат алып қалды.

Сан-Марино – Қазақстан кездесуіндегі деректер:

а) Қазақстан құрамасы өз тарихындағы 200-ші (екі жүзінші) кездесуін өткізді;

ә) Қазақстан құрамасы өз тарихындағы 48-ші (қырық сегізінші) жеңісіне қол жеткізді;

б) Бақтияр Зайнутдинов құрама сапындағы бесінші добын соғып, құрама мергендерінің үздік ондығына енді. Бақтиярдың алдында Р.Балтиев (13 доп), В.Зубарев (12), Д.Бяков пен С.Хижниченко (8), Н.Жұмасқалиев (7), О.Литвиненко, И.Авдеев, С.Остапенко (6) бар;

в) Қазақстан құрамасы өз тарихында сырт алаңда жетінші рет жеңіске жетті;

г) Бұл кездесуде қақпашы Д.Непогодов құрама сапындағы – 10-шы, шабуылшы А.Щеткин 30-шы ойынын өткізді.

Финляндия: тұңғыш рет Euro-ға шықты

Euro-2020 іріктеу кезеңінің тоғызыншы турында құрлық біріншілігінің финалдық кезеңіне шыққан тағы бірнеше құрама белгілі болды. Жалпы, қазір финалистердің 17-сі белгілі. Олар:

А тобы. Англия, Чехия. Англия құрамасы бұл іріктеу кезеңінде Чехиядан ғана жеңілді. 11 қазанда чехтар Прагада 2:1 есебімен басым түсті. Чехия 1996 жылдан бері дербес мемлекет ретінде Еуропа чемпионатының финалдық кезеңдеріне үзбей қатысып келе жатыр. Осы іріктеу кезеңінде бұл құрама үш ойында жігерлі жеңіске жетті. Мұндай жетістік басқа ешбір командада жоқ.

В тобы. Украина, Португалия. Украина құрамасы өз тарихында бірінші рет Еуропа біріншілігіне тікелей жолдама алды. 2012 жылы жарысты өткізуші ел ретінде қатысқанда, қазіргі бас бапкері Андрей Шевченко екі гол авторы атанған еді. Ал Португалия соңғы турда Люксембургтен 2:0 есебімен басым түсіп, Сербияны жолда қалдырды. Криштиану Роналду құрама сапындағы 99-шы голын соғып, әлем рекордшысы Әли Даеиге (Иран, 109 доп) жақындады.

С тобы. Голландия, Германия. Голландия құрамасы алты жыл үзілістен кейін ірі турнирлердің финалдық кезеңіне оралды. Соңғы рет олар 2014 жылғы әлем чемпионатына қатысқан-ды. Ал Германия қатарынан 13 (он үшінші) рет Еуропа чемпионатына жолдама алды. Мұндай көрсеткіш құрлықтағы басқа ешбір құрамада жоқ. Оның үстіне бас бапкер Йоахим Лөв жаттықтырғалы германиялықтар Еуропа чемпионатында ширек финалдан төмендеп көрген емес.

Е тобы. Хорватия. Әлемнің вице-чемпиондары топтағы қарсыластарынан анағұрлым ұзап кетті. 2018 жылғы әлемдік додадан бері бұл құрамаға тоғыз жаңа футболшы қосылды. Ал Венгрия, Уэльс және Словакия құрамалары қалған жалғыз жолдамаға таласады. Венгрия өз алаңында – Уэльспен, Словакия Әзірбайжанмен кездеседі.

F тобы. Испания, Швеция. Испания биылғы іріктеуде де ешбір қарсыласынан жеңілген жоқ. Еуропа біріншілігіне іріктеу кезеңдерінде 2014 жылдың қазан айынан бері сәтсіздікке тап болған жоқ. Соңғы рет испандар сол жылы 9 қазанда сырт алаңда Словакияға 1:2 есебімен есе жіберді. Швеция құрамасы қатарынан алтыншы рет Euro-ға жолдама алды.

G тобы. Польша, Австрия. Польша 2008 жылдан бергі Еуропа чемпионаттарының финалдық кезеңіне үздіксіз қатысып келеді. Оған дейін мүлде шыға алмаған болатын. Австрия құрамасы 2008 және 2016 жылы құрлық додасына қатысып, топтан шыға алмады. Алты ойында екі рет қана тең ойнады. Келесі жылы үшінші рет бақ сынайды.

Н тобы. Франция, Түркия. Франция құрамасы 2016 жылы өз елінде өткен құрлық додасында күміс жүлде иеленген еді. Содан кейін Дешам шәкірттері 2018 жылғы әлем чемпионатын жеңіп алды. Алдағы турнирге де басты фавориттердің бірі ретінде қатыспақ. Ал Түркия құрамасы құрлық додасына бесінші рет жолдама алды.

І тобы. Бельгия, Ресей. Бельгиялықтар Қазақстан құрамасы қатысқан І тобында мықты екенін бірден дәлелдеді. Олар тоғыз кездесудің бәрінде жеңіске жетіп, өз қақпасына екі доп қана жіберді. Қазіргі доп айырмасы – 34:2. Соңғы турда бельгиялықтар өз алаңында Кипрды қабылдайды. Бұл ойында да тізгін тартпаса, олар іріктеу кезеңінде ешқандай ұпай жоғалтпайды. Ресей құрамасы бұл іріктеу кезеңінде қатарынан жеті ойында жеңіске жетіп, өз рекордын қайталады.

J тобы. Италия, Финляндия. 2018 жылғы әлем чемпионатына жолдама ала алмаған соң, Италия құрамасы үлкен өзгерістерге бел буды. Роберто Манчини тізгінді қолға алған соң, «скуадра адзурра» іріктеу кезеңіндегі тоғыз кездесуде де қарсыластарын тұқыртты. Қатарынан 10 ойында жеңіске жетіп, құрама рекордын жаңартты. Ал Финляндия өз тарихында тұңғыш рет ірі турнирлердің финалдық кезеңіне жолдама алып отыр. 15 қарашада өз алаңында Лихтенштейнді 3:0 есебімен жеңіп, Еуропа додасына жолдама алған соң, Хельсинкиде ұлттық мереке басталып кетті.

Мәселесі шешілмеген жалғыз топ – D тобы. Мұнда Дания (15 ұпай), Швейцария (14), Ирландия (12) құрамалары екі жолдамадан үмітті. Соңғы турда Ирландия өз алаңында Данияны қабылдайды. Ал Швейцария аутсайдер Гибралтармен сырт алаңда кездеседі.

Мақала авторы:

Есей Жеңісұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.