Серік Сәпиев: Допинг заңына ең алдымен басшылар мүдделі болуы тиіс

Есей Жеңісұлы - 19.11.20193095

Келесі жыл спорт жанкүйерлері үшін маңызды болмақ. Өйткені Жапония астанасы Токио қаласында төртжылдықтың басты додасы – олимпиада ойындары өтеді. Осы ретте, бокстан Лондон олимпиадасының чемпионы, мәдениет және спорт министрлігінің денешынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Серік Сәпиевпен кездесіп, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Комитетке келгеніңізге тоғыз ай болыпты. Атап айтарлықтай  жетістіктеріңіз бар ма?

– Тоғыз ай көп те, аз да уақыт емес. Белгілі бір жетістіктеріміз бар.  Боксшылар әлем чемпионатынан жүлделі оралды. Жаңа чемпион шықты. Өзге спорт түрлерінен де жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Комитет жергілікті басқару органдарымен тығыс байланыс орнатқан. Әртүрлі спорттық жарыстар өткізіп жатырмыз. «Жастар жылы» аясында Qazaqstan Jastat Fest спорттық жастар фестивалін қолға алдық. Алдымен астанадан  бастау алып, эстафета Алматы қаласына берілді. Қазіргі кезде еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып жатыр.

Біз дайындаған допингке қарсы тәртіпті қатаңдату туралы заң жобасын мәжіліс мақұлдады. Қазір сенатқа жіберілді.

Өзіңіз осы заң жобасын дайындауға қатыстыңыз ба?

– Иә, қатыстым. Бұл заң жобасы қолға алынған кезде мәжілісте депутат едім. Осы заң жобасын дайындаған жұмыс тобына жетекшілік жасадым. Одан кейін денешынықтыру және спорт комитетіне ауыстым. Заң жобасы талқыланған кезде мәдениет және спорт министрінің өкілі ретінде парламентке барып жүрдім. Яғни екі тараптан да бұл заң жобасына өз үлесімді қостым деп ойлаймын. Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдаған жоқ, одан кейін барып мақұлдады.  

– Бұл заң жобасы допинг қолданатындарға тоқтау сала ала ма?

– Заңның қабылдануына бірінші кезекте басшылық мүдделі болуы керек. Өйткені бұдан біз жапа шегеміз. Бір спортшы допингпен ұсталса, министрліктің атына кір келеді, имиджіне әсер етеді. Спортшы да қиналады. Допингпен ұсталса, дисквалификация алады. Жазасын өтегеннен кейін бұрынғы формасында бола ма, жоқ па, ол жағы да белгісіз ғой. Сондықтан заң жүзінде жаза қатаң болса, оны қолданбас бұрын, спортшы ойланар еді. Заң жобасын дайындау кезінде спортшыларға берілетін үйді және сыйақыны қайтарып алу көп талқыланды. Мемлекет бюджеті де резеңке емес. Тек соған лайықтылар алу керек. Егер спортшы жарысты допингтің көмегімен жеңетін болса, яғни ол допингке қарсы заңды бұзғаны. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, мысалы, екеуміз велосипедпен жарысып келе жатырмыз. Бір кезде сен моторды қосып, жылдамдықты арттырасың әрі аяғынды демалтып аласың. Ал өз күшіммен жүріп келе жатқан мен шаршап-шалдығып, мәреге әзер жетемін. Сондай жолмен жеңіске жеткен адамға мұндай награда беру әділетті ме? 

Бұл заң жобасын қабылдау біз үшін үлкен жетістік. Біз таза спорт үшін күресеміз. Бүкіләлемдік допингке қарсы ұйым (WADA) барлығын мұқият бақылап отыр. Олар осындай заңды қандай елдер қабылдағанын ескереді. Сондай-ақ Қазақстанда аккредитациядан өткен лаборатория болғанын қалаймыз. Сол кезде спортшылардың допинг-сынамаларын өзіміз тексере алатын едік. WADA-ның бірнеше талабы бар, соны орындауымыз керек.  Ол талаптар орындалмаған соң, Алматыдағы лабораторияның аккредитациясын алып қойған. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, аккредитациядан айырылып қалған жалғыз Қазақстан емес, Орталық Азия елдері мен Ресей де бар.

– 2020 жылы Жапония астанасы Токио қаласында жазғы олимпиада ойындары өтеді. Дайындық қалай?

– Бүгінгі таңда Ұлттық олимпиада комитетімен бірлесіп, дайындықтың кешенді жоспарын құрдық. Оқу-жаттығу жиындары қайда өтетіні толық анықталды. Олимпиада ойындары 2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығына жоспарланған. Басты мақсат – көбірек олимпиада лицензиясына қол жеткізу. Биыл Қазақстан спортшылары олимпиадалық спорт түрлерінен 28 әлем чемпионатына, 19 Азия біріншілігіне және 12 әлемдік іріктеу додаларына қатысты. Енді келесі жылы үш әлем чемпионаты, 19 Азия чемпионаты және 18 әлемдік турнир бар. Оның бәрінде жолдама үлестіріледі. Әзірге құрама қоржынында 25 жолдама бар. Біз жолдама санынан Рио олимпиадасындағы көрсеткіштен төмен түспейміз деп ойлаймыз (104 лицензия болған).

Қазіргі кезде әлемдік спорт сайттары олимпиада ойындарының болжамдарын жасап жатыр. Ал сіз кімдерден үміт күтесіз?

– Токио олимпиадасында 10 медальдан асып түсеміз деп ойлаймын. Оның ішінде кемі үшеуі алтын болуы тиіс. Бірінші кезекте өткен жазғы олимпиада ойындарында (Рио) медаль алған спортшылардан үміт күтеміз. Әсіресе құрама көшбасшылары Дмитрий Баландин, Ольга Рыпакова секілді ресми жарыстарда жүлде салып жүрген спортшыларға аса қатты сенім артамыз. Олардың көрсеткіштері жақсы екенін қазір түсініп отырмыз. Жекпе-жек түрлерінен, бокстан медальді көптеп алармыз деген үміт бар. Биыл елімізде күрес түрлерінде алғаш рет әлем чемпионатын өткіздік. Сол жарыста жүлдеге іліккендерден де үміт күтуге болады. Нақты есімін айтатын болсақ, Нұрислам Санаев пен Мейрамбек Айнағұловтың бабы жақсы. Спорттық құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллинді де осы тізімге қосуға болады.

– Өзіңіздің ізбасарларыңыз, яғни боксшылардан чемпион атануға үміттілер бар ма?

– Құрамада көшбасшылар бар. Осыған дейін қатарынан төрт олимпиада ойындарында 69 келіде алтынды ешкімге берген емеспіз. Қазіргі кезде бұл салмақтың көшбасшысы – Абылайхан Жүсіпов. Ол қатарынан екі әлем чемпионатында жүлдеге ілікті. Сондай-ақ 91 келіге дейін салмақтағы Василий Левит, ауыр салмақтағы команда капитаны Қамшыбек Қоңқабаев және жақында әлем чемпионы атанған 81 келідегі Бекзат Нұрдәулетовті айтуға болады. Сондай-ақ 2017 жылғы әлем чемпионы, 56 келідегі Қайрат Ералиевті де тізімнен шығарып тастауға әлі ерте. Ол соңғы сөзін әлі айтқан жоқ.

Жыл сайын бокстан жасөспірімдер арасында олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған турнир өтеді. Биыл бұл жарыс қашанға жоспарланып отыр?

– Биыл менің атымдағы турнир Қазақстан чемпионатының алдындағы зоналық іріктеу жарысы ретінде өтеді. Турнирдің ашылу салтанаты 24 қарашаға жоспарланған. Болашақта халықаралық деңгейде ұйымдастырғымыз келеді. Бірақ оған бірінші кезекте қаржы керек, демеуші табу қажет. Егер ондай мүмкіндік туындап жатса, турнирдің деңгейін көтеріп, халықаралық дәрежеде өткізуге дайынбыз. Өйткені елімізде кіші жасөспірімдер арасында халықаралық турнирлер жоқ. Сондықтан олардың өзге елдің боксшыларымен Қазақстанда кездесіп, тәжірибе жинақтауларына жағдай жасағым келеді. Алдағы уақытта олимпиада чемпионы Серік Сәпиевтің жүлдесіне арналған турнирдің мерейтойлық, яғни 10-шы маусымы (биыл 8-ші рет өтеді) халықаралық деңгейде өтеді деп үміттенемін. Оған жоспар да бар. Өзім әлемнің бокс державаларының басшыларын жақсы танимын. Оларға хабарласып, команда жіберулерін өтіне аламын.

– Қарағанды облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі жақында 50 жылдық мерейтойын атап өтті. Кезінде өзіңіз де осы мектептен түлеп ұштыңыз ғой...

– Жоғары спорт шеберлігі мектебінің тарихы тереңге кеткен. Юрий Зайцев (ауыр атлетика), Виктор Мазин (ауыр атлетика), Владимир Муравьев (жеңіл атлетика) секілді олимпиада чемпиондары, Геннадий Головкин, Дмитрий Карпов және өзге олимпиада, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері шыққан. Алдағы уақытта осы дәстүр жалғаса бергенін қалаймын. Жоғары спорт шеберлігі мектебін мерейтойымен құттықтаймын!

– Соңғы жылдары Қарағанды бокс мектебі бұрынғы позициясынан айырылып қалды. Қазіргі кезде ұлттық құрамада Абылайхан Жүсіповтен өзге боксшы да жоқ. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Буын алмасу процесі дұрыс жүргізілмеген секілді. Ұлттық құрамада жалғыз ғана боксшы жүру, бұл енді, тоқырау деп түсінемін. Облыстың құрама командасы Конфедерация кубогына қатысып жатыр. Жақында жартылай финалға жолдама алды. Бұған мен қуанамын. Командалық сайыста Қарағанды көшбасшылар қатарында. Сол боксшылар арқылы болашақта чемпиондарды тәрбиелеуге болады.

Қазіргі тоқыраудың жүріп жатқаны бапкерлерге байланысты. Кезінде біздің буынды жаттықтырған бапкерлердің көбісі зейнет жасына жеткен. Кейбіреуі басқа елдерге жұмыс істеуге кеткен. Ал олардың ізін басатын жастар шықпай жатыр.

 – Ал сіздің жеке бапкеріңіз Александр Стерльников қайда жүр?

– Бапкерім жұмысын жалғастырып жатыр. Абай мен Қарағандыдағы боксшыларды дайындауға көмектесіп жүр.

– Олимпиада чемпионы Александр Винокуров жақында Ironman-ға қатысып, 40 жастан асқандар арасында әлем чемпионы атанды. Сізде мұндай жоспар жоқ па?

– Егер денсаулығым  жарап жатса қатысар едім. Келесі жылы елордада Ironman-ның толық түрінен жарыс өтеді. Сол кезде бағымды сынап көргім келеді. Қазір менде аздаған жарақат бар. Әйтпесе биыл-ақ қатысуды ойлағанмын. Жазылып кете алмадым.

Маған сол үш сайыстың ең қиыны – 180 шақырымға жарысатын велосипед тебу болып тұр. Жүгіру де оңай емес. Себебі марафон ең соңында. Ол кезде адам шаршайды.  

– Жақында жеңіл атлетикадан ұлттық құраманың тізгінін Афины олимпиадасының қола жүлдегері Дмитрий Карпов ұстады. Шыны керек, дәл қазір Қазақстан жеңіл атлетикасы тоқыраудан шыға алар емес. Осы ретте, Карповтың «спорт падишасы» саналатын жеңіл атлетиканы көтеруге шамасы жете ме?

– Дмитрийдің мемлекеттік қызметте тәжірибесі бар. Осыған дейін Қарағанды облыстық денешынықтыру және спорт басқармасын басқарды. Енді бапкерлік қызметке кірісіп жатыр. Жеңіл атлетикада аздаған проблема бар екені рас. Бірінші кезекте балалар және жасөспірімдер жеңіл атлетикасы тоқырап тұр. Ал Карповқа келетін болсақ, ол барлық кезеңнен өткен адам. Бала кезден осы жеңіл атлетикамеен айналысып, олимпиада ойындарының жүлдегері атанды. Одан кейін басшылық қызметтер атқарды. Мені бір қуантатыны – Дмитрий онсайыс шебері. Яғни жеңіл атлетиканың барлық түрінен хабары бар. Нормативтерді қалай орындау керектігін, техникалық шеберлікті жетілдіру тетіктерін жақсы біледі, түсінеді. Сондықтан спортшыларға пайдасы көбірек тиеді деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рақмет.

Фото: novoetv.kz     

Мақала авторы:

Есей Жеңісұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Диқандар неге ашулы?

Сайт Әкімшілігі

Диқандар неге ашулы?

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

Сайт Әкімшілігі

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

Сайт Әкімшілігі

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

Сайт Әкімшілігі

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

Сайт Әкімшілігі

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Сайт Әкімшілігі

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Сайт Әкімшілігі

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Сайт Әкімшілігі

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Сайт Әкімшілігі

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Сайт Әкімшілігі

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Сайт Әкімшілігі

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт Әкімшілігі

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Сайт Әкімшілігі

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Сайт Әкімшілігі

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

Сайт Әкімшілігі

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды