"Архив – тұнған саясат"

Роза Қараева - 19.11.20191820

ҚР Орталық мемлекеттік архиві директорының орынбасары, Мәрзия ЖЫЛЫСБАЕВА сұхбат.

– Архив – өткен дәуірлер мен бүгінгі күннің және болашақтың түйіскен тұсы. Соның арқасында кезеңдер арасындағы байланыс, қоғамдық өмір мен мәдениет дамуының шежіресі сақталады. Еліміздің мұрағат ісі саласындағы көрнекті мекемесі – Орталық мемлекеттік архив екені анық. Жалпы, мұрағат ісі бүгінде қаншалықты маңызды, оның қоғамдағы орны, салмағы қандай?

– Негізі, архивтің пайда болуы өркениеттің пайда болуымен тікелей байланысты. Архивте дәуірлер тынысы бар, яғни ол – әртүрлі кезеңдердегі саяси-әлеуметтік, мәдени оқиғалар мен түрлі құбылыстарға қатысты ақпараттық, деректік құжаттардың қайнар көзі. Оның маңызы да сонда. Архив ісі дамуының деңгейі тарихи таным үдерісіне ықпал етеді. Соның нәтижесінде қоғамдық сана өседі. Мемлекеттің дамуы барысында көп нәрсені қалпына келтіруге болады, ал архив материалдары жойылса, жоғалса, оны қалпына келтіру, орнын толтыру мүмкін емес. Сол себепті де архив – баға жетпес байлық.

Адамзат тарихында жинақталған рухани-мәдени құндылықтардың жоғалуына жол беруге болмайды. Кез келген халықтың теңдессіз мәдени байлықтары бар. Солардың қайсысының болсын құндылықтарын жоғалту бүкіл адамзатқа зиян, ал ұлттың өзі үшін тіпті орны толмас өкініш.

– Қазақстан ұлттық архивінің ашылғанына бір ғасырға жуықтапты. Тамыры тереңде жатқан іргелі мекемеде жинақталған тарих та мейлінше бай әрі жан-жақты болса керек...

– Қазақстан Республикасы мәдениет министрлігі Орталық мемлекеттік архивінің тарихы сонау 1921 жылы 1 қыркүйекте Орынборда құрылған өлкелік архивтен басталады. Мекеме содан бері қазақ мемлекетіне жұмыс істеп келе жатыр. Әрине, тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде атауын өзгерткен, бізден басқа да архивтер бар. Мысалы, Астанадағы Ұлттық архив. Ол тәуелсіздіктен бері қарайғы  кезеңдегі, халқымызға қатысты құжаттарды жинақтаумен айналысады. Оған жоғарғы билік, министрліктер, сонымен қатар жергілікті жердегі, ұлттық негіздегі қорлар кіреді. Ал біз XVI ғасырдан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі аралықтағы құжаттарды сақтап отырмыз.

Жалпы, мемлекеттік архивті құру ісінде С.Сейфуллиннің еңбегі ерекше болғанын айта кету керек. Ол кісі жергілікті жерлердегі архивтерді бір орталыққа жинақтау жөнінде хаттар жазып, көп еңбек етті. Сөйтіп, алғаш рет 1927 жылы Бөкей ордасының тарихы әкелінді. Аймақтық тарихты жинақтау үлкен көрегендік болды. Өйткені жергілікті жерлердегі архивтерде құжаттарды тонау, ұрлау, отынға пайдалану жағдайлары болғаны жазбаларда сақталған. Мұның сыртында, билік ауысқан кезде ол келесі топқа өзінің құжаттарын бергісі келмейтіні белгілі. Сондай себеппен құжаттарды өртеу оқиғалары да кездескен.

– Мысалы, қай жерде?

– Атап айтсақ, азамат соғысы тұсында Орал облыстық басқармасының құжаттарын казактар жойып жіберген. Сондықтан ол қор бойынша қазір бізде үш-ақ іс сақталған. Сол кезеңдегі саяси жағдайларға байланысты мұндай жайттар әр жерде орын алып жатты. Жоғарыда айтқанымдай, Сәкен Сейфуллиннің араласуымен өңірлердегі құжаттар мүмкіндігінше тез арада Орталық мұрағатқа жиналды.

Орынбордан кейін архив Қызылордаға, одан Алматыға көшірілді. Алғашында, әрине, қолайлы жағдай болған жоқ. Тек 1962 жылы архив мекемесіне лайықталып салынған арнайы ғимаратқа қоныстанды.  Әртүрлі кезеңдік құжаттармен қатар, кино-фотодеректер, жобалық сызбалар, мемлекеттік ірі тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен ақын-жазушылардың жеке қорлары жинақтала бастады. Соның негізінде 1974 жылы Орталық архив мамандарының ұсынысымен екі архив құрылды. Оның бірі – қазіргі ғылыми-техникалық архив. Мұнда көбінесе ғылыми-зерттеу институттарының жобалық құжаттары сақталады. Екіншісі – кино, фото және дыбыс жазбалары құжаттары архиві. Бұл да сол кездегі архив қызметкерлерінің мықты маман болғанын көрсетеді. Сол тұста мұнда қағаз құжаттарды қалпына келтіру, түптеу, биологиялық, химиялық қоспалармен тазарту жұмыстарымен айналысатын зертхана іске қосылды. 

 Бір айта кетерлігі, революциядан бұрын да, Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында да біздің оқыған, көзі ашық азаматтарымызды тілмаштықтан арыға көтерген жоқ. Соның салдарынан өткен ғасырдың орта шеніне дейін архив саласында ұлттық мамандар саусақпен санарлықтай ғана болды.

– Ұлт тарихына қатысты бірқатар маңызды құжаттардың жойылуына мұның да әсері болған болар...

– Көптеген құжаттардың жойылуына кеңестік биліктің оларды «бай-кулактардың ісі» деп тануы себепкер болды. Олардың ішінде төте жазумен жазылған қағаздар, сыртқы саясатқа қатысты басқа да құжаттар болуы мүмкін. Мен өзім Ахмет Байтұрсыновты қазақ тілінің маманы ретінде, жойылатын құжаттарды қарап шығуға араластырғаны жөнінде бір дерек кездестірдім. Хан, сұлтандарымыздың хаттары, сол сияқты ұлт тарихы үшін маңызы зор басқа да кейбір жазба деректер соның арқасында сақталып қалды ма деп ойлаймын. Кім біледі, «саясатқа қатысы жоқ» деп, талай құнды құжатты жойғызбай алып қалған шығар.

– Бірақ кейіннен Алаш арыстары қатарында Ахмет Байтұрсыновтың өзі де репрессияға ұшырады. Сол кезде ол кісінің өзіне, сондай-ақ араласқан жұмысына, атқарған қызметіне қатысты талай нәрсе қайта «сұрыпталуы» мүмкін ғой...

– Қалай дегенмен де, Ахмет Байтұрсынов та, онымен иықтасып қатар жүрген өзге Алаш қайраткерлері де өз заманында саяси-әлеуметтік және оқу-ағарту салаларында қызмет атқарған, үкіметте, ғылыми кеңестерде өздерін көрсеткен ықпалды тұлғалар болғандықтан, оларға қатысты құжаттарды түгелдей жою мүмкін болмады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін архив мамандары тарихшы ғалымдармен бірлесе отырып ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінге, Алашорда қайраткерлеріне, жекелеген тұлғаларға қатысты көптеген ақтаңдақтарды ашып үлгерді. Сонымен бірге көптеген ғалымдар мен жазушылардың да атағы шықты. Олардың бәрі көктен түскен жоқ, осы архив құжаттарымен жұмыс істеу арқылы танылды.

– Алаш қайраткерлерінің жеке қоры қаншалықты сақталған?

– Негізінен, сақталмаған. Олардың мұраларын тек зерттеу, іздестіру арқылы ғана табуға болады, онда да бәрін бірдей емес.     

– Бұл тұрғыдан алғанда, архив – тек ескі құжаттарды жинақтайтын орын емес, зерттеу, зерделеу жұмысымен айналысатын іргелі ғылыми мекеме. Солай емес пе?

– Әрине. Архив мамандары кешегіні бүгінге, келешекке жеткізумен ғана емес, жинақтау, жариялау, сараптаумен да айналысады. Біз әртүрлі оқиғалар, мәселелер, жекелеген тұлғалар бойынша кішігірім буклеттен бастап, кітаптар, үлкен жинақтар да дайындаймыз. Оған, мысалы, Бөкей ордасы, Исатай–Махамбет көтерілісі жөніндегі кітаптарды айтсақ болады. Алдағы уақытта Ұ.Құлымбетовқа, Н.Оңдасыновқа байланысты кітап шығарсақ дейміз. Архивтің топтама құжаттары негізінде өзге де жинақтар дайындау ойда бар.   

– Қандай тақырыпта, қандай еңбек шығару керектігі қалай шешіледі: арнайы тапсырыспен бе, әлде архивтің ағымдық жоспары аясында ма?

– Оны кейде өзіміз анықтаймыз, кейде ғалымдар тарапынан ұсыныс болады, сондай-ақ белгілі бір тұлғалардың ұрпақтары да келуі мүмкін. Сосын, архивтегі соған қатысты құжаттардың көлеміне қарай шешеміз. Өйткені  бәрінің бірдей қоры жоқ. Жалпы, 350-ден астам жеке қор бар. Ең көлемдісі – ҚР Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті, академик Қаныш Сәтпаевтың қоры. Ол 7000-нан астам істі құрайды.

Архивтік құжаттарға қарап отырып қазақтың небір ұлтшыл, намысшыл, батыл азаматтары жайлы білеміз . Мысалы, Жақып Ақбаев. Сонау 1905-06 жылдары патшалық Ресей билігінің отарлау саясатына қарсылық танытқан. Қазақтың небір шұрайлы жерлерінің келімсектерге күшпен алынып, беріліп жатқанын ашық айтқан. Соған байланысты, мысалы, орыс экономистерінің қорғану мақсатында газетке «некий казах» деп менсінбей жазған мақаласын да көрдік.

– Сіздің архив саласында жұмыс істеп келе жатқаныңызға 30 жылдай болыпты. Алғаш көрген кезде өзіңізге қатты әсер еткен құжат есіңізде ме?

– Мен архивке жұмысқа тарихтың ақтаңдақ беттері енді ғана ашыла бастаған кезде келдім. Бүгінде есімі жұрттың бәріне мәлім небір көрнекті тұлғалар, аяулы Алаш арыстары, тарихымыздағы нәубетті, зұлматты оқиғалар алдымыздан шықты. Университетте оқығанымызбен, бұрын оның бірін де естімегенбіз, білмегенбіз. Сосын, әрине, оларға қатысты құжаттардың қай-қайсысы болса да, қатты әсер етті.

Одан кейін репрессияға ұшыраған атамның аты-жөнін көргенде үлкен тебіреністе болдым. Кейін хан-сұлтандарымыздың жазбаларымен танысқанда «қандай керемет дүние» деп, әсерден арыла алмадым.

Негізі, архив қорында XVI ғасырдан бері қарайғы уақытқа тән 1,5 млн құжат бар. Оның қайсысының қандай маңызы, ерекшелігі барын айтып, жазып, жариялау, бір жағынан, мүмкін емес.

– Қазақ тарихына қатысты құжаттарды іздестіру мақсатында шетел архивтеріне шығу әрекеттері қашаннан басталды?

– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары архив ісін дамыту деген бағдарлама болды. Ол кезде қарапайым қызметкерміз. Одан кейін «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шетелдерге шығып, архивтік құжаттардың көшірмесін жинақтай бастадық. Ресейден, Египеттен құжаттар әкелдік.

– Онда да бәрін емес дейсіз ғой...

– Әрине. Әр елдің ішкі-сыртқы саясатына орай, берілетін де, берілмейтін де құжаттар бар. Алған күнде де көшірмесін, онда да мемлекеттен бөлінетін қаржыға арнайы сатып аламыз. Жетпіс жыл отар болғанның салдарынан тарихымызға қатысты көптеген құжаттар әлі де Ресейде. Қытай мен Өзбекстан архивін мүлде жабық ұстап отыр. Келіссөздер болып жатыр.

– Ал көрші мемлекеттердегі құпия қорларда қазақ тарихына қатысты қандай құжат, дерек немесе басқа да материал барын білу мүмкін бе? Құпия қорлардағы құжаттардың библиографиясы, тізімі бола ма?

– Жоқ, ондай ақпарат берілмейді. Себебі ол – әр мемлекеттің ішкі жағдайы. Оны талап етуге дәрмен жоқ. Көрсетем десе көрсетеді, көрсетпеймін десе, өз еркі.            

– Ондай аса құпия құжаттар Орталық мемлекеттік архивте де бар ма?

– Бар, бірақ соншалықты көп емес. Біз осыдан екі жыл бұрын соңғы құпиясыздандыру жұмысын жүргіздік. Ол 1939-45 жылдар арасындағы әскери комиссариат құжаттарына қатысты. Әрине, ондай жұмысты жүргізу де оңай емес. Біз өз тарапымыздан өткізбейміз. Кезіндегі мекемелердің бүгінгі заңды мұрагерлерімен біріге отырып жұмыс істейміз.

– Демек, қол астындағы қандай да бір құжатты архив өздігінен жариялай алмайды ғой?

– Иә. 1998 жылы 22 желтоқсанда бізде тұңғыш рет «Ұлттық архив қоры және архивтер» атты заң қабылданды. Сол заңды сақтай отырып қана жұмыс жасаймыз. Жалпы,  Еуропа мен Азия елдерінің архив ісі бойынша жұмыс істейтін, халықаралық ұйымы бар, «Евразика» деп аталады. Жылда кеңес өтіп тұрады. Жақында ғана Бішкекте өтті, соған қатысып қайттық. Осы жиында да архивтік құжаттарға қатысты халықаралық деңгейдегі біраз мәселе айтылды. Оның бәрі бірден шешіле қоймайды. Өйткені бұл, бір жағынан, саяси мәселе. Мысалы, Ресей мемлекеттік архиві қазір тікелей президентке қарайды. Негізі, архив деген – тұнған саясат. Кейде жұрттар «Архивтегі құжаттарды неге құпия ұстайды? Неге ашып тастамайды?!» деп наразылық білдіріп жатады. Ол түсінбестіктен туындайтын әңгіме. Бәрін бірдей жария  етіп тастасақ, ертең саяси жағдайымыз, шекарамыз не болады?! Жекелеген тұлғалардың да бір-біріне жазысқан неше түрлі дүниелері бар. Әкесі үшін баласы жауап бермейді, әрине. Дегенмен әркімнің түсінігі әртүрлі. Сондықтан іріктеп, сұрыптамасқа болмайды. Жалпы, мемлекет тұтастығы, беріктігі үшін мемлекеттік құпияның сақталғаны дұрыс. Бізде ғана емес, бүкіл дүниежүзінде солай.

– Архив құжаттары негізінде, архив қызметкерлерінің араласуымен атқарылған қандай да бір маңызды шара немесе шаруа болды ма?

– Ондай жағдайлар көп. Мысалы, осыдан бірер жыл бұрын Ресей тарапынан 28 панфиловшыларға қатысты жағымсыз әңгіме шыққанын білесіздер. Сол кезде тарихшы ғалымдармен бірлесе жұмыс атқарып, нақты құжаттар, деректер арқылы айыптаудың негізсіз екенін дәлелдедік.

– Осы орайда, архивші мамандығының қиындығы неде?

– Архивші – архив маманы ғана емес, сонымен қатар тарихшы, саясатшы, психолог, тіпті заңгер де болып кетеді. Себебі мұнда әртүрлі саланың адамдары және әрқайсысы әртүрлі мақсатпен келеді. Қай-қайсысымен де жеке жұмыс істеуге тура келеді. Мұнда қаншама ғасырдың құнды құжаттарын қамтыған соншалықты бай мұра жинақталғанының өзі архив маманы жауапкершілігінің салмағын арттыра түсетіні анық.

Сонымен қатар біз қазір ел аумағында ғана емес, шетелдермен де, соның ішінде Ресей, Египет, Беларусь, Польша архивтерімен тығыз жұмыс істеп жатырмыз.

– Ал Ұлттық архив үшін бүгінгі таңдағы көкейкесті мәселе қандай? 

– Қазір архивтегі сандық жүйе туралы көп айтылып жүр. Бірақ цифрлаудың да жөні бар. «Қағазсыз архив» дегенді шығарып алыпты. Ол не сұмдық? Қағазсыз архив бола ма? Өз басым мұны саяси жағдайларға бағытталған шабуыл деп ойлаймын. Дүниежүзіндегі қай халықты алсаңыз да, мейлі Қытай, Жапония, Корея, Англия болса да, неше ғасырлық мұрағаттарын сақтап, соны мақтап етіп отырған жоқ па?! Күллі архивін цифрлап, айдай әлемге жария етіп тастаған ешкім жоқ. Бұл жан-жаққа қарап, асықпай пайымдап, өз жөнімен, орнымен істелуі тиіс нәрсе.

Қаншама жылғы тарихы арқылы қазір әр мемлекет өзінің кім екенін танытып жатыр. Бұл ретте, көп дүние архивтерде сақталған. Тарих керек. Ал тарихты жасайтын, ол – архив. Кітапханада қандай да бір дүниенің бірнеше данасы болуы мүмкін. Ал архив құжатында екінші дана деген болмайды.

– Әңгімеңізге рақмет. Тарих үшін, келешек үшін атқарып жатқан күрделі қызметтеріңізге табыс тілейміз.

  Сұхбаттасқан Роза РАҚЫМҚЫЗЫ 

Фото: time.kz

    


Мақала авторы:

Роза Қараева

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Диқандар неге ашулы?

Сайт Әкімшілігі

Диқандар неге ашулы?

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

Сайт Әкімшілігі

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

Сайт Әкімшілігі

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

Сайт Әкімшілігі

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

Сайт Әкімшілігі

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Сайт Әкімшілігі

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Сайт Әкімшілігі

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Сайт Әкімшілігі

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Сайт Әкімшілігі

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Сайт Әкімшілігі

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Сайт Әкімшілігі

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт Әкімшілігі

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Сайт Әкімшілігі

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Сайт Әкімшілігі

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

Сайт Әкімшілігі

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Сайт Әкімшілігі

Қарағандылық 91 жастағы қария короновирустан сауықты

Жалғыз өзі сотталды

Сайт Әкімшілігі

Жалғыз өзі сотталды