Токиоға – үш шабандоз

Есей Жеңісұлы - 19.11.2019884

Қазақстандық велошабандоздар 2020 жылы Токиода (Жапония) өтетін олимпиадаға үш жолдама жеңіп алды. Бұл ақпарат Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) олимпиадаға жолдамалар санын ресми түрде растағанынан кейін жарияланды.

Олимпиадаға іріктеу жарғысына сәйкес, жолдамалар мемлекеттердің әлемдік рейтингтегі орнына байланысты берілді. Рейтингтік ұпайлар 2018 жылдың 22 қазаны мен  2019 жылғы 22 қазаны аралығында, бір жыл бойы жиналды. Осы уақыт аралығында Қазақстан 3259,35 ұпай жинады. Құрама әлемдік рейтингте 19-орынға табан тіреді. Осы рейтингке сай, Қазақстан құрамасына үш жолдама берілді. Енді 2020 жылы өтетін олимпиаданың топтық сынында үш шабандоз Қазақстан намысын қорғайтын болады. Осы үштіктен тағы бір шабандоз жеке жарысқа қатыса алады.

«Афиныда (2004) өткен олимпиададан кейін топтық жарыста Қазақстан атынан алғаш рет үш шабандоз өнер көрсетеді. Бұған дейінгі олимпиадаларда Қазақстан құрамасынан екі спортшы ғана қатысып келді. Ең алдымен мұның барлығы бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі. «Астана» велокомандасы үлкен үлес қосты. Сонымен қатар құрлықтық «Астана-Сити» және Vino-Astana Motors командаларының қосқан үлесін де атап өтуіміз керек. Қажетті рейтингтік ұпайлар жинау үшін барлығы тер төкті. Олимпиада алдындағы маусымда осыған басты назар аударылды. Тапсырманы толықтай орындап шықтық деуге болады.

Маңызды қадамдардың бірі Ташкентте өткен Азия чемпионатында жасалды. Ерлер арасында өткен жарыста спортшыларымыз үш алтын жүлде иеленді. Сонымен қатар Алексей Луценконың маусымды тамаша өткізгенін атап өткім келеді. Шабандозымыз Қазақстан қоржынына жалпы Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті жинай алмаған ұпайды жалғыз өзі әкелді»,деді Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.

Токио олимпиадасында тас жолдағы жалпы жарыста 197 велошабандоз (ерлер саны – 130 және әйелдер (67) бақ сынайды.

Мақала авторы:

Есей Жеңісұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.