Тамырсыз тастағы тарих

Сайт Әкімшілігі - 19.11.2019929

Қазақстан Республикасы үкіметінің қолдауымен 2003 жылдың қазан айынан бері жұмыс істеп келе жатқан «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы – ел тарихында айрықша орын алатын мәдени-тарихи нысандардың бірі. «Таңбалы» археологиялық ландшафтының петроглифтері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне еніп, адамзат тарихындағы айтулы жәдігерлердің қатарына енген.  

«Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы қызметiнiң мәнi – тарихи және мәдени маңызы бар археологиялық және сәулет ескерткіштерін сақтау, жылжымалы және жылжымайтын объектілерін насихаттау, зерттеу, анықтау, сақтау және қорғау. Кешенде ескерткіштер орналасқан аймақ 900 гектар, буферлік зонаны қосқанда,  жалпы аумағы  3800 гектарға жетеді.

Аймақта 5000-ға жуық қола, ежелгі темір, орта ғасыр, жаңа кезең дәуірлеріне тиесілі петроглифтер бар. Б.з.д. ХIII-ХIV ғасырлардың ортасынан бастап, ХІХ-ХХ ғасырларға дейінгі кең аралықтағы кезеңдермен мерзімделетін қоныстар, қорымдар, ежелгі тас қашау орындары, петроглифтер мен ғұрыптық құрылыстардан (құрбан шалатын жерлер) тұратын ескерткіштер де бай тарихымыздың көне мұрасы. Осыған орай, ашық аспан астындағы ландшафттық мұражай экспозициясының жобалануы мен менеджменті айтарлықтай ерекше, әсіресе оның табиғи ортадағы экспозициясы әдеттегі мұражай экспозициясынан өзгеше. Сонымен қатар «Таңбалы» қорық-мұражайында алуан түрлі жануарлар мен өсімдіктер түрлерін кездестіруге болады. Бұл жерде ерекше және сирек кездесетін, Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Регель қызғалдағы (эндемик Оңтүстік Қазақстанда, Шу-Іле тауларында өседі), Юнона Кушакевича (эндемик Шу-Іле тауларында, Қаратау бөктерлерінде және Қырғыз Алатауында өседі), жетісулық Недзвецкии кекіресі  (эндемик дүниежүзі бойынша тек қана Шу-Іле тауларында өседі) бар.

Құстың 24 түрі бар, соның ішінде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген 11 құс түрін кездестіруге болады. Атап айтсақ: бүркіт, ителгі, дала қыраны, бидайық, жылан жегіш қыран, қарақұс, дуадақ., жорға дуадақ, қылқұйрық бұлдырық, қарабауыр бұлдырық, безгелдек.

Қорық-мұражайдың ғылыми-зерттеу және қор сақтау бөлімінің қызметкерлері  халықаралық ЮНЕСКО, ИКОМОС ұйымдарымен бірлесіп, «Таңбалы» археологиялық ландшафтының менеджмент жоспарын жасады.

Осы жоспар бойынша туристік маршруттарға абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғылыми-зерттеу жазылып, ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары қайта жаңғырды. Консервациялық жұмыстар аясында 40-тан аса конференция мен жиындар өткізіліп, оның ішінде  ЮНЕСКО-ның қолдауымен CARAD бағдарламасы бойынша «жартас суреттерін құжаттандыру» тренингі өткізілді. Тарихи-мәдени мұрағаттың жарқын үлгісі саналатын бұл кешенді әлемнің көптеген елдерінен туристер келіп тамашалайды. Бұл ретте, мәдениет және спорт министрлігінің қолдауы ерекше. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра объектісі – «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының дамуы үшін келушілер мен шетел азаматтарына арналған Визит-орталығының құрылысын жүргізу, асфальтталған жол салу, сумен қамтамасыз ету, ғылыми жұмыстар мен археологиялық зерттеулерді белсендендіре отырып, инфрақұрылым құру жолымен жағдай туғызу саласында екіжақты ынтымақтастық шарттарын реттейтін меморандумға министрлік пен Алматы облысының әкімдігі қол қойған. Бұл жұмыстар да өз ретімен іске асып келе жатқан берекелі шаруа. Визит-орталық құрылысын жүргізуге мемлекеттік бюджеттен  535 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кетті.

Мұражайдың ғылыми қызметкерлері Алматы облысы Қарасай ауданы  Еңбекші ауылының маңындағы ортағасырлық қала мен осы аймақта орналасқан Шамалған ауылындағы ортағасырлық Керуен сарайына  алғашқы тексеру (шурф) қазба жұмысын  жүргізді.  Нәтижесінде Еңбекші ауылындағы қала сол заманда тоналып, кейіннен арнайы техникамен сүріліп, мәдени қабаты мен тарихи жәдігерлері толықтай қиратылғандығы анықталды.

Шамалған ауылындағы Керуен сарайы сол замандарда тонауға ұшырап, толықтай бұзылып өртенгені белгілі болды. «Таңбалы» қорық-мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлері Ұзынағаш ауылының маңынан көне түркі дәуірін қамтитын (VІ-ХІІғ.) жерлеу орнына археологиялық қазба жұмысын жүргізді. Нәтижесінде салт атты адамның жерленгені анықталды. Табылған тарихи жәдігерлер археологиялық сараптау орталығына жіберілген.

Мұражайдың ғылыми-зерттеу бөлімі қызметкерлерінің Жетісу өңірі, оның ішінде Жамбыл ауданы аймағына жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша «Ежелгі Жетісу. Жамбыл ауданының археология ескерткіштері» атты жинақ және  «Таңбалы» фотоальбомы жарық көрді. «Таңбалы» қорық-мұражайының ғылыми-зерттеу бөлімінің қызметкерлері өңірді зерттеу шаруаларына өте белсенді араласады. Бельгиялық ғалым Люк Херманнмен бірлесіп, Жамбыл ауданының Ақтерек, Құлжабасы, Басбатыр шатқалдарындағы тарихи ескерткіштерге археологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. «Құлжабасы сілемінің жартас өнері»   атты үш тілдегі фотоальбомы   жарыққа  шықты.

«Таңбалы» қорық-мұражайы этноауыл құру арқылы көне дәуірден  сыр шертетін тарихи-мәдени құндылықтарымызды  қазіргі заман талабына сай жоғары деңгейде насихаттап, отандық және шетелдік туристерге сапалы қызмет ұйымдастыру мақсатындағы   Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының грантын (13 597 500 теңге) жеңіп алды.  

Ол қаржыға этноауылға қажетті  алты қанатты бес киіз үй сатып алынып,  Қарабастау шатқалындағы күзетшілер үйін және этноауылды электр қуатымен жабдықтау үшін  5 киловаттық  күн және желден қуаттанатын электр станциясы орнатылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы бойынша қонақтар мен туристерді қабылдауға арналған  этноауыл қазір өз жұмысын жүргізіп отыр.

Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен Іле өзені бойындағы сирек кездесетін петроглифтер орналасқан «Ортағасырлық Таңбалы тас» археологиялық ескерткіші  заңда белгіленген тәртіппен «Таңбалы» қорық-мұражайының басқаруына берілген. «Ортағасырлық Таңбалы тас» археологиялық кешеніне сенбілік жұмыстары жүргізіліп, қажетті ақпараттық тақтайшалар (схема, қорғау аумағы т.б.), белгілер, қоқыс тастайтын жәшіктер, беседка  орнатылып,  туристік маусым бойы мұражай  қызметкерлері тарапынан арнайы кесте бойынша кезекшілік жұмыстары ұйымдастырылған.

«Таңбалы» қорық-мұражайы тек тарихи зерттеулерді жазып қоймай, оны халыққа жеткізіп, ғылыми айналымға енгізуде де іргелі істер атқарып отыр. Мәдениет және спор министрлігі мен «Таңбалы» мемлекеттік тарихи- мәдени және табиғи қорық-мұражайының  ұйымдастыруымен  «Ұлы Жібек жолы бойындағы  Орталық Азия: Ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі мәдениеттер мен діндер үндестігі» атты   халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы және «Мәдениетаралық коммуникация және Орталық Азия петроглифтері» тақырыбында  дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандыру мақсатында мұражай жанынан ғылыми кеңес құрып, тұрақты түрде атқарылған жұмыстарды ғалымдар талқысына салып отырамыз.  

«Жетісу петроглифтері» атты танымдық экспедиция жұмысының екінші кезеңі бойынша  жинақталған материалдар сараланып, «Жетісудың жартас өнері» атты  үш тілдегі фотоальбомды дайындап, баспаға жібергелі отырмыз.

Жетісу жеріндегі бұл тарихи мекенге келетін туристердің саны да жылдан-жылға артып келеді. 2018 жылы 4520 отандасымыз тарихпен танысуға келсе, биыл 5199 адам тарихи мұражайға ат басын бұрыпты. Ал шетелден 2018 жылы – 1160, биыл 2568 турист Таңбалыға қызығушылық танытқан.

Тамырсыз тасқа тарих жазып қалдырған байырғы бабалардан қалған мол мұра жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға асып, ұрпақ санасына жете береді.

Жылбек Тоқтасынов,

«Таңбалы» қорық-мұражайының ғылыми қызметкері

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.