Тоқаев қол қойды. Жемқорлық енді жойыла ма?

Есдәулет Қызырбекұлы - 28.11.20192815

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзгертулер мен толықтырулар енгізілген «мемлекеттік қызметкерлер және жемқорлықпен күрес» жөніндегі заңға қол қойды. Жаңа заң бойынша, бұдан былай басшылық қызметте отырған шенді қарамағындағы адам жемқорлық бабымен ұсталып, істі болатын болса, автоматты түрде отставкаға кетуі тиіс. Аталмыш заңға байланысты бүгін біз сарапшылар пікірін білуді жөн көрдік.

Саясаттанушы Ерлан САИРОВТЫҢ сөзінше, Қазақстанда жемқорлықпен күрес элита аралық, топ аралық тартыстарға айналып кетеді. Бірақ президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ қол қойған заң министрліктер мен әкімшіліктерде белгілі бір тәртіп орнатуға септігін тигізеді.

«Бұл заң министрліктер мен әкімшіліктерде белгілі бір тәртіптің орнауына алып келері анық. Бірақ бізде жемқорлықпен күрестің өзі белгілі бір ресурстар үшін элита аралық, топтар аралық күрес болып кетеді. Шетелде Қазақстанның фемидасының құрығынан тыс жарты триллионға жуық доллар жүр. Сондықтан бізге концепцияны өзгерту керек. Қазір ұлттық байлықтың көбісі шетелге шығып кеткен. Бізге соны қайтарудың амалын жасау керек. Жалпы, біз биліктің кейбір шешімдері «орындала ма, орындалмай ма» деп отырамыз. Негізі жарлықтың орындалу, орындалмауы қоғамға да байланысты. Ол жүзеге асу үшін қоғам да ат салысуы керек», - деді Саиров.

Саясаткер Балташ ТҰРСЫМБАЕВТЫҢ айтуынша, бұндай заң бұған дейін де болған. Бірақ Қазақстанда кім не істегісі келсе, соны істейді. Сол себепті оның орындалуы екіталай.

«Ондай заң болған. Бірақ ол заңды ешкім қолданған да жоқ, орындаған да жоқ. Қазақстанда кім не істегісі келсе, соны істейді. Ертең заңды орындап жатырмыз деп, басшылардың біреуін шығаруы мүмкін. Бұл заң қабылданғанымен орындалмайды. Халықтың көңілін бөліп, міне жаңа президент заңға қол қойды деп айту ғана», - деді саясаткер.

Саясаттанушы Дос КӨШІМНІҢ пікірінше, жемқорлыққа қарсы заң енгізудің өзі (биліктегі адамдардың -ред) рухани, мәдени кемшіліктерінің көрсеткіші. Себебі бұндай заң өркениетті елдерде сирек кездеседі.

«Егер өркениетті елдерді алатын болсақ, онда бұндай заңдар өте сирек кездеседі. Бірақ олардың моральдық міндеттемелері бар және тәрбиесі мүлде бөлек. Олар да (жемқорлық фактісі болса – ред) өздері арыз беріп кетеді. Өзінің қарамағындағыларға жауап беру, бұл тәрбиеден, дәстүрден туатын нәрсе. Егер ондай дәрежеге жетпесе, онда амал жоқ жаңағы заңды кіргізуге тура келеді. Негізі, бұл заң емес, адамның өзінің моральдық тұрғыдағы ұстанымы болу керек еді. Бізде өкінішке орай ондай деңгейдегі басшылар жоқ. Мен үшін заң енгізу, біздің рухани, мәдени кемшілігіміздің көрсеткіші сияқты. Сол себепті бізге бұндай заң керек. Бұл бір жағынан қызық. Қазір ұсталып жатқандар көп қой. Енді «министрлерімізді ай сайын ауыстырып тұрамыз ба» деген күлкілі жағдайлар да болуы мүмкін», - деді Көшім.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі

Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.