Әбішев ісі: «Ұлттық бюроның сәтсіз шығармасы»

Мадияр Жалғасұлы - 28.11.20192033

Ислам Әбішев ісіне байланысты сот материялдарына зерттеу жүргізіліп жатқанын хабарлаған болатынбыз. Осы уақытқа дейін сот құрамы құжаттарды зерделеп, тексеру жүргізгенімен адвокаттар іс материялдарын "арандату" деп бағалап отыр. Қылмыстық істің 14-томын қараған адвокаттар прокурор Сүлейменовтен Шаймерденов пара беруші немесе ортадағы делдал екенін түсіндіріп беруді сұраған. Бірақ прокурор сауалға жауап бере алмады.

«Мен өзім прокуратурада қызмет атқарғаннан соң, білетінім, Ұлттық бюроның мәліметтер базасында кез-келген азамат жайлы деректер толық шығып тұрады. Ал бұл істе Ұлттық бюро қызметкерлері пара беруші адамды белгілемесе Тергеу сотының тексеріс жүргізуге рұқсат бермейтінін білген. Сол себепті "Қазбайлық" мекемесіне түк те қатысы жоқ Мәкішевті пара беруші ретінде таныған. Бірақ Мәкішев куәгер ретінде келген кезде бұл жайттарды өзі естіп таң қалды. Яғни, Ұлттық бюро заңсыздыққа барған. Ұлттық бюро Мәкішевтің "Қазбайлыққа" қатысы жоқ екенін білмейді емес, біледі. Бір сөзбен айтқанда, мұның бәрі арандату ғана», - деді адвокат Мәкіш ЕСҚАРАЕВ.

Алдыңғы материалдарымыздың бірінде сарапшы Құдайбергенованың іс материялдарына сараптама жүргізуде қателік жібергенін жариялағанбыз. Осыған орай, бүгінгі сот отырысына куәгер ретінде Әділет министрлігіне қарасты Сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары Назгүл ИМАНБАЕВА шақырылды. Иманбаеваның баяндауы бойынша сараптамаға 2 рицензия толтырылып, 7 қате табылған. Және сұрақтарды бірнеше мәрте сараптамаға қайталап енгізе бергенін айтып отыр. Адвокаттар сараптамадан қате кеткенін ескеріп, судья Қ.Мекемтастан жасалған сараптаманы заңсыз деп табуды сұраған, дегенмен судья өтінішті ашық күйде, жауапсыз қалдырды.

Іс материялының 15-томында айыптаушы Азамат ШАЙМЕРДЕНОВТЫҢ тергеушіге берген жауаптары оқылды. Тергеушіге берген жауабында Шаймерденов "Ислам Әбішев "Қазбайлыққа" тендерді беру үшін мекеме басшысы Мәкішевтен ақша сұрады" деп айтқан. Мәкішевтің "Қазбайлық" ЖШС қатысы жоқ екенін тағы бір еске салған адвокаттар іс материялдарын Ұлттық бюроның "сәтсіз шығармасы" деп атады.

Мақала авторы:

Мадияр Жалғасұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.