"Ұлттық бюромен соғыс енді басталады"

Мадияр Жалғасұлы - 29.11.20195054

Ислам Әбішев пен Серік Түкиев ісіне байланысты кезекті сот отырысында адвокаттар қате жасалған сараптаманы судья Қажымұқан Мекемтастан  жарамсыз деп табуды тағы сұрады. Қорғаушылар алдыңғы сот отырысында да осындай өтініш түсіргенімен, судья жауапсыз қалдырған болатын. Шешім шығару үшін судья прокурордың пікірін сұраған, өз кезегінде прокурор Сүлейменов "пікір айтуым үшін дайындалуым қажет, уақыт беріңіздер" деп ақталды. Бірақ адвокаттар қылмыстық кодекс бойынша сотта тек жарыссөзге дайындалуға уақыт беріледі, сондықтан прокурор созбалаққа салу арқылы қате сараптаманы әдейі жарамсыз деп тапқысы келмей отыр деген уәж келтірді. "Сараптамада пара беруші "Қазбайлықтың" директоры Мәкішев деп көрсетілген. Сараптама жарамсыз деп табылса, қос азаматты ақтап алу үшін үлкен көмек болар еді, прокурор соны біліп отыр" деді адвокаттар өз сөздерінде.

   - Азамат Шаймерденов қысым көріп жатырмын деп өтірік сөйлегені үшін  оның қауіпсіздігін Ұлттық бюроның өкілдеріне тапсырып қойдыңыздар. Олар арандатудың жолын бірлесіп ойластырып жатыр. Ал Асылжан Жампозов қысым көріп жатқанын дәлелдеп берсе де, қорғаусыз жүр. Сіздер қорғалады деп айтқансыздар. Ұлттық бюроның қызметкерлері сот өтіп жатқан ғимарат маңына келіп, не істеп жүргендерін тағы түсінбедім , - дейді айыпталушы Ислам Алмаханұлы. 

   Осыдан соң іс материалдарының 18-25 бумасына сот құрамы зерттеу жүргізді. 18-буманы оқып жатқан прокурор Әбішевтің іске қатысы жоқ казиноға барған кездерін жариялап, ойын ұтысының нәтижелерін бөліскен. Бұл адвокаттардың қарсылығын тудырды. 

   - Іс материалдарынан алып тастауды сұраймын. Себебі бұл іске қатысы жоқ, жеке тұлғаның өміріне қол сұғу. Тергеушілер мұны қалайша ескермей, іс құжаттарына қосқан, - деді адвокат Мәкіш Есқараев. 

   Прокурор Сүлейменов бұл мәліметтердің іске қатысы жоғын мойындады. Одан кейінгі бумаларда "СМП 610" мекемесі мен "Қазбайлықтың" Әбішевке қалай пара бергісі келген әрекеттері баяндалған. Әбішевтің үстінен арыз жазған "СМП 610" мекемесінің директоры Шаймерденов "Әбішев мекемемен келісімшартты заңсыз бұзып, конкурстан ұтқан ақшамызды бермей қойды" деп тергеушіге айтқан. Осы кезде Ислам Алмаханұлы мән-жайды түгел баяндады. 

   - "СМП 610" мекемесі Су комитеті конкурсынан Солтүстік Қазақстанда жасалуы керек жобаны ұтып алғаны рас. Алғашында жобаға жоспарланған 1 млрд. 400 млн. теңгеге жуық қаражаттың 450 миллионын аудардық. Шаймерденов түк те жасаған жоқ, айлап уақыт бердік. 37 млн. теңгені ғана игерген. Соның кесірінен әлі күнге дейін СҚО 224 гектар жер игерілмей, 8 су қоймасы апатты жағдайда тұр. Халық сусыз отыр. Содан соң амалымыз болмай келісімшартты бұзып, жобаны өзіміз жасадық. Ал  "Қазбайлықтың" директоры Малғаждаров деген басқа адам. Мәкішевтың қатысы жоқ екенін көрдіңіздер. Келісімшартты бұзған соң Шаймерденов кектеніп бізді екі рет сотқа берді, екеуінде де біз жеңіп шықтық. Ақыры менің соңымнан қалмай жүрген Ұлттық бюроға барып арыз жазып, арандатып отыр. Ұлттық бюро түгел су саласын құртты бұл елден. Ел экономикасын құлдыратты. Бір емес, екі әріптесім осы жолда өлді. Су саласында жасайтын 18 мың адамның әрқайсысына Ұлттық бюроның адамдары барып, Әбішевтің үстінен шағымданыңдар деп қыстаған. Мені қолдап, қол қойған 200 мың адамның ішінде су саласының адамдары жоқ, себебі олар өмірлері үшін қорқады. Күтіңіздер, мен бәрін айтам, Ұлттық бюроның шындығын сотталып кетсем де ел білетін болады. Соғыс енді басталады, - деп мәлімдеді Әбішев. 

   Сонымен қатар бумада Дүниежүзік қазақ күресі федерациясының қаржысына жүргізілген тексеріс нәтижелері оқылды. Бірақ барлығы дұрыс екеніне көз жеткізген Ұлттық бюро не үшін Серік Түкиевті де айыптап отырғанын адвокаттар түсінбейтінін айтты. Іс материалдарының соңғы 3 бумасы 3 желтоқсан күні зерттеледі.


   


Мақала авторы:

Мадияр Жалғасұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.