Назарбаевтың інісінің атындағы Ислам орталығы

Әйгерім Жетпісова - 02.12.20197498

Түркістан облысында экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ туған інісі Сатыбалды ӘБІШҰЛЫ атындағы Ислам орталығы ашылды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының сайты хабарлады.

Бұған дейін елімізде Нұрсұлтан Назарбаевтың әкесі атында «Әбіш ата» мешіті және анасының құрметіне «Әлжан ана» мешіті де ашылған.   

Сарыағаш қаласында ашылған Ислам орталығының ашылуына шетелдік меймандар да келді. Ол туралы фейсбук әлеуметтік желісінде «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан ТАЗАБЕК жазды.

Сарыағашта "Сатыбалды Әбішұлы" атындағы Ислам орталығының ашылуына орай, алыс-жақыннан келген қонақтарды Ташкент аэропортынан күтіп алып, Қазақтың қонақжайлығы мен айырықша көңілін көрсетуге тырыстық. Өлкеміздің тариxын айтып, өнерімізді тамашалаттық... Оңға қарай, Түркия президентінің ұлы Нажмеддин Билал ЕРДОҒАН, асыл ағам-генерал Қайрат САТЫБАЛДЫ, Шешенстан президенті Рамзан ҚАДЫРОВТЫҢ ағасы, әрі кеңесшісі - Амруддин АДИЛГЕРЕЕВ.


Қайрат Сатыбалды экс-президент Нұрсұлтан ӘБІШҰЛЫНЫҢ дүниеден озған інісі Сатыбалды ӘБІШҰЛЫНЫҢ ұлы. ҰҚК мен мемлекеттік түрлі қызметтерді атқарған. forbes.kz журналының жазуынша Қазақстандағы ең дәулетті 50 кәсіпкердің қатарына кіреді. Туған інісі Самат ӘБІШ ҰҚК-ті төрағасының бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, Сарыағаштағы айтулы шараға Түркістан облысыынң әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы ОРАЗ, Өзбекстан мүфтиі Османхан қажы ӘЛІМОВ, Қырғызстан мүфтиі Мақсатбек қажы ТОҚТАМУШОВ, бұрынғы мүфти Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, бірінші наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ, наиб мүфти Ершат қажы АҒЫБАЙҰЛЫ, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек МӘЖИЕВТЕР қатысты. Бұл орталықтың салынуына Смановтар әулеті ұйытқы болған екен.


Сатыбалды Әбішұлы атындағы Ислам орталығында бір мезетте 10 мың адам құлшылық ете алады. Мешіт ішінде медресе-колледж шәкірттеріне арналған 29 сынып бар. Орталықта 600 бала дәріс тыңдай алады. 69 жатын орынды қамтыған орталықта 1000 адамға арналған асхана салынған.

Фотолар: muftyat.kz, facebook.com

Мақала авторы:

Әйгерім Жетпісова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.