Шығыстан нәр алған шайыр

Сайт Әкімшілігі - 02.12.20192296

Мұрат Шаймаран – бүгінгі Алаш поэзиясының аспанындағы жарық жұлдыздардың бірі. Бұл – талас тудырмайтын шындық. Қашан да солай, біздегі нағыз жұлдыздар көбінде алдымен өздері биікке шығып алып, сосын барып көптің назарын аударады. Бірақ, Мұрат ақынның жайы сәл өзгешелеу. Ол туралы бүгінгі әңгімелердің көбі оның зау көкте қалай жарқырып тұрғаны жайында емес, қандай құдіреттің және нендей күштің оны соншама жарқын ете алғаны хақында болып жатыр.  Бұған дейін біраз жұрт ой-жорамалдарын ортаға салып үлгерді. Несі бар, көңілге қонатын көшелі пікірлер. Дегенмен, біздің ойымызша, бәрі бірдей тура ондыққа дәл тиіп жатқан жоқ. Барлығы тегіс нысананы таппай, қиыс кетті демегенімізбен, әйтеуір бірдеңе жетпейді де тұрады. Сосын соны өзіміз айтуға дәт еттік. Әрі осы тұс – ақынның елуге келіп жатқан елеулі шағы оны сонау студент кезінен білетін, жазған алғашқы өлеңдерінен бастап назарға алған оқырманы ретінде шығармаларынан байқаған-түйгенімізді арыла ақтарудың таптырмайтын сәті болар деп ойладық. Сөйттік те, қолға қалам алдық.

Мұрат ақынды көп адамның қолы жетпейтін зау биікке шығарып, сол арадан соншама жарқыратып көрсете алған нәрсе, әрине, біздің сан жылдық бақылаудан соң жасаған тұспалымыз бойынша, әуелі оның Құдай берген талантты. Бірақ, әңгімені осымен түйіндесек, бұнымыз тым жалпылама сөз болып қалар еді. Себебі, талант деген негізінен ақынның ақындық қуатына байланысты айтылатын сөз. Шығармашылықтағы нақты бір айқын ерекшелікті білдірмейді. Сондықтан да, бұл сөз ауыздан шыққан соң, ілі-шала «сол қуатпен ол не істей алды?» – деген, ілеспе сұрақтың құлағы қылтияды. Міне, осы сұраққа толық жауап бергенде барып, алдыңғы әншейін айта салған шығарып салма сөздей көрінген келте тұжырымның астарындағы терең мағына ашылып сала береді. Ал онда Мұрат ақын Құдай берген талант қуатының арқасында не істеді? Өлеңдеріне нені дарытып, оны өзінде туада бар ерекшелікпен қалай ұштастыра білді?

Жауап беріп көрейік. Тұспалымыз дұрыс шығып жатса, ғажап емес.

Біздің ойымызша, ақын, тұтас шығармашылығында демейік, белгілі бір кезеңдік ізденісінде біз көптен бері ойдан шығарып, ұмыт қалдырған Шығысқа аса мұқият ден қойды. Білген адамға ол жақта асыл қазына аса мол болатын. Және анау-мынау емес, рухқа шабатын, рухани қазына. Әрі-беріден соң өзіміз де сол кереметі бүгінде көмескі тартқан көнтері Шығыстың бір бөлшегі едік. Жағрапиялық тұрғыдан ғана емес, рухани тұрғыдан да. Қараңыз ауыз әдебиетіңізге, қисса-дастан, ғашықтық жырларыңызға. Тұнып тұрған Шығыс емес пе еді. Жер түбіндегі Ескендір Зұлқарнайын мен Рүстемді айтпағанда, ғашықтығынына жан жетпеген «Ләйлі-Мәжүн» мен «Жүсіп-Зылиқа» күндіз оқып, түнде жастанып жататын айырылмас серігіміз емес пе еді кеше ғана?!

Өкінішке қарай, 19-ғасырдың басынан бастап (бәлкім, одан да ерте) біз үшін тарихтың желі кері бұрылып, батыстан тұрды да, содан кейін бір сәт тыныс алдырмаған дүлей дауыл өзімізбен қоса, жаңағы таңғажайып мағриф – қазыналы Шығысыңызды, алыстатты деген жай сөз, түбірімен тұншықтырап, біржола ұмыттырып тынды. Әйтпесе, біз анау-мынау емес, әлемде теңдесі жоқ туынды «Шахнаманың» өзін тұтасымен өз тілімізді жырлаған қазақ болатынбыз!. Ал қазір кімбіз?

Қанша көкейтесті болса да, бұл сұраққа жауап беру біздің бүгінгі міндетімізге жатпайды. Екінші жағынан, ұзақ тарихымыздың қилы-қилы кезеңдеріне жоғалтқандарымызды тізе берсек, сөзіміз ұзарып кетер, айналып Мұрат ақын тапқан оның өз Шығысына келейік. Алланың қалауымен әлдеқалай ойына келген әлдебір жіп ұшынан жібермей ұстап, жоқ қарап жолға шыққан жас ақын сол Шығыстан біздің өлеңсөз өнерімізде әлдеқашан жоғалып тынған жүрек тебірентер Шығыс романтикасын қайта алып келіпті. Шығыс романтикасы! Есіңізге түскен болар, бұл баяғы хас сұлудың бір тал меңіне Самарқан мен Бұқараны жұптап, қосақтап беріп жіберетін асқақ леп емес пе! Ақылға симайтын жойдасыз жомарттық. Шығыста ғана болатын өнердегі шырқау биік. Жан қалауы – жүрек зары. Батыстықтар мұны түсінбейді екен. Сірә, «шығыста махаббат жоқ, ғашықтық қана бар» – деген балаң байламдары осыдан туған болар. Десе дегендей-ақ, ойланатын сөз. Әйітпесе, есі дұрыс адам аң аулап айдалада жүргенде өмірі көрмеген біреудің суретін көріп, есі кете ғашық болып, ақылдан адасар ма еді?! Және оны кейін ат сабылтып жүріп іздеп тауып, сұлулығын көргенде, ғашықтығы одан сайын қабындап, махаббат отына әбден өртеніп, жар қылып алар ма еді?! Батыс үшін бұл ақылға сыймас хикая болғанымен, біз үшін түк те емес, күнде куә болып жүрмесек те, қалыпты құбылыс. Өйткені, «Құсрау-Шырынды» оқығамыз ғой. Ал, қайыршының, тілемшінің, ел ақтаған диуананың сонау бас айланар биіктегі хан қызына ғашық болуы деген жай әңгіме, үйреншікті жағдай. Өйткені, бұл Шығыс жырларындағы бас тақырыптардың бірі. Күйік отына өртенген бейшара дәруіштің халі. Шығыс ғашықтығындағы тағы бір қызық нәрсе – ғашық болған мұңлық үшін өз жүрегін өртеген «күйігі» «дерті» ғана қызық. Ал ғашық болған адамының жайы, ол өзін біле ме, білмей ме, сүйе ме, сүймей ме, онда жұмысы болмайды, «Ләйлісін» айтып, ішкі «күйігінің» дауасын іздеп тентіреп, басы ауған жаққа кете береді. Мұның себебі осы ғажап жырларды жазғандардың көбінің сопы болғанында жатқан болу керек. Несі бар, сопының қолынан осындай ғажайыптар келіп жатса, кім оның қолынан қаламын тартып алмақ!  

Шығыс сопысы былай дейді, тыңдаңыз!

Мен бір дәруіш, үрей кеулеп, билеп алған кеудені,

Сорлы жүрек бөденедей қорғалайды әр нені.

Қорқамын өз жүрегімнен, талшыбықтай қалтырап,

Менің жаным – қиғаш қасты бір сайқалдың ермегі.

Ойым менің мұхиттарды орап жатсам дейді ғой,

Бірақ, өзі – тамшы ғана, гүл шығындай шөлдегі.

Нұр шұғылалы кірпіктер-ай, тынышымды ап біттіңдер,

Көздеріңде тұр-ау жайнап өмірдің бар өрнегі!

Дерт дәруі – тауіптердің алақаны аялар,

Тым болмаса, сипаңдаршы қор жүректі мендегі.

Кінәлімін, қиналамын, тірлігімнен ұялам, –

Шарапхана есігінде зар илеген көр, мені!

Дәруіш өзің, көп ойлама мынау жалған дүниені,

Хызыр менен Іскендір де одан опа көрмеді!

Ей, Хафизым, еңрей берме, ғашығыңа қолың соз,

Қарынбай да көре алмаған бұл қазынаны сендегі!

Шамалап біліп отырғандарыңыздай, бұл белгілі Шираз бұлбұлы – Хафиз ақын.

Шыбын жаны әлдебір қиғаш қасты сайқалдың ермегіне айналған ғашық. Шарасыз ғаріп. Қаңғыған дәруіш.

Асыл затым, менің зарым жан-діліңе жетер ме?

Бір Алла үшін қуа көрме, мен бір жүрген әпенде!

Жалынамын: рахым айлап, жарылқашы сорлыңды,

Ағып түскен бақ жұлдызын өз қолыңмен көтер де.

Кірпігіңді қағып қалып, жазалауға белгі еттің,

Сәл сабыр қыл, кейін өзің өкінбеске бекерге!

Өз жаныңды өртеп тұр ғой махаббаттың нұр күні,

Сол шұғыла жүрегімді бір жылытпай өтем бе?!

Көз ілдірмей түнді өткерем, таң самалы әкелер,

Сағындырған дос хабарын, – соны медет етем де!

О, асық жар! Өмірімнің кілті жалғыз өзіңде, –

Бар тілегім: дидарыңды тез көрсетсең екен де!

Ғашықтардың құрметі үшін, мұң-зары үшін солардың,

Бал кесеңнен бір татырсаң, төбем көкке жетер де!

Бұл да сол ғазалы хан көкіреген қарс айырған – Хафиз шайыр. Дүниеде бар-жоғы белгісіз бір әйел затына өле ынтық ынтызар Мұңлық. Сонысымен елдің де қабырғасын қайымтырып біткен қайғысы тарқамас Зарлық. Ары қарай тағы зарлайды. Тыңдаңыз!

Бір құмарлық жүрегімді мекендеп,
Қалтыраған буынымды бекемдеп,
Жұлдыз жанған терезеңнің тұсынан
Мұңға батып өтем мен.

Аласұрған алпыс екі тамырым,
Аққан қан ба, өзен бе әлде,
Тәңірім!
Жыртық шекпен иығымды тұр бысып,
жамау-жамау аяғымда шарығым.

Келе жатқан жаңа көктеп, бүр жарып,
Кім тыңдайды қайыршының мұң-зарын?!
Әйнегінен қарайсың сен тым асқақ,
Мені жасқап, гүлзәрім.

О, дәриғ-ай, сен жалындап, мен сөнбей,
Сенің мені сүйгеніңе ел сенбей,
Сарайыңнан алып қашып, мен саған
Тау басынан лашық жасап берсем ғой.
Асыл-асыл торғын жапқан тәніңді,
Жасыл-жасыл жапырақпен көмсем ғой…

Шатыстырып алмаңыз, бұл заржағыңыз Шираздың Ғафизі емес, өзіміздің Мұрат шайыр. «Мен» болып, Шығыс шайырларынша қайыршы бейнесінде көрінеді «Қайыршының арманы» деген өлеңінде. Аңсағаны – ханы қызы болмаса да, соның маңайындағы біреу. Терезеден тым асқақ қарайды өзі. Соған қарағанда, теңі емес сылқым. Оны есепке алып жатқан ешкім жоқ, «сарайыңнан алып қашып кеткеніме ел сенбей» – дейді. Кеудесі бұл жерде жоқ.  «Тау басынан лашық жасап берсем ғой...» – дейді. «Асыл-асыл торғын жапқан тәніңді, Жасыл-жасыл жапырақпен көмсем ғой…» дейді әліне қарамай асқақтап. Халі қайыршы болғанмен, дәмесі тау басына өрлеген пақыр. Бойындағы біз білмейтін бір нәрсеге сенеді. Соның буымен дәруіш болып ел ақтап жүрген шығыстық біреу.

(Тамұһ дүние, даңғазаңда ісім не!?)
Сен биледің өткінші өмір үшін де.
Алды жаулап алқызыл сол ақшамды
Балғын тәнің ескі көйлек ішінде.

Жанарыңды жасырғанмен кірпігің,
Табар емес асау жүрек бір тыным.
Сен биледің, Айдың уыз сәулесі
Тұрды жамап иығыңның жыртығын.

Сен – жалынсың.
(даладағы от қандай!?)
Көңіл біткен ала қашар көкпардай.
Аққу – мойын, ақ кұмістей арқаңнан
Бұрым емес, бұлақ құлап жатқандай.

Есіне алып жасыл – жаһұт дәуірін,
Отырды ақын қаны – салқын, жаны – мұң.
Сыңғыр-сыңғыр сенің шолпыларыңнан
Қалды көріп шолпан жұлдыз жарығын.

Сен көктемсің аласата гүлдеген,
Сен өктемсің аласара білмеген.
Отырды ақын шарап ішіп, у ішіп,
Суретіңді салғысы кеп жырменен.

Охо, ғазиз сұлулықтың дастаны,
Махаббаттан ұғынбайтын басқаны.
Ал, адамдар сенің әсемдігіңді
Көздерімен шешіндіре бастады.

Бауда сенің тұрған балқып бал-нұрың,
Биле, биле! Менің кәйіп тағдырым.
Анау тентек табаныңмен таптап өт
Арам-арам пиғылдардың барлығын.

Бұл да – Мұрат ақын. Шығыс шайырларының ғажап жырларынан жарық сәуле ғана емес, мағриф ғашықтарының өмір-ғұмырға жеткендей терең, мөлдір, асқақ сезімдерінен нәр алып, оны шырайына келтіре айтудың өзіне тән шыт жаңа жолын тапқан, сол арқылы шығанға бет алған Мұрат шайыр. Алдыңғы өлеңдегідей емес, бұл өлеңде қазақы бояу бар. Дегенмен, үлгі – Шығыстікі.

Бір кезде Абай атаңыз да жырламап па еді былай деп:

Иузи – раушан, көзі гәуһар
Лағилдек бет үші әхмар,
Тамағы қардан әм биһтар
Қашың құдрәт қол шиғә,
Өзәң гузәллаәра раһбар,
Сәңә ғашиқ болып кәмтар,
Сүләйман, Яшмит, Искәндәр
Ала алмас барша мүлкигә.
Мүбадә олса ол бір кәз,
Тамаша қылса йузмә-йуз
Кетіп қуат, йұмылып көз,
Бойың сал-сал бола нигә?

Міне, заманында «бас ақыныңыз» өзі сүйіп, ары қарай жалғағысы келген, бірақ, содан кейін ғайып боп, қайта көзге түспей кеткен Шығыстың асыл жаухары. Енді соны Мұрат ақын өзгеше форматта, өз бояу аямай беріп, өзімізге қайта ұсыныпты.

Өлеңдеріне қатты сүйінгеннен шығар, біз қатты қуандық. Әр кім әліне қарай өзінің әуелгі болмысын іздеп жатқан заман ғой, есті ұл Ежелгі Шығыс алатын еншісін тауып жатса, неге қуанбасқа. Өйткені, ол өз Шығысымыз ғой. Сәттілік болғай.   

Басқалай бір түсінбестік тумас үшін қайталап айтамыз, бұл Мұрат шайырдың бойында бар немесе оны қазақ позиясының көгіне алып шығып, жарқыратып көрсеткен жалғыз қасиет емес. Дегенмен, басты ерекшеліктерінің бірі екенінде дау жоқ. Міне, осы артық қасиеттер жиыла келе, жұмыла көтеруінің арқасында Мұрат ақын бүгінде шыққан өз биігінде нық басып тұр. Бұл елуге жарасатын жарқын нәтиже. Амандық болса, ақынның алдағы уақытта да қарап қалмайтынына сенім мол!

Серік Нұғыман

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.