Таразға қызу қанды Қарабалаев әкім болды

Нұрболат Әлдибек - 03.12.20193313

Түнеу күні Таразда 12 жастағы қыздың мектеп әжетханасында зорлық көрген оқыс оқиғаға байланысты қала әкімі Қайрат ДОСАЕВ, Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия ТҰРМАХАНБЕТОВА бастаған бірқатар лауазымды тұлғалар қызметінен кеткен еді. Өткен жұма күні Тұрмаханбетова Тілдерді дамыту басқармасына басшы болса, бүгін Тараз қаласына Айтқазы ҚАРАБАЛАЕВ әкім болып тағайындалды.

Жалпы, Қарабалаевты жамбылдықтар қызу қанды, қара дүрсін басшы ретінде біледі. Бірер жыл бұрын Жуалы, Талас аудандарында әкім болған кезінде «Айтқазының қабылдауында қорқынышты жігіттер тұрады», «Қарабалаев қызметкерлерін билетіп қояды екен», «Өзін сынап жазған журналисті атамын деп қоқан-лоққы көрсетіпті» тағысын-тағы осы тақылеттес әңгімелер гулеп ел арасына тараған болатын. Әйтеуір, «А» корпусына өте алмай Қанат БОЗЫМБАЕВТЫҢ кезінде қызметінен кеткен Қарабалаевқа жерлесі Кәрім КӨКРЕКБАЕВ жөні түзу жұмыс бермеді. Соңғы уақытта «ҚазТрансГаз Аймақ» Түркістан облыстық өндірістік филиалының директоры қызметін атқарып келген оның Таразға әкім болып тағайындалуы көпшілік күтпеген жаңалық болғанымен, «Таразға Қарабалаев әкім болады екен» деген әңгімені әкімшілікке жақын жүргендер бір апта бұрын-ақ бір-біріне айтып жүрді.

Енді сол білгіштердің сөзіне сенсек, Тараздың экс-әкімі Қайрат Досаев та қызметсіз қалмайды. Оны жақын күндері Меркі ауданынан көріп қалуымыз мүмкін. Меркінің әкімі Мейірхан ӨМІРБЕКОВ бос тұрған облыстық білім басқармасына келеді-мыс.

Сонымен қатар, өткен аптада Сәкен АРУБАЕВ Жамбыл ауданына әкім болса, ол қызметтегі Бақыт ҚАЗАНБАСОВ Таласқа әкім болып тағайындалған болатын. Ал Таластың экс-әкімі Досмұханбет ӘЛИЕВТІ жақын күндері басқармалардың бірінен көріп қалуымыз бек мүмкін.

Фотоны автор ұсынды.   

    

  

Мақала авторы:

Нұрболат Әлдибек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.