Көпбалалы аналар өздерін малға теңеген блогерді сотқа берді

Жанар Қожанова - 03.12.20191605

Ақтөбеде көпбалалы аналар өздерін малға теңеген блогерді сотқа берді. Шағымданушылардың айтуынша, блогер Әлібек МОЛДИН әкімдікке көмек сұрап барған бір топ көпбалалы аналарға тіл тигізіп, оларға «осылай мал болып, тобырларыңмен жүре беріңдер» деген екен. Онымен қоймай өзінің  фейсбук желісіндегі  жеке парақшасына видеоға түісірп салып жіберген. Қазір бұл іс Ақтөбедегі №2 сотта қаралып жатыр.

Сотқа ақтөбелік сегіз ана шағым түсірген. Солардың бірі Гүлмира  БИМАҒАНБЕТОВА. Сөзінше блогер әкімдік алдына жиналған бір топ көпбалалы аналарды видеоға түсірген. Кейін қастарына келіп  әкімдікке қарсы сөйлеулерін өтініпті. Ақыры айтқанын тыңдата алмаған ол сол жерде бізді малға теңеп, тіл тигізді дейді арызданушы Гүлмира Бимағанбетова.

«Бізге әкімдіктің адамдарын тыңдамаңдар. Әкімдіктегілер сіздерге дымда бермейді. Ары кетсе бір қапшық вермешел мен бір қапшық рожки береді де қайтарып жібереді. Оларға ермеңдер. Біздің айтқанымызға еріңдер деді. Біз оны тыңдаған жоқпыз. Біздің соңымыздан еріп жүріп, «осылай мал болып тобырларыңмен жүре беріңдер» деп намысымызға тиетін сөз айтты», - дейді бес баланың анасы Гүлмира Бимағанбетова.

Арызданушылардың айтуынша, олар блогерден көпшілік алдында көпбалалы аналардан кешірім сұрауын талап етіпті.  Алайда, осы уақытқа дейін кешірім сұрамаған блогер  енді өз ісіне заң алдында жауап берсін деп отыр. Блогер Әлібек Молдин «бұл маған жабылған жала» деп отыр.

«Мен де шешеден тудым. Менің де қызым бар. Апаларым бар. Ешқашан ондай сөз айтпаймын. Мен кешірім сұрар едім, егер кінәлі болсам. Мен не деп кешірім сұраймын? Мен кінәлі емеспін», - деді блогер «Жас АЛАШ» тілшісіне.

Бүгін судья аналарлың арызы бойынша өткен сотта сот блогер айтты деген сөздер лингвистикалық сараптамаға жіберді.

«Бұл айтылған сөздердің қаншалықты адамның ар-намысына тиетінін немесе қорлау бағытында айтылғандығы сараптамадан кейін белгілі болмақ. Соттың келесі отырысы сараптама дайын болғаннан кейін жалғасады», - деді Ақтөбе қаласы №2 сотының судьясы Теміржан АЛДАНОВ.

Аналарға тіл тигізді деген болгер ҚР ҚК 131 бабы 2-ші тармағы яғни көпшілік алдында қорлау, басқа адамның абыройы мен қадір қасиетін әдепсіз түрде кемсіту бабы бойынша айыпталып отыр. Егер оның  кінәсі дәлелденсе оған екі жүз АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 180 сағатқа түзету жұмыстарына тартылуы мүмкін.

Фото автордікі.



Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.