"Арандатушы әкім"

Есдәулет Қызырбекұлы - 04.12.20194050

Өскемен қаласының әкімі дауға қалды. «Ақжүніс» аналар қоғамының өкілдері президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТАН Жақсылық ОМАРДЫ қызметінен босатуды талап етті.

Жақында  «Facebook» желісінде «Ақжүніс» аналар қоғамының ШҚО бойынша жауапты жетекшісі Жұлдыз АҚТАНЖАНОВА Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жариялады. Онда ол мемлекет басшысынан Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омарды отставкаға жіберуін талап еткен.

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
ШҚО, Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Мұқашұлы Омарды өз қызметін босатуды талап етеміз.
Талап етуші "Ақжүніс" Аналар қоғамы.
Бұл талапқа себеп болған, Өскемен қаласының әкімі өз қызметін асыра сілтеп пайдаланды деп есептейміз.

2. Әкімнің аппараты өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Әкімнің аппараты туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады.

Демек, қандай нормативтік құқықтық актіде, Президент үкімінде, көпбалалы Аналарды қала әкімдері өз мақсатында, жоспарында пайдалана алады, арандатуға жоспар құрылады деп көрсетілген??? Заңбұзушылық орын алғаны қараға ақпен жазғандай айқын.
Неге?! Өйткені, Өскемен қаласында өткен ДПК, Ж. Мамайдың партиясының үгіт насихат шараларын бұзуды, провокация жасап беруді Өскемен қаласының көпбалалы екі анасына инструктаж жасап отырып тапсырған. Өз қызметтік көлігімен жиналыс орнынан алып кетіп, "егерде полиция шақырса, қорықпаңдар, өзім жауап беремін" деп айтқан. Және осы мәліметті қала әкімінің орынбасары Женісов Серік Жеңісұлы растап отыр.
Хасенова Маржан және Канапиянова Назгуль сол партия жиналысына барып, провокация тудырып, бөтелке мен орындықтарды лақтырып, шу шығарған.
Бұл орайда көпбалалы аналарды айдап салып, өз мақсатында пайдаланды деп есептеу керек. Егер осы екі, аттары аталған көпбалалы аналарға бір зақым келсе, басқа да партия жақтаушылардың арасынан зиян келтірілсе, тіпті полиция әкеткен болса да, қала әкімі Жақсылық Омар қалай көмектесер еді?! Неге ол басқа құрылымның, ІІД жұмысы үшін жауапкершілікті өз мойнына алмақшы болды?! Және мемлекеттік қызметкер ретінде, қала әкімінің міндеттеріне сай Аналарды барынша қорғаудың, қамқорлаудың орнына, қалайша "циничный рассчёт" жасап, өз, (мемлекеттік тапсырма емес) жоспарын іске асырды?!
Осы және басқа да сұрақтардың жауабы жоқ.
Сондықтан жоғарыда жазылған ережеге сүйене отырып, Өскемен қаласының әкімі Ж. Омар қала әкімінің лауазымынан босатылсын деп талап етеміз.
Өз мақсатында ертең қандай жағдайға көпбалалы аналарды пайдалануының алдын алу керек.
Аналардың жағдайын ойламай, қауіпсіздігін ойламай әрекет жасаған адам, қала әкімі болып отыруға лайықты емес деп есептейміз.
Аналар ол кісіге енді сенбейді!!!!!
Он себя дискредитировал
».

Осыған байланысты бүгін «Жас Алаш» тілшісі үндеу иесіне хабарласып, мәселенің мән-жайын білді. Ақтанжанованың сөзінше, президенттің атына хат жазбас бұрын әкімнің орынбасарымен кездескен және олар өздерінің істеген істерін мойындаған. Бірақ осы уақытқа дейін үндеуге байланысты әкімдік тарапынан ешкім байланысқа шықпаған.

«Бізге ешкім хабарласқан жоқ. Барлығы тыныш, не күтіп отырғандарын білмеймін. Біз талап қоймас бұрын әкімнің орынбасарымен жолықтық. Осы нәрсені неге жасағандарын өз ауыздарынан естиік дедік. Сонда олар: «Ондай партия бізге керек жоқ қой. Соған байланысты біз аналардан көмек сұрадық» деді. Олар «ешнәрсе істеген жоқпыз» деп отырған жоқ, барлығын мойындап отыр. Кез келген талаптың, арыздың қаралатын уақыты 15 күн. Осы уақыт аралығында ешқандай жауап болмаса, аналарды жинап барып, отставкаға кетуін талап етеміз», - деді Ақтанжанова.

Қазақстан демократиялық партиясын құру тобының мүшесі Жанболат МАМАЙДЫҢ пікірінше, бұл арандатулардың артында жергілікті биліктен бөлек, күштік құрылымдар тұр және бұның барлығына Ақорданың қатысы бар.

«Дау-дамай басталғанда біз айтқанбыз, бұл арандатудың барлығын билік ұйымдастырып отыр деп. Бұның атында күштік құрылымдар, ішкі саясат бөлімдері тұр. Бұған жергілікті биліктің ғана емес, орталық биліктің, Ақорданың қатысы бар. Өскемен қаласы әкімінің бір жиынға бола арандатушыларды ұйымдастыруының өзі, біздің болжамдарымызды толықтай растайды», - деді саясаткер.

Атамлыш меселеге байланысты Өскемен қаласы әкімінің аппаратына хабарласқан едік. Бірақ тұтқаны көтерген әкімдік өкілі мемлекеттік тілде сөйлей алмайтындығын айтты. Осыдан кейін біз баспасөз қызметіне хабарластық. Бірақ жұмыс уақытында тұтқаны ешкім көтермеді.

Фото: Abai.kz

Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.