Әкім Ысқақов мұз үстіндегі жолды біле ме?

Абай Нұржанұлы - 04.12.20192067

Қызылорда облысы, Арал ауданында қалқымалы көпір суға кеткелі бүтіндей екі ауылдың қатынасы қиындап кетті. Тұрғындар аудан орталығына әлі қалыңдай қоймаған Сырдария өзеніндегі мұздың үстінен өтетіндерін айтады. Қазір өзеннің бетіндегі қатқан мұздың қалыңдығы небәрі 20 см-дей болады. Бірақ қауіп-қатерге қарамай  1700-ге жуық тұрғыны бар Қызылжар, Шөмішкөл ауылдарынан күнделікті көлік те, жаяу жүргінші де қатынауға мәжбүр. Өйткені жарты ай бұрын өзен үстіндегі көпірді сең орынынан бір жарым шақырымға ығыстырып, бір сәтте екі ауылдың қатынасы үзілген.  

Оқи отырыңыздар: Әкім Нәлібаев вице-премьер сияқты аяқ-киімін шешпейді


«Жұқа мұз  кенеттен ойылып кетпесіне кім кепіл береді? Құдай сақтасын қайғылы жағдай болса кім жауап береді? Ешкім де жауап бермейді. Бір құдайға сыйынып әйтеуір мұздың үстіндегі жолмен жүруге мәжбүрміз», - дейді Қызылжар ауылының тұрғыны Теберік ЫБРАШЕВ.

Аудан орталығымен байланыстыратын мұз үстіндегі жалғыз жол осы болғандықтан, тұрғындар мұзды қалыңдату үшін қамыс төсеген. Ал төтеншеліктер қазіргі кезде мұз үстімен өтуге көлік тұрмақ, жаяу адамға рұқсат жоқ дейді.

«Арнайы өткелдермен өту керек қой. Мұздың үстімен өтуге біз тыйым саламыз», - деді «Жас АЛАШ» тілшісіне Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Саид МОЛДАҚАРАЕВ.


Ауыл халқы мұз үстінде жүруге тыйым салынғанын біледі. Алайда, амалдық жоқтығынан жүреді. Қазір сеңмен бірге ағып кеткен көпірді  жиекке шығарып қойыпты. Арал аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амантай ТАСҚЫНБАЕВ қалқымалы көпірді қайта өз орынына орналастыру қазір мүмкін емес екенін айтады. Келесі жылы мұз ери бастағанда орнына қайта қоймақшы екен. Тасқынбаевтың айтуынша, тұрақты көпір салуға экономикалық жағдайға байланысты әзірге мүмкіндік жоқ.

Оқи отырыңыздар: Қызылорда әкімі саудагер сұрағына жауап бермей кетті


Кеше «Құмкөл-Қызылорда» автожолындағы трагедиялық жағдайдан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ жол қауіпсіздігі тиісті ведомствалар мен әкімдіктердің назарында болуы тиіс деген-ді. Бұл сөздің облыс әкімі Қуанышбек ЫСҚАҚОВТЫҢ құлағына жеткен, жетпегенін білмейміз. Кеше облыс басшысы қаза болғандардың туыстарына көңіл айтып, жол апатынан жарақат алғандарға (ауруханаға) барды.

Енді Қуанышбек Ысқақов мұз үстіндегі қатерлі жолды өз көзімен көріп қайтса игі еді.


Фотолар автордікі.


Мақала авторы:

Абай Нұржанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.