Трампты өкілетін асыра пайдаланды деп айыптады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 04.12.2019300

АҚШ президенті Дональд Трампқа импичмент жариялау ықтималдығы туралы зерттеу жүргізген АҚШ конгресі өкілдер палатасының комитеті 3 желтоқсанда зерттеу қорытындысы туралы есеп жариялады. Құжатта Трамптың "өкілетін асыра пайдаланғаны", сонымен бірге конгрестегі зерттеуге "кедергі жасағаны" айтылады. Бұл айыптар президентке импичмент жариялауға негіз болуы мүмкін.

Есеп өкілдер палатасының заң комитетіне беріледі. Комитет жеке тыңдау өткізіп, импичмент баптарын құрастырған соң оны палатаға дауысқа салуға ұсынуы тиіс.

Құжат авторлары Трамп саяси бәсекелесі демократ Джо Байденге нұқсан келтіру үшін Украинаға қысым жасады деген тұжырым дәлелденді деп есептейді. Олар Ақ үйдің Украинаға әскери көмек жіберуден бас тартуын Киевке қысым жасау тетігі ретінде қарастырған. Конгресс тыңдауында сөйлеген бірқатар куәгерлердің жауабы Трамп Байденның ұлының Украинадағы қызметін зерттеуді қайта қолға алуға күш салды деген тұжырымды растаған.

Бірақ есепте импичмент баптарын қалай құрастыру керегі жөнінде нақты ұсыныс айтылмаған. Тіпті Трампқа импичмент жариялау жайлы нақты ештеңе жазылмаған.

Республикашылдар мен Трамптың өзі тағылған айыптармен келіспейтінін айтқан. Ақ үй зерттеу есептен гөрі "жатып ішер блогердің сандырағына көбірек ұқсайды" деп мәлімдеген.

АҚШ-та импичмент дауы Трамптың 25 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленскиймен болған әңгімесінен соң туған. Америкалық басылымдар Трамп 2020 жылы өтетін сайлауда бәсекелесі болуы ықтимал Джо Байденнің үстінен жемқорлық дауы бойынша іс қозғауға Зеленскийді мәжбүрлемек болған деп жазды. Сыншылар Трампты "қызмет өкілетін асыра пайдаланып, ықтимал бәсекелесіне қарсы дерек табуға тырысты" деп айыптады. Дональд Трамп бұл айыптауларды жоққа шығарды.

Трамп пен Зеленский арасындағы әңгіме мазмұны белгілі болған соң АҚШ Конгресі өкілдер палатасындағы демократтар Трампқа "сертін бұзғаны үшін" импичмент жариялау процесін бастаған. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский өзіне Трамптың қысым жасамағанын айтқан.


Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.