Конгресс Шыңжаңға байланысты Қытайға санкция салуды мақұлдады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 04.12.2019511

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы 3 желтоқсанда Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерін қудалауға атсалысқан Қытайдың жоғары лауазымды шенеуніктеріне санкция салуға мүмкіндік беретін заң жобасын мақұлдады.

Конгресс мақұлдаған жоба "Ұйғыр актісі" деп аталады. Онда Қытай билігінің Шыңжаң аймағында "адам құқығын өрескел бұзғаны" жазылған. Халықаралық ұйым дерегінше, мұндағы "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" шамамен миллион адам (ұйғыр, қазақ, қырғыз) қамалған.

Палатаның 407 мүшесі (бір адам қарсы дауыс берді) қолдаған "Ұйғыр актісі" - қыркүйек айында АҚШ сенаты қабылдаған заң жобасының біршама қатайтылған түрі. Екі құжат біріктіріліп, сенатқа жіберіледі. Егер мақұлданған жағдайда, құжат президент әкімшілігіне жөнелтіледі.

Жобаны қатаң сынаған Пекин АҚШ билігін дереу одан бас тартып, Шыңжаңды Қытайдың "ішкі ісіне араласу құралы ретінде пайдаланбауға" шақырды. "Қытай жағдайдың өрбігеніне қарай реакция танытады" деп мәлімдеді Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин.

Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы алғашқы ақпарат 2017 жылы көктемде тарай бастаған. Өткен жылы БҰҰ Қытай билігі Шыңжаңдағы миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін елдің солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген.

Басында мұндай ақпаратты терістеген Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.