Мектеп директорын жұмыстан қуатын мықты әкім

Әйгерім Жетпісова - 04.12.20192498

Шығыс Қазақстан облысының басшысы Даниал АХМЕТОВ мектеп директорын жұмысынан қуатын мықты әкімдер қатарына кірді.

Жақында ғана Өскемен қаласының Сугра шағын ауданындағы №23 мектепке барып, білім ошағының тыныс-тіршілігімен танысқан Даниал Ахметов, күні кеше мектеп директорын жұмыстан шығарып, облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл ЖҰМАДІЛОВАҒА сөгіс жариялады. Оның бұлай істеуіне ата-аналардың арызы себеп болған.

«Тұрғындардың тығыз шоғырлануына байланысты бұл білім шаңырағында бала саны белгіленген мөлшерден асып кеткен. Сондықтан қосымша ғимарат салу туралы шешім қабылданған еді. Мектепті аралау кезінде маған қосалқы нысанның іске қосылғандығы, ол жерде балалар оқып жатқандығы туралы ақпарат жеткізілді.

Алайда, кейінірек ата-аналар арызданып, жаңа корпустың құрылысы әлі аяқталмағандығын айтты.
Тапсырмам бойынша тексеру жүргізілді. Өкінішке орай, жаңа корпуста ешкім оқымайтындығы анықталды. Ал ғимарат расымен-ақ, әлі қолданысқа берілмеген.
Нысанның мерзімінде өткізілмеуі және біле тұра жалған ақпарат беруі себепті аталмыш мектеп директоры қызметінен босатылды, ал облыстық білім басқармасының басшысына сөгіс жарияланды», - деп өзінің «Facebook» парақшасына жазған ШҚО басшысы, әзірге Өскемен қаласының әкімі Жақсылық ОМАРДЫҢ маңайында болып жатқан дауға байланысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше күн бұрын «Ақжүніс» аналар қоғамының ШҚО бойынша жауапты жетекшісі Жұлдыз АҚТАНЖАНОВА президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТАН Жақсылық Омарды отставкаға жіберуді талап етіп, үндеу жариялаған.

Фото: ҚазАқпарат                              



Мақала авторы:

Әйгерім Жетпісова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.