Тоқаев: Тұңғыш президентті халық сынайды

Есдәулет Қызырбекұлы - 04.12.20192495

Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Неміс толқыны» ақпарат агенттігіндегі «Немцова. Интервью» бағдарламасына сұхбат берді.

Сұхбат барысында мемлекет басшысы қос билік, Астананың атын ауыстыру, Украина мәселесі және Қытайдағы саяси лагерлер төңірегіндегі сұрақтарға жауап берген. Осыған байланысты біз сұхбаттың ең маңызды деген тұстарын аударып беруді жөн көрдік.

Жанна НЕМЦОВА: Сіз биыл Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ мерзімінен бұрын қызметінен кеткеннен кейін президент болып сайландыңыз. Бұны 2008 жылы Ресейде болған билік ауысуымен салыстыруда. Ол кезде Дмитрий Медведев президент болса да, барлық билік Владимир Путиннің қолында болды. Бұл салыстыру қаншалықты дұрыс?

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Маған Ресейдегі билік ауысуы туралы бір нәрсе айту өте қиын. Себебі ол мүлде басқа мемлекет. Ал, Қазақстан жайында айтатын болсақ, бұл жерде саяси инновация жүзеге асты деп айтуға болады. Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінде айтқанда елбасы. Мен болсам, заңды сайланған президент, мемлекет басшысы, жоғары қолбасымын. Біздің арамызда ешқандай келіспеушілік жоқ. Біз бір-бірімізбен ақылдасамыз. Кейде мен кеңес сұраймын. Бұл жерде қос биліктік жоқ. Тек заңды сайланған президент қана бар.

Жанна НЕМЦОВА: Құрметті президент, Астана атауын Нұр-Сұлтанға ауыстыру сіздің бастамаңыз ғой? Мен ұшып келген әуежай, басты алаңдағы ескерткіш Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған. Бұл жеке басқа табыну емес пе?

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Мен бұнымен келіспеймін. Шолоховтан «жеке басқа табыну болды ма?» деп сұрағанда ол: «жеке тұлға болды ғой» деп жауап берген сияқты, Нұрсұлтан Назарбаев та тарихи тұлға.

Жанна НЕМЦОВА: Тұңғыш президентті сынауға бола ма?

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Қазақстан халқы тұңғыш президентті сынайды. Оны тоқтату мүмкін емес. Себебі әлеуметтік желі, ғаламтор жұмыс істеп тұр. Жалпы, интернет біздің өмірімізді төңкеріп тастады.

Жанна НЕМЦОВА: Қазақстан үкіметі Украинадағы жағдайдан, Қырым аннекциясы мен соғыстан қорықты ма?

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Біріншіден, біз Қырымда болған жағдайды аннекция деп айтпаймыз. Бұл Қырымға қарата айтылған өте ауыр сөз. Екіншіден, сіз айтқандай, қорқыныш болған жоқ. Себебі біз Ресей Федерациясымен достық қарым-қатынастамыз. Бастапқыда біз Ресей билігінің даналығына сендік. Минск келісімі Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша жүзеге асқандығын ескерткім келеді. Бірақ ол кісі Астананы ұсынды. Кейіннен логистика мәселесіне байланысты Минск таңдалды. Қазір Минск келісімі жалғыз заңдық құжат деп айтуға болады.

Жанна НЕМЦОВА: Сіздердің Қытайдың Шыңжаң ауданымен ортақ шекараларыңыз бар. Көптеген БАҚ өкілдері ол жерде ислам дінін ұстанатын этникалық қазақтар мен ұйғырларды қайта тәрбиелейтін саяси лагерлер бар дейді. Қытай билігімен аталмыш мәселеге байланысты қандай да бір келіссөздер бар ма?

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Біріншіден, Шыңжаңда Қытай Халық Республикасының азаматтары тұрады. Көптеген халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар таратып жатқан ақпараттар шындыққа жанаспайды. Этникалық қазақтар маңында осындай әдейі даурықтыру дүниелері жүріп жатыр. Біз бұның барлығы сауда соғысында қақтығысып жатқан Қытай мен АҚШ арасындағы геосаясаттың бір бөлшегі екендігін түсінеміз. Келіссөздердің қалай аяқталатынын, Қытайға санынған санкциялардың қашан алынып тасталатынын уақыт көрсетеді. Бірақ Қазақстан әлемдік антиқытайлық фронттың аумағы болмауы тиіс.

Фото: Ақорда баспасөз қызметі


Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.