Аймағамбетов өзіне дейінгі «былықты» тазалай ала ма?

Мадияр Жалғасұлы - 05.12.20196127

Қанша министр ауысса да, «басынан дау арылмаған» еліміздің білім және ғылым министрлігінің бір емес, екі аяғынан бірдей ақсап тұрғаны жасырын емес. Бүтін бір елдің «болашағын» уысында ұстап отырған министрлік былыққа белшесінен батқалы қашан. Алысқа бармай-ақ, биылдың өзінде бұл салада біршама жылға азық бола алатын дау-дамай орын алды. Бірнеше министр ауысты. Солардың соңғысы – Асхат Аймағамбетов. Осы бір «құтты орынға» биыл 13 маусым күні тағайындалған 13-ші министр бассыздықтардың ортасына топ ете түсті. Құдды бір жоғарыдан жіберілген сынақ дерсің. Қош, ендігі мәселе бұл емес. Қазіргі күні сіз бен бізді «Небәрі 37 жасында министр болған Асхат Аймағамбетов білім-ағарту саласын былықтан аршып ала ала ма?» деген сауал толғандырып отырғаны сөзсіз. Сонымен, алты ай ішінде Аймағамбетов не тындыра алды? Осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Ректорларға қарсы күрес

Аймағамбетов министр «тағына» отырғалы екі апта өтті дегенде, еліміздегі жоғары білім беру саласының мамандарымен маңызды жиын өткізді. 1 шілдеде ЖОО ректорларымен және білім беру басқармаларының басшыларымен кездесіп, ендігі бұл саланы қатаң түрде бақылауына алатынын мәлімдеді. Жиын кезінде ЖОО басшыларына шүйлігіп, бірқатар ректордың қызметіне қатысты тексеріс кезінде анықталған заңбұзушылықтардың басын ашты. Ректорларды кезек-кезек тұрғызып, олардың білім ордасында орын алып отырған заңсыздықтарын әшкереледі. Аймағамбетов осылайша «ұйқыдағы» басшылардың бірсыпырасын сілкіп-сілкіп алғандай әсер тудырды.

Мәселен, ведомство жүргізген тексеріс кезінде ЖОО-да түрлі сипаттағы, оның ішінде бөлінген қаражатты заңсыз жымқыру, оқытушыларды жұмысқа ешқандай байқаусыз қабылдау, оқытушылар білімінің БҒМ талаптарына сай келмеуі және т.б. осы секілді бассыздықтар анықталғанын жеткізген министр жоғары оқу орындарындағы қызметтік тәртіптің дұрыс жолға қойылмағанын, тиісті түрде ұйымдастырылмағанын да алға тартты. Ведомство басшысы жоғары оқу орындарына қызметтік тексеріс жасалатынын, ал үмітті ақтамаған ЖОО басшыларына қатаң сөгіс жарияланатынын шегелеп айтты. «Қазір жоғары оқу орындарына да, білім басқармаларына да халық тарапынан шағым көп. Кей облыстарда мұғалімдерге заңды еңбекақысы мен еңбек демалысының ақшасы әлі аударылмаған. Жұмысты жүйелендірмесек, жалпы білім саласына ел арасында көптеген өкпе-реніш бар. Соны жойып, бассыздықтардың алдын алу қажет. Олай болмаған жағдайда бұрын сіңірген қызметтеріңізге қарамаймыз», – деп ескертті ол жиында.

Осы жиыннан соң, министр ЖОО бойынша ауқымды тексерістерді бастап кетті. Оқу орындарына қойылатын талаптарды күшейте түсіп, сапасыз университеттерді жабуға бел шеше кірісті. Күні кеше ғана осы тексерістер нәтижесінде бес университетте бұған дейін анықталған бассыздықтар расталып, оларды лицензиясынан айырып, жұмысын тоқтатты. 12 ЖОО-ға айыппұл салынып, біреуінің ісі сотқа жолданды.

Десе де, оның мұндай белсенділігі ескерту естіп, тік тұрып сын тыңдаған ректорларға, сапасыз қызметіне тосқауыл қойылған университет басшыларына жақпай қалғаны анық. Себебі де жасырын емес. Бұл – үлкен бизнес, қыруар қаражат. Ал кез келген бизнестің артында «үлкен» адамдар тұрғаны белгілі. Осыны ескерсек, Аймағамбетовтің ЖОО сапасын арттыруға бағытталған әрекеттері біраз адамның «кіріс көзін» жауып тастағанын байқау да қиын шаруа емес.

Министрдің әрекетіне қарасақ, бұл әлі бастамасы ғана. Алдағы уақытта   министрлік мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқартамыз деп белсеніп жатыр. Талаптары да күшейіпті. Сапасы сын көтермейтін оқу ордалары түгел жабылмақ. Министрдің бұл әрекетінен қандай нәтиже шығатыны әзірге белгісіз, «үмітсіз – шайтан», әйтеуір, оң өзгеріске бастасын дейміз.

Оқулықтың ылаңы немесе «Ел боламын десең, оқулығыңды түзе!»

Алты ай ішінде жас министр қарамағындағыларға «оңай шағыла қоймайтын жаңғақ» екенін ұқтырғандай болды. Дегенмен алда шешімін күткен қыруар шаруалар, тау-тау боп үйілген мәселелер, қордаланып қалған біраз сұрақтар тұр. Ендігі кезекте ел аузынан түспей, күнара сыннан арыла алмай келе жатқан оқулықтар мәселесі қылаң берді. Жалпы, жаңа әрі жас министр Аймағамбетов оқулықтар былығын мойындайды. Бірақ мойындаумен іс біте ме, оларды шешуге нақты қадам жасалуы керек қой. Әзірге бұл бағыт бойынша аянып қалмаймын деп отыр. Оқулық мәселесі бойынша арнайы жиын өткізіп, өзі бастап біраз сын да айтты. Физика, география, қазақ тілі, орыс тілі сынды оқулықтарды қолына алып тұрып, ондағы қателерді тізіп берді.

Бұл көпшілікке күлкі болған оқулық авторларын да, өрескел қатеге толы оқулықтарды баспаға жіберген сарапшыларды да, баспагерлерді де жерге қаратқан жиын болды. Кеңес барысында министр оқулықтарды сараптау рәсімін және «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының жұмысын сынға алды. «Жыл сайын оқулықтардың сапасы туралы айтылып келеді. Оқулықтардың сапасына байланысты халықтың наразылығы көп. Біз бұл наразылықтармен келісуіміз керек. Шынында да, қателер мен мәселелер бар. Біреу оларды қате деп есептейді, енді біреуі техникалық қателік деп атайды, бірақ қоғамды бұл қызықтырмайды. Біз оқулықтарды дайындаймыз және жұмыстың сапасы мен тиімділігіне мән беруіміз керек», – деді жас әрі бас ұстаз.

Оқулық төңірегіндегі дау жалғасын таба ма, жоқ па, әлі белгісіз. Анығы, бір жиын өткізіп, жауапты адамдарды жерге қаратумен тына қоятын, түзеле салатын проблема емес бұл. Кешенді түрде жұмыстар атқарылуы керек. Дегенмен Аймағамбетов қазіргі таңда мектеп оқулықтарын дайындаудың, сараптаудың жаңа жүйесі енгізіліп жатқанын айтып жүр. «Бұл жүйелі шаралардың тұтас кешені болады. Қабылданатын шешімдердің транспаренттілігі қамтамасыз етілетін болады», – деп сендірді Аймағамбетов. Соған сене тұрайық.

Сондай-ақ министр «Жеңіл портфель» жобасы аясында баспагерлерге 1-10 сыныптарға арналған мектеп оқулықтарының электрондық нұсқасын министрлік сайтына орналастыру туралы тапсырма берді. Бұл – біріншіден, оқушы сөмкесін жеңілдетудің бір тәсілі. Екіншіден, электронды оқулықтардағы қатені түзету артық шығынды қажет кетпейді. Яғни  оқулықтарды қайта басып шығаруға кететін қыруар қаражатты үнемдеудің жолы.

Электронды оқулықтарды тегін түрде ғаламтор желісіне орналастырған жағдайда баспагерлердің біразы қаражаттан қағылатыны анық. Сонымен бірге сапасыз немесе қатесі бар оқулықтарды баспалар өз есебінен қайта шығаруға міндеттелмек. Қатені жөндемеген жағдайда оларға санкция салынбақ.  Министрдің бұл бастамасы баспалар үшін қосымша қаражат, артық шығын. Яғни коммерциялық тұрғыдан ыңғайсыз жайт. Сондықтан су жаңа басшының бұл ұсынысы баспагерлерге де ұнап отырған жоқ.

Осылайша күрделі мәселенің түйінін шешу жолында біраз жұртқа жақпай қалған министрдің бұл ісінен қандай нәтиже шығарын кім біледі, әйтеуір, ерінбеген екінің бірі сынайтын, «атағы жер жарып тұрған» министрлік жақын арада имиджін түзей алмайтын сияқты. Жалпы, оқулықтар проблемасына келгенде Аймағамбетовқа өзіне дейінгі министрлердің жұмысын жалғастыру онша бір абырой әпермейтін сияқты. Біраз батыл шешімдер қабылдап, көп елге жақпай қалды дегенмен, дәл оқулыққа келгенде кібіртіктеп қалғандай. Мәселен, қатеден көз сүрінетін сапасыз оқулықтарды бірден қайта басып шығаруды қолға алмағаны түсініксіз. Проблемаға көз жұма қараған сайын, ол өрши түсетіні анық. Бұл орайда, Аймағамбетовқа батыл қадам, батыл шешім жетіспегені көрініп тұр. Оқулықтар былығына қатысты ел көкейінде үміттен гөрі күдік басым болып отырғаны да сондықтан.

Министрліктегі өзгерістер: бұрынғы құрам жаңа министрге несімен жақпады?

Аймағамбетов министр болып тағайындалған тұста Ұлттық тестілеу орталығының бас директоры Рамазан Әлімқұлов тұтқындалып, вице-министр Эльмира Суханбердиева парамен ұсталып, шу болып жатыр еді. Ізін суытпай білім ведомствосында тағы да дау шықты. Әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментінің бастығы мен жауапты хатшы арасында үлкен жанжал туындады. Міне, осы жайттардан соң Аймағамбетов өз құзырындағы министрлік қызметкерлері үшін де бірқатар өзгерістер керек деп, ведомствоны «тазалауға» кірісті. Ал қазан айында Аймағамбетов министрліктің қайта құрылатындығын мәлімдеді.

БҒМ жұмысының тиімділігін арттыруға қатысты бірқатар жұмыстар қолға алынып, министрлік жұмысына функционалдық талдау жасалды. Мәселен, негізгі бөлімшелер жұмысы оңтайландырылды, түрлі департаменттер жұмысындағы шикіліктер анықталды дегендей. Бұл проблемаларды зерттей келгенде біраз өзгеріс керек екені анықталыпты. Тағы бір айта кетерлігі, тексеріс кезінде қызметкерлерге жүктелген артық жүктемелерге назар аударылды. «Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті сапаны қамтамасыз ету жөніндегі комитет болып қайта құрылады. Демек, комитеттің миссиясы мен міндеттері де өзгереді. Ендігі міндет – тәртіп бұзушылықты тексеру мен анықтау ғана емес, сонымен бірге әдістемелік көмек көрсету. Өйткені мақсатымыз тексеру емес, сондықтан комитет қандай сыныпта, қандай тақырып бойынша, қай жерде кемшін тұс, түйткілді жерлер бар екенін көрсетіп, осы мәселені шешу үшін егжей-тегжейлі ұсыныстар беретін болады. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті қызметкерлерінің саны басқа бөлімшелердің жұмыскерлері есебінен артып, мектепке дейінгі және орта білім комитеті болып қайта құрылады. Бұл ретте министрліктің жалпы штат саны артпайды, оның үстіне бос жұмыс орындары есебінен біраз қысқарту жоспарланып отыр», – деп мәлімдеді Аймағамбетов.

Құрамын өз қажеттілігіне  қарай  жасақтап, «керек» адамдарды кіргізіп қойған ұлттық ғылыми кеңестер жұмысына да өзгеріс енді. Ендігіде ғылыми кеңестер құрамына алынатын ғалымдар тек объективті көрсеткіштерге байланысты іріктеліп, нағыз ғалымдар таңдалып алынбақ екен. Олардың жұмысы енді заңнамаға сәйкес ашық өтетін болады. Бұған дейін ақшаны бөлу кезінде дауыс беру жасырын түрде өткізілетіндіктен, жауапкершілік те болмаған. Соның салдарынан гранттар оңды-солды беріліп келсе, алдағы уақытта гранттарды үлестіру ашық түрде әрі нақты критерийлерге сай жүзеге аспақ.

Ғылым саласындағы тағы бір оңды өзгеріс – ғылымға бөлінетін қаражаттың өсуі. Сондай-ақ, ғалымдардың қуанышына қарай, конкурстар енді үш жылда бір емес, жыл сайын жүргізіледі. Министрдің ғылыми кеңес жұмысына орнатқан бұл ашықтық қағидасы да біраз адамның мүдделеріне қайшы келгені анық.

Көптен бері айтылып, шешімін таппай келе жатқан тағы бір олқылық мектептердің, білім бөлімдерінің аудан не қала әкімдеріне бағыныштылығы еді. Мемлекет басшысының қолдауымен министр бұл жайтты да шешті. Енді олар тікелей білім басқармаларына бағындырылып, қаржыландыру облыс деңгейіне көтерілді. Осылайша ұстаздар жергілікті басқару органдарына тәуелділіктен құтылды. Бұған дейін ұстаздарды тегін жұмыс күші ретінде пайдаланып келген аудан, қала әкімдері енді сенбілік, сайлау секілді т.б. іс-шараларға кімді тартар екен?! Сол қызық. Бас ұстаздың сөзіне сенсек, мұндай өзгерістер министрліктің «баяғы жартас – сол жартас» болып қалмауы үшін қажет. Бұдан бөлек, бұл ел бюджеті үшін де аса пайдалы болмақ.

Инсайд ақпараттарға сүйенсек, қажеті жоқ курстар, керек емес жұмыс дәптерлері, кітап шығару, тиімділігі төмен пиар шаралар секілді түкке тұрғысыз дүниелерге кететін шығындар қысқартылып, бюджетті нақтылау кезінде миллиардтаған қаражат қайтарылған. Бұл да құптарлық жайт. Әрине, министр Аймағамбетовтің білім мен ғылым саласын ескі жүйеден тазартуы жаман бастама емес. Бірақ министрліктегі жанжалға қатысы бар кейбір лауазымды қызметкерлердің еліміздегі университеттердің біріне ректор болып тағайындалуы тағы да халық сеніміне селкеу түсіретін жайт. Басы дауға қалған мұндай азаматтарды ректор қылғанша, білім саласына мүлдем жолатпаған жөн болар еді. Мүмкін, ең бастысы, министрліктен кетіріп, кейін университеттен де алып тастайтын шығар. Енді оны уақыттың еншісіне қалдырайық.

Аймағамбетовқа қарсы шабуыл кімге керек? (Ұстаздар жаңа министр туралы не дейді?)

Бар-жоғы бір-ақ жылдың ішінде білім және ғылым министрлігі көптеген шулы оқиғаларды бастан өткерді. Ұлттық тестілеу орталығы бас директорының, вице-министрдің парамен ұсталуы министрліктің атына оңбай кір келтірді. Министрлік қызметкерлерінің басына қара бұлт үйіріліп, даулы оқиғаларға шатылды дедік. Ақсап тұрған министрліктің кем-кетігін бетіне басып, аттан салып ұрандатып жүрген жандардың әлеуметтік желіде аз болмауы да сондықтан. Ащы шындықты айтамыз деп шырылдайтындары да, белгілі бір топтардың тапсырысына қарай әрекет етіп жүргендері де баршылық. Бұларға депутаттар да қосылды. Бұған дейін қарапайым жұрт ойбай-аттанға басып жатса да, үндемей келген депутаттардың аяқасты бүлінгені де қызық. Осы тұста жалпы қарапайым халық министр туралы не ойлайды деген сұрақтың туындауы заңды. Мәселен, Facebook желісінде Асхат Аймағамбетовтің қызметіне шәк келтіріп, оның отставкаға кетуін талап етіп жүрген блогерлер тобы пайда болған. Олардың көздегені не және мұндай ұсынысқа білім саласының «отымен кіріп, күлімен шығып жүрген» ұстаздар қауымы қалай қарайды? Жалпы, қарапайым ұстаздар білім министрінің қызметіне қандай баға береді? Осы тұрғыда ізденіп, белсенді ұстаздардың бір парасынан пікір алған едік.

Facebook желісінде Қазақстан ұстаздарының бүгінгі жай-күйін айтып, қамын күйттеп жүрген, білім  берудегі көптеген мәселелерге қатысты өз ойын бүкпей ашық айтатын ұстаздардың бірі Айман Сағидолланың айтуынша, Асхат Аймағамбетов білім-ағарту саласына әп дегеннен оң өзгерістер әкелуімен ерекшеленді. Әрине, осындайда біздің ойымызға Аймағамбетовтің «Әліппені қайтарамын» деген сөзі келеді.

«Жалпы, білім саласының қазіргі жағдайы, ондағы түрлі былықтардың барлығы осы күнге дейін қордаланып келген күрделі мәселелердің шешім таппауының жемісі, нәтижесі. Яғни жаңа тағайындалған Аймағамбетовтің дәуірі дәл осы былықтың шарықтау шегіне жеткен тұсына дәлме-дәл келді. Келді де, сол былыққа «жайғаса кетті», былайша айтқанда. Біз, республика көлемінде біраз белсенді мұғалімдер, бірігіп ұстаздарға қатысты талай мәселені көтердік.  Қаншама заңсыздықтар туралы мәселе қозғап, 200-300-ге дейін қол жинап жүрсек те, бірде-бір министрдің алдын көрмегенбіз. Кезінде білім министрі болған Сәрінжіпов те, одан кейінгі Сағадиев те біздің жанайқайымызға назар аударып, елеп-ескеріп,  пікірлеспек түгіл, халық атынан келіп тұрған хаттарымызға жауап қатпаған, шыны керек. Ал Аймағамбетов бұл тұста бірден басқа қырынан көріне білді. Ол министрлікке қатысты сыни пікір айта алатын, жанайқайын айтып жүрген белсенді ұстаздармен кездесу өткізіп, пікірімізді тыңдап, сөзімізге құлақ асуға ниет білдірді. Біздің билікке жеткізе алмай жүрген мәселелерімізді ашық тыңдады. Тыңдады да, соған байланысты әрекет ете бастады. Демек, «сең ақырындап қозғала бастады». Бұл бізді қуантып отыр», – дейді Айман Сағидолла. Айтуынша, жаңа министр қарапайым халықпен ашық диалог құруымен, ашықтығымен, әлеуметтік желіде белсенділігімен ерекшеленіп отыр.

«Аймағамбетов келгелі білім саласында оң өзгерістер байқалады.  Мәселен, ең бірінші 26 маусым күні кездесуге барған «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейіржан Темірбек мырза біраз мәселе  қозғаған еді. Яғни біздің екі жыл бойы айтып келе жатқан мәселеміз – бес күндік оқу жүйесіне көшкен мектептерде мұғалімдердің сенбі күні де жұмысқа шығуы. Бұл мәселе оң шешімін тауып, қазіргі күні ұстаздар сенбідегі жұмыстан босатылды. Екіншіден, мұғалімдерді аттестациядан өткізу жүйесіне қатысты министр біздің пікірімізге құлақ асып, бірқатар өзгерістер енгізді. Бұл да жақсы жаңалықтардың бірі.   Үшіншіден, жуырда елге таныстырылған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы. Бұл заң жобасында бастапқыда бірқатар шикіліктер бар еді. Қыркүйек айында Мейіржан Темірбек заң жобасында мұғалімдердің ант қабылдауы туралы сөз бар екенін көріп, алғаш рет халық ортасына салды. Біз  ұстаздың ант қабылдауына қатысты қарсылық білдіріп, бұл туралы Facebook желісінде де сыни жазбалар жарияладық. Ұстаздар қауымы бірігіп, білім министріне мәселені жеке жеткізіп, дәл осы тармақты алып тастауды сұрадық.  Министр осыған қатысты біздің пікірімізді аяқасты етпей, ұстаздардың белсенділігінің, қайта-қайта айтып мәселе қозғап жүруінің арқасында осы бір ант деген дүниені заң жобасынан алып тастады. Міне, министрдің осындай әрекеттері көңілімізді көншітіп отыр. Дегенмен тым асыра мақтаудан аулақпын. Қажет болса, министрді сынаудан қорыққан емеспін. «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі болғандықтан, ұстаздардың қамын күйттеуді міндетім деп санаймын. Сондықтан жаңа министр туралы өзімнің шынайы пікірімді жеткізе алдым деп ойлаймын», – деді Айман Сағидолла.

Ұстаздар жайлы сөз қозғағанда, бүгінгі күні ел аузынан түспей жүрген, орта білім беру жүйесіндегі тағы бір проблема бас көтереді. Ол – электронды күнделік мәселесі. Бағалаудың ақпараттандырылған жүйесі қазіргі таңда халық тарапынан сынға ұшырап, әлеуметтік желілерде оның тиімсіздігі жөнінде талай айтылып та жүр. Осы орайда, Аймағамбетов министр ретінде «Kundelik» ЖШС басшыларынан жағдайға қатысты қатаң түрде түсінік алуы қажет еді. Бұл мәселеде министрлік тарапынан қатал бақылау жүзеге асырылуы керек екені түсінікті. Себебі орта білім беру жүйесі мен оқушыларды бағалау – бүтіндей білім саласының негізін қалайтын дүние.  

Бұдан екі жыл бұрын қоғамдық бірлестік ретінде тіркелген «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ұстаз Мейіржан Темірбек Асхат Аймағамбетовтің қызметіне қатысты бүй дейді: «Жаңа министрдің қызметі әзірге көңілімнен шығып отыр. Оның жаңашылдығы, ұстаздармен ашық пікірлесуі, проблемаларды шешуде бізбен санасуы сынды мәселелерге келгенде ұнап отыр. Енді оның министр болғанына көп бола қойған жоқ. Әлі бірдеңе деу ерте шығар. Дегенмен біз көтерген ұстаздардың сенбі күні жұмысқа шықпауы, ұстаздарды аттестациядан өткізудегі мәселелер, «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасындағы шикіліктер сынды проблемалар ақырындап шешімін табуда. Заң жобасының «Педагогтің міндеттері мен жауапкершілігі» деп аталатын 15-бабы 7-тармағында: «Педагог қоғамның әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына жәрдемдесуге міндетті», – делінген болатын. Осы тармақтың мұғалімдерді  баяғы үй аралау, «бақытты» адамның рөлін ойнау, іс-шараларда орын толтыру сияқты жұмыстарға салуға мүмкіндік беретін бап екенін айтып, алып тастауын сұрап, abai.kz сайтына мақала жарияладық.  Әлеуметтік желіде министрдің назарына жазба жаздық дегендей. Сондай-ақ министр кітап бизнесіне тыйым салу арқылы бітпейтін қосымша дәптерлердің дәуіріне нүкте қойды. Одан бөлек, оқулықтар сапасына көңіл бөлініп жатыр».

Осы тұста «Педагог мәртебесі туралы» заңын Аймағамбетовқа дейінгі екі министр де парламентке өткізе алмағанын айта кеткен орынды. Басты себеп – оның қаржымен қамтамасыз етілмегені. Ал жаңа министр президенттің қолдауымен аз уақыт ішінде 5,3 трлн теңге қарастыруды шешті. Бір әттеген-айы – мұғалімдердің еңбек демалысына ертерек шығу мәселесі шешілмей, сол күйінде қалып отыр. Бірақ алдағы уақытта бұл мәселені де шешеді деген сенімдеміз. Дегенмен министрдің ендігі қойған мақсаты – мұғалімдер жалақысын арттыру. Төрт жыл ішінде жалақысын екі есе өсірем деген соң, ұстаздар да жас министрге жылы қарайтын болып жүр.

Бүгінгі күні Facebook желісінде Аймағамбетовтің қызметіне қарсы шығып, оның отставкаға кетуін талап етіп жатқандар да аз емес. «Бұл министрдің атқарып отырған жұмыстары өзіне тиімсіз болып отырған белгілі бір мүдделі топтардың ісі» дейді ұстаздар. «Ондайлар бар. Бірақ біз Аймағамбетовқа уақыт беруіміз қажет. Жылдар бойы жиналып қалған мәселелерді шешу бір жылдың еншісінде емес», – дейді ауыл ұстазы Мейіржан Темірбек.

Жалпы алғанда, Аймағамбетов пен оның командасының жұмысына толық баға беруге әлі ерте. Иә, түйткілдер уақытымен шешімін тауып келе жатқан сияқты. Ұстаздардың талабы мен мүддесі де ескеріле бастағандай. Десек те, Аймағамбетов бұдан кейін де елді толғандыратын жайттарды шешіп беруге қауқары жете ме, әлде өзіне дейінгі уәдені үйіп-төгетін министрлер қатарын толықтыра ма? Мәселе осында.

Мақала авторы:

Мадияр Жалғасұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.