Гүлнара Кәрімованы жазалау мерзімі бесінші рет ұзартылды

Есдәулет Қызырбекұлы - 05.12.20191988

Өзбекстан экс-ханшайымы Гүлнара Кәрімованың жаза мерзімін бесінші рет ұзартты. Бұл жөнінде оның қызы Иман Кәрімова өзінің «Instagram» парақшасында мәлімдеді.

«Халық пен журналистер тарапынан келіп жатқан сұрақтардың көбеюіне байланысты, біз Гүлнара Кәрімованың ісіне қатысты ақпараттарды толықтай жариялайтын боламыз. Билік басында отырғандардың басым көпшілігі өздеріне қатысты шындықтан қорқып, жаза мерзімін бесінші рет созды», - деп жазды Иман Кәрімова.

Бұдан бөлек, ол анасына қатысты болып жатқан дүниелердің барлығының саяси астары бар екендігін айтып, Гүлнара Кәрімова ісіне жақында «құпия» мәртебесі берілгендігін мәлімдеді.

«Жақында қылмыстық іске ешқандай себепсіз «құпия» мәртебесі берілді. Бұл қорғаушы тараптың жұмысына кедергі келтіреді. Себебі адвокаттардың өзі қылмыстық іс материалдарымен толыққанды таныса алмайды. Осылайша, адвокаттармен қатар жақын туыстары да Гүлнара Кәрімовамен байланыссыз қалды. Қазір оның денсаулығы мен ісі жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Алдағы уақытта оның денсаулығының нашарлауы билікте кімге керек екендігі жарияланатын болады», - деді Иман Кәрімова.

Қараша айының 25-і күні экс-ханшайымның швейцариялық адвокаты Грегуар Манжа өзінің «Twitter» парақшасына «Гүлнара Кәрімовамен кездесе алмай жүргендігін және Өзбекстанға жіберілген арыздарының барлығы қабылданбағанын» айтқан. Бұған дейін ол 16 қыркүйек күні Ташкентте Кәрімова үстінен құпия сот өткендігін мәлімдеген. Осыдан кейін Иман Кәрімова жақын күндері халықаралық қауымдастыққа елдегі жемқорлыққа қатысты құпия құжаттарды жариялайтындығын айтып, президент Шавкат Мирзиеевке ескерту жасаған.


Фото: inozpress.kg




Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.