«Арселор Миттал Теміртау» халықты түнде улайды»

Арай Сатыбалдықызы - 05.12.20192982

Теміртаулықтар қаладағы экологиялық ахуалдың нашарлап кеткенін айтады. Еліміздегі ең ірі  өндіріс алпауытының бірі "Арселор Миттал Теміртау" АҚ комбинаты орналасқан Теміртау қаласының экологиялық жағдайы жергілікті тұрғындардың бас ауруына айналған. Қалаға сырттан алғаш келген жан  ауа қабатындағы кеудені бірден толтырып тастайтын, жағымсыз түтін исін лезде  сезеді. Жылда ластанған қалалар тізімін анықтап отыратын "Қазгидромет"Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларын еліміздегі ең бір ауасы лас қалалардың көшбасында  тұратынын атап өтеді. Жалпы Теміртау ауасының ластануы бүгінде жауыр болған әрі шешімін таппаған мәселеге айналып кеткелі қашан. Бұқара қысы жазы түтіні тұнып тұратын қалада өмір сүріп жатқанын айтып, қол жинап, былтырғы жылы астанадағы мәжіліс депутаттарына дейін барған. Алайда "жабылған қазан жабулы" күйінде әлі тұр. Биліктен араша сұрап шаршаған халық жоғарғы жақтан үміттерін үзген. Тек базынасын жеткізе алмаған теміртаулықтар арасында түтіні бұрқыраған қаланың суреттерімен бейнежазбаларын әлеуметтік желіге салып, бір шулатып қояды. Қарашаның басында Нұр-Сұлтан қаласынан Теміртауға ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ мәжіліс депутаттарымен бірге келіп кеткен. Министрліктің мәліметінше Қарағанды облысындағы лас қалдықтардың төрттен бір бөлігін оның ішінде Теміртау қаласына 80 пайыз лас қалдықтарды "Арселор Миттал Теміртау" компаниясы шығарып отыр. Осы кездесу барысында экология министрімен компания басшысы алдағы бес жылда ауаға шығаратын лас қалдықтарды 30 пайызға азайту қажет деген меморандумға қол қойды. Алайда бұл меморандумнан үміттенетіндер аз.


«Меморандум бойынша 30 пайызға лас қалдықтарды азайту керек деді. Бұл деген өте аз көрсеткіш. Адам денсаулығына тікелей әсер етіп, экологиялық апатты жағдайда тұрған Теміртау үшін 30 пайыз деген түк емес қой. Неше жерден меморандумға қол қойса да бәрібір Теміртаудың жағдайы жақсармай тұр. Бұл зауыт түнде және таңға жуық қара түтінді мөлшерден тыс көп шығарып, халықты улауын әлі қойған жоқ. Экология министрінің өзі бір адамға мың жарым тонна лас қалдықтан келеді деп мәлімдеді. Енді осы шамадан тыс артып тұрған зиянды қалдықты отыз пайыз азайтсын деу, енді бұл күлкілі ғой. Менің ойымша мұндай кездесу, меморандум тек ресми түрде көз алдау үшін, халықтың ашуын басу үшін ғана жасалады. Бұл мәселеге үкімет  тіпті президенттің өзі араласып жағдайды шешу керек. Зиян әкеліп жатқан цехтарды жабу керек немесе түтінді аз шығару үшін комбинат құрылғыларын ауыстырып реконструкция жасату керек. Ал бұған компания ақша жұмсағысы келмейді»,-деп мәлімдейді «Жас АЛАШ» тілшісіне жергілікті белсенді, журналист  Анжелика ВОЛКОВИЧ.

Сонымен қатар журналист Теміртауда қатерлі ісік, жүрек, қан тамыры, аллергиялық сырқаттарға шалдыққан жандардың қатары соңғы жылдары күрт көбейіп кеткенін айтады. Биылғы жылы Анжелика Волковичтің танысының 11 айлық сәбиі онкологиялық дертке шалдығып көз жұмыпты.

 Теміртау қаласын зиянды қалдықпен ластап отырғандармен бел шешіп күресіп жүрген жанның бірі қоғам белсендісі, ҚР экология минстрлігіндегі сараптама кеңесінің мүшесі Станислав ВОЙЦЕХОВСКИЙ. Ол Теміртаудың мүшкіл жағдайын көрсеткен бірнеше бейнежазбалармен фота суреттерін әлеуметтік желі арқылы үнемі жұртқа жариялап отырады.

"Экология министрі  Теміртауға келген кезде мені шақырған жоқ. Өйткені оларға мен жау болып көрінемін. Теміртау жағдайы өте ауыр. Жазықсыз халық жапа шегіп отыр. Мұнда астанада отырған ірі шенділердің не болмаса Митталдың балалары тұрып жатқан жоқ қой. Содан кейін де ешкім бұл мәселені шешуге асығар емес. "Арселор Миттал Теміртау"комбинатынан шығып жатқан түтін Теміртаудан  Қарағандыға дейін жетеді.Теміртауға түнде жауған қар таңертең көрсеңіз қара түске боялып тұрады. Қысы-жазы қаланың үстін тұман тәрізді түтін басып тұрады. Зауытты нақты ешкім тексеріп жатқан жоқ. Түтінді сүзіп шығаратын құрылғылардың барлығы ескірген»,- дейді қоғам белсендісі Станислав Войцеховский.

Қоғамдағы халықтың ашу-ызасын "Арселор Миттал Теміртау" басшылығы естігісі келмейтіндей. Ара-тұра тексеріс болып экологиялық тұрғыда заң бұзғаны анықталса, айыппұлын төлейді  де "қыңқ" демей әрі қарай жұмысын жалғастыра береді. Ал теміртаулықтардың басым бөлігінде қаладан қашып кетейін десе "барар жер ,басар таулары "жоқ. 

«Он жыл бұрын Қызылордадан көшіп келген едік. Осы жақта жұмыс бар, сол үшін жүрміз. Соңғы жылдары тыныс алудың өзі қиындап кетті. Бұл зауытты неге сонша қаланың дәл іргесіне салған. Неге халықты ешкім ойламаған деп қынжыламын. Амал жоқ тұрамыз осында. Басқа қайда барамыз?», - дейді Теміртау тұрғыны Қуандық ШЫМБОЛОВ.


Фотоларды автор ұсынды.

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.