Елшілік алдында "Тоқаев сөзі үшін кешірім сұрамақ болған" суретшіні полиция ұстады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 05.12.2019363

5 желтоқсанда түстен кейін полиция Украинаның Қазақстандағы елшілігі алдына плакатпен келген суретші Асхат Ахмедьяровты ұстады. Бұл ақпаратты оқиға орнында болған Азаттық тілшісі хабарлады.

Қолына плакат ұстаған Асхат Ахмедьяров Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырым жайлы айтқанына байланысты Украина халқынан кешірім сұрау үшін елшілік алдына келген. Плакатта "Ол үшін кешіріңіздер" ("Вибачте за нього") деген жазу болған. Полиция суретшінің плакатын жаюға да мүмкіндік бермей, ұстады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Deutsche Welle басылымына берген сұхбатында "Қырымда болған жағдайды аннексия деп атамаймыз. Аннексия - тым ауыр сөз" деп айтқан. Украинаның сыртқы істер министрлігі Тоқаевтың бұл сөзін сынап, Қазақстанға демарш жолдайтынын мәлімдеді. Украинаның кейбір тұрғындары Қазақстан президентін "Украинаның территориялық тұтастығын құрметтемей, достық жайлы келісімді және халықаралық-құқықтық нормаларды бұзды" деп айыптаған. Ал Ресейдің мемлекеттік думасының депутаты Тоқаевтың "батыл ұстанымын" құптаған. Бұл мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланды.

Оқи отырыңыз: "Аннексиядан айналып өтпейсің бе, Қасеке?" Тоқаевтың сұхбатына әлеуметтік желі реакциясы

2014 жылы көктемде Ресей Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап алған еді. Наурыздың 16-сында Ресей Қырымда "референдум" өткізіп, түбекті өз аумағына қосқан. Халықаралық құқық нормаларына сай келмеген бұл шешімді Украина да, әлемдік қауымдастықтың басым бөлігі де құптамай, айыптаған.​

Қазақстан ресми түрде Қырымды Ресей аумағының бөлігі деп таныған жоқ, бірақ бұл мәселе халықаралық деңгейде талқыланғанда көбіне Ресейді қолдап шықты.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.