ҰҚК: Шекарадан заңсыз өткен қазақтар Қытайға қайтарылады

Есдәулет Қызырбекұлы - 06.12.20193733

Шекараны заңсыз бұзып өткен қазақтар Қытайға қайтарылады. Бұл жөнінде ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов мәлімдеді.

Ділмановтың сөзінше, сот ісі аяқталғаннан кейін шекараны заңсыз бұзып өткен екі этникалық қазақ Қытайға қайтарылады.

«Олар ШҚО полиция департаментінің тергеу изоляторында отыр. Тергеу жұмыстары аяқталды. Менің ойымша, сот процесі жақын күндері, желтоқсан айында болады. Тиісті құжаттармен ратификацияланған келісім бойынша, біз бұл азаматтарды келген еліне қайтарамыз. Қазіргі жағдайда бұл – Қытай Халық Республикасы»,- деді Ділманов.

Естеріңізге салайық, осыдан бірнеше ай бұрын БАҚ беттерінде Қытайдан Қазақстанға заңсыз өткен Қастар Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімқұлы жөнінде ақпарат тараған. 14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы "саяси лагерьде қамауда болғанын", Мұрагер Әлімұлы Қытайда "қысым көргенін" мәлімдеген. Осыдан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті екеуін "шекараны заңсыз кесіп өтті" деген айыппен ұстап, ертеңінде Шығыс Қазақстан облысына алып кеткен.

Қазан айының 30-ы күні ҰҚК Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов шекараны заңсыз бұзып өту фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын және бірқатар лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылғандығын мәлімдеген.

Фото: Азаттық радиосы



Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.