Нұр-Сұлтан мен Душанбенің арасы

Руслан Ербота - 07.12.20191517

Әдетте Алматы не астанада апта сайын өтіп жататын журналистикаға қатысты түрлі тренингтерден еш ойланбастан бас тартатынмын. Халықаралық ұйымның өкілі телефон соғып, кезекті сондай жиынға шақыра бастағанда-ақ сөзінің соңын күтпестен «бара алмаймын» дегім келіп тұрған. Бірақ «жиын Душанбеде өтеді» дегенде, неге екенін өзім де білмеймін, райымнан тез қайттым.

Әуежайда миграциялық қағазды толтырып жатып «Не мақсатпен келдің?» деген тұсқа «жұмыс іздеп» деп сүйкей салдым. Еш ойланбастан жаза салған осы жауабым өзіме қатты ұнап кетті. Қазір бір қызық болатын секілді.

Совет заманындағы киім үлгісін өзгертпеген тәжік шекара қызметшісіне паспорт пен миграция қағазын қоса ұсындым. Құжатқа тарс еткізіп мөрін басып, жүзімді камераға түсіріп, қайтарып бере салды. Түрінде, тегі, таңданыс жоқ. Осыншама самарқау болар ма еді!?

Бір жылда жарты миллиондай қандасы Отанын тастап, екі қолға бір күрек іздеп шетелге сабылып кетіп жатқанда Тәжікстанға жұмыс іздеп келген мына маған құрметпен болмаса да, аз-маз таңданыспен қараса несі кетеді?!


Душанбеге алғашқы келуім. Жап-жасыл қаланың әуежайын бұрын көргендеймін. Есік алдында тұрған көліктің көбі «Опель», біразы «Тойота», ілуде бірі «Мерседес», оның өзі ескі. Өзіміздің дотациялық облыс орталықтарындағы таныс көрініс.

Қонақүй ұсынған тегін таксидің жүргізушісі қазақ екенімді білген соң, «Астанадан қар алып келдің» деп қалжыңдағандай болды. Сөзінен ұққаным, Душанбеге қырбық қар соңғы жылдары ғана түсетін болыпты. Бұрынырақта қар көрмей-ақ, қыстан шығып келіпті.

Әлем климаттың жылуына алаңдап отырса, бұл тәжік кері сөйлейді. Қонақүйге екі-ақ аттап жетіп алғандай болдық. Суық бөлменің іші тап-таза. Телевизор, шәугім, шаш кептіргіш, кондиционер, сейф, жылытқыш, тағы басқасының бәрі бар. Шетінен қосып көрдім. Тамаша, біреуі де істемейді. Онысы аздай, қонақүйде түскі тамақ дайындамайды екен. Біріншіден, ауқаттануға, екіншіден, қаланы көруге көшеге шықтым. Ең бірінші іздегенім – ақша ауыстыру орны. Жүре берсем, алдымнан шығар деймін. Жоқ, шыға қоймады. Табанымнан түтін шыққанша-ақ жүрдім, «обменник» табылмады (кейіннен білдім, көше бойында ақша ауыстыратын орындар мүлдем жоқ екен). Банктер сенбі күні істемейді. Ал банкоматтары қазақ банктерінің карточкасын жатырқайды.

Сонымен, «ақша ауыстыру орнына қайтсең де жеткізіп таста» деп, жолай таксиге мінуге тура келді. Ақысын қолыма сомани түскен соң беретін болдым. Орыс тілінде дәл мен сияқты сауатсыз сөйлейді екен, еш қысылмастан әңгіме бастап, «Душанбедегі ең әдемі көлік «Тойота» екен» деп қойдым. Ал ол астындағы көлігін жамандай жөнелді.

– Бұл қандай машина? 

Жақтырмай қарады.

– Сендердің машиналарың. 

– Қой ей, бізде мұндай көлік шықпайды.

–Неге шықпайды? Осындағы JAC-тың бәрі Қазақстанда құрастырылған.

–Қазақстан мұндай көлік құрастырмай қалсын. Құрастырса Өзбекстанның «каритасын» мінгенше, осыны құп көрмейміз бе!

Ол өз айтқанынан қайтпай, мен онысын терістей (біздің елде Қытайдың осындай көлігін құрастырғанын білмеппін) салғыласып, Душанбедегі ең үлкен деген, біздегімен салыстырғанда орташалау сауда орталығына тез жеттік. «Обменник» оңдырмады, 1 сомани – 37 теңге!

Көшеде қаптап тұрған кафе, мейрамхана жоқ. Есесіне Қытайдың арзан киім-кешегін сатқан алқам-салқам шағын дүкендер көп. Тәжік дәмханасы кезікпеген соң, «Ташкент» мейрамханасында жалғыз отырып (төрт  күн жүріп байқағаным, кафелеріне келуші аз) өзек жалғап алып (тамақтары Алматы, астанадағы «Өзбек» кафелерінен ерекшеленбейді), орталық даңғылдарының бірі Айниге түсіп, қала аралап келемін.

Аттап басқан сайын жаңа құрылыс. Жаңа үй. Биік ғимарат. Аты мәлім қонақүйлер. Зәулім банк, қаржы ұйымдарының жарқыраған әйнекті кеңселері. Бұл көшеде совет заманындағы ескі үйлерге қарсы жорық басталып, тіпті Душанбені қайта бұзып, қайта салу қолға алынғандай. 2000 жылдардың басындағы Астанадағы құрылыс қарқыны дәл осындай еді. Басқа – басқа, осы қаладан қайнап жатқан құрылысты көремін деп ойламаған басым қонақүйге жете салып, сондағы қызметкерден «тәжіктер мұнай тауып алған ба?» деп сұрадым. «Не айтып тұрсың?» деп тіпті таңданбады. «Біздің ел – территориясы бойынша ТМД-дағы ең кішкентай мемлекет. Бірақ су қоры жағынан алдыңғы орындамыз. Су көп бізде», – деп, әрі қарай әңгімелесуге ықылас білдірмей теріс айналды.

Мұнысы кез келген туристке айтатын жаттанды жауабындай көрінгенімен, ойландырып тастады. Мұнайы жоқ ел таудан аққан өзенімен қала құрылысын осылайша қарқындатып жатса, онда біздегі ұшан-теңіз мұнай-газбен, басқа да байлықпен «астана салдым» деген мақтан мазақтаумен тең ғой.

Көрпеге оранып алып, жастыққа бас қойдым. Оянсам, Душанбені ақ мамық  қар басып қалыпты. Жауған қар үшін жазықты болғандай қонақүй қызметкерлері кешірім сұрады. «Қар жаумаушы еді... Бүгін – мемлекеттік тудың мейрамы».

Орталық алаңдағы тутұғырға (флагшток) қарай бірде кең даңғылмен, бірде аула ішімен аяңдап келемін.


Қай жолға түссем де, қай бұрышқа бұрылсам да, ел президенті Эмомали Рахмон мені аңдып тұрғандай алдымнан шыға келеді. Оң қолын көтеріп түскен суретіне назар аудармай кетсем, сол жақтағы құрылыс қақпасында каскадағы Эмомали Рахмон «енді қайтер екенсің» дегендей тесіліп қарап тұрады. Бұл қаланың бас прорабы да, бас күзетшісі де осы кісі болса керек. Сізге өтірік, маған шын, мемлекеттік тутұғырға дейін жеті шақырымдай жүріп барғанымда көшеден жеті полицей де көрмедім. Кез келген мерекеде қуыс-қуысты торуылдап жүретін өзіміздің полицейлерге әбден көз үйретіп алыппын, Душанбеде әлгілерді екі туып бір қалған бауырымдай іздедім.

Жалауша көтерген жастар. Ақ, қызыл, жасыл шар ұстаған студенттер. Шар ұстадың екен деп қуғындаған ешкім жоқ. Мерекесі біздегідей не шеруге, не наразылыққа ұласпайды. Бір қызығы, көшедегі қарапайым жұрт та, жергілікті тілшілер де президент Рахмон немесе оның саясаты туралы айтудан қашқақтап тұрады.

Тәжікстан ішінде оппозиция жоқ, ал шет елде баршылық. Тіпті қайбір жылдары Тәжікстан жоғарғы соты эмиграциядағы біріккен тәжік оппозицияшыл ұлттық одағын «экстремистік және террористік ұйым» деп танып, тыйым салған. Бірақ олардың сырттағы дүмпуі Душанбеге әсер етпейтіндей. Әсері болса, күштік құрылымдар мереке күні өріп жүрмей ме?!

Жол-жөнекей 2-3 үлкен кісіден тутұғырдың бағыты мен мемлекеттік ту мейрамын қалай атап өтетіндерін сұрап көрдім. Біріншісі сұраққа қиналмай жауап берді. Ал екіншісі «жастар барады ғой» дегеннен өзге ештеңе айтпады. Расымен, тутұғырды студенттер мен жоғары сынып оқушылары қоршап тұрды. Осылай сапта тұруды міндет көретіндей. Президенттің құттықтау хатының басы да, ортасы да, аяғы да толықтай тәжік тілінде оқылып, сахналық көріністер қойылып, жалынды ұрандар айтылып, екі сағатта флеш-мобтарын аяқтап тарқасты. 

Ұзындығы – 60, ені 30 метрлік, матасының ғана салмағы 420 килограмдық ту 165 метр биіктікке көтеріліп, рекорд кітабына еніп, әлемдегі ең биік, ең үлкен ту мәртебесіне ие болыпты. Бірақ беріректе Сауд Арабиясындағы Эр-Риядта тутұғыры 6 метрге биік шығып, тәжіктердің бұл туы әлемде екінші орынға сырғыпты. Қазақстаннан озса, туының көлемінен озыпты (астанадағы мемлекеттік басты тудың көлемі – 30#15 метр. 111 метр биіктікте. Салмағы – 90 кг. Көлемі жағынан әлемде 9-орында) деп ішімнен айтқан едім, кейіннен үш мәрте тілімді тістедім.


Сонымен, Душанбенің қақ ортасында, ақ ордасы әлде хан ордасының алдындағы Достық даңғылында Соманидтер патшалығын құрған Исмаил Самонидің (892-907 жылдары) биіктігі 13 метрлік ескерткішінің алдында тұрмын. Соманидің артында биіктігі 43 метрлік әдемі арка тұр. Аркадан кейін біраз жерді әуенді субұрқақ алып жатыр, ал төрде биіктігі 45 метрлік Тәуелсіздік стелласы – мемлекеттік елтаңба бейнесі орын теуіпті. Осы маңдағы ертегіде оқыған нағыз гүлстан бағы да, алып кітапханасы да, әуенді субұрқағы да, ғажап ақын Рудакидің керемет ескерткіші де мені сонша таңғалдыра қоймады.


Исмаил Соманидің алдында ұзағырақ тұрдым. Әр фотоны 1 соманиге (37 теңгеге) түсіріп, электронды нұсқасын смартфонға дереу көшіріп береміз деп он шақты фотограф кенедей жабысып маза бермеді.

–Мынау кімнің ескерткіші еді?– деп орысша сөйлеп, сөзге тартқандай болдым біреуін.

– Исмаил Самони. Империя билеушісі. Оның империясының құрамында қазіргі Иран, Ауғанстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан (Тараз қаласына дейін жеткен) болған дейді. Тәжік мемлекетін құрушы. Дауай, фотоға түсірейін, один сомани, – деп фотоаппаратын ыңғайлай берді.

– Қазақтардың да осындай правителі (ханы) бар ғой, ескерткіші әдемі шығар, – деп зыр қағып, сөзге айналдырып жүрген фотограф жақсы кадр алу үшін «күліңіз» деп қояды. Мұндайда қалай күлесің? Қазақ хандығының, мемлекеттігінің негізін қалаған  Керей мен Жәнібек хандарды біз осылайша әспеттеп, оларға орталық алаңда айбынды, алып ескерткіш қойып па едік?! 

«Бір сағат 40 минут жүрдіңіз. Шыдамды екенсіз. Көпшілік 40 минутта шығып кетуші еді», деді Орталық музейдің бірінші қабатындағы ежелгі тарих бөлімін аралатып шыққан қызметкер. Шынымды айтсам, осыншама уақыттың қалай өткенін білмей қалдым. Қайбір жылы Санкт-Петербургтағы Эрмитаждың жертөлесінен Тәжікстанның Пенджикент қаласынан  табылған ислам дәуіріне дейінгі бұйымдар мен әшекейлерді, кескіндерді, бейнелерді көріп таңғалғаным бар еді. Сол таңданысты аз да болса ақпаратпен толтырайын деп, тәжік жеріндегі ежелгі дәуірлер, зороастризм кезеңі, буддалық заман, ежелгі патшалық негізін қалаған Кир әлемі, Соманидтердің заманын сөз етіп, тәжіктердің нәсілдік тұрғыдан моңғолоидтан бас тартып, арийлік нәсілге қосылғанын естіп, екінші қабатқа көтерілдік.

Ислам діні келуімен бай тарихына қарамастан, бейнелеу өнері біржолата тоқтап, каллиграфия (әдемі жазу) жанрының тірілгенін байқаймыз. Бір қызығы, екінші қабаттағы гид-қызметкер мені каллиграфия бөлімінде сәл кідіртіп ұстады. Ал қалған бөлімдерде атүсті шолғызып өте шықты. Ресей патшасының отаршылдығы, революцияның келуі, Совет өкіметінің орнауымен үш қышлақтың басын қосып, жаңадан салынған «Дүйсенбінің», яғни тәжікше айтқанда Душанбенің (бұрынғы қышлақтарда дүйсенбі базар күні болған), тарихы, репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыстарға қатысты айтарлықтай ақпарат ести алмадым. Гидке көп сын тақпай, ішімнен тәуелсіздік тарихында көп тоқталатын шығармыз деп ілесе бердім. Алайда ол жерден желдей зулап бара жатқан сәтімізде сәл кідірдім. Байқаймын, гид-қызметкер «елге сіңірген зор қызметі бар», «ұлық тұлға» дегендей ештеңе айтпайды. Біздің музейлердегі секілді жатып кеп біреуді мақтамайды.

Бір бұрыштан Эмомали Рахмон мен Украинаның бұрынғы президенті, Майданды қанға бөлегені үшін қашқында жүрген Виктор Януковичтің бірге түскен суреті де тұр. Біздегі музейлерде дәл осындай фото тұрар ма еді...

Тәжік президентіне тартылған сый-сияпаттарды көзбен бір сүзіп өтіп, есікке жақындағанда музейдің екінші қабатын аралағанымызға 20 минут та өтпеген еді, гид қоштасу мәзірінде «музей ұнады ма?» деп сұрады. 

– Басты ескерткішті көрсем деп едім.

–Қандай ескерткіш?

–Тұрақтылық орнатып, жұмақ қондырды деген, мемлекеттің негізін қалады деген адам бар емес пе?

– Музейден шығып, оңға жүрсеңіз алдыңыздан шығады.

–  Исмаил Соманиді айтып тұрсыз ба?

– Иә.

– Оны көрдім. Осы елдің көшбасшысы дейтін бар емес пе? Соның ескерткіші жоқ па еді?

– Ондай ескерткіш бізде жоқ. Ал сіздерде бар деп естідім. Тірі адамға қойыпсыздар.

Тілімді тістеп музейден шықтым.

Тәжікстанды ширек ғасырдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан, «ұлт көшбасшысы» деген атағы, шексіз сайлауға түсе беретін құзыреті бар, тергеу мен тексеруге өзі мен отбасы алынбайтын, заң алдында жауап бермейтін, авторитарлық басқару жүйесін орнықтырған, тәуелсіз ой мен сөзді, азаматтық белсенділікті, еркін қоғамды таптап тастаған, бала-шағасына мемлекеттік лауазымды таратып берген, «Нобель» сыйлығына үш мәрте ұсынылған Эмомали Рахмон өзіне әлі ескерткіш қойғызбапты.


Кеш ерте батады екен. Орталықтан ұзап, советтік сәулетпен салынған біздегідей шағынаудандарға аяқ басып едім, нағыз қарбалас алдымнан  шыға келді. Мәселен, Алматыда «Саяхаттың» алдында Талғар бағытына немесе Төле би–Момышұлы қиылысында «Шаңырақ», «Саялы» шағынаудандарына қарай, болмаса астанада Asia Park алдында Қосшыға қарай жолай жүретін такси тосып, көшені жауып қалатын, тоқтаған көлікке таласа-тармаса мінетін нөпір бар. Душанбеде де айнаға қарағандай тура осы көрініс. Бір ерекшелігі – жүргізушілер біздегідей көлікте жалпиып отырмайды. Бір аяғы жерде, екінші аяғы көлікте, бір қолы рульде, екінші қолымен жүргіншіге не үш, не төрт, не бес дегендей саусақтарын шошайтып айқайлап тұрады. Ондағы екі дегені –екінші, үш дегені – үшінші автобустың бағыты. Автобус дегенде, дені дұрысы көзге түспеді. 10-15 жыл бұрын Алматының төрінде шалқып жүрген «Газельдердің», жұрт аузындағы «маршруткалардың» дәуірі Душанбеде әлі де жүріп тұр. Троллейбустарының жүрісі кәрі өгіздің аяңындай. Кешкі қалада орталығы жарқырап тұрғанымен, сәл ұзасаң білмейтін жанға қорқынышты. Қызықтап жүріп біраз ұзап кеткенімді аңғармаппын, қараңғылау, аңғал-саңғал бір көшенің қиылысында елу шақты жігіттің қасына келіп тоқтаппын. «Біткен жерім осы шығар» дедім ішімнен.  Қоршап алып, дабырлап бірдеңе айтып жатыр. Басымды шайқап қоямын. Қабақтары қатулы, күн мен желге жүздері тотығып біткен жігіттер Алматыдағы Алтын Орданың қасында, Сейфуллин көшесінде, астанадағы «Артем» базарында қара жұмыс іздеп жүргендерден еш айырмашылықтары жоқ. Ұсынар жұмыстың  жоқтығына жазықты сезініп, орталарынан сытылып шықтым.

Алты жүз мыңдай тұрғыны бар, жаңа ғимараттары жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай өсіп жатқан Душанбеде көше бойында қара жұмыс іздейтіндер бар дегенге, бір жағы, сенгің келмейді.

Кешкі шайда дастархандас, сапарлас жергілікті жігітке көкейімнен кетпей қойған сұрақты қойдым.

–Осы сіздер мұнай тауып алдыңыздар ма?

– Нені меңзеп отырсыз?

–Қаладағы құрылысты қандай ақшаға салып жатырсыздар?

– А, құрылысқа қатысты болса, сұрақты дұрыс қоймадыңыз. Мұнай емес, мэри тауып алдық (күледі).

Айтуынша, қалаға жаңа әкім келгелі Душанбеде құрылыс қызып сала берген. Ал жаңа әкім – анау-мынау емес, Тәжікстанның тағын бермес президенті Эмомали Рахмонның үлкен ұлы Рустам Рахмон. «Жоғарыдағылар жылдар бойы жинаған байлықтарына қаланың жақсы жерлерінен ғимараттар салып жатыр, одан қарапайым халыққа не пайда?» дейді.

Жалпы, Эмомали Рахмонның екі ұлы, алты қызы бар. Көшбасшы, елбасылардың күйеубалалары шеттерінен талантты боп шығады ғой, бәрі мемлекеттік лауазымды қызметте немесе ірі бизнестің қожайындары. Біреуі Қазақстанда елші де болыпты. «Біздің елдің аумағы кіші, экономикасы әлсіз болғанымен, алты күйеу мен екі ұлға шыдас беріп тұр», – деді қарсы алдымдағы жан. Бұл сөзіне күле алмадық.     

Түнгі Душанбені таксимен аралағанды жөн көрдім. Жақында ашылады деген мешітке жол бастады. Барғанша самарқау отырдым. Біздегі мешіттен не айырмашылығы болушы еді? Қасына келгенде аузым ашылып қалды. Көлемі жағынан Қазақстандағы ең үлкен мешітті кемінде он орап алады-ау. Таксистің айтуынша, бір мезетте 60 мың адам сыяды. Өтірік-ау дегенмін. Осы жолдарды жазып отырғанда мәліметтерді қарап көрсем, 60 мың емес, 120 мың адам сыяды екен. Тәжікстан мен Катар үкіметі бірлесіп, 100 миллион долларға тоғыз жыл бойы салынып жатқан бұл мешіт жақын күндері ашылып, Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт болмақ. 

Такси жүргізушісі одан кейін салынып бітуге таяу қалған үш спорт кешенін көрсетті.  Шар тәріздес кескінде салынған үш кешеннің қасында астананың мақтанышы деген ЭКСПО-дағы шар ғимараты үстел теннисінің шаригіндей боп көрінді. Жаңа салынып жатқан үшқабатты жолайрығы да ерекше.  Алып ту, алып мешіт, алып спорт ғимараттарын салу жағынан кедей деген Тәжікстанның өзі біздің елді басып озып кетіпті-ау дейсің.

Бұл елде өз еліңдегі жетістікпен мақтанғың келсе, интернетті айтсаңыз болғаны. Ешқайсысы сөз таластыра алмайды. Өйткені Душанбеде интернет бағасы өте қымбат. Бірақ оның да бір жақсылығы бар ма дейсің. Мәселен, көшеге шықсаңыз, смартфонға телміріп, шұқшия жабысқан адам баласын көрмейсіз. Бәрінің есі дұрыстай жан-жақтарына мән беріп, қарсы алдындағы адамның жүзіне тура қарап, өте кішіпейіл, ашық-жарқын болмағанымен, кісі сөзін, расымен, ықыласымен тыңдап тұрады. Әлде үйдегі дәстүр, әлде интернеттің қымбаттығынан Instagram әлеуметтік желісін жаппай көрмеген тәжік қыз-келіншектерінен жасанды ерін, жалғанбалы кірпік, жұлынған қабақ немесе опаланған бет көрмейсіз. Instagram бетке (қазір осындай анықтауыш шықты. Instagram желісіне  беттерін әрлеп, бояп фото салатындарға қатысты айтылған сөз) айналмаған 90-жылдардың соңындағы қазақ қыз-келіншектері осындай табиғилығымен ерекше әдемі, сондай сүйкімді, ғажап сұлу еді ғой дейсің амалсыз. Бұл елде оқушы немесе студент қыздар көшеде хиджап таққанымен, мектеп не оқу орындарына кірер кезде онысын шешіп тастайды екен. Дін мен зайырлылық осылайша «тіл табысып» тұрғандай. 

Бұл елде өз еліңдегі сорақылықты айтқың келмесе, онда мемлекеттік тіл мәселесін қозғамаған дұрыс. Мәселен, мен үйдегі балаларымды қазақша сөйлете алмай күнде шу шығарамын. Телевизор қазақша сөйлемей, бала да қазақша сөйлемейді екен деген тоқтамға да келгендей едім. Душанбе бұл ойымды тас-талқан етті. Ресеймен шекараласпайды демесеңіз, біздегі секілді Душанбе тұрғындары орыстілді ақпарат құралдарының қысымында отыр. Кинотеатрдағы киносы орысша, көкжәшігі орысша. Бірақ еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін тәжікше сөйлейді. Қызығасың.


Қып-қызыл, аздап қышқыл-тәтті тәжік анарына да ерекше қызықтым. Тәжік алмасын, тәжік құрмасын іздеп ең үлкен деген базарына барған едім, алдымнан күллі Қазақстанды жаулап алған қытайдың алмасы шықты. Базардағы сатушылары дәл біздің қазақтардай, сөйлесе кетсең ақжарқын, ақкөңіл. Фотоға түсірейін деп өтініш айтсаң, асау аттай үрке қашатын әдеттеріне дейін аумай қалыпты. Ұлттық киімдегі, ұлттық бояулы сурет түсіре алмай базардан шығып бара жатыр едім, тақиялы ақсақал жолымды тосып, құшақ қағыстыра кетті. Тәжікше не айтқанын түсінбедім. Өзбекше араластырып сөйлегенінен «Қазақстанға сәлем» дегенін ұққандай болдым. Қоштасудың ишарасын білдіргенімде қолыма бірдеңе ұстата қойды. «Женские носки. Хлопок 85%, Полиамид 15 %» деген жазуы бар этикетканың екінші жағын қарасам, «ходовои, амортизатор реставрация» деп келіп, телефон нөмірін қалдырыпты. Көшені қиып өтіп артыма бұрылдым, маған әлі қарап тұрған қария қолын көтеріп, хабар күтем дегендей болды.


Жөндеу көрмеген жолдың бойындағы ескі үйдің сұрқай балконындағы кіржайғышқа ілінген мемлекеттік туға еріксіз көзім түсті. Мейрамның құрметіне ілінген бе, әлде кіржуғыштан шығарып жайып қойған ба, өзіңіз түсініп көріңіз. Бізде болса үй қожайыны айыппұлға жығылар еді (Қазақстан заңында мемлекеттік ту арнайы белгіленген жерде ғана ілінеді).

Әуежайда ұшу кезегін күтіп отырмыз. Душанбе–Новосибирскі бағытындағы ұшаққа бала-шағасына дейін кілең тәжікше сөйлеген жолаушылар мінді. Алматы бағытындағы ұшақтың жолаушылары да, негізінен, тәжік азаматтары.

Ұшақ көтеріле беріп жерге қарадым. Ақбасты тау етегіндегі Душанбе менің Алматымдай көрінді.

Алматы–Душанбе–Алматы

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Руслан Ербота

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.