Комсомол Тасмағамбетов пенсионер болды

Есдәулет Қызырбекұлы - 09.12.201910474

Бүгін Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы төтенше және өкілетті елшісі Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ зейнет жасына толды. Экс-президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ сенімді серіктерінің бірі болған ол ендігі уақытта зейнет демалысына кете ме? Әлде Қырымбек КӨШЕРБАЕВ (мемлекеттік хатшы) немесе Бердібек САПАРБАЕВ (премьер-министрдің орынбасары) сияқты қызметін жалғастыра бере ме?

Ақсақал жасына жеткен Иманғали НҰРҒАЛИҰЛЫ қызмет жолын Совет заманында бастаған билік басындағы көптеген саясаткерлер сияқты комсомол, компартия, ОК политбюро мүшесі деген сүрлі соқпақтан өтті. Оның саяси жолы жоғары лауазымдар мен мансаптарға өте бай. Ол қала, облыс, министрліктерден бастап, үкімет басшысы лауазымына дейінгі қызметтерде болды. Тәуелсіз Қазақстан тарихын 1993 жылы президент кеңесшісі болып бастаған ол Атырау облысының әкімі (1999-2000 ж), ҚР премьер-министрі (2002-2003 ж), Алматы қаласының әкімі (2004-2008 ж), Астана қаласының әкімі (2008-2014 ж), Қорғаныс министрі (2014-2016 ж)  қызметтерімен жалғастырды.

Тасмағамбетов реформатор емес

Саясаттанушы Әзімбай ҒАЛИ Тасмағамбетовтың саяси жолының жағымсыз жақтарынан қарағанда, жағымды жақтары басым деп есептейді. Оның пікірінше, Тасмағамбетов Назарбаевтың қасында ұзақ жылдар бойы жұмыс істегендіктен экс-президент отбасының қыр-сырын жақсы біледі және осы уақытқа дейін үлкен саясатта жүргеніне қарағанда, олардың қарым-қатынастары жақсы.

«Иманғали Тасмағамбетов Нұрекеңнің жанында ұзақ уақыт жүрді. Яғни бұл кісінің Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ отбасы жөнінде білетіні көп. Оның елші болып жүргеніне қарағанда, олардың қарым-қатынастары жаман емес»,- дейді Ғали.

Саясаттанушының айтуынша, Тасмағамбетов экономист, реформатор адам емес. Оның жұмыс істеу әдісі әкімшілік жолмен басқару.

Тасмағамбетов президент болса Назарбаевпен ақылдаспас еді

Бірақ, президент сайлауы қарсаңында Иманғали Тасмағамбетов Ресейге елші болып кеткенде халық арасында «Тасмағамбетовты сайлаудан алшақтату үшін өзге елге әдейі жіберді», «Ақорда Тасмағамбетовтен сескенеді» деген сарындағы сөздер желдей есті. Бұл пікірлердің рас, өтірігін дөп басып айту қиын, әрине. Бірақ саясаттанушы Толғанай ҮМБЕТАЛИЕВАНЫҢ сөзінше, Тасмағамбетов өте күшті саяси тұлға және сол себепті де қазіргі билік транзитінің форматына келмейді.

«Тасмағамбетов өте күшті саясаткер болды. (Егер таңдау оған түскенде – ред) дәл қазіргіндей билік транзитін жүргізу мүмкін емес болар еді. Ол бұрынғы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдаспас еді. Белгілі бір келісімге келіп, ойын ережелерін сақтағанымен, ол тәуелсіз ойыншы. Оның тәуелсіз болуына халықтың қолдауы себеп. Өйткені ол қазақ тілді және қазіргі қоғам талаптарына сай. Соған байланысты ол екі орталығы бар билік транзитінің форматына тиімсіз. Менің ойымша, ол бұл форматқа бастапқыда келіскенімен, кейіннен оны өзгертер еді», - дейді саясаттанушы.

Жоғарыда айтқанымыздай Иманғали Тасмағамбетов көптеген лауазымды қызметтерді атқарды. Бірақ, солардың ішінде оның Алматы қаласының әкімі болып тұрған кезі халық арасында жиі талқыланады.

Ақын Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ Тасмағамбетовтың Алматы қаласының әкімі болған уақытын әлі күнге дейін сағына есіне алады. Оның сөзінше, Иманғали Нұрғалиұлы әдебиет пен мәдениеттегі жастарға көп көмек көрсеткен. Ол тіпті осыған байланысты экс-әкімге арнап «Асылтас» атты өлең де жазған.

«Алтын да – тас, тас та – тас,

Бірақ, мынау мүлде басқа, басқа тас...

Тас балқыса алтын тамшы тамар ма,

Алтын балқып тас қалпында қала ма?!», - деп басталатын өлеңде ақын саясаткерге арнап жырдан шашу шашады.

«Бұндай азаматтар ұлттық тұлғалар. Алаш қайраткерлерінің еңбегін біз бағалай алмаймыз ғой, Имекеңнің еңбегі де қазаққа дәл сондай. Әсіресе, руханият саласында. Оның бәрін біз санап айтып бере алмаймыз. Бір ғана нәрсені айтайын, осы мыңжылдықтың басында Имекең Алматыға әкім болып келді. Келе салып, осы қалада жандарын шүберекке түйіп әдебиетте, мәдениетте жүрген жастардың барлығына үй берді. Әйтпесе оның алдында да әкімдер болды ғой. Сол кезде Иманғали жастарға баспана бермегенде, біздің руханияттың жағдайы қалай болатынын мен білмеймін», - дейді ақын.

Үй алған қаламгерлер сүйсінетін Тасмағамбетовтың бұл мінезін саяси элита арасында «кілт үлестіргіш» деп атап кеткен.

Бірақ экс-әкімнің саяси өміріндегі «қара парақтар да» дәл осы уақытта жазылды. Ол 2004-2008 жылдары әкім болған кезде Алматы қаласын ғана емес, бүкіл елді дүр сілкіндірген «Шаңырақ, Бақай оқиғалары» болды. 2006 жылғы даулы оқиға кезінде бір полиция қызметкері көз жұмып, диссидент-ақын Арон АТАБЕК бастаған бірнеше азамат ұзақ жылға сотталды.

Өзін «Назарбаевтың өнімі» деп санайтын Иманғали Тасмағамбетов 2004 жылғы мәжіліс сайлауы кезінде оппозиция тарапынан қатты сыналды. Президент әкімшілігінің жетекшісін әділетсіз сайлау өткізді деп айыптады.

Үкімет басшысы кезінде «Қазақгейт» мәселесі бойынша президент Назарбаевтың адвокатына айналғаны ел есінде. Мәжіліс депутаттары алдында 1 млрд АҚШ долларын мемлекет басшысы құпия есепшотқа салғанын айтып, ол қаражат ел игілі үшін сақталып отыр деген болатын. Бірақ та оның ол сөзі БАҚ-та мазаққа айналды. Көпшіліктің наразылығын туғызға «Жер кодексін» де премьер-министр Тасмағамбетов қабылдатқан еді. Оның салдары - 2016 жылы Атыраудан басталған жер митингісі. Иманғали НҰРҒАЛИҰЛЫНЫҢ аса дәулетті адам екені де БАҚ-та аз жазылған жоқ. Әрине, әңгіме миллиондар туралы айтыла бастағанда күйеу баласы Кеңес РАҚЫШЕВТІҢ есімі көп айтылады. Бірақ бір ғана «Наурыз» банк еске түссе қайын атаның да ақшасын есептеуден жаңыласың.

Сарапшылар президенттіктен дәмелі һәм мүмкіндігін жоғары бағалаған Тасмағамбетов осылайша пенсия жасына жетіп отыр. «Жас Алаш» дерекөздерінің хабарлауынша, біздің кейіпкер зейнетке кетуге ықласты екен. Яғни, саясаттан демалғысы келсе керек. Алайда, оны Қырымбек Көшербаевтың орнына алып келеді деген ақпарат бар. Зейнет жасындағы Тасмағамбетовтың Мемлекеттік хатшы болуын қалап отырған кітапхана ма, әлде Ақорда ма? Ол жағы бізге белгісіз.

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ.

Коллаж: Zhasalash.kz

Мақала авторы:

Есдәулет Қызырбекұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.